Нұрмұрат ЕРМАНОВ, облыстық мәслихат депутаты: АУЫЛДА ТРАКТОР ЖҮРГІЗЕТІН ЖАС ҚАЛМАЙ БАРАДЫ

«...Посткеңестік мемлекеттер арасында біздегідей мүгедектерге барынша қамқорлық танытып, олардың қоғамға бейміделуіне жағдай жасап отырған мемлекет кем де кем. Бірақ, осы бастамаға қолдау жасауға тиістілер әлі де самарқау. Осыдан да жақсы іс игілікке айналмай отыр» – деп бастады депутат әңгімесін. 
– Нұрмұрат Наятұлы, биыл Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі көтерген бастамаға сәйкес әлеуметтік кеңесшілер тобы пайда болды. Бірқатар әкімдердің саладағы мәселелер бойынша осы кеңесшілер көмегіне жүгінетінінен хабарымыз бар. 
– Қоғамдық негізде атқарылатын бұл қызметтің түп-төркіні ең алдымен мүгедектер мәселесін реттеуге негізделіп отыр. Өйткені, қоғамда мүгедектер мәселесі әлі де өткір тұр. Мына дерекке қараңыз, облыста 25 мыңға жуық мүгедек бар. Солардың арасында жұмыспен қамтылғаны бір пайызға да жетпейтін шығар...
– Ал Заң бойынша...   
– Айтпағыңды түсініп отырмын. Заң бойынша әр мекеме мүгедектерге арнап 3 пайыздық квота бөлуі керек. Заң бар, оны жүзеге асырудың тетіктері де ойластырылған. Дегенмен, оның орындалуы ақсап жатыр. Қоғамдық кеңесшісі ретінде айта кетейін, облыс әкімі мүгедектер жайын назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Аймақ басшысының ықпалымен мүгедектерді бейімдеу, кәсіпкерлікке баулу бағытындағы шараларға бөлінер қаржы көлемі артты. Облыста «Ұшқын», «Жігер» атты клубтар тұрақты жұмыс істеп келеді. Бірақ, көп мәселенің тетігі жоғары жақтан шешіледі.   
Мысалы, бізде үшінші топ мүгедегі 17 мың, ал 1-2 топтағылар 20 мың теңге зейнетақы алады. Бұл елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен (18 660 теңге) сәл ғана асып тұр. 
Ал осы қаржыға қалай күн көруге болады? Оны мен де білмеймін, сен де айта алмайсың. Дұрысы, аз ғана ақшасын нанға жеткізсе, сүт ала алмай қиналып жүргендерден сұрау керек шығар... Өткенде бір мәжілісмен теледидардан  айына қанша жалақы алатынын жариялап жатыр. Есептеп көрсем, оның айлығы 30 мүгедектің алатын зейнетақысына тең екен. Әрине, заң шығару оңай нәрсе емес. Бірақ, қоғамда осындай әлеуметтік алшақтық бар. 
Қазір маған күніне көмек сұрап, 2-3 адам келеді. Шамамның жеткенінше көмектесемін, заңдық тұрғыда жәрдем беремін. Өзім кеңес мүшесі болып табылатын «Игілік» корпоративтік қоры арқылы мәселесін шешіп беруге тырысамын. Мұны мақтан үшін айтып отырған жоқпын, егер оның өзінде бар болса мұншалықты кіріптар болмас еді ғой. 
Мүгедекке жағдай жасауды міндет деп ұққанда ғана жағдай түзеледі. Мысалы, мекемелерге пандустар орнатуды айтып жүргенімізге қанша болды. «Әй, осыны ескерейік» деген басшы кемде-кем. Аяғы жоқ мүгедекке үшінші қабаттан үй беретін «қайырымдылыққа» не айтасыз?.. Осының бәрі  «Тапсырманы орындасам болды» деген пиғылдан туып отыр.  
Бұл жерде тұтас жүйеге кінә артуға болмайды. Бар мәселе, іс басындағы азаматтарға байланысты.  
Жақында облысқа Парламент депутаттары келді. Олардың алдында осы мәселені көтердім. Еңбексүйгіш шығыс халқында «Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген бар ғой. Мүгедектерге ең алдымен жұмыс қажет, өзі тірлік еткенде ғана ол қоғамдағы орнын айқын сезіне алады. 
– Жалпы, кәсіпкерлерді мүгедектерді жұмысқа алуға қалай мәжбүрлеуге болады? 
– Оның түк қиындығы жоқ. Тек Заңның орындалуын қадағалау керек. Мысалы, 3-топ мүгедегі бір мекеменің қарауылы болуға жарайды. Ал осы облыс оталығының өзінде жүздеген мекеме бар. Бірақ қарауылдық қол аяғы балғадай азаматтардан босамай тұр. Бір таңғалатыным, қазіргі жас жігіттер жұмысынан демалысы көп осы жұмыстан айырылса аш қалатындай сезінеді. Одан қалды екінің бірі таксист болуға құмар. Қармақшы ауданында егін шаруашылығымен айналысатын біздің серіктестікте қазір комбайн рулінде жасы 60-тан асып кеткен азаматтар отыр. Өйткені, ауылда жұмысқа жарайтынның   барлығы Алматы немесе Астана асып кеткен. Бейнеті қалың жұмыста жүрсе бірсәрі, көбінің көздегені жаңағыдай жеңіл-желпі тірліктер. Бұрын баласы әке-шешесін асырайтын еді, қазір зейнетақы алатын шал-кемпір үйінде бір-бір дипломды маман бағып отыр.
Бүгінде техникалық мамандық иелеріне сұраныс көп. Тіпті токарь, кран жүргізушісі, тракторшы деген мамандық иелерінің қаны жерге тамбай тұр. Ауылда егін егіп, мал бағатын азамат қалмай барады. Осыдан да біз баланы әр мамандыққа қарай бейімдеуді қолға алуымыз керек. Міне, жоғары жақ ескеретін мәселе осы. 
– Депутат ретінде тағы қандай мәселе толғандырып жүр?
– Қазір мен сайланған Аманкелді сайлау округінің құрамына қала іргесіндегі ауылдар да кіріп отыр. Үміткер болып осы елді мекендерді аралап жүргенде Талдыарал ауылының ақсақалдары өтініш айтты. Төрт жүз тұрғыны бар ауыл мектебінің тозығы әбден жетіпті. Осыны қабылдауда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мырзаға жеткіздім. Әкім шұғыл түрде комиссия құруға тапсырма беріп, жағдайды толық зертетті. Нәтижесінде 3 ай ішінде ауылда 200 орындық білім ошағы салынды. Ашылуына өзі барып қатысты. Қалаға тиіп тұрған ауылға алғаш барған әкім де Қырымбек Елеуұлы екен.  
Кезінде облыс орталығын балықпен қамтамасыз етіп отырған «Прудхоз» атты шағын ауыл бар. Мұнда да жол, ауыз су проблемасы өткір тұр. Сессияда өзге де депутаттардың қолдауымен ауылға 150 млн. теңге бөлдірдік. Бірақ ауылдың жері әлдеқашан жекеменшікке өтіп кетіпті. Кезінде қалаға басшылық еткен азаматтардың бұл «жақсылығынан» ауыл тұрғындары хабарсыз болып шықты. Істің аяғы созылып, бөлінген қаржы басқа мақсатқа жұмсалып кетті.  
– Кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламалар баршылық. Солардың нақты нәтижесі қашан байқалады?
– Бұл сала бойынша бөлінген қаржы жағынан біраз облыстың алдында тұрмыз. Бұл аймақ басшысының беделі мен іскерлігінің арқасы дер едім. Енді тиісті құрылымдар осы қаржының игерілуіне жұмыс жасауы қажет. Елбасы айтып жүргендей жерасты қоры мәңгілік қазына емес. Мұнай таусылады, газдың да түгесілер күні туады.  Осыны түсінгендіктен де әлемдегі озық елдерде халықтың тоқсан пайызы өзін-өзі асырайды. Яғни, кәсіпкерлікпен айналысады. Сондықтан мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндікті пайдалану керек. Сонда ғана елдің көсегесі көгереді. 
– Әңгімеңізге рахмет.  
Сұхбаттасқан Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ.

ҚОҒАМ 21 желтоксан 2013 г. 654 0