АРДАҚТЫЛАР ҰЛЫҚТАЛСА ЕКЕН

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ҚОҒАМ | 26 октябрь 2013 ж. - 02:43 | Көрудің саны: 480
Шүкір, туған қаламыз, туған үйіміз көріктеніп келеді, гүлденіп келеді. Осы тірліктің аяқ алысына марқайып, тояттап отырамыз. Бірақ... күнгей беттерімізге күле қарап отырып, «әттеген-ай» дегізетін, қарын аштыратын көлеңкелі жақтарымыздың да бар екені еңсемізді езетіні өкінішті.
Бұл ұсыныс-пікірдің жазылуына «Егемен Қазақстан» газетінде «Дала данышпандары» деген айдармен жарияланған («Егемен Қазақстан», 23-тамыз, 2013 ж. №196) «Кеңгірбай би мен Шәкәрімге ескерткіш қойылды» деген мақала түрткі болды. Онда қасиетті Қарауылда (ШҚО. Семей) 17 жасында Абылайханнан би деген атақ алған қазақтың дуалы ауыз көсемдерінің бірі Кеңгірбай мен дала данасы, ақын, философ, қуғын-сүргіннің құрбаны болған Шәкәрім Құдайбердіұлына ескерткіш ашылып, бұл тұғыр тұрған жер «Жазықсыз құрбан болғандар алаңы» деп аталған.
Ұлы Абайды берген данышпандар ауылындағы қандастар қадамын қуаттай отырып, ойымызды ортаға салсақ дейміз.
Рас, қаламызда (тек қалада ғана) Қорқыт ата, Сыр ана, Қобыланды батыр, Жалаңтөс баһадүр, Ғ.Мұратбаев, Ш.Есенов, Бұхарбай батыр есімін дәріптейтін үлкенді-кішілі ескерткіштер бар. Бір шаһарға бұл аз тірлік емес деп көңілімізді демдеуге болар. Дегенмен... тарихи кезеңдердегі оқиғаларды таразылап, әр дәуірдің ұлыларын түгендесек, ерте дүниеден бері қазақтың бірнеше астанасы бой көтерген Сыр бойында әлі де тастұғырлы ескерткіш тұрғызатын киелі аруақтар баршылық. Бір ғана ХХ ғасырдың өзінде бұл өңір халқы алапат аштық, қуғын-сүргін, ғазабат соғыс, экологиялық зұлматтар азабын көрді, әлі де көріп отыр. Гептил қияметі оған куә.
Сыр-Ананың бойында осы аталған қияметтерді елестетіп тұратын тастұғырлар бой көтерсе, елдігіміз, ерлігіміз еселеніп, мерейіміз тасыр еді ғой. Қысқасы, бұрынғыны қаузай бермей, кешегімізді де зерделеп жүрейік.
Енді әңгімемізді жоғарыда аталған Абай ауылындағы өнегелі шараға сай тұжырымдай отырайық. Осы қаламызда жазықсыз жазалаудың, қуғын-сүргіннің құрбандары болған боздақтарды, Ұлы Отан соғысы деп тарихқа енген екінші дүниежүзілік соғыста опат болған қандастарымыздың рухына тәжім етіп, жастардың санасында патриоттық сезім оятатын біртұтас бас қосатын орын жоқ. Қазіргі бары елеусіздеу бұрыс жерде тұр, тым белгісіз қуыста қалды.
Егер жұрттың бұл тілегі қабыл болып, халық жиі жүретін орталық орынға көшірілетін болса, онда Абай даңғылы бойындағы (ғалымдар үйінің қарсы беті) бірыңғай тас төселген алаңға орнатылса деген ойдамыз немесе өртенген «Самал» қонақ үйінің орны да сұранып тұр. Бұл жерлерде жұрт жиі жүреді, солар киелі жерге гүл шоқтарын қойып, тағзым етер еді ғой.
Сонымен орын белгіленіп, жаңа алаң ашыла қалса, ортасына Мұстафа Шоқайдың, Темірбек Жүргеновтің және Кеңес Одағының батыры Жақыпбек Махамбетовтың (осы қаланың тумасы) біріккен бейнелері орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені олардың үшеуі де халқымыздың басынан өткен зұлматтарды жеке-жеке бейнелейтін қайраткерлер. Алғашқысы Қызыл империяның саясатына шу дегеннен қарсы шыққан күрескер, Т.Жүргенов сталиндік қуғынға ұшыраған қоғам қайраткері, жерлесіміз. Ал, марқұм Ж.Махамбетов болса қырғын соғыста жеңісті жеделдетіп, Қаһарман болған қаламыздың түлегі.
Реті келгенде тағы бір кінаратты қозғап кетейін. Көше атауларында да көңіл жүдетіп тұрған жайттар баршылық. Абай даңғылының аты талтүсте үшке бөлінді. Батыс жақ бөлігі А.Байтұрсынов атында, орта тұсы Абай деп аталса, шығыс жағы «Жібек жолы» деген атқа ие болды. Сонда ұлы Абайға бір даңғылдың атын түгел қимағанымыз аруақтың рухына да, елдің алдында да ұят емес пе? Тағы бір сорақылық – «Қазақ Гомері» атанған Жамбыл ақынның көшесі 150-ақ метр көріксіз, шетте, қамқорлықтан тыс қалған жұтаң көше. Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Б.Момышұлы атындағы көшелер де «тоқалдан туған» деген атау алып тұр.
Туған қала тұрпаты туралы айтпақ ой-пікірлерім осындай. Мұны қала тізгінін ұстап отырған азаматтар аға ұрпақтың шын жанашырлық ұсынысы деп қабылдар деген сенімдемін.
Өтеген ЖАППАРХАН,
еңбек ардагері,
ҚР Құрметті журналисі.



Сондай-ақ... оқыңыз:

“ЕҢБЕКШІ ҚАЗАҚТЫҢ” АРБАКЕШІ

“ЕҢБЕКШІ ҚАЗАҚТЫҢ” АРБАКЕШІ

Ақын, жазушы Қалмақан Әбдіқадыров 1903 жылы туған. Тұңғыш "Сырдария” атты өлеңі 1925...
«АЛТЫН КҮЗ» ЖИЫН-ТЕРІМ ҒАНА ЕМЕС, ҰЛЫЛАРЫМЫЗДЫ АРДАҚТАР КЕЗ»

«АЛТЫН КҮЗ» ЖИЫН-ТЕРІМ ҒАНА ЕМЕС, ҰЛЫЛАРЫМЫЗДЫ АРДАҚТАР КЕЗ»

Газет тілшісімен болған сұхбат барысында әңгіме ауанын осылай бастаған Шиелі...
ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАСЫ

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАСЫ

Елі үшін еңбек еткен ердің ісі қашанда көптің аузында болары сөзсіз. Сонау Кеңес...
АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ

АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ

Кең-байтақ еліміздегі секілді Қарағанды облысында да мәдениет пен өнер ұйымдарының...
БАС ҚАЛАНЫҢ КӨРКІНЕ БАРШАМЫЗ YЛЕС ҚОСАМЫЗ

БАС ҚАЛАНЫҢ КӨРКІНЕ БАРШАМЫЗ YЛЕС ҚОСАМЫЗ

Осы аптаның бейсенбісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласының 195...
ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ БЕЙНЕЛЕР КӨП БОЛСА

ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ БЕЙНЕЛЕР КӨП БОЛСА

Барша Алаш жұртының киелі мекені атанған Сыр өңірі бүгінде адам танымастай жасанып,...
Пікір: