ЖЕМҚОРЛЫҚ – ҚОҒАМДАҒЫ ҚАУІПТІ ДЕРТ

Жең ұшынан жалғасқан сыбайластық ел экономикасының көтерілуіне кедергі келтіретін қауіптің бірі. Сондықтан да оны болдырмау, алдын алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Алайда, жегі құртқа айналған осы бір қатерлі дерттен бойын аулақ ұстағысы келмейтіндердің қатары да уақыт өткен сайын көбейе түсуде. 
1998 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы қабылданып, онда сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекеттік органдар басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігі атап көрсетілді. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамсыз етуге, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Қоғамымыздың барлық саласына дендеп еніп бара жатқан жемқорлықтың жолына батыл тоқсауыл қойып, олардың зардаптарын жою және мүдделілерді жауапқа тарту бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі. Осындай келеңсіз құбылыстармен бітіспес күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы. Мемлекеттік органдарда жұмыс жасайтындардың өзгенің тағдырына, кәсібіне деген немқұрайдылығы, тоңмойын шенеуініктердің тойымсыздығы, қарапайым анықтама алуы үшін шеті мен шегі жоқ кезек көптеген азаматтарды мемлекеттік қызметкерлерге пара беруге итермелейді. Халықтың өз құқығын толық білмеуі де өзгенің есебінен баюды көксейтіндер үшін жасалған жағдай болып отыр. Тамырланып кеткен кеселді тек мемлекеттік және құқық қорғау органдарының күшімен жеңе алмаймыз. Жемқорлықпен күресуді бүкіл халық болып қолға алсақ қана тоқтатуға болады. 
Мамай ЖАҢАБЕРГЕН,
әділет аға лейтенанты, жедел бөлімше уәкілі.


ҚОҒАМ 01 қазан 2013 г. 842 0