«АБЗАЛ және К» «АЛТЫН САПА» СЫЙЛЫҒЫНА ИЕ БОЛДЫ

Кеше Астанада үздiк кәсiпорындарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа» сыйлығын табыстады.

Биыл «Алтын сапа» байқауында 101 компания бақ сынады. Сыйлықтар «Үздiк инновациялық жоба», «Үздiк индустриялық жоба», «Сапа көшбасшысы», «Өндiрiстiк мақсаттағы үздiк кәсiпорын», «Халыққа тауар шығаратын үздiк кәсiпорын», «Қызмет көрсететiн үздiк кәсiпорын», «Азық-түлiк және ауылшаруашылық өнiмiн шығаратын үздiк кәсiпорын» аталымдары бойынша берiлдi.

«Алтын сапа» сыйлығы өнiмi немесе қызмет көрсету сапасы, олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында жетiстiкке жеткен, сондай-ақ, менеджмент жүйелерiн енгiзген кәсіпорындарға берiледi. 

Біздің аймақтан республикалық «Алтын сапа» сыйлығына «Абзал және К» ТС мен «Аралтұз» АҚ қатысқан болатын. «Абзал және К» ТС директоры Мағжан Ералиев «Алтын сапа» сыйлығының «Азық-түлік және ауылшаруашылық өнімін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясын иеленді.

«Абзал және К» ТС – ауыл шаруашылығы, оның ішінде еліміздің күріш индустриясы саласының қарқынды дамып келе жатқан компанияларының бірі. Компания республика бойынша күріш өндірісі үздіктерінің үштігіне  кіреді. Күріш өндіру және өңдеу қызметімен айналысады, ауылшаруашылық саласына инвестиция салып келеді.

Компания 1994 жылы Қызылорда қаласында құрылған. Алғашқы 9 жылда күріш сатумен айналысқан. 2003 жылы компания дамуының маңызды кезеңі басталды. Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов және Бесарық ауылдарының әрқайсысынан 600 гектар жерге күріш егуді бастап, жыл өткен сайын егістік көлемін арттырды.

Бүгінде компания «Янтарь», «Лидер», «Анаит», «Фаворит» ақ күріштерін, «Камолино» күріш жармасын түр-түрімен, күріш ұсағы, күріш жемі, туралған және туралмаған күріш қауызын өндіреді. Өндірістің ең көп ауқымды бөлігін «Янтарь» ақ күріші, «Лидер» ақ күріші және «Камолино» күріш жармасының түрлі сұрыптамасы құрайды. Өз өнімдерін Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Украина, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғызстан, Ауғанстан нарықтарына шығарады. Негізгі сатып алушылары – азық-түлік сатумен айналысатын сауда компаниялары, сауда орталықтары және жарманы буып-түйетін кәсіпорындар.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 желтоксан 2017 г. 23 0