ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗ ЭКОНОМИКАМЫЗДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗ ЭКОНОМИКАМЫЗДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ15 қараша–төл теңгеміздің алғаш айналымға енген күні. Ал 1997 жылғы 13 қарашадағы Президент Жарлығымен бұл күн– Ұлттық валюта күні, еліміздегі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды. Биыл ұлттық валютамыз-теңгенің айналысқа енгізілгеніне 20 жыл толып отыр. Жиырма жыл ішінде өңірдің қаржы саласының қызметкерлері де ел экономикасының темірқазығы саналатын теңгенің тұрақтануына елеулі үлес қосты. Студенттер сарайында өткен мерекелік жиында толағай табысқа жеткен сала ардагерлері ұлықталып, оларға құрмет көрсетілді. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова қатысты. 
Теңге еліміздің экономикасының  айқын көрінісі болып табылады. Жиырма жыл теңгенің тарихы үшін әжептәуір уақыт. Кезінде ұлттық валютаны шығару туралы шешім де, теңгенің дүниеге келуі де оңай болған жоқ. Шараның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Н.Годунова теңгенің шығу тарихына тоқталды. «Ұлттық теңгеміздің өз шығу тарихы бар. Теңгені жасауға екі жыл уақыт қажет болды. Қазақстан өз төл ақшасын шығару үшін 1990 жыл теңгенің алғашқы үлгісін жасайтын жұмысшы тобын құрды. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз ұлттық валютамызды бір-ақ рет және бір атаумен шығаруымыз керек. Екінші қайтара оның аты өзгермейді. Сондықтан оны әбден зерттеп барып, бір шешімге келуіміз қажет» деген болатын. Содан кейін арнайы топ бүкіл тарихымызды көтеріп, қазаққа қатысты еңбектерді ақтарып, ертеде қазақта теңге қолданғанын негізге алды. Сөйтіп, біздің болашақ валютамыз теңге әдемі атауға ие болды. Қазақтың өз ақшасы, ұлттық валютасы айналысқа шығып, елдің тәуелсіздігінің нығаюына, халықтың және кәсіпорындардың сеніміне ие болды. Өзінің 20 жыл тарихында тәуелсіз егемен мемлекеттің міндетті рәмізі екенін дәлелдеп, мемлекеттің қаржы-несиелік саясатына орасан зор ықпалын тигізді»,–деді. Мұнан кейін аймақ босшысының атынан сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың бірқатарына облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, саланың үздіктеріне ҚР Ұлттық валютасы- теңгенің айналысқа енгізілгеніне 20 жыл толу құрметіне арналған мерекелік медаль берілді. 
Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 12 қараша 2013 г. 1 147 0