ҒАРЫШ ПЕН АҢЫЗ

Өзбекстан Олий Мажлисі Заң шығарушы палатасы төрағасының орынбасары Борий Алиханов бастаған Өзбекстанның парламенттік делегациясы Сыр елінде болды.
Еліміздің Орталық Азиядағы маңызды стратегиялық серіктесі болып табылатын Өзбекстан мемлекетімен соңғы жылдары Қызылорда облысы арасында достық пен ынтымақтастық саясаты қалыптасқан.
Өзара байланыстың кеңеюіне жаңа серпін берген өзбек елінің халық қалаулылары облыс әкімдігінде ахуалдық орталық жұмысымен танысып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесті. Нәтиже­сінде ынтымақтастық пен серіктестік байланысты одан әрі тереңдету және тату көршілікті нығайту жайында сөз байласты.
Өзбек депутаттарының Сыр өңіріне жасаған алғашқы сапары жер кіндігі Байқоңырда, барша түркі халқының киелі абызы Қорқыт баба кешенінде жалғасты.
Қызылорда қаласындағы жиыннан кейін қонақтар адамзат баласы ғарышқа алғаш қадам басқан жер – Байқоңыр ғарыш айлағын бетке алды. Ғарыш айлағындағы мұражай кешенге аялдады.
Іргетасы 1957 жылы қаланған мұражай ғимаратында болған қадірлі меймандар К.Циолковский, С.Королев, Ю.Гагарин және өзге де ғарышкерлер туралы қызықты мәліметтерге қанығып, адамзат тарихында бірінші болып көк төсіне жол салған ғарышты игерушілерге қатысты мол ақпарат алды. Мұнан соң қонақтар «Боран» орбиталық кораблін, ракеталық-ғарыштық жүйенің негізін қалаушы академик С.Королев пен Ю.Гагариннің іссапар кезінде қоныс еткен мемориалдық үйлерін тамашалады.
Сапар аясында Олий Мажлисі төрағасының орынбасары Б.Алиханов өз кезегінде түрлі саладағы екіжақты қатынастарды дамытудың қарқынды сипатын жоғары бағалады. Оның пікірінше, мемлекеттер басшылары қол жеткізген келісімдерді іске асыруда парламенттер маңызды рөл атқарады.
– Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттері арасындағы байланыс мұнан әрі терең дами беретініне кәміл сенемін. Парламентаралық келісімдеріміз нығайып, адамзаттың ортақ мәселесіне айналған Арал теңізіне қол ұшын созу біздің міндетіміз. Сыр өңірі ежелден-ақ Түркі дүниесіне ортақ қасиетті жер. Мұнда Қорқыт бабамыз жерленген. Бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген бабамыздың айтқандары әлі күнге санамызда жаңғырып тұрады. Достық пен бірлікті ту еткен қазақ-өзбек ынтымақтастығы жараса берсін, – деді.
Жол сапар барысында қонақтар ұлы жолдың бойында мәңгілік тыныс тапқан түркі дүниесінің ойшыл абызы Қорқыт бабамыздың құрметіне қойылған «Қорқыт ата» кешенінде болды. Онда абыз бабаға құран бағышталып, арнаулы мұражай таныстырылды. Бұған қоса, меймандар назарына Қорқыт ата атындағы Зиярат ету орталығы ұсынылды. Осы заманғы талапқа сай барлық қызмет көрсетуге арналып салынған орталық жұмысымен танысты.
«Бұл сапар өзара іс-қимылдың барлық салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықты кеңейту тұрғысынан нәтижелі болды», дейді ҚР Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Құдайберген Ержан.
– Біз өзбекстандық әріптестерімізбен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл, су ресурстарын басқару мәселелерін талқыладық. Сырдария өзені бойындағы мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайтуды көздейтін ел Парламенті Арал тағдырына алаңдап отырған Өзбекстанды, Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын (ТүркПА) жұмылдырып отыр. Екі елдің Мәжіліс депутаттары енді өзара бастамалар мен ұсыныстарды, келісімдерді рәсімдейміз. Халықаралық Аралды құтқару қорын, Арал-Сырдария бассейнін дамытуға Өзбекстан мемлекеті ықылас танытып жатыр. Осы мақсатта біз кеңесіп, келісім жүргіздік. Бүгінгі Сыр елінің қарқынды дамуына оң бағамызды береміз, – деді.
Енді Сырдария өзені суының сапасы тексеріліп, туризм кластерін дамыту қолға алынбақ. Бұл жайында делегация құрамындағы «Халықаралық Аралды құтқару қорының» директоры Болат Бекнияз айтты.
– Біздің алдымызда үш мақсат тұр. Бірінші, Сырдария өзенінің су сапасын зерттеу, тексеру. Қырғызстаннан бастау алатын дария Тәжікстан, Өзбекстан арқылы бізге келеді. Оны жолай бірнеше мемлекет пайдаланып Қызылордаға ластанып жетеді. Енді Өзбекстан тарапымен бірігіп ластануды ғылыми жолдармен анықтайтын боламыз. Бұл жобаға Біріккен Ұлттар ұйымы көмек қолын созуда. Екінші жоба бойынша Азия даму банкі Арал өңірінде туристік кластер жасауды қолдап отыр. Оны дамытуды біздің еліміз Өзбекстанмен бірігіп жасайды. Бұл бүкіл Арал маңын қамтитын жоба болмақ. Арнайы орталық ашуды да жоспарлап отырмыз. Ал үшінші жоба, Арал теңізі құмында «Париж-Дакар» секілді авторалли өткізу. Бұл бойынша шетелдік автоконцерндерді осы жобаға тартуды көздеп отырмыз. Бұл жоба Арал экологиясын әлем назарына аудару мақсатында жоспарланып отыр, – деді қор директоры.
Осылайша Сыр еліндегі сапарларын сәтті аяқтаған Өзбекстанның парламенттік делегациясы Оңтүстік Қазақстан облысына жолға шықты.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Қармақшы ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 желтоксан 2017 г. 636 0