ҚАЙСАР СЕНІМДІ АҚТАДЫ

ҚАЙСАР СЕНІМДІ АҚТАДЫӨткен жылдың соңында Қызылорданың «Қайсар» командасына байланысты алыпқашпа сөздер желдей есті. Премьер-лигада тоғызыншы орынға табан тіреген ұжымды қаржы тапшылығы қыспаққа алды. Соның салдарынан аталмыш клуб үздіктер тобындағы орнынан айырылып, бірінші топқа қарай сырғуға мәжбүр болды. Биылғы жылдың басында облыс басшысы қызметіне келген Қырымбек Көшербаев бірден-ақ «Қайсарға» қамқорлық жасады. Соның нәтижесінде команда дүбірлі додаға тыңғылықты дайындық жасауға мүмкіндік алды. Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп қайтты. Осылайша қысқа уақытта біздің ұжым сол тығырықтан шықты. Команда алдына қайтадан премьер-лигаға оралу мақсат етіп қойылған еді. Сол міндет үш тур бұрын орындалды. Бірінші лигада жерлестеріміз үздік атанды. Енді «Қайсарды» ешкім қуып жете алмайды. Қызылордалық футболшылар көшбасшылық тізгінді бірнеше тур бойы ешкімге ұстата қойған жоқ. Сыр жігіттері сыр бермеді. Үйде де, түзде де сенімді болды. Қарсыластарды тізе бүктірді. Осылайша келер жылы Премьер-лиганың есігі айқара ашылды.
Жарты ғасырға жуық шежіресі тарих беттеріне қатталған «Қайсар» бұған дейін мұндай қамқорлыққа қол жеткізе алмай келді. Команда үздіктер қатарында ойнағанымен, шешілмеген түйткілі сан алуан еді. Атап айтқанда, біздің клубтың материалдық-техникалық базасы жұтаң тартып келгені жасырын емес. Маусым басталарда командаға жаңадан автобус тарту етілді. «Қайсардың» базасы жөндеуден өткізілді. Өзге де олқылықтар орнына келтірілді. Бұл футболшыларға үлкен демеу болды деп нық сеніммен айта аламыз. Осындай қамқорлық жігіттердің жігеріне жігер қосып, өздеріне деген сенімділігін арттырды.
Облыс әкімі команданың өз алаңындағы ойындарын арнайы келіп тамашалады. Бұрынғы жылдарда жергілікті басшылар оған көңіл бөле бермейтін. Осының өзі аймақ жетекшісінің спорт саласын дамытуға деген ізгі ниетін аңғартса керек-ті. Мұндай сәттерде футболшылар жігерленіп ойнайды. Соның нәтижесінде «Қайсар» қарсылас шақ келтірген жоқ десек те артық емес. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында басшылық қызметте болған Хасан Бектұрғанов сынды ағамыз әрдайым стадионға келіп, командаға қолдау білдіргенін жергілікті жанкүйер әлі күнге дейін айтады. Ендеше, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының бұл ізгілікті өнегесін өзгеге үлгі етіп көрсетуге тұрарлық.
Байқасаңыз, елімізде облыс басшылығы жіті назарда ұстайтын командалар жоғары орындардан көрініп келеді. Олардың қатарында «Ақтөбе», «Тобыл», «Ордабасы» сынды ұжымдар бар. Жылма-жыл еуропалық кубок бәсекелерінде негізінен сол ұжымдар ойын көрсетеді. Енді олардың сапына «Қайсар» командасы қосылады деп үміттенеміз. Оған біздің команданың әлеуеті толықтай жетеді. Бұрынғы жылдарда да талай азуын айға білеген талай клубтың екпінін басып, жергілікті түлектерді қанаттандырып келген біздің клуб алдағы жылдарда да сол үрдістен жаңыла қоймасы анық.
Қазіргі күні еліміздің белді клубтарында ойын көрсетіп жүрген жерлестеріміз баршылық. Өткен жылғы ел чемпионы – Қарағандының «Шахтері» сапында жартылай қорғаушы Мақсат Байжанов жарқылдап көзге түсіп жүр десек, артық емес. Бұл ұжым биыл Қазақстан тарихында тұңғыш мәрте Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Аталмыш жарыстың іріктеу кезеңінде өз клубын жеңіске жетелеген футболшылар қатарында Мақсаттың да болғанын мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ, ұзақ жылдан бері кәрі құрлықтың доп додасында бақ сынап, мол тәжірибе жинақтаған «Ақтөбеде» Алдан Балтаев және Асхат Тағыберген сынды екі жерлесіміз бар. Олар да биыл аталмыш клубтың беделді бәсекеде сәтті ойын көрсетуіне үлестерін қосты. Елорданың намысын қорғайтын «Астана» командасында шабуылшы Дәуренбек Тәжімбетов тер төгіп келеді. Осындай таланттар қазір де табылатынын доп додасы барысында бағамдай алдық.
Маусым барысында көңілге қандай ой түйдік? Осыған тоқтала кетелік. Шындығын айтқанда, команда жаңадан құрылды деуге толық негіз бар. Өйткені, қаржы мәселесіне байланысты көптеген футболшылар «Қайсардан» басқа клубтарға ауысып кетуге мәжбүр болды. Әрине, оның зардабы аз тиген жоқ. Алғашқы турларда жерлестеріміз жергілікті жанкүйерлерді желпінте алмады. Соның салдарынан бес тур бойы бірде-бір мәрте жеңіске қол жеткізген жоқпыз. Негізінде басты мақсат – қызылордалық таланттарды қолдау болатын. Десек те, кейбір шептерге тәжірибелі шеберлер шақырылды. Алайда, олардың барлығы дерлік кезінде «Қайсардың» сапында тер төккен. Мәселен, қорғаушы Егор Азовский, жартылай қорғаушылар Серік Сағындықов, шабуылшы Олег Хромцов біздің командада бірнеше жыл ойын көрсеткен. Сондай-ақ, былтыр «Ақбұлақтың» қақпасын күзеткен Ахмет Әлайдаров және «Ақжайықта» қорғаныс шебінде ойнаған Қанат Әлиев биыл өз клубына қайта оралуға шешім қабылдады. Қақпаны Кирилл Прядкин күзетті. Екінші айналымда олардың қатарын словениялық Борут Семлер, беларусьтік жартылай қорғаушы Дмитрий Пархачев толықтырды. Сондай-ақ, словениялық қорғаушы Митя Морец «Қайсардың» жейдесін киді.
Қызылорда топырағы таланттарға кенде емес. Қай кезде де солай. Биыл да жастарымыз жарқылдап көзге түсті. Былтыр Премьер-лигада ойын көрсетіп, біршама тәжірибе жинақтаған Думан Нәрзілдаев биыл да өзін жақсы қырынан таныта алды. Сондай-ақ, оның қатарына Тұрарбек Қуанышбеков, Самат Балымбетов, Елжас Алтынбеков сынды өрендер қосылды. Олар жасыл алаң төрінде өздерінің шеберліктерін паш етіп, көпшілік көзайымына айналды. Жастығына қарамастан бұл жігіттер «Қайсардың» жеңіске жетуіне үлкен үлес қосты. Былтыр біздің команданың қосалқы құрамы біріншілік барысында өздерін жақсы қырынан таныта білген еді. Жанкүйер сенімін ақтаған жастардың көбісі сол кезеңде ойын көрсеткен еді.
Үстіміздегі жылы өздерін жақсы қырынан танытқан ойыншылар бар. Мәселен, шабуылшы Жасұлан Молдақараевты айрықша атап өтуімізге әбден болады. Ол біріншілік барысында барлық кездесуде жасыл алаңға шықты. Соның барлығында дерлік қарсыластар қақпасын дәл нысанаға ала білді. Доп додасының аяқталуына екі тур бар екенін ескерсек, Жасұлан қазіргі соққан 26 голын еселей түседі деп сенеміз. Одан кейінгі кезекте словениялық жартылай қорғаушы Борут Семлерді атап өткеніміз артық болмас. Бұл футболшы екінші айналымда командаға қосылды. Соған қарамастан «Қайсарды» жеңіске жетелеген ойыншының бірі саналады. Ол өзі өткізген 19 кездесуде әріптестерін алға жетелеп, өзі де 9 мәрте қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Сонымен қатар, жергілікті жастар – Сүйіндік Көшеков пен Олжас Алтаев та өздерін жақсы қырынан танытты. Алғашқысы 29 ойында 2 доп соқса, соңғысы 27 кездесуде 1 мәрте қанжығасын майлады. Негізінде олардың екеуі де қорғаныс шебінде ойын көрсетеді. Оған қоса Максим Азовский – 25 (2 доп), Тұрарбек Қуанышбеков – 25 (1), Серік Сағындықов 24 (1), Думан Нәрзілдаев – 23 (4), Олег Хромцов – 22 (8) және өзге де футболшылар «Қайсарды» жеңіске жетеледі.
Алдағы жылы біздің команда үздіктер қатарында бақ сынайды. Әрине, бұл бағытта қойылатын талаптар жоқ емес. Қазақстан футбол федерациясы әрбір клубтың жабық алаңдары болуы керек екенін айтады. Ол келер жылға дейін толық дайын болуы тиіс. Осыған орай біздің өңірде де сондай спорттық ғимарат бой түзейді. Бұл бағытта облыс басшылығы қолдау көрсетеді.
Әлемде футбол жоғары бағаланады. Жанкүйер қауым ол дегенде ішкен асын жерге қояды. Осындай доп десе делебесі қозатын жандар бізде де жоқ емес. Олар «Қайсарға» ұзақ жылдан бері қолдау көрсетіп келеді. Облыс басшылығы тарапынан жасалған қамқорлық команданың алдағы уақытта жоғары деңгейде ойын көрсетуіне оң септігін тигізеді деген сенім бар.
Әділжан ҮМБЕТ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ДОДА 22 қазан 2013 г. 512 0