КӘСІПКЕРЛІГІ ДАМЫҒАН ӨҢІРДІҢ ШАРУАСЫ МЫҒЫМ

Қоғам қандай құрылымды бастан кешсе де, қандай әлеуметтік жүйе орнаса да, кәсіп – күнкөріс пен тіршіліктің тұрақты көзі болып қала береді. «Кәсіп түбі – нәсіп» дегеннің сыры осында.
Өркениетті елдердің барлығы да өздерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына арқа сүйейді. Кәсіпкерлікті қолдап, оны дамыту арқылы әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына енуге бет алған Қазақстан үшін де бұл мәселе маңызды болып табылады. Осы орайда Президент ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету межесін белгілегені белгілі. Соған байланысты «Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс» деп тапсырма берген болатын және ол тапсырма жүзеге асырыла бас-тады.
Соның бір мысалы, 2017 жылдың қараша айында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы ұйымдастырған «Байқоңыр start-ap» бизнес идеяларының байқауына бір ғана Сырдария ауданынан 39 жас үміткер қатысып, байқаудың екінші кезеңіне 13 жас үміткер өтті. Осы үміткерлер қатарында Қалжан ахун ауылының жас тұрғыны Аружан Алдаберген «дәнді құрт цехын ашу» идеясы бойынша жүлделі 2 орынды иеленіп, қайтарымсыз 200 мың теңге ұтып алды. Аружанның Павлодар қаласында колледжде оқып, сүт технологиясы мамандығын иемденіп келгенін білдік. Міне, ол мамандығы бойынша кәсіп бастауды мақсат тұтып, жоғарыда айтылған байқауға қатысады. Сонан соң байқауда ұтқан қаржысына сүттен майлы көбік пен қаймақ айыратын аппарат сатып алып, құрт дайындауға кіріседі. Ауылдастарынан сатып алған сүтке күнжіт, қант, тұз секілді қоспалар қосып, өтімді құрт шығара бастайды. Шығарылған өнімді ауыл тұрғындары тұрақты түрде сатып алып келсе, ол көктем шыға кәсібін кеңейте түсуді жоспарлап отыр.
Ал, осы аудандағы «Ақжарма инвест» өндірістік кооперативі «50 ауыл» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 22 млн теңге несие алып, оған өз қаржысын қосып, мал сою пунктіне қажетті құрылғыларын және сүт өндіру кіші зауытын сатып алды. Міне, бұл осы ауданда кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалар шеңберінде өткен жылы бизнесін бастаған немесе өрістеткен кәсіпкерлердің бір-екі ғана мысалы. Ал, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облыстық басқарма арқылы ұйымдастырылған байқауға ауданнан құны 62,3 млн теңгенің 39 жобасы ұсынылып, 13,9 млн теңгені құрайтын 19 жоба қаржыландырылған.
Иә, кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық қатынастарды дамытудың кепілі. Сондықтан да, кәсіпкерлік төңірегіндегі көптеген мәселелердің
көтеріліп жатуы, оның экономикадағы рөлінің өте маңыздылығын көрсетеді. 2017 жылдың наурызында барлық іске асырылып жатқан бағдарламалар бойынша жаңа жұмыс орындарын ашуға және жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер санын арттыру мақсатында Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай жол картасы әзірленді. Бірыңғай жол картасын іске асыру үшін облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасымен ай сайын тұрақты негізде Қызылорда қаласы мен облыс аудандарының ауылдық округтерінің негізгі көрсеткіштеріне мониторинг жүргізілуде. Атап айтқанда, мониторингке шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны, құрылған субъектілердің түрлері, жұмыссыздар саны, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны, кәсіпкерлік негіздеріне оқытылғандар саны және басқа да көрсеткіштер кіреді.
Жалпы облыс бойынша өткен жылдың 11 айында тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 49868 бірлікті құрады. Оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны 37336 болса, бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1 пайызға артық. 2017 жылдың қаңтар-маусым айында шығарылған өнім көлемі 122,9 млрд теңгені құрап, 2016 жылдың сәйкесті кезеңінен 30,1 пайызға ұлғайған.
Өткен жылдың наурызында Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқуға қатысатын 5 аудан (Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған), сондай-ақ қатысушылардың саны анықталып, оқу кестесі бекітіліп, тестілеу нәтижесін қарау және жобаларды қорғау жөніндегі комиссия құрылды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша жылдық жоспар 937 қатысушы, оның ішінде: Арал ауданы бойынша – 211, Қазалы ауданында – 222, Қармақшы ауданында – 107, Шиеліде – 202 және Жаңақорған ауданында 195 адам қатысты. Бүгінгі күні «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыту курстары толығымен аяқталды. Нәтижесінде, жылдық жоспар орындалып, 937 адам оқытылды. Оның ішінде бизнес-жоспарды қорғағаны 364 адам. Сонымен бірге, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде «Бизнес-Кеңесші» кәсіпкерлік негіздеріне қысқа мерзімді оқыту курстары өткізілді. Оған 1477 адам қамтылған.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» шеңберінде Қызылорда қаласы мен аудандарда микрокредиттер беру үшін 2017 жылы 2 млрд 058 млн теңге бөлінген. Оның ішінде ауылға 1 млрд 765 млн теңге, қалаға бағытталғаны 293,8 млн теңге. Ауылдарда шағын несие беру үшін өткен жылдың қазанында облыстық бюджеттік комиссия шешімімен 320,7 млн теңге қосымша қаражат бөлінді.
2017 жылы Қызылорда қаласында микрокредиттер беру үшін нысаналы трансферттермен 83,8 млн теңге және жалпы сипаттағы трансфертпен 210 млн теңге бөлініп, мамыр айында «Даму» КДҚ» АҚ-ға орналастырылған. Қызылорда қаласында микрокредиттер беру үшін қаралған 293,8 млн теңгенің 200 млн теңгесі келесі екінші деңгейлі банктерге, яғни, «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ға – 100 млн теңге, «Ресей жинақ банкі» АҚ-ға – 50 млн теңге, «АТФ банк» АҚ-ға – 50 млн теңге қаралды. «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде жеке кәсіпкерлікті қолдауға 2017 жылы барлығы 779,6 млн теңге бөлінді.
Оның ішінде несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға бөлінгені 539,6 млн теңге. Өңірлік үйлестіру кеңесінің 40 отырысы өткізіліп, нәтижесінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау үшін жалпы құны 9,3 млрд теңгені құрайтын 171 жоба мақұлданған.
Сондай-ақ, шағын және орта бизнес несиесі бойынша ішінара кепілдендіруге 130 млн теңге бөлініп, 100 пайыз игерілді. 2017 жылы ішінара кепілдендіру бойынша жалпы құны 525 млн теңгені құрайтын 54 жоба мақұлданды.
2017 жылдың бірінші жартыжылдығында қайтарымсыз гранттар беру бойынша Өңірлік үйлестіру кеңесімен 10 млн теңгеге ауылдық елді мекендер мен Қызылорда қаласының ауылдық округтерінің микробизнес субъектілерінің 17 жобасы мақұлданды. Ауылдық елді мекендердің кәсіпкерлерін қайтарымсыз гранттармен қаржыландыру үшін 2017 жылдың шілдесінде облыстық бюджеттік комиссия отырысымен 100 млн теңге субсидиялау компонентінен гранттық қаржыландыру компонентіне қайта бөлінген болатын. Өңірлік үйлестіру кеңесімен 100 млн теңгеге ауылдық елді мекендер мен Қызылорда қаласының ауылдық округтерінің микробизнес субъектілерінің 97 жобасы қаржыландырылды.
2017 жылы «Даму-Аймақтар» өңірлік бағдарламасын іске асыру үшін облыстық бюджеттен 700 млн теңге және «Даму» қорымен 700 млн теңге қаражат, 4 екінші деңгейлі банкке арнайы шартпен бөлінгенін айта кету керек. Аталған бағдарлама аясында бөлінген қаражат кәсіпкерлерге 8,5 пайызбен 180 млн теңгеге дейін 5 жылға, сондай-ақ, 6 айға дейін кейінге қалдыру мүмкіндігімен беріледі. Осылайша, «Даму-Аймақтар» бағдарламасы шеңберінде 1 млрд 153 млн теңгеге 47 жоба мақұлданды. Осы қаржыландырылған 47 жоба бойынша 70 жаңа жұмыс орнын құру жөнінде міндеттеме алынды.
Міне, өңірде кәсіпкерлікті дамыту бағытында осындай жұмыстар жүруде. Десе де, бұған әлі тоқмейілсуге болмайды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамыту барысында ауылдық әкімдерге де көп жауапкершілік жүктелетінін айтып өткен болатын. Ол осы ретте әлі күнге дейін шаштаразы, моншасы, наубайханасы ашылмаған немесе қоғамдық малды бағуды ұйымдастырмаған елді мекендер бар екенін қатты сынға алды. Ендеше, бұл бағытта әлі де атқарылатын жұмыстар жетерлік. Өйткені, шағын және орта бизнес дамымай, қоғамда көптеген мәселелер шешімін таппайтыны анық. Ал шағын кәсіпкерлігі мығым елдің шаруасы шайқалмайтынын уақыт көрсетіп отыр.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қаңтар 2018 г. 57 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031