БАЛҒЫНДАР БАПКЕРІ

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ДОДА | 07 ноябрь 2013 ж. - 09:15 | Көрудің саны: 548
БАЛҒЫНДАР БАПКЕРІБалауса қарсыласы Ангелинаны бірден жойқын соққылардың астына алды. Ол қашанғы әдетінше үсті-үстіне шабуылдап, кездесуді ерте аяқтауға күш салады. Осы әдіс әзірге өз нәтижесін беріп келеді.
Бұл биылғы жылы Болгар мемлекетінің Албена қаласында өткен әлем чемпионатының жасөспірім қыздар арасындағы 54 келі салмақтағы Балауса Мұздиман мен Украина боксының жарық жұлдызы Ангелина Бондаренконың финалдық кездесуі болатын. Ангелина сонымен бірге каратэ мен ережесіз жекпе-жектің де бетке ұстары. Бір сөзбен айтқанда, бар шеберлікті қолына жинаған талантты өрен.
Шаршы алаңның шетінде тұрған 16 жастағы Балаусаның жеке бапкері Әлмахан Жәрімбетовтің сабырлы түрінен шәкіртінің шүбәсіз жеңгеніне сенгің-ақ келеді. Алайда, қазақстандықтар ғана емес, барша көрерменді таңғалдырған рефери Украина спортшысының қолын көтерді.
– Мен осы кездесуде жеңіске жеткеніме сенімді едім, – дейді Балауса.
Балаусаның күміспен күптелгенін сол чемпионат аяқталған кезде спорт жаңалықтарынан естіген едім. Ал «Время» басылымының қазан айының 17-ші жұлдызындағы нөмірінен «Бухгалтер лепит чемпионов» деген боксшы қыз бен бапкері жайлы мақаланы оқыған болатынмын. Енді мына  қызықты қараңыз. Бірде әріптес ағамыз Расул бапкер Әлмаханның Шиелі өңірінің тумасы екенін айтқан-ды. Қызығушылық танытқан мен ол кісіден жерлесіміздің телефонын алып, дереу байланысқа шыққанмын.
Елу сегіз жастағы алматылық бапкер мен Алматы облысының Іле ауданындағы Ақши ауылының он төрт жастағы оқушысы арасындағы таныстық 2011 жылдың желтоқсан айында басталды. Бұған дейін екі жылдан астам уақыт ауыл балаларын бокс өнеріне баулып келген бапкер енді қол астына қыздарды да ала бастайды. Оған  себеп, АИБА-ның ережесі бойынша егер республикада әйелдер боксы болмаса, ерлер боксы олимпиадаға қатыстырылмайтын көрінеді. 
– Сонымен үйірмеге Нұрия, Айгүл, Балауса, Гүлдана, Дина есімді қыздар келді, – дейді бапкер. – Рас, алғашында қазақи тәрбие көрген мен сияқты Сыр бойының азаматына қыздардың қатысқаны ұнамаған, – деп әңгімесін одан әрі сабақтай түсті Әлмахан.
Әлмахан Жәрімбетов 1953 жылы Шиелі ауданының Тартоғай шаруашылығына қарасты Кекірелі елді мекенінде дүниеге келіпті. Әкесі Өмірхан аға ұзақ жылдар аудан көлемінде басшылық қызметтер атқарған экономика саласының білгірі болған жан екен. Сонау жетпісінші жылы Шиелі кентіндегі №45 орта мектепті бітіріп, қалауы басқа мамандық болса да әке сөзінен аса алмай Алматы халық шаруашылығы институтына түседі. Боксқа бүйірі бұрып тұратын ол бірде орталық стадионға барып, таза кездейсоқтықтың арқасында кез келгеннің қолы жете бермейтін білікті бапкер, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Карповтың бокс үйірмесіне жазылады. 
1974 жылы жолдамамен елге оралған жас маман «Қазақстанның 30 жылдығы» кеңшарында қатардағы бухгалтер болып еңбек жолын бастайды. Енді ауылдан бокс үйірмесін ашуды ойластырады. Мектеп директорынан қарсылыққа тап болған Әлмахан клуб меңгерушісі Дүйсенбі Бектауовтың келісімін алып, клуб фойесінде жаттығуды бастайды. Үйірмеге 8-10 сынып оқушыларын қабылдайды. Үш-төрт ай өткен соң шәкірттерін сынақтан өткізгісі келеді. Алайда қайда апармақ. «Іздегенге – сұраған» дегендей, Бәйгеқұм стансасындағы кәсіптік-техникалық училищенің дене тәрбиесі мұғалімі Жамантай деген жігіттен ұсыныс түседі. Сонымен СПТУ намысын қорғау үшін Арал қаласына баруға бекінеді. Бірақ бір аптаға жұмыстан кім босата қояр дейсің. Тәуекелге бел буған ол ең тәуір деген алты-жеті шәкіртін іріктеп алып, жасырын түрде Аралға тартып кетеді. Міне, қызық. Облыс біріншілігі ересектер арасында өтеді екен. Ал мұның балалары жастар да емес, жасөспірімдер тобына жатады. Енді қайтпек. Шәкірттері ештеңеден тайынар емес. Басқа амалы қалмаған ұстаз бар жауапкершілікті мойнына алып, жарыстың бас төрешісі Өрғараевпен келісімге келеді. Қойшы әйтеуір, жарысқа барған алты-жеті жасөспірімнің біреуі бірінші, екеуі екінші, екеуі үшінші орын алса, командалық есепте үшінші орынға табан тірейді. 
Аралдан қуанышты оралған олардың көңілдері су сепкендей басылады. Сұранбай кеткендерін білген мектеп директоры Асанбек Бәкіров үйірмені жаптырып тастайды. Бұл 1975 жылдың наурыз айы болатын.
Бір жылдан соң әскерден оралған ол «Қарғалы» кеңшарына бас бухгалтер болады. Бірақ онда бокс үйірмесін ашуға мүмкіндік болмайды. Осында үш жылдан аса қызмет етіп, одан әрі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында ревизор болыпты. 1992 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, алғашында кәсіппен айналысыпты. Бұл істі оңдыра алмаған соң, бір-жар жерде бухгалтер болған. Бірақ аңсары боксқа ауады да тұрады. Студент кезден досы Кентай Ахметов Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университеттің спорт залынан уақыт алып берген соң, бірер жыл жұмыстан кейін оқушы балаларды баптайды. «Ұстамы мықты ұстаздан» тәлім терген жерлесіміздің Асхат, Сұңғат, Едіге есімді шәкірттері бір жылдың өзінде Алматы қаласының чемпионы болған көрінеді.
– Шынымды айтсам, төрт жыл институтта алған экономикалық білімімнен гөрі, төрт жыл Александр Карповтан алған бокс өнерінің білімі көптеу болды, – дейді кейіпкерім әңгіме арасында. 
Мақаламыздың басында Әлмаханның Алматы облысының Ақши ауылында балғын былғары қолғап иелерін баптап жүргенін айтқанбыз. Қомақты қаржы береміз деп бухгалтерлік қызметке шақырған қос мекемеге мойын бұрмай, 2008 жылдың қыркүйек айында аталған ауылдан бір-ақ шыққан Әлмахан Алматы мен Ақшидің арасы 128 шақырым екендігіне де қарамастан іске кіріседі. Тек бір жылдан соң ғана облыс әкімі Серік Үмбетовтің ықпалы арқасында отыз мыңға жетпейтін жалақымен Іле аудандық спорт мектебіне қабылданыпты.
Мұнда келер алдында екі жылда нәтиже болмаса кетемін деген азаматтың қол астындағы ер балалар Алмат Мұратбаев, Димаш Камаледдинов, Ерден Мырзабаев, Жүзбай Бөгенбай, Серік Серікбаев облыстық жарыстарда жүлде терсе, қыздары арасынан Гаухар Ермекбай Болгар елінде өткен әлем чемпионатында алтын алқа тағып, Балауса Мұздиман күміспен күптелді. Сондай-ақ Гүлдана Алпысбай Ресей еліндегі халықаралық турнирдің жеңімпазы болса, Нұрия Мадримова Алматы облысының чемпионы.
Мақаламызға нүкте қоя отырып, алтыншы асудан асып отырған жерлесіміз Әлмахан Жәрімбетовке жүлде терген чемпиондарыңызды көптеп қанаттандыра беріңіз демекпіз.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ОЛИМПИАДАҒА АЛҒАШҚЫ САПАР

ОЛИМПИАДАҒА АЛҒАШҚЫ САПАР

Барша қызылордалықтарға қуанышты хабарды жеткізуге асықтық. Айдынды Аралдың 14...
Жартылай финалға 8 боксшы өтті

Жартылай финалға 8 боксшы өтті

Алматы. Оңтүстік астанамызда өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының жартылай...
Әлем біріншілігіне аттанған қызылордалықтар

Әлем біріншілігіне аттанған қызылордалықтар

Алматы. Бүгін, 23 қазанда Словения астанасы – Любляна қаласында дзюдодан жастар...
ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ МЫҚТЫЛЫҒЫН ТАНЫТТЫ

ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ МЫҚТЫЛЫҒЫН ТАНЫТТЫ

Қызылорда қаласында бокстан Қазақстан астаналары болған төрт қала өкілдерінің...
КYМІСПЕН КYПТЕЛГЕНДЕР

КYМІСПЕН КYПТЕЛГЕНДЕР

Қыркүйек айының 11-17-сі аралығында Жапон елінің астанасы Токио қаласында жастар мен...
Илья әлем чемпионатында бапкер болады

Илья әлем чемпионатында бапкер болады

Үстіміздегі жылдың 19-27 қазаны аралығында Польшаның Вроцлав қаласында ауыр...
Пікір: