МЕККЕ – ҚҰЛШЫЛЫҚ ҚАЛАСЫ

МЕККЕ – ҚҰЛШЫЛЫҚ ҚАЛАСЫМұсылман қауымы үшін киелі Мекке – мінәжат мекені саналатыны белгілі. Өйткені, жүздеген жылдар бойы төрткүл әлемнің түкпір-түкпірінен сан миллиондаған адам¬дар легі бір ¬толастамауына қарағанда мұнда бір құдірет бар ғой деп ойлаймын. Осынау қасиетті Құран кәрім түскен өңірге біздің ата-бабаларымыз да зиярат етуді армандаған болар. Осындай арман Алланың рақымымен бізге де бұйырды.
Біз – деп отырғаным, отба¬сы¬мыздың ұйтқысы Әбдіразаққызы Сұлу мен еліміздің Еңбек және әлеуметтік даму министрлігінде бас сарапшы болып қызмет жасайтын ортаншы қызым Дарья үшеуміз. Осы үкілі үмітіміздің ата-анама перзенттік парызым деген ұйғарымымен қасиетті Шағбан айының алғашқы онкүндігінде құлшылық қала¬сына умра (кіші) қажылыққа барудың сәті түсті. Жұбайым Сұлуға 2015 жылғы қасиетті Құрбан айт мейрамында асыл дініміз өсіп-өркендеген өңірде үлкен қажылық парызын өтеу нәсіп болған еді.
Алматы қаласындағы «Hicmet Travel KAZAKHZTAN» компаниясының ұйымдастыруымен елуден астам отандасымыз сәуір айының 29-ы күні жолға шықтық. «TURKISH AIRLINES» компаниясының біз мінген жүз елу адамдық әуе кемесі Ыстамбұл қаласын бағытқа алып Алматы әуежайынан таңғы сағат алтыда көкке көтерілді. Межелі жерімізге тура алты сағат ұштық. Ыстамбұл әуежайында екі сағат болған біздер ихрамға ендік. Одан әрі сапарымыз Жидда қаласында жалғасты.
Миқат аймағына ¬келгенде ¬бү¬кіл қажылар тәлбия айтады екен. Ер адамдар оны дауыстап айтса, әйелдер қауымы іштей қайталап оты-ратын көрінеді. Осы дәстүр түрік компаниясының алып лайнері Сауд Арабиясының Жидда қаласына қон¬ғанша төрт сағаттан астам бір толас¬тамады. Тәлбия айту – қажылық ғибадаттың басталғанын білдіреді десек, діні бір болғанымен, тілі, ділі, түрі бөлек, қажылар оны жүрекпен айтып келеді. Тәлбияның уақыты – умра кезінде ихрам кигеннен бастап, Қағбаны көргенге дейін айтылады екен.
Түркия мен Сауд Арабиясының уақыты біздің уақытымыздан үш сағат кейін болғандықтан әуе кемесі Жидда әуежайына шақырайған түс қайта қонды. Ұшақтан түскенде тынысты тарылтатындай ыстық леп соғып тұрды. Адам қарасы тым көп болғандықтан, әуежайдың іші тіпті қапырық боп шықты. Қырық градустан асып тұрған топырақта құжаттық тексерулерден өтіп, екінті намазын оқып болғаннан кейін қазақстандық қажыларға бө¬лінген автобуспен Мекке қаласын бетке алдық. Екі қаланың арасы жүз шақырым шамасында екен.
Адам ата мен Хауа анамыздың тәубесі қабыл болған айтулы ай¬мақ¬қа қас қарая жеткен біздер «Доган Плаза» қонақ үйіне жылдамдата орналасып, заттарымызды қалдырдық та, тобымызбен әл-Харам мешітіне жеттік. Жаратушы иеміздің жер бетіндегі ең алғашқы үйі – Қасиетті Қағбаны жеті рет айналып Алланы еске алдық, тауап етіп, екі бас намаз оқыдық. Осылайша Раббымнан жарылқау тіледік. Содан соң Сафа мән Мәруа төбелерінің арасына жеті рет сағи жасап, жүріп өттік. Әр төбенің басына барған сайын дұға оқып, тілек тілеп отырдық. Мұның бәрі айтуға оңай амалдар деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Осының бәрін санаңды сілкіп, жүрегіңді езіп, тілің күрмеліп, буының босап, көзіңе жас ала жүріп орындағанда өзіңді ауବда бейнебір ұшып жүргендей жеңіл сезінесің. Бір сәт жалған дүниенің бүкіл ауыртпалығын ұмытасың. Адами тіршілігіңде біліп те, білмей де істеген қате-күнәларың үшін кешірім сұрайсың, ақыретке ұмтыласың. Мәңгілік өмірді мәнді де мазмұнды етуге сай сауап жинауға тырысасың. Өйткені, сен өзіңді жаратқан құдіреті күшті Алланың алдында тұрсың, оның сынағынан өтудесің. Сондықтан пендесін кешіру һәм жарылқау – бір Алланың ғана құзырында екеніне еріксіз мойын ұсынасың.
Тауап жасап болғаннан кейін шаш алдырып, ихрамнан шықтық. Ер адамдар шаштарын жұқартып не тықырлатып алдырса, әйелдер қауымы шаштарының ұштарын ғана қияды екен. Бұл – кіші қажылық өтелді деген сөз. Алланың үйінен шығып тұрағымызға жеткенімізде мінәжат мекеніндегі алғашқы таңымыз да атып қалған еді. Бір атап өтерлігі, мешіт пен қонақ үй арасы он шақты шақырымдай десек, осы аралықта автобус тәулік бойы қызмет жасап тұрды. Автобус салоны толсын-толмасын белгіленген кесте бойынша жүре береді. Мешіт алаңында сап түзеген автобустарды қызығушылық танытып санап шыққан едім, тура отыз қатар екен. Сонда қажылар қауымы осынша қонақ үйге орналасқан болып шығады.
Күнделікті намазды мүмкін¬дігінше қасиетті Қағба орналасқан әйгілі әл-Харам мешітінде оқуға тырыстық. Себебі, онда оқылған әрбір намаздың сауабы басқа ме¬шіттерде оқылған намаздардың сауабынан жүз мың есе көп болса, осы аумақта жасалған сауап та, күнә да сонша еселенетін көрінеді. Сондықтан әрбір адам жанындағыларға жақсылық жасау¬ға бейім тұрады екен. Бір-біріне нан, құрма, су, банан ұсы¬нып жат¬қандарды көресің. Тіпті ыс¬тықтап келе жатқандардың бе¬тіне су бүркушілерді бай¬қайсың. Қайыршыларға садақа үлес¬ті¬ру¬ші¬лер де жетерлік. Осылайша олар сауап жинауға тырысады.
Сауап дегеннен шығады. Мына қызықты қараңыз. Сафа дөңінде өмірлік серігім екеуміз дұға жасап, Мәруаға қарай сағи жасап кетіп қалғанбыз ғой. Соңымыздан қуып жеткен әйел тілін түсінбесек те ымдап бір нәрсені айтып жатты. Сөйтсек, жұбайым Сұлу сөмкесінен бет орамалын алған кезде әмияны түсіп қалыпты. Міне, жүрегінде иманы бар адамдардың адалдығы осындай болса керек. Жалпы, осы киелі топырақта алдыңда ат басындай алтын жатса да алуға тыйым салынған. Бұл – аймақ тұрғындары үшін де, қажылар үшін де бұлжымас шариғат заңы. Оны орындауға Мекке мен Мәдина халқы бейіл екендігіне көз жеткіздік. Ал, Алла жолында құлшылық етушілердің ары ондай оғаштыққа апармасы анық.
Сәрсенбінің сәтінде Арафат тауы¬на шығып, зиярат жасадық. Арафат негізінде жердің аты. Сол жерде Рахма деп аталатын төбе бар. Сол төбе Арафат тауы аталып кеткен. Меккеде сонымен бірге айбары –  асқақ, еңсесі – биік, тарихы – терең Нұр тауы бар. Адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.у.) ең алғашқы «оқы» деген уахи келген Хира үңгірі осы тауда орналасқан. Бірақ еңселі тауға шығуға шамамыз келмейтіндіктен әрі уақыт тарлығына байланысты тобымызбен етекте тұрып тауап жасадық. Айша анамыздың мешітінде болып, Бәдір шайқасында шейіт болған сахабалардың қабірстанына зиярат жасалды. Сол сәрсенбінің кешінде мешітке түнеп, таң атқанша Раббымызды еске алып, Пайғамбарға салауат айтып, дұға тіледік.
Мінәжат мекенінде болған жетінші күнімізде әйгілі әл-Харам мешітіндегі жұма намазға қатысып, Алла үйінде тағы да еліміз, жеріміз, халқымыз, Отанымыз, отбасымыз, бала-шағамыз, сондай-ақ ағайын-туыс, дос-жаран, құрбы-құрдас, әріп¬тестер үшін дұға тіледік. Қасиетті Қағбамен қоштасу тауабын жасадық. 
Әлемдегі әйгілі де еңселі мешіттің ішін былай қойғанда, сыртында да намазға жығылушылардан аяқ алып жүре алмайсыз. Азан айтылысымен жайнамаздарын жайып жіберіп, сап түзеген қарақұрым халық. Бұрын ақпараттардан үлкен қажылыққа 5-6 миллион адам барыпты дегенді еститін едік. Бұл жолы көзбен көрдім ғой. Алла үйіндегі құлшылық жасаушы жамағат екі миллионға жетіп жығылады десем, жаңылыспайтын шығармын. Гидіміз Біржан қажы Дүмбіров ұйымдастыру жұмыстарынан қолы босамағандықтан, тобы¬мызға көбінесе жетекшілік жа¬саған «Қазақстан қажылар қауым¬дас¬¬тығы» Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, «Ықылас» қоғамдық бірлестігі мен «Рухани қазына» газетінің бас директоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қалиолла қажы Айхожаұлынан сұрағанымда, қасиетті Рамазан айында зиярат етушілер бұдан да екі есе көбейеді деген жауап алдым. Әсіресе, түрік ағайындарға риза болдым. Қарсы ұшырасқан он адамның сегізі түріктің еркегі мен әйелі деуге болады. Тіпті құндақтаулы сәбилерін көтерген, мектеп жасындағы жет¬кіншектерін жетектеген жас жұбайлар қаншама десеңізші?! Шіркін, біздің жастарымыз да осы жолды қаласа, құба-құп болар еді-ау!
Меккедегі мінәжаттарымызды аяқ¬таған біздер Мәдина қаласына жол тарттық. Екі аралық 400 ша¬қы¬рымнан асады екен. Төрт жолақты жолда көліктер нөпірімен жарыса жүйткіген автобуста қолыңыздағы стакан толы су дірілдемейді ғой, шіркін! Құлшылық өңірлері таулы аймақ болғандықтан ба, жол бойында көз жетер жерге дейін қыл¬та¬нақ шөп шалынбайды. Сонда да болса түйе, қой өсірген ауылдарды көресіз. Олар да біздердегідей шөмеле-шөмеле шөптер жинап тастаған.
Мәдина қаласына түнгі ондарда жеттік. «BOSPHORUS» қонақ үйіне орналасып, тамақтанып ¬алдық та Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) мешітіне барып, намаз оқыдық. Адам¬заттың асыл тәжі һәм оның сенімді сахабалары Әбу Бәкір Сыдық пен Омар Хаттамға сәлем бердік. Үшеуі қатар жерленген екен. Бұл мешітке бір мезгілде бір миллион адам сияды десек, мәрмәр тастар төселген аумағы ат шаптырым айналасына да осынша адам маңдайын сәждеге қояды.
Мәдинада болған екі күнде де осы мешітте құлшылық етсек, екінші күні түске дейін Ухуд тауы, құрма бағы, Құба мешітіне барып зиярат жасадық. Алла елшісі Исламдағы ең алғашқы салынған осы Құба ме¬шітіне жаяу да, көлікпен де зиярат етіп, екі рәкәғат намаз оқып тұрыпты. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.у.): Құба мешітіндегі намаз – умраға тең депті. Бұл – кіші қажылықпен пара-пар деген сөз. 
Умраға жүрер алдында Хабиб атты жас жігітпен танысқанмын. Кәсіппен айналысатын ордабұзар жастағы азамат Меккеде тудым деген соң қызығушылықпен жөн сұрағанмын. Найман руының Бесбала аталығынан тарайтын ата-бабасы өзіміздің Шиелі ауданының тумасы болғанымен, қай ауылдан екенін білмейді. Өйткені, атасы Рахматулла Құдияр баласы 1928-1930 жылдардағы қысылтаяң шақта Ауғанстан асыпты. Жетпіс бес жастағы әкесі Ибрагим мен алпыс сегіздегі анасы Жұпар сол Ауған елінде туып-өскен. Сонау жетпісінші жылдардың орта шенінде құлшылық қаласына қоныс аударған олар төрт қыз бен алты ұлды жарық дүниеге әкелсе, Хабиб жетінші бала көрінеді. Өзінен үлкен ағасы Иса Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшілігінің Жидда қаласындағы кон¬сульдығында қызмет жасайды екен. Хабиб бізге үйін көрсетіп, ата-анасымен таныстырамын деген еді. Бірақ уақыт тапшылығынан жат жердегі жерлес аға мен жеңгеге сәлем берудің сәті түспеді. Ағайындылар бізді күтіп алып, шығарып салды.
Екі дүниенің сардары Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.у.): «Мекке – құл¬шы¬лық қаласы. Мәдина – өмір сүру қаласы» деген екен. Алланың нұрына бөленген қос қала да бізге керемет ұнады. Туған топыраққа ат басын бұрарда бүкіл қалалардың анасы атанған Мекке барша мұ-сыл¬ман қауымын қол бұлғап шақырып тұрғандай әсерде қалдым. Қажы болу сіздерге де нәсіп болсын, ағайын!
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 маусым 2017 г. 241 0