ОЛИМПИАДАҒА АЛҒАШҚЫ САПАР

ОЛИМПИАДАҒА АЛҒАШҚЫ САПАРБарша қызылордалықтарға қуанышты хабарды жеткізуге асықтық. Айдынды Аралдың 14 жастағы тумасы, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева алдағы жылы ақпан айында Сочиде өтетін ХХІІ қысқы олимпиада ойындарының көрсетілім сынағына қатысатын болыпты.
Иә, ұлтымыздың атын шетелде жастайынан танытып, талантымен көпшілікті тамсандырып жүрген Тұрсынбаевтарды бүгінде біреу білсе, енді біреуінің бейхабар екені жасырын емес. Балғын спортшылар жайлы газетіміздің 2011 жылғы 6 тамыздағы нөмірінде «Қазақтың атын қадірлі еткен қос өрен» атты мақала жазған болатынбыз.
Қаршадайынан білікті мамандардың көзіне түскен ағалы-қарындасты Тимур мен Элизабет бүгінде спорттың нағыз бекзат түрі саналатын мәнерлеп сырғанаудың хас шеберлеріне айналып отыр. Қос қанатының спортқа, оның ішінде мәнерлеп сырғанауға бейімі бар екенін ерте байқаған ерлі-зайыпты Байтақ пен Пашахан балаларының талантын ұштап, тәжірибесін шыңдау мақсатында қазіргі таңда Мәскеу қаласында тұрып жатыр.
Ұлағатты ұстаздардан тәлім терген Тимур бірнеше дүркін республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарып, жеті ұрпақтың өкілі ретінде атақты спортшылар бірге «Астана-Арена» стадионында Азия ойындарының алауын жағу мәртебесіне ие болды.
– Менің қызым 14-ке енді толатын болғандықтан Олимпия ойындарының мәнерлеп сырғанаудан ересектер арасында өтетін негізгі жарысына жіберілген жоқ, – дейді Элизабеттің әкесі әрі менеджері Байтақ. – Сондықтан ол көрсетілім сынағына ғана қатысады.
Лиза қазір желтоқсан айының 5-і мен 8-і аралығында Жапонияда өтетін жасөспірімдердің әлемдік Гран-приінің финалына дайындалуда. Ол таяуда осы Гран-придің Минскіде өткен кезекті кезеңінде екінші орыннан көрінген болатын. 2010-2012 жылдар аралығында қатарынан үш рет Қазақстан чемпионы атанып үлгерген Аралдың ақмаралы биыл Мәскеу қаласының біріншілігінде алдына жан салмады.
Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада ойындары мен әлем чемпионы болуды армандайтын Лизаны енді канадалық жаттықтырушы Брайн Орсер баптайтын болады. Біз жерлестеріміздің Олимпиададағы алғашқы сапарына сәттілік тілейміз. 
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 31 қазан 2013 г. 526 0