АКАДЕМИК АСАН ТАЙМАНОВ

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ТАҒЫЛЫМ | 24 октябрь 2013 ж. - 09:42 | Көрудің саны: 1 805
АКАДЕМИК  АСАН  ТАЙМАНОВӨНЕГЕЛІ ӨМІР
Шығыстың ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен ел үшін еткен еңбегінде», – дейді. Саналы ғұмырын өз елінің болашағына арнаған тұлғалар аз емес. Солардың бірі – физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асан Тайманов. Асан Дабысұлы – модельдер теориясы, математикалық логика саласының негізін қалаушы ретінде Қазақстан мен Ресей ғылымында орны ерекше ғалым. Сонымен бірге, қазақстандық математика мектебінің негізін қалап, қалыптастырған ұстаз-педагог. 
Әлемдік математика ғылымында есімі белгілі ғалым 1947-1954 жылдары Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында жоғарғы математика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Бұл кезеңде институттың және аймақтың ғылымы мен білімінің дамуына сүбелі үлес қосты. Жаңашыл ғалым әрі педагог Асан Дабысұлы студенттер мен оқытушылардың ғылыми қызметін ұйымдастыру бағытында тың бастамалар көтеріп, аз уақыт ішінде бұл салада шығармашылық зор табыстарға қол жеткізді. Қызмет ете жүріп, математика ғылымында әлемді таңғалдырар тың идеялар өмірге келді. Ғалымның білімге, ғылымға деген құштарлығы студент-жастарды тәрбиелеуде де үлгі өнеге бола білді. Оның бір дәлелі, Асан Дабысұлының шәкірттерінің арасынан танымал тұлғалар, белгілі ғалымдардың көптеп шығуы. 
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 75 жылдан астам тарихында елімізге, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдерге танымал ғалымдар қызмет етті. Университет өзінің қалыптасуы мен даму жолында ерекше орны бар тұлғаларды ұмытпайды. Оларды ұлықтау арқылы студент-жастарды білім мен ғылымның биік шыңына жетелеуді, адамгершіліктің асыл мұраттарын насихаттауды дәстүрге айналдырған. Осындай ізгілікті шараның бірі – Асан Таймановтың ғылыми-педагогикалық қызметіне арналып өткізгелі отырған халықаралық ғылыми конференция. Бұл ғылыми форумның отандық математика ғылымының дамуына қосатын үлесі зор болады деп ойлаймыз. 
Конференцияға М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Новосібір мемлекеттік университеті, Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің С.Л.Соболев атындағы математика институты, Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университетінен белгілі ғалымдар қатысуда. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясынан, Ресей Ғылым академиясынан 15 академик, Асан Таймановтың балалары Искандер Асанұлы Тайманов пен Надежда Асанқызы Шкаликованың да іс-шараларға қатысуы конференция маңызын арттырып отыр.
Асан Тайманов қызмет еткен университеттің №6 оқу ғимаратынан ғалым атындағы дәрісхана ашылады. Дәрісханаға ғалымның өнегелі өмір жолынан хабар беретін құжаттар, ғылыми еңбектері, қолжазбалары мен өзі тұтынған бұйымдар қойылады. Бұл құнды дүниелер жас ұрпақтың білім, ғылымға деген құлшынысын арттыра түсетініне сенім мол. Асан Дабысұлын еске алуға арналған шаралар аясында ғалымның қоладан құйылған бюстінің ашылуы жоспарлануда. Ғалым бейнесін университеттің магистр-оқытушысы Ағабек Назаров сомдады. Бүгінде математика ғылымында өзіндік орны бар ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, Ресей Ғылым академиясының академигі Асан Таймановтың ұлы Искандер Асанұлы: «Әкем соғыстан оралғаннан кейін аспирантураға оқуға түсті. Білім мен ғылымға деген құштарлығын әкем ылғи да бізге үлгі-өнеге ретінде айтып отыратын. Адам баласы саналы өмір сүріп, тұлға ретінде қалыптасу үшін ең бірінші білім мен ғылым керек деп біздің бойымызға осындай тәрбиені сіңіріп өсірді» , – деп еске алады. Осы қарапайым сөздің өзі ғалымның өмірлік ұстанымы болғанын аңғартса керек. 
Асан Дабысұлының ғылымдағы қажырлы еңбегін атақты академиктер А.А.Ляпунов, Л.В.Келдыш, П.О.Александров, А.Я.Хинчин, А.И.Мальцевтер жоғары бағалаған.
Саналы ғұмырында математика ғылымы саласында іргелі мектеп қалыптастырып, осы жолда мыңдаған шәкірт тәрбиелеген Асан Дабысұлының еңбегін ұлықтау бір күннің ісі емес. Ол жүйелі зерттеуді, оның құнды еңбектерін лайықты жалғастыруды қажет етеді. 
Академик Асан Таймановтың ғылыми-педагогикалық қызметіне арналып өткізіліп отырған іс-шаралардың ғылыми маңызымен бірге тәрбиелік және тағылымдық мәні де жоғары болатынына сеніміміз мол.
Қылышбай БИСЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор.


ҒЫЛЫМДАҒЫ ҰСТАЗЫМ
1950 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түскенімде, Асан Дабысұлы Тайманов аталмыш оқу ордасының «Математика» кафедрасында меңгеруші болып қызмет атқарды. 1951 жылдың күзінде 2-курста оқитын біздерге ол «Жоғары алгебра» пәнінен дәріс оқыды. Осы күзде науқастануыма байланысты, мен оның лекцияларына қатыса алмадым. Содан 1952 жылдың ақпаны болуы керек, емтиханды Асан Таймановтың үйіне барып тапсыруыма тура келді. Менің есімде қалғаны, сұрақтарға жауап бергенімде, менің сөзімді ағай ғана емес, оның әйелі де мұқият тыңдаған болатын. Мұнан кейін ол біздерге сабақ берген жоқ, десе де үнемі қадағалап, ақыл-кеңес беруден жалықпайтын.
1954 жылдың маусым айында мемлекеттік емтиханды тапсырып болғаннан кейін ол маған институтта қалып, жұмыс істеуді ұсынды. Асекеңнің айтуымен пединституттағы қызметті оқытушылықтан бастадым. Сол жылдың қазан айында маған студенттерді ауылға жұмысқа апару тапсырылған болатын, қайтып келгенімде ағайымның Ресейге қызметін ауыстырып кеткендігін білдім. «Тау мен тау жолықпаса да, адам мен адам жолығады» демекші, содан 1961 жылдың қазан айында аспирант болып Новосібірдің Академқалашығына оқуға барғанымда, Асан Дабысұлын сондағы математика институтынан кездестірдім. Сонау алыста жүрсе де баяғы ағалық қамқорлығынан танбай, Асан аға мені ғалым М.И.Коргополовпен жолықтырып, оны менің жұмысыма ғылыми жетекшілік жасауға келістірді. 
Асан Тайманов өз білгенін өзгенің де білуін жаны қалайтын, терең адам болатын. Онымен бірге академик А.И.Мальцевтің ғылыми семинарына талай мәрте қатыстым. Сондай бір семинарда Асекең баяндама жасап, өте жоғары деңгейдегі марапатқа ие болғандығына куә болдым, ғалым ағамен бірге төбем көкке жеткендей қуандым. Кейінірек те Асан ағамен 1978 жылға дейін Новосібірге әр барғанымда үзбей кездесіп тұрдым. 
А.Д.Тайманов математиканың алгебра және матиематикалық логика саласында танымал болуымен қатар, осы жолда өте күшті ғылыми нәтижелерге қол жеткізген және сол саланың қазақстандық ғылыми мектебін құрған патриот ғалым еді. 
Асекең 1967 жылы 50 жасқа толғанында оны құттықтап, қолына алтын сағат тағып қайтқан едік. Біз көрсеткен құрметке асыл аға балаша қуанған болатын.
Асан Дабысұлы қазақтың көптеген жастарына математик ғалым болуына жәрдем де, ғылыми басшылық та жасады. Оның тікелей жетекшілігімен Төленді Мұстафин, Амангелді Омаров, Добрица Вячеслав, Гариф Хисамиев, Қанат Құдайбергенов, Михаил Перетягокин және тағы басқа қазақстандық жастар докторлық диссертация қорғады. Өзім қызмет істейтін Қарағанды мемлекеттік университетінің «Алгебра, матлогика және геометрия» кафедрасы А.Таймановтың шәкірті Т.Мұстафиннің атымен аталады және университетте оған ескерткіш қойылған. Мұндай мысалдар жетерлік. Міне, А.Дабысұлы дайындаған шәкірттердің алған асуларына қарап қайран қаласыз, ұстаз ұлағатына тағы да бір бас иесіз.
Өз уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған нағыз ұстаздар қатарында біздің ағайымыз Асан Таймановтың да есімі алтын әріптермен жазылуға бек лайық.
Құрманбек Сексенбаев,
Е.Букетов атындағы ҚарМУ профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты.


ӘЛЕМДІК ҒЫЛЫМНЫҢ ШЫҢЫНА ШЫҚҚАН АДАМ
Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі А.Д.Таймановты алғаш 1967 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінің студенті кезімнен танимын. Асан Дабысұлы елдегі ең беделді ғылыми ұйым Қазақ ССР Ғылым академиясының академик-секретары болатын. Сонымен бірге ғылыми жұмыстарға басшылық жасауымен қатар, ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары болды. Ол Механика-математика институтының директоры, кафедра меңгерушісі қызметтерін де атқарды. Оның бастамасымен институтта ашылған математика логикасына арналған лаборатория бүгінгі күнге дейін өз жемісін беріп келеді. Математика ғылымының дамуына айрықша ықпал еткен осы бастама аясында арнайы бағдарламамен оқытылатын топ құрылды. Арнаулы курстар мен факультатив сабақтарын А.Д.Таймановтың өзі мен А.И.Омаров, Н.Г. Хисамиев сынды шәкірттері өткізді. А.Тайманов көбейтудің аксиоматикалық теориясынан арнаулы курс оқыды. Сол кезде К.Куратовский мен А.Мостовскидің «Теория множеств» кітабының аудармасына өңдеу жүргізіп жүрген болатын. Ұстаз математика ғылымында студенттердің абстрактілі логикаға құрылған ойлау жүйесін қалыптастыруға ден қойды. Осы топта білім алған шәкірттерінің көбісі ғылым жолында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, Қазақстанның жоғары оқу орындарында ғылыми-педагогикалық қызметтерін жалғастырып келеді.  
Асан Дабысұлының ғылыми қызығушылығының ауқымы өте кең еді. Ол бір-екілі бағытпен шектеліп қалған жоқ. Математика саласының басқа бағыттарында да белсенді, әрі нәтижелі жұмыс атқарды. Академиктің сабақтары адам толы үлкен дәрісханада өтетін. Өзінің арнаулы курсын тыңдайтын студенттерінен бөлек, басқа топтағы студенттер мен оқытушылар қызығушылық танытқандықтан келіп қатысатын. Ол тамаша лектор болатын. Дәрістеріндегі келтіретін мысалдарды міндетті түрде ғылымның дамуы мен танымдық мәселелеріне арналған тарихи мәліметтерге негіздеп жеткізетін. Оның сол кездегі айтқан болжамдары қазірдің өзінде өміршеңдігін көрсетіп келеді. Әсірее, ұстаздың ұсынған аксиомалары мен абстрактілі құрылысы, формальды логика заңдылығы туралы мазмұн мен мәнге бай ойлары менің де алгебра, математика саласына бейімделуіме әсер еткені шындық. Мен де оның көп студент шәкірттерінің бірі болғанымды мақтан тұтамын. Тәжірибелі, шебер лекторды өмірінің соңғы күндеріне дейін шетелдік ЖОО лекция оқуға арнайы шақыртатын. Кейіннен А.Д.Тайманов Сібірдегі Ғылым Академиясына жұмысқа ауысты. Онда да белгілі ғылыми қызметкер ретінде Қазақстан мен Ресей арасындағы талантты, математика саласындағы ғылымға бейімі бар студенттерге ғылымның есігін ашуға үлкен көмек көрсетті. 
1973 жылы Асан Дабысұлымен ҚазМУ-де өткен бүкілодақтық логикалық конференцияда жүздесудің тағы бір орайы келді. Мен аспирантураға түскім келетінін айтып, ғылыми жетекші болуына өтініш білдірдім. Меселімді қайтарып тастай ма деген оймен кезінде өзі құрған арнаулы топта білім алғандығымды, оның шәкірті болып табылатын А.И.Омаровтың жетекшілігімен диплом қорғағандығымды бастырмалата айтып жатырмын. Мені үнсіз тыңдап алды да, Академқалашықтағы мекен-жайын жазып, қорғаған диплом жұмысымды ала келуімді де ескертті. 
Асан Дабысұлының алдына барғанымды әлі күнге дейін ұмытқаным жоқ... күннің екінші жартысы болатын. Ол кезде институт қызметкерлері көрші совхоздарға картоп жинауға көмектесетін кез еді. Асан Дабысұлы да таңертеңнен бері сол жұмыстардан шаршап енді ғана үйіне кіріп жатқан кезі екен. Ауыр жұмыстан қанша қажып келсе де ел асып келіп тұрған маған жылы шырай танытып, үйіне кіруімді сұрады. Әйелі Ольга Иванқызымен де таныстырды, диплом жұмысымды көрсетуімді өтінді. Барлығын мұқият қарап шыққаннан кейін тұратын жерім, жағдайым туралы сұрақтар қойды. Аспирантура мәселесіне байланысты кейбір құжаттарды рәсімдеу қажеттігін және бірер күн аялдауға тура келетінін ескертті. Сосын Академқалашықта баруға болатын жерлер туралы кеңінен әңгімелеп берді. Менің университет бітіргенде жазған жұмысымды тыңғылықты оқып шыққан академик ғылыми жетекші болуға қарсылығының жоқ екендігін және өзінің құнды тұжырымдарын жазып ұсыныс хат берді. Міне, осы кезден бастап мен Асан Дабысұлының аспиранты атандым.
Бірнеше жылдар бойы қарым-қатынаста жүрген мен Асан Дабысұлының өз ісіне деген жауапкершілігін және ғылымға деген адалдығына куә болдым. Ұлылықтың басында ұстаздың тұратындығына тағы да көз жеткіздім. 
Қай халықтың өмірінде де тәлімгер ұстаздың тұлғасы асқақ тұрады. Адамгершілік пен мәдениеттіліктің, білім мен біліктіліктің, әрі болашаққа деген батыл қадамның бастауы да ұстаздан алған тәлім-тәрбиеге байланысты болуы заңды құбылыс. Мен Асан Дабысұлының 60 және 70 жылдық мерейтойында болдым. Академик ұстаздың қарапайымдылығы сондай жиын барысында өзі туралы айтылған мақтауларды ыңғайсыздана отырып тыңдады. 70-жылдық мерейтойында академик Ю.Л.Ершов Асан Дабысұлының бейнесін шығыстың «Гуру» сөзі ашатындығын өз сөзіне тиек етті. Гуру дегеніміз – ұстаз, данышпан, қамқоршы, қария деген мағынаны береді екен. Ал, физика-математика ғылымдарының докторы Е.А.Палютин: «А.Д.Тайманов Ломоносов сияқты, алыс қазақ ауылынан тек Мәскеуге ғана келіп қойған жоқ, ол әлемдік ғылымның шыңына шықты» деп пікір білдіргенінен көп нәрсе ұғынуға болады. 
Асан Дабысұлы нағыз интеллигенттіктің символы болатын. Ол кісі табиғатты тамашалауды жақсы көретін. Шәкірттерінің арасында беделді еді. Өмірінің соңғы күндері қатты науқастанып, ауруханада жатқанында бір топ ізбасарлары көңілін сұрап бардық. Көңіл-күйі жазылатындығына сенімді болағанымен, ақылды жанары жанына батқан ауруды қиынсынатындығын сездіргендей болды. Соның өзінде математика ғылымының қазіргі жағдайы туралы келелі кеңестерімен бөлісті. 
Ұстаз деген – ұлы есім. Бұл атаққа ие болу әркімнің қолынан келе бермейді. Ал Асан Дабысұлы Тайманов ұстаздардың ұстазы деген атаққа әбден лайық жан.
Б.Н.Дроботун,
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті.


ЖҮРЕГІ ШУАҚТЫ ҚАМҚОРШЫ ЕДІ... 
Біздер 1953 жылы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетінің қазақ бөліміне 125 студент қабылдандық, сөйтіп оны 1957 жылы 98 қыз-жігіт бітірдік те, әртүрлі себептермен 27 студент оқуын аяқтай алмады. Қолымызға берілген жолдамамен Қазақстанның барлық облыстарына тарап кеттік: мен Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына барып жұмыс істедім. Міне, бұған да 50 жыл болыпты.
Біздің алғашқы директорымыз Жаманбаев деген кісі еді, ал кейін Әділ Ермеков ректорымыз болды. Біздің институтқа ол кезде Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қарағанды және басқа да педагогикалық мамандыққа даярлайтын оқу орындары жоқ облыстардан жастар келіп оқыды, біз білетін екі ғана ғылым кандидаты болды, бірі – Асан Дабысұлы Тайманов факультетте, екіншісі – Э.Смирнова деген әйел.
А.Д.Тайманов 1936 жылы Орал пединститутын бітірген, Ұлы Отан соғысына қатысқан, нағыз-ғалым ұстаз болатын. Ол бізге 1953-1954 оқу жылында математикалық анализден дәріс берді. Өзінің айтуы бойынша, академик Лузиннен лекциялар тыңдаған. Ол кездегі оқулықтардың бәрі де «Корей педагогика институты» деген штамппен жүретін, орыс тілінде жазылған болатын.
Біздерге Сахабиден Елубаев, Екпін Махмутов, Аяш Нұғманов, Әбдікәрім Тәжмағанбетов, Әбшаит Оразалиев сияқты білікті ұстаздар және басқа да тәжірибелі оқытушылар сабақ берді. Ал Ә.Тәжмағанбетов Арал қаласында оқыған кезімде 9-10 сыныптарда математика пәнінен берген болатын. Бізбен бірге оқыған жігіттердің ішінен Базарбек Қашқынбаев ғылымға жол тартып, кандидаттық диссертация қорғап, өмірінің соңына дейін университеттің білікті профессоры болғаны белгілі.
Бірде өз өмірінен мағлұмат берген Асан Дабысұлы біздерге былайша сыр ашқан еді: «Мен Орал пединститутын 21 жасымда бітірдім, сөйтіп студенттерге сабақ беріп жүрдім. Бірақ бойым аласа, өзім кішкентаймын, көп жігіттер менен ересек және биік болатын. Содан ыңғайсызданып, қыздардан ұялғаным да бар, бір жылдан кейін Мәскеудегі МГУ-ға оқуға кеттім. Сондағы ойым, бойым өссін деп жүрмін. Мені МГУ-ға қабылдамады, ондағылар маған: «Сенің аспирантурада оқуың керек»,- деп жөн сілтеді. Сөйтіп 1938 жылы аспирант болып, академиктердің лекцияларын тыңдадым, бірақ көп нәрсеге түсінбей жүрдім. Біршама уақыт өткен соң ғана мен ұстаздарым оқыған лекцияларға ден қоя бастадым».
Біздер оқыған кезде қазақша жазылған бірде-бір оқулық болмайтын, бәрі де орыс тілінде. Сонда Асан Дабысұлы бізге жанашырлық танытып, ылғи қосымша сабақтар өткізіп, жүз қаралы орысша сөздің қазақша мағынасын аударып беріп, «осы сөздер математикалық тексте жиі қолданылады» дейтін.
Сабақ бере жүріп, студенттерге жүрегінің жылуын аямаған, бар ынта-жігерін ұрпақтың болашағына жұмсаған абзал ағаның әр сөзі мен ісі әлі күнге көз алдымда. Оны сүйетін, қадірлейтін шәкірттер мен артында қалған мол мұрасының барында ұстаз есімі мәңгілік өшпейді.
Әмір Берсүгіров,
Қызылорда педагогика институтының 1957 жылғы түлегі.


АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚАЛАШЫҚТАҒЫ КЕЗДЕСУ
Ұстазым ф.-м.ғ.д., профессор Сахабиден Елубайұлы Елубаев (1924-1993) Қызылорда педагогика институтының физика-математика факультетін бітірген мені 1977 жылы қыркүйек айында Новосибирск қаласындағы академиялық қалашыққа алдыртып, КСРО ҒА академигі Михаил Михайлович Лаврентьевтен математикалық есеп алып, ғылыми жұмысымды бастауыма зор ықпал етті.  
Сонда Қазақстанның әр жерінен оқуға барған жігіттермен танысып, достастым. Ағалардың математика, өмір жайлы әңгімесін тыңдадық, бірге оқыдық, қыдырдық. Новосибирск мемлекеттік университеті механика-математика факультеті профессорларының дәрістерін тыңдап, математикалық білімімді жетілдірдім. КСРО ҒА Сібір бөлімшесі Есептеу орталығындағы шартты-корректілі есептер бөлімінің апталық семинарларына қатысып, ғылыми жұмыс жасаудың қиындығын сезіндім, сол саланың зерттеуші ғалымдарынан үйреніп, қолданылатын әдістердің сырына үңілдім, өзіме берілген есепті шешу жолында іздендім. Ғылыми жетекшім ф.-м.ғ.к., доцент Сергей Петрович Шишатский жүйелі жұмыс істеуге үйретті. Математикалық физиканың кері есептері мен интегралдық геометрия есептерін зерттеудің шеберлері ф.-м.ғ.д., профессор Сергей Игоревич Кабанихин мен ф.-м.ғ.к., доцент Равиль Галитдинович Мухометов алғашқы ғылыми мақаламды жазуға үлкен көмек жасады.  
Өзіме ф.-м.ғ.д., профессор Төленді Ғарифұлы Мұстафиннің, ф.-м.ғ.д., профессор Серікқали Есқалиұлы Темірболаттың, п.ғ.д., профессор Есен Ықыласұлы Бидайбековтің, ф.-м.ғ.д., профессор Шалтай Смағұлұлы Смағұловтың, ф.-м.ғ.д., профессор, академик Нарғозы Тұрсынбайұлы Данаевтың және тағы басқалардың тағылымын үлгі тұттым. 
Новосибирск академиялық қалашығында тұрғанда қазақстандық математик жігіттер аса көрнекті қазақ математигі Қазақ ССР ҒА академигі Асан Дабысұлы Таймановты (1917-1990) көзімізбен көріп, қолын алып амандасып, оның КСРО ҒА Сібір бөлімшесі Математика институтындағы ұлағатты сөздерін естіп, оқуға келген қазақ жастарына деген үлкен қамқорлығын сезініп, мақтаныш етіп жүрдік. Мен Асан Дабысұлымен оның шәкірті ф.-м.ғ.к., доцент Мақсұт Бекенов арқылы таныстым. 
Асан Дабысұлы мен оның зайыбы Қызылорда педагогика институтында жұмыс істеген уақытын ерекше сағынышпен еске алғаны есімде. Асан Дабысұлы, әсіресе зайыбы қайтыс болған ұлының Қызылордада жерленгенін, осында бір келмек ойлары барын көздеріне жас алып айтқан еді. 
Мен тұрған жатақхана Академическая көшесінде Асан Дабысұлының коттеджіне жақын тұрды. Жұмысқа барарда, келерде ол кісімен бірге барып, бірге қайтатын кездеріміз болды. Жолай әңгімелесіп баратын едік. Көбіне мен ол кісінің қойған сұрақтарына білгенімше жауап беремін де, өзімше ештеңе сұрамайтынмын, даңқты академикке болмашыдан жазып қалуға сақтанатынмын. Асан Дабысұлы амандасқанда кілең "Как результаты?” деп есеп шығару барысын сұрайды. Басқа жігіттерден де осылай сұрайтын. Бір күні жұмысқа бара жатқанымызда орысша сөйлесуге шорқақтығымды байқатып алып, "Асан Дабысович, Сізбен қазақша сөйлесуге бола ма?” деп өтініш айттым. Бұдан кейін Асекең менімен тек қазақша сөйлесетін болды. Ол кісі қазақша мақалдап шешен сөйлейтін.
Асан Дабысұлы Қызылорданы сағынышпен еске алып, Ким Ман Сам және Ыбырай Жақаев деген Социалистік Еңбек Ерлерін мақтанышпен айтатын. Қызылорданың педагогика институтында қалай сабақ бергенін де әңгімелеп айтқан. Өзінің озат студенттері ретінде Сламхан Бекбаевты, Әбшейіт Оразалиевті, Рахматулла Тұрғаналиевті, Әбдікәрім Тәжмағамбетовты атағаны есімде. Солардың кейінгі жағдайын сұрайтын. Асан Дабысұлын Қызылордаға шақыру үшін физика-математика факультетінің деканы п.ғ.д., профессор Құдайберген Жаңабергеновті академиктің үйіне ертіп бардым. Асан Дабысұлы әйелі екеуі шақыруды қуана қабыл алып, Қызылордаға қыдырып келмекші болды. Бірақ Құдай сәтін салмай, академиктің ауылымызға келуі нәсіп болмады. 
Жеңгеміз Мәскеуге оқудағы баласына кеткенде мені жатақханадан шақырып алып, әртүрлі тақырыпта әңгімелесетін. Сонда шай дайындап беріп, дастархан басында Асан Дабысұлының әртүрлі тақырыптағы әңгімелерін қызығып тыңдайтынмын. Ол кісі өз ойларын ортаға салғанды ұнататын. Академиктің ұлағатты әңгімелерін бірнеше рет оңаша тыңдау бақытына ие болдым. Өзінің ауылда өскенін, екі қабат үй болады дегенді алғаш естігенде, оны өзінше көзіне елестете алмағанын күлкілі етіп айтып берген еді. Ұстазы КСРО ҒА академигі Анатолий Иванович Мальцев туралы, өзінің ғылыми жұмысы жөнінде, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың Қазақстан ғылымына қамқорлығы туралы кеңінен әңгімеледі. Қазақтың тарихы, отанымыздың болашағы туралы сөйлескенді ұнататынын байқадым. 
Ұстазым Сахабиден Елубайұлы Елубаев Асан Дабысұлымен кездескенде екеуі жақсы әңгімелесетін. Олардың арасында зор сыйластық, өзімсіну бары, достықтары байқалып тұратын. 
Асан Дабысұлының үйіне барып тұрғанда оның ғылыми жұмыс жазып жатқанын бірнеше рет көрдім. Бар ынтасымен беріліп, жұмыс жасайтын. Оның айналысатын "Модельдер теориясына” мықты математиктердің тісі батпайды десем, өтірік емес шығар. Академик өзінің шәкірттеріне қатаң талап қоятын. 
Академик Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазин Асан Дабысұлын қатты сыйлап, жоғары құрметтейтінін көрдім. 1982 жылы шілде айындағы КСРО ҒА академигі Михаил Михайлович Лаврентьевтің 50 жылдығындағы пикникте қасында отырып қалған маған Өмірзақ Махмұтұлы "Жігітім, Асан Дабысович профессор Михаил Константинович Фагемен сөйлесіп отыр, тамақ алуға бармады ғой. Ыдысына тамақ салып әкеп берсейші, ағамызды сыйлайтынымызды білсін!” дегенде тамақ ішуге кірісіп жатқан мен ұялып қалдым. Әрине, Өмекеңнің сөзін екі етпей Асан Дабысұлына тамақ әкеп беріп, рахметін естідім. 
Меніңше, Асан Дабысұлы шәкірттерінен профессор Төленді Ғарифұлы Мұстафинді (1942-1994) жақсы көрді, аса қатты сыйлады. 
Т.Б.Ділман, 
Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты.


ТАЛАНТҚА ТАҒЗЫМ
Біз Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін (бұрынғы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институт) 1956 жылы бітірген түлектеріміз. Содан бері жарты ғасырдан артық уақыт өтсе де, әлі күнге дейін өзімізге дәріс берген ұстаздарымыз А.Д.Тайманов, А.Оразалиев, Ә.Тажмағанбетов, Ә.Ибраев, Т.Жомартбаев сияқты есімдері елге танымал азаматтарды құрметпен еске аламыз. «Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деп ұлт зиялысы Серке Қожамқұлов айтқандай берген білімі мен тәлім-тәрбиесі жүрегімізде сақталған құрметтеуге лайық Асан Дабысұлы Таймановты тебіренбей еске алу мүмкін емес.
Белгілі бір азаматтардың тұлғасын дүйім жұрты танып-білген, елі мен халқына қадірі артқан, табиғат сыйлаған талантымен танылған ұстаздың өзіндік қырлары мен ерекшеліктерінің шәкірттері тарапынан мадақталуының өзі ғұмырлық рухани танымға ие заңды құбылыс сияқты.
«Ұстазыңды әкеңдей құрметте», – деп Лұқпан Хәкім айтқандай, Асекең біз үшін ерекше жан еді. Ол қарапайым, көп сөйлегенді ұнатпайтын, терең ой мен парасат-пайымның иесі ретінде қалды есімізде. Қашан көрсең де терең ой үстінде жүретін нағыз ғалымның дәрістерін біз қызыға тыңдаушы едік. Оның тақырыпты жағымды, жұмсақ дауыспен түсіндіруін студенттер жақсы қабылдайтын, жазуға үлгеріп отыратын, ұйып тыңдайтын. Тақырыпты нақпа-нақ айтып жеткізетін.
Асан Дабысұлының біз байқаған тағы біp әдеті сабақ басталмас бұрын ерте келіп, жаңа корпус (ол кезде солай айтылатын) пен осы күнгі медициналық колледж ғимаратының аралығында әрі-бері қадамдап жүретін. Ол кісінің үлкен ойда жүретін ойшыл адам екенін біз кейін түсіндік. Сол кезеңде жалғыз баласынан айырылып, ұстазымыздың шарасыздықтан қайғыдан қан жұтып, мұңы мен шерін шығара алмай, өз сезімімен арпалысып жүргенін іштей сезуші едік.
Студент болған соң сынақ-емтихан тапсыру кезеңін білмейтіндер жоқ шығар. Міне, осы ұстаздың емтихан қабылдау кезіндегі ұстанымы әлі күнге дейін көз алдымда. Емтихан билеттерін жайып қойып, өзі айқара ашып қойған аудитория терезесіне қарап отыратын, құдды біp сырттай біp құбылысты бақылап отырған сияқты. Біз жауап беруге шыққанда да онша көп назap аудармайды. Бұл жағдайды ол кезде бізге жағдай жасап отырған шығар деуші едік. Шынында ол кіcі терезеден айна сияқты біздің бар әрекетімізді бақылап, көріп отырады екен, оны кейін білдік. Бағалауда одан өткен әділ адам жоқ еді. Біз осы ұстазымызға қарап, сабырлы болуды, ойланып барып сөйлеуді үйрендік. Оның кішіпейілділігі, өзін-өзі ұстауы, парасатты мінезі біздер үшін үлгі болды. Қызыға қарағандығымыз соншалық, сол қасиетін өз бойымыздан көруге талпынып өстік.
Әл-Фараби ғұламаның «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарғанның бәрін жадына жақсы сақтайтын, шәкірттеріне білгенін үйрететін, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр, аңғарымпаз ақыл иесі» дегеніндей, әрбір шәкіртінің биік белестерден көрінуіне тілекші болған, өзінің нағыз ізденімпаз ғалым екенін таныта білген А.Д.Тайманов кейін Қазақ ССР ғылымдар академиясының академигі болып жемісті қызмет атқарғанын біз жақсы білеміз. Бүгінде марқұм болған сол ұстазымызды ерекше ілтипатпен еске аламыз. 
«Өз ұлыңды бағалап ардақтамасаң, сені өзге жұрт қалай құрметтеп, қалай қадірлемек», - деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, ұстазға арналып халықаралық дәрежеде өткізіліп жатқан ғылыми конференция өpіcі кең, өpecі биік, пapacaт иеcі, абзал азамат, атақты ғалым Асан Дабысұлы Таймановқа жасалып жатқан құрметтің біp парасы ғана деп білеміз.
Сейітбек Өтегенов,
ҚР білім беру іcінің үздігі, Қызылорда қалалық apдaгep-ұcтaздap қоғамдық бірлестігінің төрағасы.



Сондай-ақ... оқыңыз:

ҰСТАЗДЫҚТЫ ЗОР МӘРТЕБЕ САНАҒАН

ҰСТАЗДЫҚТЫ ЗОР МӘРТЕБЕ САНАҒАН

Ұстаз – ұлағатты жан. Ұстаз шәкіртімен бақытты. Шын мәнінде ғұлама ғалым да,...
ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАҚСЫ АДАМ

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАҚСЫ АДАМ

Ауыл ақсақалдарымен сәлемдесіп, бір жағы күндегі қым-қуыт тірлікпен ақылдаспақ...
БІЛІМ  МЕН  ҒЫЛЫМ  ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

Сыр еліндегі Қарағанды облысының өнері мен мәдениеті күндері аясында Қорқыт ата...
АКАДЕМИКПЕН КЕЗДЕСУ

АКАДЕМИКПЕН КЕЗДЕСУ

Тағдыр маған осы бір қазақтың біртуар азаматы, ғұлама ғалым, қоғам, мемлекет...
БІР ҰЖЫМДА – ҮШ МИЛЛИОНЕР

БІР ҰЖЫМДА – ҮШ МИЛЛИОНЕР

Білімнің дамуы адамзат өркениетінің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші...
ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТЕНУҒА ҚОСЫЛҒАН ҚОМАҚТЫ ҮЛЕС

ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТЕНУҒА ҚОСЫЛҒАН ҚОМАҚТЫ ҮЛЕС

Қолымызға тиген Дихан Қамзабекұлы, Бауыржан Омарұлы, Амантай Шәріп сынды...
Пікір: