БАҒДАРЛАМАЛЫҚ МАҚАЛА БАҒЫТЫМЕН

Қалыптасқан Қазақстан және халықаралық аренадағы ел бе­де­­лінің жоғарылығы әлемдік қауым­дас­­тықтағы саяси ақиқат. Бүгінде еліміз дамудың жаңа кезеңіне өтіп отыр. Осы жылдың басында Мемлекет басшысы Жолдауында жаһандық бәсекелік қабілет шарт­тарындағы Қазақстанның үшін­ші жаңғыруын жариялады. Ал Ел­ба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласы осы үшінші жаңғыру кезеңіндегі маңызды тарихи құжат болып табылатындығы анық. Ұлт көшбасшысы жаһандану кезеңіндегі ұлттық мемлекеттің қалыптасу ерек­шеліктерін талдай келе, ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы сақтау мен дамытудың нақты жолдарын және таяу жылдарда атқарылатын міндеттерді ұсынды. Сондықтан, мақала – мемлекетіміздің жаңа даму жолдарын айқындайтын және қазіргі жаһандық құбылыстарда қалып­тас­қан ахуалдағы халық тағдырына ерекше мән беретін іргелі құжат.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев бағ­дар­ламалық мақаласында: «Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гума­нитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мем­ле­кеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет» деп атап көрсетеді. Елбасының осы тұжырымдамалық идеясына сәйкес, «Болашақ» ғылыми-зерттеу институты ғылыми жұмыстарын жалғастырып келеді. Әсіресе, Мемлекет басшысының тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бағыттары негізіндегі ғылыми ізденістерге ерекше назар аударылды.

«Болашақ» ҒЗИ «Болашақ» универ­ситетінің құрылымдық бө­лім­­­шесі ретінде 2014 жылдан бас­тап жұмыс жасайды. Инсти­тут­­тың негізгі мақсаты – іргелі ғылыми негіздер мен қолданбалы зерттеулерді дамыту болып табылады. Ғылыми-зерттеу институтының құрамына Космосты зерттеу лабораториясы, Агробиотехнологиялық ғылыми-зерттеу лабораториясы, Әлеуметтік-экономикалық және сая­­си зерттеулер орталығы кіреді. Алдағы уақытта педагогика және филология ғылымдары бойынша жаңа ғылыми-зерттеу орталықтарын ашу жоспарланып отыр.

2014 жылдан бастап институт чехиялық «Sociosféra-CZ» ғылыми-баспа орталығымен бір­лесе отырып, жыл сайын «Қазіргі шарттардағы тәрбиенің мақсаттары, міндеттері мен құнды­лық­тары» және «Адам мен қоғам қауіпсіздігі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың мә­селесі ретінде» халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік ­конференция­сын өткізіп келеді. Сонымен қа­тар, инс­титут ресейлік «Молодой ученый» журналының арнайы шыға­ры­лымдарын дайындайды. Бүгінде біз ұйымдастырған арнайы нөмірге «Болашақ» университетінің про­фес­сор-оқытушылар құрамынан бөлек 56 мекеме қызметкерлерінің ғылыми мақалалары жарияланып отырғандығын ерекше атай аламыз. Үш жыл ішінде жарық көрген 16 нөмірде барлығы 435 мақала жарияланған екен. Бұл шыға­ры­лымдарда қазақ тілді ғы­лыми мақа­лаларға басымдық бері­ліп отырғандығын айта кет­кеніміз жөн.

Институт жанындағы әлеу­меттік-экономикалық және сая­­си зерттеулер орталығы осы оқу жы­лының басында «Сананы жаң­ғырту бағыттарының мәні, маз­мұны және түсініктері» тақы­ры­бындағы ғылыми-зерттеу жобасын бастап кетті. Ғылыми жобада Мемлекет басшысының мақаласында айтылған ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы жаңғыртудың бағыттары болып табылатын бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығының негізгі мәні, маз­мұны мен түсініктері ашылады. Осы уақытқа дейін ғылыми жоба тақырыбы аясындағы бірнеше ғы­лыми мақалалар Қазақстан Рес­публикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тізіміндегі журналдарға, шетелдік басылымдарға, баяндамалар Халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарына жарияланды. «Сананы жаңғыртудың 6 бағыты: мәні, мазмұны және түсі­ніктері» атты монография Алматы қаласындағы баспадан шық­ты. Бүгінде аталған монография үлкен сұранысқа иеленіп отыр. Бұл еңбекті халықаралық дең­гейде таныту үшін ғылыми сіл­темелердің Ресейлік индексі (РИНЦ) базасында индекстеу бойынша жұмыстар басталып кетті. Алдағы уақытта бұл жұмыстың нәтижелі болатындығына толықтай сенімдіміз. Орталық 2018 жылы тарих ғылымдарының кан­дидаты А.Т.Еспенбетованың жетек­­шілігімен «Туған жер», «Киелі Қазақстан» бағ­дарла­ма­ла­рын жүзеге асырудағы мұрағат құжат­­тарының деректік маңызы» тақырыбындағы ғылыми жобаны бастауды жоспарлап отыр. Орталық мүшелері республикалық деңгейдегі түрлі ғылыми кон­курстарға қатысып, жүлделі орындар иеленуде. Мәселен, философия магистрі Б.Ж.Паридинова осы жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйым­дастырған «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты рес­публикалық ғылыми жобалар бай­қауының ІІ дәрежелі диплом иегері атанды.

Жаңадан құрылғалы жатқан ғылыми-зерттеу ­­орталықтары да алдағы уақытта тың жобалармен жұмыс жасауды жоспарлап отыр. Мәселен, «Руханият» ғы­лыми-зерттеу орталығы «Сыр бойының рухани мұрасы» және «І.Есенберлин шығармаларындағы мақал-мәтелдердің аударылу жолдары» тақырыптары бойынша ғылыми жоба жоспарларын әзірлеуде.

Айта кетуіміз қажет, институт жүргізіп отырған жұмыстарынан алынған ғылыми нәтижелерді ал­дағы кезеңдердегі теориялық және тәжі­рибелік мәселелер бойынша ғылыми ізденістерді жетілдіруге, жоғары оқу орындарының оқу про­цесінде пайдалануға болады. Әзірленген ұсыныстар мен қоры­тын­дыларды мемлекеттік би­лік органдары, азаматтық қоғам инс­­титуттары қызметінде қолдануға болатындығына сенімдіміз. Жұмыс материалдарын жоғары оқу орын­дарындағы жалпы курстар шең­бе­рінде Елбасының мақаласын түсіндіруде пайдаланудың бола­шағы зор деп есептейміз. Әлемдік жаһандану процесінде өз саласында ғылыми нәтижелер алатын шаралардың ұйытқысы болып жүрген «Болашақ» ғылыми-зерттеу институты жаңа заман талабына сай ғылыми ізденістер жолында қызмет етеді.

Мұрат НАСИМОВ, 

саяси ғылымдарының 

кандидаты, қауымдастырылған профессор, 

«Болашақ» ғылыми-зерттеу 

институтының директоры.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 желтоксан 2017 г. 644 0