ҰЛЫ САҒЫНЫШ

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / РУХАНИЯТ | 14 сентябрь 2013 ж. - 11:35 | Көрудің саны: 608
ҰЛЫ САҒЫНЫШМен үшін және жолаушылап өтіп бара жатсаңыз (егер құдай берген ғұмырыңызда ол маңға баруды жазса), Сіз үшін де тырс еткен тіршілік жоқ тақыр дала... 
Медиенге айналған мекеннің мұрагері - мүрделер патшалығы мен ортасына түскен отбасылардың оңа бастаған орны ғана бұл жерде өмір әнінің әуелегенін аңғартады. 
Бұл – ақырзаманмен арпалысып, ақыры ажал құшқан Арал анасынан айрылған, бетегесі де, бектері де қимай кеткен жағалаудағы ауылдардың бірі еді. Бәлкім, бәріңізге таныс қоныс... 
Қасқақұлан...
Мен үшін, яғни, Қасқақұланды көрмеген, 70-ші жылдардан бергі қарай буынға /Арал маңындағы/ бұл жер-су атауы тек том-том энциклопедиялардан ғана белгілі. Сондықтан «Бұл маңда теңіз шалқып жатты. Ауылымызда 3 мыңға жуық халық тұрды. Корабльдер мен катерлер, бекірелер мен жайындар жарыса жүзген еді» деп келетін әкелер естелігі аянышты сезіміңнің аясында аласарып қала береді...
Сонымен... Қасқақұлан – Арал теңізіндегі аралдардың бірі. Мұнда халықтың қашан келіп қоныстанғаны белгісіз. Әйтеуір теңізбен бірге тел өсіп, сумен септесіп өмір сүргені анық. 20 ғасырдың басында ауыл аяғынан тұрып, балық шаруашылығының бағы жанған. Балық қабылдайтын пункттер мен теңіз өнімін өңдейтін зауыттар, орта мектеп, аурухана, аэродром тұрақты жұмыс істеген. 
Сосын... Қайран Аралдың жағадан алыстап, жер астына жұтыла бастауы теңізбен тағдырлас ел-жұртты да аздырды. Үдере көшкен көптің арасында қасқақұландықтар да бар еді. 
1976 жылы теңіздің енді қайтып келмейтініне көзі жеткен ең соңғы үй ескегін сүйеп, есігін құлыптап, елсіз қоныспен еңіреп қош айтысыпты... Олар тойған жеріне кеткен жоқ еді, олар бұйырған жеріне бет алды. 
Бәлкім, менің әкемнен естіген қасіретнамам Сіздің жан-дүниеңізге жетпеген шығар. Дәлірек айтсам, жеткізе алмаған болармын. Өйткені менің туған жерім, ардақты ауылым бар ғой, жер бетінен жоғалған жоқ қой. 
Кіндік қаны тамған жерін сағынбайтын адам болмас. Сол сағыныш құсалы, ұлы сағынышқа айналса ше... Ғайып болған, ғаріп болған Қасқақұланына да үр мекеннен үдере көшкен перзенттері жиылды. Биыл. Араға 40 жылға жуық уақыт салып.  
Бұл жиылыстың барлық мәнін өзіне сіңіріп, маңғаз бой түзеген биіктігі алты метрлік ескерткіш-ті. Бас белгінің бүйіріне жазылған «Айдыны кеуіп, өскіні солған, айбыны кеміп, өксігім болған, туған жер...» деген перзенттік іздеу, перзенттік зардан артық қандай анықтама керек. Ақ кемерлі кеме көрінісі жетім қалғанмен, жоқшысы бар жердің жалауындай жалтылдайды... Өзгеге өнеге болары – өз орныңды, өз отыңды, өз отаныңды ұмытпай, оған оралып тұруды меңзейтіні. Бұл мақаланың да көтерер жүгі осы сөздермен тәмамдала бастайды.  
Тау алыстаған сайын биіктейді. Қасқақұлан орта мектебін жарты ғасыр бұрын тәмамдаған түлектердің тәй басқан текті жұртындағы тебіренісі қолға қалам алғызбай қоймады... Талай кеудеге сәуле құйған кешегі үй, бүгінгі үйінді оларға әлі ордадай орасан еді...
Қасқақұландықтар әр жылы 22 тамызда атамекенде кездесіп тұруға келісті. Бұл күнді «Түлектер күні» деп атауды ұйғарды. 
Міне, қасиетті қазық – Қасқақұланға деген Ұлы сағыныштың ұшқыны осындай...
Сіз ше? Туған жеріңізге барып тұрсыз ба?
Нұрбек ӘМИША, 
журналист.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ҚИЯҒА ҚАНАТ ҚАҚҚАНДАР

ҚИЯҒА ҚАНАТ ҚАҚҚАНДАР

Елбасымыздың дәстүрлі Жолдауын насихаттау тұрақты дәстүрге айналды. Әсіресе...
БОЛАШАҒЫ МОЛ БАҒДАРЛАМА

БОЛАШАҒЫ МОЛ БАҒДАРЛАМА

Ауыл арасында кәсібін дөңгелетіп, отбасын асырап отырғандар баршылық. Олардың бірі...
Қызылордаға футбол қашан келді?

Қызылордаға футбол қашан келді?

Қазір жер-жаһандағы жұрттың біразы футбол десе ішкен асын жерге қояды. Солай болатын...
ӘМИТ ИШАННЫҢ ШАРАПАТЫ

ӘМИТ ИШАННЫҢ ШАРАПАТЫ

Біздің «Қармақшы» ауылында Марал бабаның шөбересі Әмит ишан (Абдулхамит) және оның...
ТУҒАН ТОПЫРАҒЫНА ТАРТҚАН ТАЛАНТ

ТУҒАН ТОПЫРАҒЫНА ТАРТҚАН ТАЛАНТ

Қалта телефон сырбаз сыңғырлады. Құлаққа тосып едім, әйел кісінің дауысы ап-анық...
ДҮБІРЛІ ДҮНИЕ

ДҮБІРЛІ ДҮНИЕ

Америкадағы ірі қалалар тұрғындары Сириямен соғысуға қарсы ереуілдетіп жатыр. ...
Пікір: