НҰРСҰЛТАН АСТАНАҒА АТТАНДЫ

  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың облысымызға сапары барысында Нұрсұлтан Жақсыкелдиев атты 2-ші сынып оқушысы Елбасына Астананы көргісі келетінін айтқан болатын.

Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Президентке арманын айтқан бүлдіршінді қабылдады.  

– Біз бүгін ерекше кездесудің куәсі болып отырмыз. Өйткені, Елбасының Сыр өңіріне сапары барысында Арал қаласындағы №260 мектепте 2-ші сыныпта оқитын Нұрсұлтан деген баламыз Президентке Елорданы көргісі келетінін жеткізді. Бүгінде теңіздің тіршілігі қайта жанданды. Балық экспорты жолға қойылды. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Мұның барлығы Мемлекет басшысы жүргізіп отырған сарабдал саясаттың нәтижесі. Енді, міне, Президентке арманын айтқан, «Астананы көргім келеді» деген бүлдіршінді Елордаға жіберіп жатырмыз. Бұлар тәуелсіз елде өскен еркін ұландар. Айналайын, болашағың жарқын болсын – деді аймақ басшысы.

Шараға қатысып отырған Нұрсұлтанның әжесі Айнагүл Бейсенбаева: «Бұл бала тумысынан зерек, сабақты да жақсы оқиды» – деп немересінің алғырлығын айтып өтті. Ал, бала Нұрсұлтанның өзі болса Елбасымен кездесуден алған әсерін достары мен көршілеріне айтқанын жеткізді. Сұлтанбек Алланов, Гүлзат Бөріқұловадай Нұрсұлтанның ата-анасы бала тілегін орындап жатқан Елбасы мен облыс әкіміне алғыстарын білдірді.

Біз Астанаға сапар шеккелі тұрған бала Нұрсұлтанды әңгімеге тартқан едік.

–  Мен Нұрсұлтан атама болашақта космонавт болғым келеді. Өйткені, Президенттің өзінің самолеті бар. Әжем мен бірге оқитын достарымды самолетпен қыдыртқым келеді. Сіз салған Астананы көргім келеді деген едім. Бүгін сол арманым орындалатын болды. Мен қуанып отырмын, – деді шаттанып.

Иә, бала біткеннің қуанып, күлімсіреп жүргені жақсы. Біз осындай бақытқа толы көріністің куәсі болдық. Ол бүкіл отбасымен бірнеше күн бойы еліміздің бас қаласына аттанды.  Жолың болсын, Нұрсұлтан!

 

Азиз БАТЫРБЕКОВ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қазан 2017 г. 1 331 0