«НҰР ӘЛЕМНЕН» ТАРАҒАН ШУАҚ

EXPO халықаралық көрмесінің даңқы айдай әлемге тарап жатқанда, «мың естігеннен бір көргенді» мақсат тұтқан тобымыз – «Сыр медиа» серіктестігінің 20 қызметкері жолға шыққан едік. Астанаға табан тірегеннен төрткүл дүние көз тіккен қалашықты көруге асықтық.
Ең бірінші алып шардың ішіндегі өз еліміздің «Нұр әлем» павильоны қызықтырды. «Нұр әлем» – диаметрі 80 метрлік аяқталған формадағы әлемде баламасы жоқ нысан. Құрылымдық ерекшелігі, көрме ғимараттарының келушілерге қызмет көрсетуге ыңғайлылығы «Болашақ энергиясы» тақырыбын аша түскендей. Ойластырылған футуристік дизайнды бұзбастан электр энергиясын шығаратын ең заманауи фотоэлектрлі технология «Нұр әлемді» ерекшелеп тұр.  Ғимарат инженерлік және сәулет өнерінiң озық үлгісі ретінде Астананың келбетiн көрiктендiре түсіпті. Деректерге қарағанда, ғимарат жабындысы − 2824 шыны, оның салмағы 13 мың тоннадан астам. Павильоннның ең жоғарысында желідегі электр энергиясын пайдалауды шектейтін 2 жел генераторы орналасқан.
Сегіз қабатты ғимарат қарақұрым халыққа толы. «Болашақ энергиясының музейі» деген айдар  тағылған нысан шынымен басқа әлем секілді. Кіреберістегі экранда қонақжай қазақтың үйіне бас сұққан адамына қонақасы беретіні, уақыты тығыз мейманына дәм ауыз тигізіп аттандыратын салты түсіндіріліпті. Одан әрі қонақкәде сұрап, ат мінгізіп, шапан жауып аттандыратыны айтылған.
Лифтімен 8-қабатқа көтеріліп, әр қабатта орналасқан тақырыптық көрмені аралап шығуға бір күн уақытты жұмсау керек. Жұртшылықтың ең көп шоғырланған жері – әйнек көпір. Әрине, биіктен қорықпайтын адамдар үшін бұл нағыз адреналин алатын орын. Ең жоғары қабат болашақ Астана бейнесіне арналыпты. 2050 жылы еліміздің бас қаласы қандай болады? Экологияны таза сақтай отырып, тұрақты дамығанда қандай биіктерге жетпек? Сегізінші қабат осындай сұрақтарға жауап береді.
Одан төмен түссеңіз, «Космос энергиясы» тақырыбына қанығасыз. Космостан энергия өндіру идеясы мен жоспарларын қамтитын ғылыми зерттеулердің жинақталған орны осы жер. Келешекте балаламалы энергияны қалай өндіруді ойластырған ғалымдардың идеялары туристерді де, көрме аралаған көпшілікті де қызықтыруда.
Жетінші қабат Күн энергиясына арналған. Адамзат баласы ықылым заманнан бері бұл энергияның күш-қуатын пайдаланып келеді. Көрмені қызықтаушыларға Күн энергиясын пайдаланудың осы заманғы жаңа технологияларына қоса, ежелгі өркениет иелерінің ойлап тапқан әдістері де көрсетіліп жатыр. Тіршіліктің күре тамырына қан жүгірткен күн сәулесі келешектің энергия көзі ретінде мойындалғалы оның күшін пайдаланушылар түрлі идеяларды инновацияға айналдырып әкетуде. Көрмеде соның бірталайына орын берілген.
Одан бір қабат төмен экспозиция «Жел аллеясынан» басталады. Табиғаттың бұл құбылысының да энергия өндірудегі күшін пайдалану кешелі-бүгінді қолға алынған жоқ. Дегенмен жаппай қолданысқа енді деуге әлі ерте. Осындайда құдайдың құтты күні жел соғып тұратын біздің өңірдің климаттық ерекшелігі келешекте энергия көзіне айналса, жел де жерасты байлығынан кейінгі игілігімізге айналмақ. Осы қабатта желдің жылдамдығын сезінгісі келген келушілерге көрсетілімдер ұйымдастырылуда. Кейінгі қабаттарда биомассалардың энергиясы, кинетикалық энергия, су энергиясына арналған павильондар орын тепкен.
Көрме басталғалы бері ол туралы жаңалықтарды тек ақпарат көздерінен оқып-білдік. Мұндай ірі жобалар айналасында дақпырт та көп болатыны белгілі. Көзбен көру арқылы бір ұғынғанымыз – келушілерден аяқ алып жүргісіз. Шетелдік туристер де, өзіміздің отандастарымыз да әр павильонды қызыға тамашалауда. Кезекте тұрғандар да кездеседі. Еріктілердің қызметі көңілге қонымды. Кез келген сұрағыңа жауап беруге әзір. Бұрын да әлемдік деңгейдегі форумдарды өткізіп, тәжірибе жинаған Астана халықаралық көрмеге келушілердің ыңғайына бейімделгендей көрінді. Көлік тасымалы, келушілерге қызмет көрсету жоғары деңгейде.
Көрмені бір күнде аралап шығу мүмкін еместігін бұрын естіген едік, енді кзіміз жетті. Бұл алғашқы күндегі әсер. Алдағы материалдарда шетелдер павильондарынан алған әсерлерміз баяндалмақ.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
Астана.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 тамыз 2017 г. 82 0