ЕҢБЕК ДӘСТҮРІНЕ ҚҰРМЕТ

ЕҢБЕК ДӘСТҮРІНЕ ҚҰРМЕТМашбек Нәлібаев ауылында еңбек ардагері, «Құрмет» белгісі орденінің иегері Машбек ақсақалдың атындағы дәстүрлі спорттық турнирлер өткізілді. Қызықты ойын барысында Қызылорда облыстық сотының командасы волейбол және шағын футболдан көш басына шығып, бірінші орынды жеңіп алса, волейболдан екінші орынға облыстық төтенше жағдайлар мекемесінің командасы, ал үшінші тұғырға Шығыс Қазақстан облысының құрама командасы тұрақтады. Ал футбол додасында екінші орынды Қызылорда облыстық «Халық банкі» филиалы иемденсе, үшінші орынға Жаңақорған ауданының командасы көтерілді.
Осы спорттық шара аясында қазақ күресінен ҚР 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы біріншілігі де өткізілді. Онда салмақ дәрежелері бойынша Айдос Сейпұлұлы (ШҚО), Бақытжан Барбанов (ОҚО), Аманкелді Төлемісов (Алматы қаласы), Пайыз Жамаділ (ОҚО), Дәулет Әшірбек (ОҚО) чемпион атанды. Ал ауыр салмақтағы жерлесіміз Нұрым Сәлімгерей жарыстың үздік палуандары қатарынан орын алды. Жастар арасындағы түйе палуан атағын бұл жолы Оңтүстік Қазақстан облысының палуаны Нұрсұлтан Мыңғышов жеңіп алды.
Машбек Нәлібаев атындағы палуандар күресінде жүлделі орын алғандарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Ал түйе палуандар сайысында шығысқазақстандық палуан Мұхит Тұрсынов осымен үшінші рет бас жүлдені жеңіп алды. Оған жеңіл автокөліктің кілті табысталды. Біздің жерлестеріміз Ерболат Жүсіпов пен Ұлан Рысқұл келесі сатыларға тұрақтады.
Иә, шуақ шашқан алтын күз мерейінен ауыл адамдары қуат алып, жасампаз еліміздің болашағы үшін белсене еңбек етуде.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ДОДА 22 қазан 2013 г. 673 0