БІЛІМ БИІККЕ ҚАНАТ ҚАҚТЫРАР

БІЛІМ БИІККЕ ҚАНАТ ҚАҚТЫРАРҰстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің үздік мұғалімдерімен кездесті.
– Өскелең ұрпақтың болашағын, еліміздің келешегін ойласақ, бүгінгі білім сапасын арттыруымыз қажет,– деді аймақ басшысы өзінің құттықтау сөзінде. – Елбасы ел дамуының негізгі бағыттарын айқындаған тұста білім саласын өркендетуді міндеттеген болатын. Тоқырау жылдарының өзінде «Келешекке – кемел біліммен» деген Елбасы салаға бөлінетін қаржыны еселемесе, азайтпады. Соның оң нәтижелерін білім саласының бүгінгі болмысынан айқын аңғарып отырмыз. Елімізде дарынды балаларға арналған Назарбаев зияткерлік мектептері, қазақ-түрік лицейлері, мектеп-гимназиялар бой көтеріп, жас ұландарды заманауи тұрғыда тәрбиелеуге атсалысып келеді. Сыр өңірінде де биылдың өзінде 10 жаңа мектеп пайдаланылуға берілді, жыл соңына дейін тағы 4 мектеп іске қосылады. Алдағы уақытта дарынды балаларға арналған тағы үш мектеп облыс орталығынан, Жаңақорған және Қазалы ауданынан ашылмақшы. 
Облыс басшысы болашақ дарындылардың заманы екенін айта келіп, мектеп түлектеріне, әсіресе ауылдағы тұрмысы төмен отбасы балаларына берілетін грант санының жыл сайын артатындығына, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету алдағы екі жылда толық аяқталатындығына, білім ордаларының заманауи техникалармен жарақтандырылатынына тоқталды. Ұстазға қандай құрмет көрсетілсе де артықтығы жоқ. Ұрпақ бойындағы тәлім-тәрбие ата-анасының қанымен және ұстаз бойындағы ізгілік нұрымен келетіні ақиқат. Олай болса, өз қатарынан озып шыққан ұстазға көрсетілер сый-құрмет ерекше болары хақ.
Салтанатты шарада шәкірт тәрбиелеуде жақсы жетістіктерге жеткен облыстың бір топ ұстаздары облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды және оларға ескертіш сыйлықтар табыс етілді. 
Кездесу барысында ұстаздар атынан сөз алған Шынәлі Байділдаев өздеріне көрсетілген құрметке шынайы алғыс сезімін жеткізді. 
Марапат иелері облыс әкімімен бірге естелік суретке түсті.
***
Халықаралық ұстаздар күніне арналған «Қалдырған ізің мәңгілік» атты мерекелік салтанат Назарбаев зияткерлік мектебінің мәжіліс залында жалғасын тапты. Сыр елі білімінің жетілуіне үлес қосқан ұлағатты ұстаздар үздік шәкірттерімен бірге салтанатты шерумен жүріп өтіп, мәжіліс залының төріне жайғасты. Кәсіби мерекелеріне лайықты табыстармен келген ұстаздар қауымын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтады.
– Ұлы Абай ұлт болашағының білімде екенін осыдан екі ғасыр бұрын айтып кеткен болатын, –деді аймақ басшысы. – Өркениетке ұмтылған мына заманда ел болашағын тәрбиелейтін ұстаздар қауымына артылар жүктің осал емесі тағы айқын. Заман көшіне ілесеміз деп жүріп, ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық болмыстан ажырап қалмауымыз қажет. Сосын да болар, Елбасы таяудағы бес жыл көлемінде 120 мың ұстаздың біліктілігін арттыру қажеттігін баса айтқан-ды. Ұстазға құрмет, оларға жасалар түрлі қамқорлық пен көмек еш толастамайды. Биыл Сыр өңірінің ұстаздары арасынан 40 миллионер шықты. Алдағы мерзімде олардың саны бұдан да артуы әбден мүмкін. Бәріңізге де шығармашылық шабыт, кәсіби табыс тілеймін!
Бала жанының бағбаны атанған ұстаздар қауымына облыс әкімінің ықылас гүлі табыс етілді. 
Салтанатты шарада төл мерекелеріне табыспен келген бір топ ұстазға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты табыс етіліп, 20 мұғалімге 1 миллион теңге сыйақы сертификаты тапсырылды. 
Мереке салтанаты әсем әнмен, мың бұралған бимен, күмбірлеген күймен өрілді. 
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 05 қазан 2013 г. 963 0