“НҰРБАҚЫТТАН” ТАРАҒАН ШУАҚ

ҚОҒАМ | 05 октябрь 2013 ж. - 16:10 | Көрудің саны: 801
Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылы еңбектен бақытын тапқан ерлер түлеткен мекен. Аға ұрпақ салған сара жолды жалғаушы бүгінгі буын да туған ауылында өркен жайып, өз балаларының бойына ата-бабаларының өсиетін сіңіргісі келеді. 
Әрбір отбасында 3-4-тен бала өсіп келе жатқан осы елді мекеннің бұрынғы балабақшасы тоқсаныншы жылдары жабылып қалған еді. Ауылға ат басын тіреген лауазым иесіне тұрғындардың алдымен айтар базынасы балабақша болатын. Елбасының бастамасымен "Балапан” бағдарламасы қолға алынғанда алғашқылардың қатарында шіркейлілік балғындардың қажеттілігі ескерілді. Осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген "Нұрбақыт ” балабақшасы бүгінде балапандардың жылы ұясына айналған.  
Ауылдың азанғы тірлігі қым-қуыт. Егін-терім мезгілі болғандықтан тұрғындар егістікке қарай бет алған. Балаларын үлкен жолдың бойындағы балабақшаға апарып салып, тірліктеріне асығуда. Екі қабатты ғимарат ауласында жас талдар жайқалып тұр. Ертегілер әлемінің кейіпкерлерін де осы жерден кезіктіресіз. Кең аулада балалардың емін-еркін ойнауына барлық жағдай жасалған. 
Балабақша меңгерушісі Бақытгүл Мусаева мектепке дейінгі тәрбие саласына төтеннен келмеген. Тоқсаныншы жылдары педагогикалық училищені үздік бітірген жас маман сол кездегі балабақшада тәрбиеші болып еңбек жолын бастаған болатын. Кейін ауыл мектебінде мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары бола жүріп, педагогиканың қыр-сырын меңгерді. Жоғары білім алып, шәкірт тәрбиеледі.
Балабақшаның ауласынан бастап көзге оттай басылған ұсынақтылық пен жинақылық ғимараттың әр бөлмесінен орын алған. Спорт жабдықтарымен жарақталған спорт залы, асхана, компьютер сыныбы, акт залы балдырғандардың игілігіне жұмыс істеп тұр. Басшының талапшылдығы, қызметкерлердің тапсырмаға тиянақтылығы байқалады. Көзге түрткі, аяққа оралғы басы артық зат жоқ. Балабақшада 5 топта 90 бала тәрбиеленуде. 
Ашылғанына бар болғаны 2 жыл болса да балабақшада аудандық, облыстық деңгейдегі шаралар ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Бүгін де мұнда облыстағы балабақша әдіскерлері мен тәрбиешілері "Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие үдерісіне "Тәй-тәй” технологиясын енгізуді әдістемелік қолдау” тақырыбындағы семинарға жиналды. Семинарға «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты инновациялық технологиялар және ғылыми-жаратылыстану пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Болат Ақбембетов, осы кафедраның аға оқытушысы Ләззат Ташева қатысып, жаңа технологияның артықшылықтары туралы айтты. Кез келген бағдарламаны ұлттық ерекшеліктерімізге сай бейімдеп, жетілдіріп отыру тәрбиеші мен әдіскердің шеберлігіне байланысты. Семинар барысында әр топтағы сабақтарға қатысқан қонақтар балалардың белсенділігі мен ой ұшқырлығын жоғары бағалады. 
Балабақша дәлізіне қойылған көрмені тамашалаған қонақтар шығармашыл тәрбиеші Зәуре Махамбетованың қолынан шыққан бұйымдарды көрді. Моншақ пен қағаздан жасалған ойыншықтар бала санасының жетілуіне, ой-қиялының жүйрік болуына ықпал ететіні сөзсіз. 
Топтарда өткен сабақтарға қатысқан меймандарға ауылдың кішкентай жұлдыздары дайындаған концерт ұсынылды. Жас мамандар Мөлдір Қосжанова, Мөлдір Агулова, Гүлмира Мырзабаева кішкентай бүлдіршіндердің өнерін шыңдаумен айналысады. Ал тәрбиешілер Ақерке Қожақанова, Қазгүл Мамадиярова, Айжан Нұрадинова өз топтарындағы балғындармен бірге өнер көрсетіп, көпшілік ықыласына бөленді. Сондай-ақ олардың панорамалық сабақтарын әріптестері жылы қабылдады. 
Семинар соңында тілдерді оқыту өңірлік орталығының директоры Нұрсәуле Мусаева, Білім беру ісінің үздігі Жібек Азаматова, аудандардан арнайы келген қатысушылар өткізілген шараға қатысты өз бағаларын беріп, пікірлерін білдірді. 
Тәрбие жұмысы бір күннің немесе белгілі бір уақыттың шеңберінде жүзеге асатын тірлік емес. Сондықтан балабақша ұжымы уақытпен санаспай еңбек етуге машықтанған. Өйткені олар өздері тәрбиелеп өсірген, мектепке жолдама берген әрбір түлектің болашақта елі тұлға тұтар азамат болатынына сенеді.  
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.



Сондай-ақ... оқыңыз:

БІЛІМ  МЕН  ҒЫЛЫМ  ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

Сыр еліндегі Қарағанды облысының өнері мен мәдениеті күндері аясында Қорқыт ата...
БАЛА ЖАНЫНЫҢ БАҒБАНДАРЫ

БАЛА ЖАНЫНЫҢ БАҒБАНДАРЫ

Білім негізі – бастауыштан. Ендеше балабақша қызметкерлерінің білім саласындағы алар...
ЖАҚСЫНЫҢ ІСІ ЖАҢҒЫРА БЕРЕР

ЖАҚСЫНЫҢ ІСІ ЖАҢҒЫРА БЕРЕР

Кеше Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында...
КЕЛЕШЕККЕ – КЕМЕЛ БІЛІММЕН

КЕЛЕШЕККЕ – КЕМЕЛ БІЛІММЕН

Кеше облысымызға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс...
БАЛҒЫНДАРДЫҢ БАҚЫТЫ – «АЛТЫН ҰЯ»

БАЛҒЫНДАРДЫҢ БАҚЫТЫ – «АЛТЫН ҰЯ»

Бала – ұрпақ жалғасы, ел болашағы. Сондықтан оларға дұрыс тәрбие беру, олардың...
БАЛАЛАР ҮШІН БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ

БАЛАЛАР ҮШІН БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың жұмыс сапары осы күні Қармақшы ауданының Төретам...
Пікір: