Жолдау-2018: Сарапшылар не дейді?

Вячеслав Додонов, 
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) бас ғылыми қызметкері:
 
- Биылғы Жолдаудың өткен жылдағылардан ерекшелігі - инновацияларды енгізуге бағытталған индустрияландыру басты назарға алынған. Бұны  Назарбаев Университеті, Инновациялық технологиялар паркі секілді инновациялық орталықтардың жұмысына басымдық берілгендігінен анық байқауға болады. 
Сонымен қатар Жолдауда көлік пен логистикаға ерекше назар аударылғанын байқауға болады. Жолдауда көрсетілген 10 бағыттың алтауында экономиканың барлық салаларында жаңғырудың негізгі құралға айналатыны айтылған. Сонымен қатар Президент Нұрсұлтан Назарбаев автожолдар желісіне бөлінетін қаражатты арттыруды тапсырды.   

Құндызай Ерімбетова,  
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) аға ғылыми қызметкері:  

- Жолдауда Президент қолдан келетін мүмкіндіктер туралы айтқан. Әсіресе, онда қызметтегі технологиялық жүйелік пен инфрақұрылымдық басқарудағы интеллектуалды жүйелер мәселелеріне баса назар аударылған. Бұл экономика үшін өте тиімді. Сонымен қатар Президент экономиканы дамыту үшін табиғи ресурстарды басқару жолдарын қайта қарау маңызды екенін атап өткен.  
Бүгінде жаңартылатын энергия көздері әлемдегі электр энергиясы өнімінің төрттен бірін құрайды. Астанадағы ЭКСПО көрмесі кезінде мамандар 2050 жылы бұл көрсеткіш 80 пайызға жетеді деп болжанып отырғанын айтты. Қазақстанда 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін 30 пайызға жеткізу көзделген. 
Президенттің айтуынша, кәсіпкерлер "жасыл экономикаға" көптеп инвестиция салулары керек. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңір әкімдеріне кіші және орта бизнестің қатысуымен утилизация мен тұрмыс қалдықтарын өңдеуді жүзеге асыру үшін қажетті жұмыстар атқаруды тапсырғанын ерекше атап өткім келеді.    

Анна Альшанская, 
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ғылыми қызметкері: 

- Елбасының  халыққа Жолдауы жақсы дәстүрге айналды. Биылғы Жолдауда айтылған 10 негізгі тапсырма Қазақстанның қысқа мерзім ішінде дамуын анықтап бермек. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың әл-ауқатының маңызды негізі ретінде әлеуметтік салаға, зейнетақымен қамсыздандыруға және адами капиталды дамытуға ерекше назар аударды.   

Балтабай Сыздықов,  
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ғылыми қызметкері: 

- Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы еліміздің 10 негізгі міндетін белгілп берді. Өнеркәсіп немесе мемлекеттік басқару болсын, осы 10 міндеттің барлығында цифрландыру бағыты анық көрсетілгенін баса айтқым келеді. Бұл біздің экономикамыз үшін үлкен тәуекел. Бұл бағыттар бойынша жұмыс төртінші индустриалды революцияның қазіргі жағдайында теңгерімсіздікті азайтуға көмектеседі.   

Алуа Жолдыбалина, 
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы: 

– Жолдауда Президент ең бастысы цифрлық дәуір, технологиялардың дамуы, технологизация, жалпы төртінші өнеркәсіптік революцияның шеңберіндегі мемлекеттің дамуының айқын бағыттарын анықтаған. Экономика, мемлекеттік басқару, тіпті агроөнеркәсіп саласын дамытудың өзінде технологияларды енгізуге оны дамытуға басты назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы цифрлық дәуірден қалмау қажеттігіне баса назар аударып отыр. Президент атап кеткен он негізгі басымдықтың түйіні, ол - цифрлық дәуірдің болатыны. 
Цифрлық теxнологиялар барлық салаларда болады. Мемлекеттік басқару болсын, экономика, әлеуметтік сала, агроөнеркәсіп, өндіріс - барлығында теxнологиялардың басымдығы болады деген сөз. Қазіргі кезде төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Әлем елдері цифрлық теxнологияларға бет алды. Мен ақпараттық теxнологияларды мемлекеттік басқару саласына енгізу мәселесіне баса назар аударғым келеді. Соның нәтижесінде мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға болады. 
Бұдан бөлек, цифрлық теxнологиялар биліктің ашықтығын, яғни қабылданып жатқан шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Халық пікірталасқа қатысып, өз ұсыныстарын жасай алады. Мемлекеттік шешімдер қабылданғанда xалықтың пікірі ескеріледі. Мәселен, біздегі электронды үкімет - цифрлық дәуірдің бір көрінісі. Қазіргі кезде біз анықтаманың бәрін электронды жүйе арқылы аламыз. Ал "ашық диалог" арқылы министрлерге сұрақ қойып, сан алуан мәселелерді талқылаймыз. Бұның барлығы мемлекеттік басқарудың біртіндеп цифрлық теxнологияларға ауысып жатқанын көрсетеді.  
Цифрлық теxнологияларды енгізу саласындағы шаралар ары қарай жалғаса береді. Ендігі кезекте аймақтарда ақпараттық теxнологияларды кеңінен дамыту қажет. Соның арқасында әкімдердің жұмысын басқаруға ғана емес, жергілікті жерде атқарылып жатқан шаруаларды да бақылауға болады. Президенттің негізгі түйіні сол, қазіргі кезде кез келген саланы цифрлық теxнологиялардың негізінде дамыту қажет. Соның арқасында жұмыстың сапасы артады.   

Құндызай Ерімбетова, 
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері: 

– Атап кеткен 10 міндетінің ішіндегі жаңашылдығы – инфрақұрылымдық жүйенің интеллектуалдық басқару жүйесіне талаптарды күшейту. Бұл – интеллектуалдық әлеуетті нығайту, сонымен қатар жеке адамның мүддесін ойлау, сондай-ақ әлеуметтік құрылымдардағы жүйелілікті басқару.   

Майра Амантаева, 
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы: 

– Мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы Елбасының айтқан сөзі бәріміздің көңілімізден шығып, үлкен қуанышқа бөледі. Өйткені мұғалімдердің мәртебесін көтеру – елдің мәртебесін көтеру. Болашақ ұстаз да, дәрігер де, инженер де, біздің еліміздің болашағын жасайтын кадрлардың бәрі мұғалімнің, ұстаздың қолынан шығады. Әрбір үйде бала бар, ел боламыз десек, баланы бесіктен тәрбиелеуіміз керек. Ендеше оны тәрбиелейтін, жоғары деңгейге жеткізетін – ұстаз. Ұстаздардың атынан үлкен рахмет.   

Ләззат Нұрқатова, 
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, әлеуметтік-экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі: 

- Күн тәртібінде тұрған сауалдың бірі – банк секторының қайта жаңғыртылуын есепке алу. Мемлекет басшысы халыққа қаржылық қызмет қалай көрсетіліп жатқанына бүгінгі таңда маңыз беру керек екендігін аңғартты. Сонымен бірге қарапайым азаматтардың қажеттілігі үшін несиелік бағдарламаларды кеңейтуді тапсырды. Бұған қоса әлеуметтік саясат пен адами капиталға да ерекше ден қойып отыр. Биыл әлеуметтік көмек 12 пайызға ұлғайды, енді қызметкерлердің жұмыс тәжірибесі мен біліктіліге қарай мұғалімдердің айлығын 30 пайыздан 50 пайызға ұлғайту көзделіп отыр.   

Николай Лапин, 
ҚР БҒМ ҒК «Мемлекет тарихы» ММ аға ғылыми қызметкері: 

- Мемлекет басшысы білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажеттігін мәлім етті. Біздің алдымызда тұрған жаңа міндеттер оңды нәтижелерін көрсетеді деп сенемін. 

Геннадий Гамарник, 
Коммерциялық емес «Кәсіпкер «Холдинг» акционерлік қоғамы төрағасының кеңесшісі: 

- Елбасы барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігін атап өтті. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру бойынша да ерекше назар аударылды. Біздің ұстаздарымыз білім берудің жаңа сапасына көшетінін, кәсіби даму тұрғысынан жаңа белеске көтерілетінін байқап отыр.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қаңтар 2018 г. 308 0