ҚАЙТА ОРАЛҒАН «ҚАЙСАР»

ҚАЙТА ОРАЛҒАН «ҚАЙСАР»Кеше Қызылорда қаласындағы Студенттер сарайында биыл футболдан бірінші лигада кіші алтын медальға ие болған «Қайсар» командасын марапаттау рәсімі өткізілді. Оған спорт саласының мамандары, ардагерлер мен жанкүйерлер қатысты.
Жұртшылық алдында облыс әкімінің орынбасары, облыстық футбол федерациясының президенті Нұржан Әлібаев сөз алып, команданың сәтті ойын көрсеткені үшін және оларға қолдау білдірген барлық азаматтарға ризашылығын білдірді. Yстіміздегі жылы бірінші лигада «Қайсар» жоғары деңгейде шеберлік танытып, жанкүйерлер сенімін толықтай ақтай білді. Осының нәтижесінде Премьер-лигаға берілетін жолдамаға бірнеше тур бұрын қол жеткізді. Ендігі алдағы міндет – үздіктер қатарында серпінді ойын көрсетіп, аймақ абыройын асқақтата түсу екені белгілі. Бұл бағытта командаға барлық қолдау көрсетіледі. 
Қазақстан футбол федерациясы кәсіпқой футбол лигасының басшысы Михаил Гурман қай кезде де қызылордалық ұжымның жұлдызы болғанын тілге тиек етті. Талай мықты клубтармен терезесі тең деңгейде ойнап келеді. Сондықтан алдағы үздіктер қатарына қайта қосылған «Қайсар» барша жерлестерін қуантады деген үміт зор. 
Келесі кезекте команданың мамандары мен футболшыларына бірінші лиганың кіші алтын медалі табыс етілді. Содан кейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев, облыстық футбол федерациясы вице-президенті Болат Көшербаев, бас бапкер Сергей Волгин, жанкүйерлер атынан Жәнібек Нұрқышев өз лебіздерін білдіріп өтті.
Әділжан YМБЕТ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ДОДА 02 қараша 2013 г. 517 0