ЖАБЫРҚАҒАНДАРДЫҢ ЖАНАШЫРЛАРЫ

ЖАБЫРҚАҒАНДАРДЫҢ ЖАНАШЫРЛАРЫБірінші байлық – денсаулық. Осынау күнделікті естіп жүрген нақылдың астары көп сырды ұғындырады. Күйбең тіршілікпен кейде тән саулығына жүрдім-бардым қарайтынымызды да мойындауға тура келеді. Ал, сырқаттың зардабын тартқан уыздай жандарға жолықсаңыз тәубеңізге енесіз. Жаратқанға іштей шүкіршілік жасайсыз. Өмір жолында кездескен кейбір қиындықтарды да ұсақ-түйекке балайсыз. 
Сәл бұрын Қазалы қаласындағы психикалық жүйке ауруларының интернатына бас сұққан едім. Мақсатым тағдыр соққысына мойымағандардың нақты болмысын, оларға жасалып жатқан қамқорлықты қағаз бетіне түсіру болатын. Жасыл желекке бөленген аула тамылжып тұр. Ежелгі шаһар саналатын Қазалыда көгалдандыруға барынша мән берілетінін атап кеткен жөн. Арықтардан сылдырай аққан су, жапырағын жел тербеген тал-терек, құлпырған алуан гүл, жайқалған шалғын – бәрі ерекше. Сәл құйын соқса шаңдағы көкке көтерілетін кентпен салыстырғанда ауасы да қоңыр салқын. Көлеңкелі баспаналарда тынығып отырған тұрғындардың көңілдері көтеріңкі көрінді. Ізетпен сәлемдесіп, қауқылдасып жатыр. Тұрғындар деуіміздің мәнісіне тереңірек тоқталсақ. Мұндағы күнделікті әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсетілетін 120 адам аталған мекен-жайда тіркелуде тұрады. Яғни, осыншама жанның ұдайы тұрғылықты жері интернат болып саналады. 
Мені интернат директоры Тимур Кималов жылышыраймен қарсы алды. Провизор деген мамандық  пен заңгерлікті де қоса меңгерген жігіт ағасының жұмысына тиянақты екендігі сөз саптауынан-ақ аңғарылады. Тимурдың интернатқа басшылық қызметке тағайындалғанына біршама уақытқа қадам басыпты. Қажетті деректерді қағазға үңілместен алдымызға жайып салғанына қарағанда мекеменің тыныс-тіршілігіне де жетік сынды. Оның айтуынша, тұрғындарға әлденеше бағытта қызмет көрсетіледі. Әрі қызмет сапасының жоғарылығы қатаң сұралады. Әрбір қызметкердің міндеттері айырмашылыққа бөлініп, міндеттелген екен. Палаталық санитар, бақылаушы санитар, күтім санитары, әлеуметтік қызметкер еңбек процесін қалт жібермейді. Тұрғындарға қосымшада көрсетілген көлеммен жұмсақ мүкәммәл босатылады. «Қазақстан тамақтану академиясының» бастамасымен әр адамға тиісті нормада киллокалориясы нақтыланып, алдын ала маусымға қарай ағымдағы апталық мәзір, переспективалық мәзір дайындалады. Он сегіз жастан асқан адамға кемінде бес шаршы метр жерді құрайтын жатын бөлме берілуге тиісті. Нақты кезеңде санитарлық, гигиеналық нормалар мен талаптарға сәйкестігінде  тапшылық байқалады. Аптасына кесте бойынша монша жағылады. Шаштараз шаш қиып, тырнақ,  ер адамдардың сақал-мұртын алады. Кір жуу, үтіктеу, төсек-орын жабдықтарын дезинфекциялау тәрізді тиісті құралдар қондырылған кір жуатын бөлімшемен жабдықталған. 
Стандартқа сәйкес қарастырылған мәдени ұйымдастырушы бұрыннан бар. Алайда музыкалық жетекшінің штаттық бірлігі жергілікті бюджеттен бөлінбей тұр. Десе де, тоқсандық, жылдық жоспармен мереке, туған күндерді өткізу, саяхатқа, театр, көрмеге, концертке бару шешімін табуда. Көркемөнерпаздар үйірмесі құрылды. 
– Біздің тұрғындар әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтермен тұрақты қамтылған. Мемлекеттің жанашырлығымен осының бәріне қолымыз жетуде. Келешекте бұл бағыттағы шаралар жалғасын табады. Жәрдемақыларды, өтемақыларды алуға, құқығы мен мүддесін қорғауда сотта өкілдікті қамтамасыз етуге, қамқоршы және қорғаншы болу мәселесі жөнінде құжаттарды рәсімдеу, заңгерлік көмек көрсетуде экономикалық, құқықтық қызмет қоса атқарылады. – дейді Қазалы психикалық жүйке аурулар интернатының директоры Тимур Кималов. 
Жауапкершілігі мол, қажырлы жандардың еңбегіне біз де табыс тілейміз. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы қаласы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ҚОҒАМ 12 қараша 2013 г. 514 0