ҮЕҰ – АЗАМАТТЫҚТЫҢ МЕКТЕБІНДЕЙ БОЛЫП ҚАЛЫПТАСТЫ

ҮЕҰ – АЗАМАТТЫҚТЫҢ МЕКТЕБІНДЕЙ БОЛЫП ҚАЛЫПТАСТЫТәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде азаматтық қоғамның негізі болып саналатын үкіметтік емес ұйымдардың дамуына саяси-құқықтық жағдайлар жасалып келеді. Осы уақыт аралығында азаматтық қоғам дамуының бағыттары мен шарттарын айқындаған тұжырымдама да қабылданды. Бүгінде билік пен халық арасындағы байланыс көпіріне айналған ҮЕҰ қоғамның кез келген мәселесін шешуге ықпал етуде. Студенттер сарайында өткен VІ облыстық Азаматтық форумда бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, алдағы міндеттер айтылды. Форумға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қатысты. 
Биліктің үкіметтік емес сектормен қарым-қатынасында оң өзгерістер орын алды. Қазіргі күні ҮЕҰ-ны белгілі қоғамдық күш ретінде қабылдауға болады. Биыл облыс әкімдігі, «Азаматтық альянс» және «Игілік» корпоративтік қорымен бірлескен іс-қимыл мен әріптестік жайлы меморандум бесінші рет қабылданды. Бұл келісім ортақ мақсат, міндеттерді айқындап, басты бағыттарды белгіледі. Үкіметтік емес ұйымдардың өңір тұрғындарының мәселелерін билікпен бірлесе отырып шешу үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. 
Екі жылда бір рет өткізіліп тұратын облыстық форумның салтанатты ашылуында облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы билік пен ҮЕҰ арасындағы әріптестіктің жылдан-жылға артып келетінін тілге тиек етті. 
– Құрметті форум мүшелері, өздеріңізге белгілі облысымызда Азаматтық форум осыдан 10 жыл бұрын өткен болатын. Онда үкіметтік емес сектордың іс-әрекетін нақтылап, азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік органдар арасындағы әріптестіктің жүйелі тетігінің қалыптасуына жол ашты. Ал қазіргі жағдай мүлдем салыстыруға келмейді. Азаматтық қоғамның негізгі институттары құрылып, құқықтық негізі қалыптасты. Қазіргі сектор – нығайған сектор. Бұған дейін ҮЕҰ-дың жұмысына қажетті заңдардың өмірге келуіне билік араласқан болса, бүгінде олардың өздері бастама көтеріп, келелі мәселелерді қолға алатындай күшке айналып отыр. Бұл шынында да қуантарлық жайт. Қазақта «азамат» деген ұғым бар. Ол тек қана төлқұжатпен айқындалмайды. Азаматтық – адамның ой-өрісімен, Отанға жасаған қызметімен өлшенетін ұғым. Егемендік алған уақыттан бері ҮЕҰ азаматтықтың мектебіндей болып қалыптасты. Тәуелсіздікті орнатудың ең қиын жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқали саясатының және халқымыздың кемелділігінің арқасында баршамыз мемлекетімізді бірлесе құруға мүмкіндік алдық. 
Біздің елде азаматтық қоғам дамуына ең басты ықпал етуші мемлекеттің қолдауы болып отыр. Орталық мемлекеттік органдар қаржы бөлгеніне қарамастан, олардың қызметіне араласпайтын болды. Керісінше, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына бақылау азаматтық қоғам тарапынан барған сайын күшеюде. Өткен жылы Елбасы жарлығымен Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының бекітілгенін жақсы білесіздер. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту экономикалық өркендеудің, әлеуметтік әл-ауқаттың және азаматтық қоғамды қалыптастырудың міндетті шарттарының бірі. Биыл мәслихат депутаттары алғаш рет аудан әкімдерін сайлады. Қалай десек те, тағайындау мен сайлаудың арасы жер мен көктей. Қоғамның саяси тұрғыдан дамуы үшін бұл бастаманы қоғам қолдап, сене қоймайды. Сондықтан әкімдер сайлауы еліміздің саяси жүйесін демократияландыру және жетілдіру жолындағы жаңа қадам болғаны сөзсіз. Азаматтық қоғам ұйымдары көбіне әлеуметтік мәселені арқау қылып, соларды тиімді шешуді мақсат тұтады. Мемлекеттік органдар өз кезегінде міндетті түрде мемлекеттік емес ұйымдардың қорытындылары мен сараптамаларына өз жұмысында сүйенеді. Түрлі әлеуметтік сауалнамалардың және менің атыма да облыс басшысы ретінде келіп түсетін арыздардан облыс тұрғындарының коммуналдық шаруашылық, баспана, жұмыссыздық мәселелері көбірек мазалайтыны белгілі болып отыр. Коммуналдық шаруашылық мәселелер Қызылордада көпқабатты үйлерге қатысты. Қызылорда – республикада ыстық сумен қамтылмаған жалғыз облыс орталығы. Қазіргі күні облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Алдағы 2014-2015 жылдың ішінде бұл мәселе толығымен шешімін табады,–дей келе, облыс басшысы бүгінгі кезде Елбасы мен Ресей Президенті арасындағы келісімге сәйкес Протон зымыран кешенін пайдалануды жаңа жағдайда дамытудың бірлескен жол картасының жобасы әзірленуде екенін айтты. – Шаһарда өндірісті дамытуға барлық жағдай жеткілікті. Айта кететін жайт, бұл келісім оңайға түсіп жатқан жоқ. Соған қарамастан, біз де өз бағытымыздан таймай, бірлескен жол картасын қабылдауды және біздің тарапымыздан айқындалған іс-шараларды толық жүзеге асыруға мүмкін болды. Біздің ұсыныстарымыз Үкіметте арнайы қаралып қолдау тапты. 
Облысымызда 700-ден астам үкіметтік емес ұйым бар. Олардың көпшілігі өңіріміздегі маңызды қоғамдық-саяси науқандардан тыс қалмайды. Қоғамда ынтымақ, ауызбіршілік, тұрақтылық болуына өз үлестерін қосып келеді. Бүгінгі форум жұмысының тізгінін ұстаған облыстық «Азаматтық Альянс» қауымдастығының төрайымы Дариға Ақмағамбетова аймағымыздағы ҮЕҰ-ның қалыптасуы мен бүгінге дейін атқарылған тірліктер жайында айтып өтті. 
«Жақында өткен еліміздің бастаушы партиясы «Нұр Отанның» ХV съезі болды. Елбасы сонда азаматтық қоғамның орнына да арнайы тоқталып, адамдардың мүддесі үшін қызмет етіп, патриоттықтың үлгісін көрсетіп жүрген үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, көмек беру жайында тапсырма берді. Әрине, бұл бізге үлкен міндет артады. Облыста үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік орган арасындағы байланыстың жаңа жүйесі өмірге келді. Жыл сайын облыс әкімдігі, «Азаматтық Альянс», «Игілік» қоры арасындағы әріптестік меморандумы дәстүрге айналды. ҮЕҰ-ны дамытуға бағытталған жұмыстар нәтижесінде олардың белсенділігі артып, қоғамдық мәселелердің оң шешімін табуға өз үлестерін қосуда. Дегенмен, ҮЕҰ, басқа да азаматтық қоғам институттарының қоғам үшін әлі де жүзеге асырылмаған мүмкіндіктер бар. Облыс көлемінде қалыптасқан билік пен ҮЕҰ-ның бірлескен іс-қимыл әріптестік тәжірибесі аудандарда да жалғасын табуы қажет. Рас, соңғы екі жылда да аудандарда бетбұрыс бар. Енді ақпараттық қызметтік ресурстар аудандарда да жұмыс жасаса тиімді болар еді. Екінші күрделі мәселе ҮЕҰ өздерінің орталығының болмауы алдағы уақытта шешімін табады деп ойлаймыз», – деді қауымдастық төрайымы. 
Басқосу барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Жазира Жылқышиева, «Сыр елі ХХІ ғасыр» қоғамдық қорының төрағасы Нұрлыбек Мыңжас, «Корей ұлттық мәдени орталығының» төрайымы Елена Ким, «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жандос Түсмағамбетов баяндама жасады. Ашық пікір алаңына айналған дәстүрлі кездесу соңында тиісті ұсынымдар қабылданып, VІ республикалық Азаматтық форумның делегаттар құрамы бекітілді.
Шарада бірқатар үкіметтік емес ұйымдар қоғамның өзекті мәселелерін шешуге белсене араласқаны үшін түрлі номинациялар бойынша марапатталды. 
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ. 
ОЙ-ПІКІР:
Нұрлыбек МЫҢЖАСОВ, «Сыр елі ХХІ ғасыр» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Сыр елі ХХІ ғасыр» қоғамдық бірлестігі Сыр өңірінің тарихын кешенді түрде зерттеу арқылы, оның Еуразия тарихы мен мәдениетіндегі алатын орнын, саяси маңызын анықтау мақсатында жұмыстар жүргізуде. Өңірдің этнографиялық ерекшелік белгілерін, тарихи тұлғалардың мұраларын насихаттау, олардың еңбектерін тәржімалап, ғылыми айналымға енгізу арқылы Сыр өңіріндегі тарихи-мәдени мұраларын республика көлеміне және алыс-жақын шетелге насихаттау басты парызымыз. Осы жобалар мемлекеттігімізді танытудың бір құралы ретінде, Азаматтық қоғамды құра отырып, қоғамдық бірлестік пен әкімшіліктің бірлесе ынтымақтастық жолындағы табысты жұмысымыз деп білемін. Әлеуметтік жобалар ретінде облыстық ішкі саясат басқармасымен бірігіп, Сыр елінің мол мұрасын кең көлемде насихаттауды мақсат еттік. Руханиятымызды таныту баршамыздың міндетіміз. 
Қайраддин БАЙМАХАНОВ, облыстық «Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері кеңесінің» төрағасы: Қазір Ауған соғысының ардагерлеріне ұдайы бөлініп, материалдық көмектер беріліп, түрлі құрмет көрсетіліп жатыр. Интернационал ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету және жастар арасындағы патриотизмді дамыту бағытында облыстық, қалалық әкімшілікпен және басқармалармен көптеген шаралар атқарылды. Бұл еліміздегі билік пен азаматтық қоғам арасындағы тығыз байланыстың арқасы деп білемін. 
Дүйсен БЕКЕНОВ, қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы: Мүгедектерді оңалту және оларды әлеуметтік қолдау бағытында облыстық әкімшілікпен, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. 2011 жылдан бастап қалалық мүгедектер қоғамы жанынан ашылған орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамға толыққанды араласып, мәдени іс-шараларға қатысуларын қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, «Әлеуметтік такси» қызметі қалтқысыз жұмыс істеп тұр. Келесі жылы әкімшілік тарапынан мүгедектер мұқтажына деп облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлінуде. Бұл – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғам өміріне белсене араласуын нығайта береді.
Жандос ТҰСМАҒАМБЕТОВ, «Самұрық инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры төрағасы: Азаматтық қоғам өкілдері халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналып отыр. Бұқараның мұң-мұқтажын, келелі мәселелерін билікке жеткізе отырып, бірлесе шешудің жүйесін қалыптастырдық. Біздің қоғамдық қор 6 жылдың көлемінде республика және облыс шеңберінде жүзден астам әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып, халықпен тікелей жұмыс жасап келеді. Әсіресе, тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты көтеруде табанды еңбек жасалып жатыр. Өйткені, өз құқын білген адам ғана қоғам дамуының негізгі кепілі болады және азаматтық жауапкершілікті сезіне алады деп санаймын. 
Әңгімелескен Нұрбек Дәуренбеков.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 26 қазан 2013 г. 658 0