ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ӘЙГІЛІ ҒАЛЫМ

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ | 26 октябрь 2013 ж. - 03:26 | Көрудің саны: 1 296
ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ӘЙГІЛІ ҒАЛЫМОблыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың «Тайманов оқулары» конференциясында сөйлеген сөзі
Құрметті зиялы қауым, қадірлі Олжас Омарұлы, құрметті Аслан Бәкенұлы!
Қасиетті де киелі, қонақжай Сыр еліне қош келдіңіздер! 
Бүгінгі күн Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен «Алаштың анасы» атанған Сыр өңірі үшін елеулі күндердің бірі. Сіздер мен біз 75 жылдан астам тарихы бар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде математикалық логика, топология, әсіресе модельдер теориясы салаларындағы ірі ғалым, академик Асан Дабысұлы Таймановтың ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған «Қазіргі заманғы математика: проблемалары және қолданыстары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жиналып отырмыз. Осынау мәртебелі конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Асан Дабысұлы Тайманов Қазақстан ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағында жетекші математик болды. Оның өмірі және ғылыми-педагогикалық қызметі Қазақстан және Ресей ғалымдары үшін ерекше мақтаныш болып табылады. Асан Дабысұлының жеке еңбектері және шәкірттерінің ізденістері нәтижесінде Қазақстанда іргелі математикалық мектеп қалыптасты. Және бұл мектеп ірі математикалық жетістіктерін бүкіл әлемге паш етті. 
Асан Дабысұлының өмірі және шығармашылық жолы тақтайдай тегіс болған жоқ. Өзіне ғана тән тектілік, дарындылық, қажырлы еңбек арқасында талай бұралаңнан адаспай, кедергілерге сүрінсе де құламай, қиындықтарға мойымай биік асуларды бағындыра білді. Оған тарих куә. 
Асан Тайманов 1947-1954 жылдар аралығында Қызылорда педагогикалық институтында математика кафедрасының меңгерушісі болды. Бұл кезеңде ол талантты ғалым, тамаша ұстаз, білікті ұйымдастырушы ретінде танылып, өңіріміздің ғылымы мен білімін жаңа белестерге көтерді. 
Асан Дабысұлының қайраткерлік қырлары мен тұлғасының шыңдалуына, келешекте кемел жетістіктер мен жарқын табыстарға жетуіне қасиетті Сыр топырағының да бергені аз болмаса керек.
Құрметті конференцияға қатысушылар мен қонақтар!
Бүгін біз үшін айрықша күн. Алғаш рет Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің негізінде «Қазіргі математика: проблемалар және қосымшалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілуде. Бұл конференция ғылыми-педагогикалық қызметте әлемге әйгілі топология, математика логикасы мен оның негізгі теориясын қалаушылардың бірі академик Асан Дабысұлы Таймановқа арналып отыр. 
Балалар үйінде тәрбиеленген Асан Дабысұлы өзіндік өмір жолында табиғи дарындылығының арқасында әрі өзінің еңбекқорлығының нәтижесінде ғылым жолында жоғары жетістіктерге жетті. Ол өз өмірін ғылыми жаңалықтар ашуға, талантты шәкірттерді тәрбиелеуге арнады. Оның математика ғылымындағы еңбектері халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, бірнеше оқулықтар мен монографиялық еңбектерге енгізілді.
Асан Дабысұлы Таймановтың өмір жолы біздің өңірмен де тығыз байланысты болды. Ол 1947-1954 жылдары Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың математика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Сол жылдары ол жас математиктер үйірмесін ашып, тұрақты түрде оқытушылар мен студенттерге арналған математикалық конкурстар мен семинарлар ұйымдастырды. Ғылым жолындағы еңбегінің арқасында ол студенттері арасында биік абыройға ие болды. Соның нәтижесінде одан тәлім-тәрбие алған көптеген шәкірттері ғалым атанды. Жалпы, А.Таймановтың ұйымдастыруымен сол жылдары қалалық және облыстық математикалық олимпиадалар өткізілді. Бұл сол кездегі республика бойынша алғанда алғашқы математикалық олимпиадалар еді. Оның ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көптеген теориялық еңбектер дүниеге келді. 
Баршаға белгілі, сапалы білім және біліктілігі жоғары маман болмайынша үлкен ғалымды не басшыны өсіру мүмкін емес. Бұл баршаңызға белгілі аксиома.
Академик А.Таймановтың өмір жолын айтар болсақ, ол Оралдағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтын, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, сондай-ақ В.И.Ленин атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған. Оның осындай үлкен ғылым жолындағы жетістіктеріне жетуге математика ғылымдарының майталмандары Александр Яковлевич Хинчин, Петр Сергеевич Новиков, Анатолий Иванович Мальцев, Леонид Вениаминович Келдыш, Алексей Андреевич Ляпунов және басқа да ғалымдар әсер етті. Соның ішінде өз уақытында академик Павел Сергеевич Александров А.Таймановтың кандидаттық жұмысына жоғары баға берді.
Асан Тайманов еліміздегі ғылымды дамыту мен жас шәкірттерді тәрбиелеуге де елеулі үлес қосты. Физика-математика ғылымдарының докторы, академик А.Тайманов 1968 жылы Алматыға келіп, физика-математика ғылымдар бөлімшесінің академик хатшысы болып сайланды. Әрі Қазақ ССР Ғылым академиясының математика және механика институтының директоры болып тағайындалды. Сол жылдары оның жеке бастамасымен республикалық физика-математикалық мектептер және Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінде алгебра және математика логикасы кафедрасы, алгебра және математикалық логика зертханалары мен бірқатар математика механика институттарында қолданбалы математикалық зертханалар ашылды.
Асан Дабысұлының осындай еңбекқорлығының арқасында Новосібір математикалық мектебіне жол ашылды. 1960 жылы академик А.И.Мальцевпен бірлесе отырып, ол Қазақстан үшін математика мамандарын дайындаудың арнайы жобасын жүзеге асырды. Әрі осы стратегиялық маңызды мәселеге ол өмірінің соңына дейін көп көңіл бөлді. 
Академик А.Таймановтың ғылыми-педагогикалық қызметіндегі ең үлкен жетістіктерінің бірі Новосібір академиялық қалашығында жүзеге асты. КСРО ғылым академиясының Сібір математика институтының бөлімшесінде және Новосібір мемлекеттік университетінде Асан Тайманов алғашқы болып, әлемде теңдесі жоқ «Алгебра және логика» семинарын өткізді. 
1970 жылдары Асан Дабысұлы Новосібір қаласында ғылыми және педагогикалық қызмет саласында белсенді түрде еңбегін жалғастырады. Осы кезеңдегі қызметіне оның топологиялық алгебра жөніндегі зерттеулерін жатқызуға болады.
Ол сонымен бірге Қазақ КСР Ғылым академиясының математика және механика институтының алгебра және математикалық логика зертханасына және Қарағанды мемлекеттік университетінде математикалық логика кафедрасына бақылау жүргізеді.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Ғалым қазақстандық математика мектебінің іргесін қалаушылардың бірі ретінде өзінің шәкірттерін дайындауға айрықша көңіл бөліп, оларды қамқорлық аясына алды. Шәкірттерінің көпшілігі Асан Дабысұлының тірі кезінде-ақ ғылыми тұрғыда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Олардың көпшілігі бүгінгі конференцияға қатысып отырғанын атап өткім келеді.
Yлкен ғалым және тұлғалы ұстаз ретінде ол Ресейдің әртүрлі аймақтарында математиктер шоғырының қалыптасуына айрықша үлес қосты. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Антонович Садовничий Асан Дабысұлын өзінің тәлімгер ұстазы ретінде санайды.
Әкенің лайықты ісін оның балалары лайықты жалғастыруда. Искандер Тайманов физика-метаматика ғылымының докторы, Ресей Ғылым академиясының академигі, Владимир және Надежда ғылым кандидаттары, Мәскеудің жетекші жоғары оқу орындарының доценттері.
Олар бүгін біздермен бірге отырғанын қуанышпен атап өткім келеді!
Көпшілікке мәлім Асан Дабысұлы Тайманов Батыс Қазақстан өңірінің тумасы. Осынау қасиетті өңірдің тұрғындары белгілі ғалым, ұлы математикті әрдайым аса құрметпен еске алады. Мен бұған Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметін (2000-2003 жылдары) атқарып жүрген кезімде көз жеткіздім. Облыс әкімдігінің қолдауымен 2002 жылы «Тайманов оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Мұндай оқулардың М.Өтемісов атындағы батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің негізінде тұрақты өткізіліп тұратынын атап өткім келеді. Осы жоғары оқу орнында А.Д.Тайманов атындағы аудитория ашылды. Оның есімімен облыс орталығы Орал қаласындағы көше мен мектеп аталды. Облыстық Тайманов атындағы ғылыми-техникалық олимпиада өткізу дәстүрге айналды. Сол сияқты Қызылорда мемлекеттік университетінде басталған «Тайманов оқулары» игі дәстүрге айналатынына сенім білдіремін.
Құрметті конференция қонақтары!
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында қазақстандықтар алдында әлемдегі неғұрлым дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену міндетін қойған болатын. Бұл міндетті шешуде білім және ғылым алдыңғы шепке шығады. Ал, кез келген ғылымның басты тілі, табиғаттың қайта түлеуінің іргелік құралы ретінде бұл бағытта математикаға айрықша рөл жүктеледі.
Қазіргі таңда жоғары кәсіби деңгейге жету үшін білімге, өндіріс пен ғылымның болашақ мамандарының біліктілігіне жаңа талаптар қойылуда. Сондықтан математикалық дайындық деңгейін қамтамасыз ету күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі болып табылады.
Бұл мәселе біздің аймақ үшін де көкейтестілігін жоғалтқан жоқ. Қызылорда облысының экономикасы үшін техникалық ғылым мен ақпараттық технологиялармен байланысты мамандар дайындау өте маңызды болып саналады. Себебі, жуырда Мемлекет басшысының өңірге сапары кезінде мақұлдағанындай, облыстың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясында өнеркәсіптік кластерлерді қалыптастырып, дамыту түйінді бағыттардың бірі болып табылады. 
Көпшілікке мәлім, А.Д.Тайманов әлемдік деңгейдегі керемет ғалым, тамаша ұстаз ғана емес, ол фантазияға бай, креативтік ойлау жүйесін меңгерген, өз шәкірттерінің бойына әлемдік білімнің қазынасын ендіруге деген сүйіспеншілікті ұялата білген ерекше сезімтал басшы болатын. Ғылым жолында самғау биікке көтерілген талантты, мақсатты адамның осындай тамаша тағдыры осы ауыр жолды таңдаған жас ғалымдар үшін жарқын мысал болып табылады. Ұлы математиктер шоғырында Асан Тайманов есімі айрықша орын алады. Бүгінде Қазақстанның математика мектебі өзінің негізін қалаушылардың даңқты дәстүрлерін жалғастыра отырып, әлем ғылымын жаңалықтармен байыта түсуде.
Бүгінгі ғылыми-практикалық конференцияның өзектілігі айқын байқалып отыр. Конференция жұмысына Мәскеудің, Новосібірдің, Астананың, Қарағандының, Қазақстанның басқа да аймақтарының көрнекті ғалымдары қатысуда. Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Олжас Омарұлы Сүлейменов біздің ортамыздағы қадірменді қонағымыз.
Мен аймақ басшысы, университеттің қамқоршылық Кеңесінің төрағасы ретінде Сіздердің барлықтарыңызға конференция жұмысына ынталылықпен қатысқандарыңыз үшін алғыс сезімімді білдіргім келеді. Барлықтарыңызға мықты денсаулық, шығармашылық жетістіктер мен табыстар тілеймін!


Сондай-ақ... оқыңыз:

ҒАЛЫМНЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЫ

ҒАЛЫМНЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЫ

Қызылордада физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асан Таймановтың...
АКАДЕМИК  АСАН  ТАЙМАНОВ

АКАДЕМИК АСАН ТАЙМАНОВ

Шығыстың ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен ел үшін еткен...
ҰСТАЗДЫҚТЫ ЗОР МӘРТЕБЕ САНАҒАН

ҰСТАЗДЫҚТЫ ЗОР МӘРТЕБЕ САНАҒАН

Ұстаз – ұлағатты жан. Ұстаз шәкіртімен бақытты. Шын мәнінде ғұлама ғалым да,...
СЫРДАН ШЫҚҚАН ЗАҢҒАР ЗАҢГЕР

СЫРДАН ШЫҚҚАН ЗАҢҒАР ЗАҢГЕР

Кеше облыс орталығында Қазақ КСР-ның тұңғыш дербес прокуроры Сүлеймен Есқараевтың...
БІЛІМ  МЕН  ҒЫЛЫМ  ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

Сыр еліндегі Қарағанды облысының өнері мен мәдениеті күндері аясында Қорқыт ата...
ЖАҚСЫНЫҢ ІСІ ЖАҢҒЫРА БЕРЕР

ЖАҚСЫНЫҢ ІСІ ЖАҢҒЫРА БЕРЕР

Кеше Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында...
Пікір: