АЛТЫН ЖҰЛДЫЗДЫ АЗАМАТ

ҚОҒАМ | 16 декабрь 2013 ж. - 11:41 | Көрудің саны: 643
АЛТЫН ЖҰЛДЫЗДЫ АЗАМАТ2011 жыл еді. Қызылордаға енді ауысып келгенбіз. Алматыдан. Ненің не екенін аса біле бермейміз. Туған жеріміз болғанмен, Алатаудың етегінде ес жиып, етек жапқан бізге Сырдың сырын жаңадан ұғынуға тура келгені бар. Аймақтың ақжолтай жаңалықтарын республикаға жалаулатып жеткізгіміз-ақ келеді. Бірақ тасырақтаған аттай кібіртіктей бердік. Сондай күндердің бірінде «Сырдария ауданында Нағи Ілиясов деген ауыл бар. Тап бір құм ішіндегі оазис секілді. Тіпті, Лондондағы Биг-Беннің көшірмесіне дейін тұр», деген ақпарат құлаққа жағымды естілді. Елдің батысына апаратын күре жолға түсіп алып, Нағи ауылына тарттық.
Кіргеннен-ақ жұрттың аузындағы сөздің бекер еместігіне көз жетті. Гүлдің сан түрі жайқалып өсіп тұр. Мәдениет үйі инеден жаңа шыққандай, жарқырап қарсы алады. Анадай жерде субұрқақтар көкке шапшиды. Ауыл түгілі, кейбір аудан орталықтарынан көре бермейтін сауда орталығының іші қыздың жиған жүгіндей тап-тұйнақтай екен. Қасында алақандай ауылға арнап салынған мейрамханасы және бар. Мектептің ескілігі де байқалмайды. Себебі, күрделі жөндеуден өткен. Жаздыгүні халық концерт тамашалайтын сахна да жасалған. Оның сыртын ала екінші дүниежүзілік соғыстың құрметіне қойылған ескерткіш пен мәңгілік алауды көресіз. Айналаны гүл көмкерген. Шаштараздың қолынан жаңа шыққандай болып тал-дарақ пен көгал жатыр жайқалып.
Ауыл адамдары сағаттарын Биг-Беннің көшірмесіне қарап түзейді. Қысқасы, айтса айтқандай-ақ. Келбеті келіскен ауыл екен. «Енді мұның бәрін кім істеді?» деген заңды сауал мидың бір бұрышынан қылаң берді. Сұрастыра келсек, Абзал Ералиев деген азамат екен. Өзі күріш шаруашылығымен айналысатын көрінеді. «Абзал және К» деген толық серіктестіктің директоры. Сонымен қатар, Нағи ауылына бөтен адам емес. Осы елдің тумасы болып шықты. Біздің Нағи Ілиясов ауылы мен Абзал Ералиевті тануымыз осылай басталған-тын.
Кәсіпкердің негізгі мамандығы инженер-құрылысшы. Кеңес кезінде білім алып, еңбекке араласқан. Құрылыс саласында қызмет қылып, қарапайым шеберден бөлім бастығына дейінгі аралықты жүріп өткен. Сол жылдары заман өзгеше өң алып, империяның арса-арса қабырғасы сөгіліп, ел тәуелсіздігін алады. Нарықтың алғаш келгенде халықты қарық қылмағаны есте шығар. Талай мұғалім, дәрігер мен ғалым ала дорба арқалап кеткен кез еді ғой. Жұрттың бәрі алыпсатарлыққа жүгініп, жанын баққан. Енді ше, қарап отырып аштан қырылуы керек пе? Бірінен алады. Екіншісіне сатады. Ортасындағы аз-кем тиын-тебенге өзегін жалғайды.
Абзал Ералиев те жұрт қатарлы саудамен айналысып көреді. Бірақ аз ғана уақыт. Себебі, алыпсатарлықпен алысқа бармайтынын сезеді. Содан жігіттерді жинап, басын «Абзал және К» толық серіктестігінің шеңберіне тоғыстырады. Басты мақсат – ата кәсіп күріш шаруашылығымен айналысу. Бұл 1994 жыл еді. Дайын тұрған жері, сақадай-сай техникасы, адам күші жоқ серіктестікке жұмысты бірден дөңгелетіп алып кету оңай болмады. Алғашында аймақта өндірілген күрішті сатты. Сонан кейін барып қана жерге дән егіп, өз өнімдерін шығара бастады. Бастапқыда азғантай жерге өнім тастады. Жылдар өте серіктестіктің көкжиегі кеңейе берді. Бүгінде «Абзал және К» толық серіктестігі Сырдария ауданының Нағи Ілиясов және Бесарық ауылдарында 500 гектардан астам алқапқа күріш егеді. Бұл білген адамға бір шаруашылық үшін аз тірлік емес. Жылына 30 бен 35 мың тоннаның арасында қара күріш жинайды. Ең бастысы, олар күрішті өздері ақтайды. Сонымен қатар, тұқымдықты да өздері дайындайды. Дәл осы жерге келгенде серіктестіктің күріш шаруашылығын дамыту үшін жаңа технологияларды енгізіп жатқанын айтпай кетсек, айып болар еді.
Жасыратыны жоқ, күріш шаруашылығында осыған дейін біршама шикіліктің болғаны рас. Өйткені, тұқымдық күрішті өңдейтін құрал-жабдықтың бәрі дерлік Кеңестің көзін көрген, әбден ескірген заттар. Болмаса, арзан бағаға сатып алынған сапасы аса мықты деуге келмейтін жабдықтар. Ал ол күрішті күрмектен толық айырмайды. Оған қоса, өнім бермейтін, ауруға шалдыққан, қабығы зардап шеккен күріштер де тұқымдық ретінде пайдаланылып кетеді. Жалпы, өңір бойынша тұқым өңдеумен айналысатын мекемелер саусақпен санарлық қана. Бірақ, біз айтқан кемшілік осының бәріне тән құбылыс. Осы нәрсенің зардабын тұтынушы мен өндірушінің қатар шегетінін айтуға тиіспіз. Осы олқылықтың орнын жою үшін «Абзал және К» серіктестігі Германиядан тұқым өндіретін арнайы құрал-жабдық алдыртып, зауыт салды. Қажетті құрал-жабдықтар немістің «Petkus» компаниясынан тікелей алынып, жеткізілген. Аталған компания әлем бойынша тұқым өңдеу саласының майталманы ретінде әлдеқашан мойындалып қойған. «Абзал және К» серіктестігінің осы компанияға көңіл бөлуі де содан. Ал зауыт жұмысшыларын сол жақтан келген мамандар оқытқан. Германиядан алдыртқан зауытқа қатысты құрал-жабдықтың жалпы құны 114 миллион теңгені құраған. Ол «ҚазАгро» компаниясы арқылы қаржыландырылған. Ал зауытты, тұқымдық қоймаларын серіктестік өз күшімен салған. Қысқасы, аталған зауыттың жалпы құны 191 миллион теңгеге жеткен. Әрине, аз қаржы емес. Десек те, күріш шаруашылығын дамытып, өнім сапасын арттыру мақсатында осындай іске бел шешіп кіріспесе, тағы болмайды. Зауыттағы жабдықтар күрішті қолмен айырғандай өңдейді. Алдымен, тұқымдыққа арналған күрішті әкеп салады. Бір шетінен таза, сапалы өнім беретін тұқым шығып жатады. Екінші жағынан өнім бермейтін, бірақ пайдалануға болатын күріштерді бөлектеп тастайды. Тағы бір жағынан күрмектерді аршып алады. Бір сөзбен айтқанда, сапалы дүние екені көзге бірден түседі. Мысал үшін айтайық. Мына тазаланған әрбір тұқымдық күріштің келісінен әрі кеткенде бес-ақ күрмек шығады екен. Ал бұған дейінгі зауытта оның саны 20-30 күрмекке дейін болған. Зауыт сағатына 5 тонна тұқымдыққа дейін өңдеуге қауқарлы. Күніне 100 тонна тұқымды ентікпей дайындайды. Сонда бұл облысқа қажетті күріштің жартысын дайындап беруге жарайды деген сөз. «Абзал және К» серіктестігінің директоры Абзал Ералиев тұқымды дайындап, оны қаптап, шаруа қожалықтарына өздері жеткізіп беруді ойлаған. Бірақ шаруалар дайын тұқымды пышақ үстінен бөліп алып кетіп жатыр екен. Дей тұрғанмен, алдағы уақытта сервистік қызмет көрсетілетінін, әр шаруашылыққа қажетті тұқымдықты өздері жеткізіп беретінін айтып отыр.
– Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасап жатыр. Сол үшін бюджеттен арнайы қаржы бөліп, шаруашылықтардың шаруасын түзеп алуына ықпал етуде. Сондықтан біз де өзіміздің ғана емес, бүкіл облыстағы күріш өнімінің сапалы болуына атсалыссақ деген ниетпен тұқым зауытын аштық, – дейді Абзал Ералиев. «Абзал және К» серіктестігі таза тұқымды өздері ғана пайдаланып отырған жоқ, өзге шаруашылықтарға да дайындап беріп жатыр. Айтпақшы, шаруашылық соңғы 5 жылда «Янтарь», «Лидер», «Фишт», «Анаит» секілді күріш сорттарын жерсіндірген.
Одан кейінгі әңгіме бітік шыққан күрішті орып алуда. Комбайн дұрыс болмаса, дайын тұрған өнімді ысырап қылу оңай. Бұл ретте мекеме мұхиттың ар жағынан арнайы техникалар алдырған. Бүгінде олардың иелігіндегі «John Deere» комбайндары мен тракторлары сөзіміздің дәлелі. Сонымен қатар, атақты «Енисей» комбайндарының соңғы үлгідегі техникалары да көптеп алынған. Орылған күрішті тазалау да ерекше мәнге ие. Бұл ретте Кореядан, Қытайдан, Германиядан жеткізілген үш зауыт тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Мекеме қара күрішті тазалайтын алғашқы зауытты 2008 жылы орнатқан екен. Ол сағатына 25 тонна өнім беретін болған. Арада екі жыл өткенде қытайлық құрылғыны қондырады. Ол сағатына 60 тонна қара күрішті тазалай алады. Былтыр германиялық компанияның жабдығын әкелген. Мұның қуаты сұрапыл екен. Бір сағатта 150 тоннаға дейін өнім өндіреді.
Күріш өзі суда өседі ғой. Ал үнемі су жатқан соң жер құнарсызданады. Арасында күріштік алқапты демалдырып алмаса болмайды. Ондай кезде жерге жоңышқа егіледі. Бұл өзі баяғыдан қалыптасқан дәстүр. Біз сөз етіп отырған шаруашылық демалдыратын жерге жоңышқаның да жақсы сорттарын егеді екен. Жоңышқаның тұқымын дайындайтын зауыты да бар.
Ақыры сөз еттік қой, мына мәселелерді де айналып өтпейік. Соңғы үш жылда сыйымдылығы 9300 тоннаны құрайтын 8 жаңа күріш қоймасы салыныпты. Одан бөлек, жыл сайын кем дегенде бес маман Ресейдің Краснодар өлкесіне тәжірибе алмасуға арнайы жіберіледі. Бұдан бөлек, Испания, Италия, Түркия, Корея мемлекеттеріне маман жіберіп, біліктілігін арттырып отырады. Бүгінде мемлекет маман даярлауды басшылыққа алып отыр ғой. Мысалы, Нағи Ілиясов ауылындағы №132 орта мектептің екі түлегін Кубань мемлекеттік аграрлық университетінің «Агрохимия және топырақтану» мамандығы бойынша өз есептерінен оқытып жатыр. Биыл дәл осы оқу орнының магистратурасына Асқар Әлиакбаров деген жігітті түсірді. Ол бұған дейін шаруашылықта инженер болып жұмыс істеген екен.
Биыл аймақта күріштен рекордтық өнім жиналды. Оның да бірнеше себептері бар. Бірінші Көксарай су реттегішінің атқарған рөлі орасан зор. Өйткені, Көксарай арқылы егістікке қажетті су жиналып, оны шаруалар дер кезінде алып отырды. Күріштің суға тікелей тәуелді екенін ескерсек, онда су реттегішінің пайдасы өзінен-өзі белгілі болады. Екіншіден, мемлекет шаруаларды ерекше қамқорлығына алып отыр. Оны биыл берілген субсидия көлемінен-ақ байқаймыз. Осы жылы күрішке төленетін субсидия нормасы 25,0 мың теңгеге көтерілді. Бұдан басқа күріш өндірісінде пайдаланылатын минералдық тыңайтқыш, гербицидтер, су жеткізіп беру қызметіне төлейтін Үкімет бекіткен субсидиялар бар. Осылардың бәрін қосқанда әр гектарға орташа есеппен 42,7 мың теңге субсидия төленеді екен. Ал 1 гектар күріш өндірісіне кететін орташа шығын 166,7 мың теңге көлемінде. Сонда кеткен шығынның төрттен бір бөлігін мемлекет субсидиялап отыр. Үшіншіден, облыстық әкімдік те шаруалардың барлық жағдайын жасауда. Ол үшін арнайы күріш кластерін дамытатын консорциум құрылды. «Жалағаш» элеваторын жеке қолдан мемлекеттің иелігіне алып, күрішшілер үшін оңтайлы жағдай жасап жатыр. Ал рекордтық өнімнің жиналуына «Абзал және К» толық серіктестігі ерекше үлес қосты. Шаруашылық әр гектарынан 65 центнерден өнім жинады.
Бүгінде серіктестік тек ішкі нарықта ғана жұмыс істеп жатқан жоқ. Экспортқа да өнім шығарады. Мәселен, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркіменстан мен Тәжікстан «Абзал және К» серіктестігі шығарған өнімді пайдаланып отыр.
Қай кезде де еңбектің еленгені жақсы. Абзал Ералиев бастаған ұжым Президенттің өзі тапсыратын «Парыз» сыйлығын бірнеше рет иеленді. Биыл ғана «Қазақстанның үздік тауары» көрмесінде үшінші орынды жеңіп алды. Ал Абзал Ералиевтің өзіне «Жылдың үздік меценаты» атағы берілді. Бұл жасалған еңбектің, төгілген тердің өтеуі бола қоймас. Дегенмен, ұжым жұмысына жаңаша серпін беретіні анық.
Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғанымыздың өзіндік себебі бар. Сөзіміздің басында айттық, кәсіпкер туған ауылын адам танымастай етіп өзгертті. Бір ғана мәселені айтайық, соңғы жылдарда серіктестік ауылдың 12 көшесін өз күштерімен жөндеп шыққан. Ол үшін аз қаржы жұмсалған жоқ. Абзал Ералиевтің өзі соңғы бес жылда Нағи ауылының өсіп-өркендеуіне 450 миллион теңгеге инвестиция салғанын айтады. Оның сыртында дәл осындай жұмыс Бесарық елді мекенінде де атқарылып жатыр. Ол жақта да балабақша жөндеуден өтіп, сквер салынып, су бұрқақ орнатылып, гүл егіліп, әлеуметтік нысандар жаңаша кейіпке енуде. Ал Бесарықтың гүлденуіне «Абзал және К» серіктестігі 150 миллион теңге қаржы жұмсаған. Сонда бір ғана кәсіпкер екі ауылдың жағдайын жасау үшін 600 миллион теңге шығындап отыр екен. Осындайда, Қазақстанда Ералиев секілді кәсіпкерлер көп болса екен деп армандап кететінімізді де жасырмаймыз. Бүгінде біздің жұртта бай да көп, манап та аз емес. Дей тұрғанмен, солардың барлығы тапқан табысын әлеуметтің игілігіне жаратып жатыр деп айта алмаймыз. Қазақ «сұңқар айналасына шашып жейді, қарға бауырына басып жейді» деп кеткен. Сондықтан Абзал Ералиевтің мысалы талай кәсіпкерге үлгі болса екен дейміз.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Сырдария ауданы.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ҚАЛАНЫҢ АЗЫҚ-ТҮЛІК БЕЛДЕУІ ҚАНДАЙ?

ҚАЛАНЫҢ АЗЫҚ-ТҮЛІК БЕЛДЕУІ ҚАНДАЙ?

Жуырда облыстық ауылшаруашылық басқармасы БАҚ өкілдеріне ауыл шаруашылығы саласы...
Жаңа кәсіпорын іске қосылды

Жаңа кәсіпорын іске қосылды

Шиелі. Аудан орталығында күріш ақтайтын шағын зауыт іске қосылды. Бұл өндіріс орнын...
ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ЕҢ АЛҒАШҚЫ РЕКОРДТЫҚ ӨНІМ

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ЕҢ АЛҒАШҚЫ РЕКОРДТЫҚ ӨНІМ

Сыр жерінде күріш дақылы қашаннан бастап егілді? Бұл сауал төңірегінде түрліше...
КҮРІШ КӨБЕЙСЕ – ЫРЫС АРТАДЫ

КҮРІШ КӨБЕЙСЕ – ЫРЫС АРТАДЫ

Биылғы егістікке сақадай сай әзірлікпен бел буа, білек түре кіріскен сырдариялықтар...
ҚЫРМАН ҚЫЗЫЛҒА ТОЛДЫ

ҚЫРМАН ҚЫЗЫЛҒА ТОЛДЫ

Күрішті де ырысты Жалағаш ауданының диқандары биылғы жылы 18213 гектар жерге күріш...
ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ЖОҒАРЫ ӨНІМ НЕГІЗІ

ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ЖОҒАРЫ ӨНІМ НЕГІЗІ

"Ізденген жетер мұратқа” деген даналықты республика жұртшылығына есімдері танымал...
Пікір: