Астанада операторларсыз қызмет көрсететін цифрлық ХҚКО ашылды

Бүгін Астанада ресми түрде операторларсыз қызмет көрсететін цифрлық ХҚКО ашылды. Орталықтың басты мақсаты - азаматтарға үйінде отырып та мемлекеттік қызметтерді алуға болатынын үйрету, деп xабарлайды Baq.kz.

Астанадағы цифрлық ХҚКО былтырғы жылдың желтоқсанынан бастап пилоттық тәртіпте іске қосылды. Мемлекеттік қызметтер толықтай автоматты түрде ұсынылатын Digital ХҚКО-да операторлар қатыспайды. Барлық компьютерде орнатылған интеллектуалды көмекшілер мемлекеттік қызметті өз бетінше алып жатқан азаматтар үшін IT-кеңесші рөлін атқарады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбайдың айтуынша, орталықтың басты мақсаты – азаматтардың сауатын ашу, қызметтерді алуға үйрету.

«Цифрлық ХҚКО-да қызмет көрсететін операторлар болмайды, адамдардың цифрлық қызметтерді алу сауатын ашу орталығы ретінде қызмет жасайды. Әрбір азамат жоғары технологияларды пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға үйренеді. Себебі осы жерге келу арқылы азаматтар қызметтерді қалай алудың оңай екенін көріп, болашақта бұл жерге келмей үйінде не басқа жерде қызметтерді ала алады», - деді ол.

Мұндай орталықтар алдағы уақытта басқа өңірлерде де ашылады деп жоспарланып отыр.

«Азаматтарымыздың цифрлық сауаттылығын, жоғары технологияларды пайдалану дағдысын жергілікті жерлерде де дамыту қажет. Сондықтан мұндай орталықтарды басқа қалаларда, аудан орталықтарында ашу жоспарда бар», - деді ол.

Ол ХҚКО-да «Connection point» өзіне-өзі қызмет алу секторлары барын атап өтті. Алдағы уақытта олардың үлесі көбеймек. Сонымен бірге, цифрлық ХҚКО-да халықтың цифрлық сауатын ашу мақсатында тегін оқу сыныбы ашылған.

«Адамдардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы оқу сыныбы ашылды. Бұл сыныпта электронды порталдан басқа, мемлекеттік сатып алулар, лицензияларды беретін порталдармен, мемлекеттік кірістер комитетінің әртүрлі ақпараттық базаларымен жұмыс істеу секілді қызметтер күнделікті арнайы кесте бойынша үйретіледі. Негізгі мақсатымыз – азаматтарымызды ХҚКО-ға ағылмай, қызметтерді үйінде отырып алуға үйрету», - деді Мұрат Жұманбай.

Айта кетсек, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, 2017 жылы электрондық үкімет порталы арқылы 37 млн қызмет алынған. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш портал мүмкіндіктерін азаматтардың пайдаланып үйренгенін көрсетеді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қаңтар 2018 г. 129 0