БАЙҚОҢЫР ӘКК: БАЙЫПТЫ БАСТАМАЛАР

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ | 29 октябрь 2013 ж. - 12:01 | Көрудің саны: 1 038
БАЙҚОҢЫР ӘКК: БАЙЫПТЫ БАСТАМАЛАРСоңғы жылдарда Сыр өңіріндегі іргелі жобаларды жүзеге асыруда «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы белсенді қызмет көрсетіп келеді. Бұл жұмыстар бүгінгі күнге дейін өзекті проблемалардың бірі болды. Облыс басшысы Қырымбек Көшербаев сол түйткілдердің түйінін тарқатуға ерекше мән беріп, сол бағытта әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға нақты міндеттер жүктеді. Үстіміздегі жылдың бедерінде сол тапсырмалар негізінде ауқымды іс-шаралар атқарылып, халықтың мүддесі үшін игілікті жұмыстар жасалды. Олардың қатарында барлық салалар бойынша іске асқан және алдағы уақытта жасалатын жобалар баршылық.
Біздің өңірдің негізгі тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы.  Сондықтан алдымен агроөнеркәсіп кешеніндегі жобалар жайында тілге тиек ете кеткеніміз артық болмас. Аталмыш акционерлік қоғам құрылғаннан бері бұл салада жалпы құны 472,5 млн. теңге құрайтын балық өндірісін дамыту және тауарлы сүт фермасын ұйымдастыру жөніндегі бірлескен 4 жоба жүзеге асырылған. Осының нәтижесінде Қазалы ауданындағы «Қызылорда балық» және «Қаратерең балық» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері балық өнімдерін республика ішінде ғана емес, сондай-ақ шет елдерге де экспорттауға мүмкіндік алды.  Сонымен қатар, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өңірдегі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі  мемлекеттік бағдарламаға қатысуда. Бұл ретте мемлекеттік бағдарлама арқылы бөлінген қаржыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қоры жасақталып, олардың нарықтағы бағаларының тұрақтандырылуына өз үлесін қосып келеді.  Тұрақтандыру қорын құруға өткен жылы республикалық бюджеттен 559 млн. теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды тиімді ұйымдастыру мақсатында «Алтын Қамба» ЖШС-нің базасында тиісті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген сыйымдылығы 3250 тонна құрайтын сақтау қоймасы салынып, облыс орталығында 12 әлеуметтік-сауда дүкендері ашылды. Бүгінгі күні тұрақтандыру қорына сатып алынған картоп нарық бағасынан 30 пайыз төмен бағада өткізілуде. Басқа да әлеуметтік маңызы бар өнімдер нарық бағасынан 10-15 пайыз төменгі деңгейде сатып алушылар қолына тиеді. 
Бүгінгі күнге зауыт орналасатын ғимараттың құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Жоба өңірлік Индустрияландыру картасына енгізілген. «Бизнестің жол қартасы-2020» бағдарламасы аясында қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба өңірде тек мал шаруашылығын дамытуға ғана емес, сонымен қатар балық шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамытуға, жергілікті шикізатпен қамтамасыз етуді ынталандыру арқылы өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға және ілеспе салалардың дамуына оң ықпалын тигізеді. Толықтай тұйықталған өндіріс құру мақсатында бұл кәсіпорында келесі жылы тәулігіне 200 тонна сапалы ұн шығаратын зауыт салу межеленіп отыр. 
 Біздің өңірде ауыл шаруашылығы саласында күріш өсіру негізгі кәсіптің көзі саналады. Осыған байланысты басты сектор болып саналатын күріш өндірісіне кластерлік жүйе енгізудің маңызы зор. Үстіміздегі жылы облыс әкімінің бастамасымен аймақта күріш өндірушілер консорциумы құрылды. Осының арқасында күріш өндірісін дамытудың перспективалары нақтыланды. Бұл мақсатта «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ-на жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, Жалағаш ауданындағы «Жалағаш элеваторы» ЖШС-на қарасты элеватор кешені сатып алынды. Сонымен қатар, өңірдегі күріш өндірісінің рентабельділігін арттыру мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Агро Холдинг «Байқоңыр» ЖШС- арқылы шаруашылық құрылымдарынан күріш салысы сатып алынып, сақтауға қойылды. Бұл шара облыс көлемінде күріш сатып алумен айналысатын кәсіпкерлерді  күріш салысын сатып алу бағасын 30 пайызға дейін көтеруге ықпалын тигізді.
Ендігі кезекте өңірдегі өндірілетін күріш өнімінің қосымша табыс құнын арттыруға аса мән берілуде. Бұл ретте  «Агро Холдинг «Байқоңыр» ЖШС арқылы жалпы құны 2 млрд. теңге құрайтын астық сақтау элеваторын кешенді жаңғырту жобасын жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жоба бойынша жоғары технологиялық күріш зауыты мен арнайы техникалар сатып алу, элеватор кешенін жөндеу мен қайта жабдықтау, айналым қаражатын толықтыру көзделіп отыр. Жоба толық жүзеге асырылғанда элеватор кешенінде жылына 40 мың тонна күріш салысы сақталып, өңдеуден өткізілетін болады.Сонымен қатар, аталмыш серіктестік базасында қайталама шикізатты терең өңдеу мен қалдықсыз технологияларды енгізе отырып дәрумендер қосу жолымен күріш дәнінің сынықтарын қалпына келтіру технологиясын енгізу, күріш қалдықтарынан күріш майын, қауызынан кремнийдің аморфты диоксидін, құрылыс материалдарын, брикеттелген отын шығару жобаларын жүзеге асыру межеленіп отыр. Күріш өндірушілерге агротехникалық және мелиоративтік қызметтер көрсету, минералдық тыңайтқыштар мен қосалқы бөлшектер жеткізіп беру қызметтерін көрсетуді ұйымдастыру мақсатында ӘКК қатысуымен машина-трактор стансаларын (МТС) құру жолдары қарастырылуда. Қазіргі таңда оған Жалағаш және Сырдария аудандары ниет білдіріп отыр және олардың тарапынан тиісті құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.  
Келесі перспективалық жобаның бірі – Қызылорда қаласының маңында орналасқан Иіркөл тоғанында тауарлы балық шаруашылығын қалпына келтіру. Аталған тоғанда кезінде күніне 70 тоннаға дейін балық ауланған еді. Қазіргі таңда тоған шаруашылығын қайта қалпына келтіру мақсатында «Болат» ШҚ-мен бірлескен кәсіпорын құру жөнінде келісім жасалып, қажетті жұмыстар басталып кетті. Тоғанда балық аулау  келесі жылдан басталады деп күтілуде. Агроөнеркәсіп кешені саласында жүн-теріні алғашқы өңдеуден өткізуді ұйымдастыру да перспективалы жобалардың бірі болып отыр. Себебі, жай ғана жүнге тоқталатын болсақ, облыс көлемінде жыл сайын 1,3 мың тонна жүн өндіріледі. Өңірімізде негізінен қаракөл тұқымдас қойы өсіріледі. Дегенмен, оны дұрыс кәдеге жарата алмай келеміз. Мәселен, шет елдердің нарығын зерттеу барысында Ресейде тазаланған жүннің 1 килограмы 100 теңге құраса, Еуропа елдерінде оның бағасы 500-1000 теңгеге дейін жетеді екен. 
Облыс әкімінің тапсырмасын орындау мақсатында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы аймақта индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру барысында инвестицияларға сараптама жасап, келесі жұмыстарды атқарды. Бүгінгі таңда аймақтың инвестициялық тартымдылығын көтеру мақсатында «Қызылорда облысында металлургиялық кластерді құру және дамыту тұжырымдамасы» дайындалған. Біздің облыс пайдалы қазбаларға бай. Осыған орай, корпорация отандық және шетел инвесторларымен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді. Осының нәтижесінде, жаңа технологияларды пайдалана отырып металлургия кластерін дамытуда «Балауса фирмасы» ЖШС мен бірлесіп, феррованадий (FeV) өндейтін, ванадий аккумуляторларды жинайтын, ферросплав, Х80 маркалы құрылымдық болаттарды шығару зауыттарын құру жұмыстарын қолға алу жоспарланып отыр. Бұл мақсатта Чехия инвесторларымен бірлесе жұмыс жасалуда. Сонымен қатар, металлургиялық зауыттарды және өндірістерді ұйымдастыру нәтижесінде шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік туады. Оның ішінде әк шығару, отқа беріктік материалдар, күкіртбетон, сұйықтық-калий тынайтқыштар өндірісі және тағы басқаларын қолға алуға болады.
Машина жасау саласы бойынша бірқатар жобаларға мән беріліп отыр. Акционерлік қоғам және Польшаның «4 UPTRADE» қаржы-инжирингтік компаниясымен машина жасау саласындағы бірлескен кәсіпорын ашу туралы меморандумға қол қойылған. «Казатомпром» ұлттық атом компаниясы және металлургия, тау-кен мен мұнай және газ өнеркәсібіне қажетті гидравликалық пен пневматикалық жабдықтары мен запорлық және фонтандық арматураны шығаратын зауытты салу және «Қазақстан темір жолы» АҚ-на қажетті өнімдерді шығару жоспарлануда. Облыста және Қызылорда қаласында ауыз су сапасы нашар болуы салдарын ескере отырып, су тазалауға арналған геомембрана қондырғыларын орнатуды ұйымдастыру басталды. Бұл әдіс классикалық деп аталатын түрімен салыстырғанда үлкен артықшылығы бар. Ол ластанған барлық түрлерін бірден-бір деңгейде жояды. 
 «Қызылорда қаласында автобус паркін құру» инвестициялық жобасы бағытында да бірқатар жұмыстар жасалуда. Бұл шара облыс орталығының көлік саласындағы қалыптасқан мәселелерді шешу мақсатында қолға алынады. Үстіміздегі жылдың наурыз айында өткізілген бірінші «Байқоңыр» инвестициялық форумында облыс әкімшілігі мен Еуропалық қайта құру және дамыту банкісі арасында меморандумға қол қойылды. Қалаға келетін жаңа автобустар газбен пайдаланылады. Сондықтан  «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ және «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС-мен бірігіп автокөлік-газ құю компрессорлық бекетінің құру жобаларын іске асыру мақсатында өзара келісім жасалды. Еуропалық қайта құру және дамыту банкінің қаржыландыруы нәтижесінде 2014 жылы 100 автобус сатып алынады деп жоспарланып отыр. Ал үстіміздегі жылдың соңына дейін 20 автобус жеткізу жобаланған.              
Корпорация «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарына атсалысты. Аталмыш бағдарламаға сәйкес «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ бірінші тетігі бойынша жөндеу жұмыстарын қаржыландырады. Бұл мақсатта 2011 жылға 120 млн. теңге бөлініп, 6 көппәтерлі үй жөнделді. Былтыр бұл бағытта 312,5 млн. теңгеге жуық қаржы бөлініп, 14 көппәтерлі үй жөнделді. Сонымен қатар, Қармақшы мен Қазалы аудандарында көппәтерлі үйлер жөндеуден өткізілді.
«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша ӘКК 2011 жылдан бері уәкілетті өңірлік ұйым болып келеді. Соңғы екі жылда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының бұл бағытта облысқа 1,133 млрд. теңге бөлініп, 607 азаматқа орташа сыйақы мөлшері 7,4 пайызбен таратылды. Биылғы жылы аталмыш мақсатта бөлінген СПК арқылы бөлінген 2 млрд. теңге конкурс негізінде 23 НС және 3 ШНҰ игеру жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі таңда 2 млрд. теңгенің 1 млрд. теңгесі бірінші жартыжылдықта 400-ге жуық адамға таратылды. Осы жақын арада конкурс өтіп 880 млн. теңге шағын қаржы ұйымдарының шоттарына аударылып, игеру жұмыстары басталды. Қалған 120 млн. теңгеге жақын арада қайтадан конкурс жарияланатын болады.
Әділжан ҮМБЕТ. 


Сондай-ақ... оқыңыз:

Ақсуатта шағын зауыт ашылды

Ақсуатта шағын зауыт ашылды

Қызылорда. Қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округінде «Бизнестің жол картасы-2020»...
САПАЛЫ ТҰҚЫМ – ӨНІМ КӨЗІ

САПАЛЫ ТҰҚЫМ – ӨНІМ КӨЗІ

Ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алу үшін жүргізілетін шаралардың кешенінде...
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР НӘТИЖЕСІ

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР НӘТИЖЕСІ

Елбасының ұдайы атап көрсетіп жүргеніндей, қазіргі таңда экономиканың барлық...
ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ БАРЛЫҚ АУДАНДАРДА АШЫЛАДЫ

ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ БАРЛЫҚ АУДАНДАРДА АШЫЛАДЫ

Кеше облыс әкімшілігінің мәжіліс залында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму...
СЫР ЕЛІНІҢ ЕҢБЕК САЛТАНАТЫ

СЫР ЕЛІНІҢ ЕҢБЕК САЛТАНАТЫ

Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында биылғы егін жинау жұмысының...
САПАЛЫ ТҰҚЫМ – ӨНІМ КӨЗІ

САПАЛЫ ТҰҚЫМ – ӨНІМ КӨЗІ

Ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алу үшін жүргізілетін шаралардың кешенінде...
Пікір: