ҒАСЫРДЫҢ ҒАЖАЙЫП ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ ТУРИЗМ МЕН ӨНЕРКӘСІПТІҢ ОРТАЛЫҒЫ БОЛМАҚ

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ | 12 ноябрь 2013 ж. - 12:26 | Көрудің саны: 1 575
ҒАСЫРДЫҢ ҒАЖАЙЫП ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ ТУРИЗМ МЕН ӨНЕРКӘСІПТІҢ ОРТАЛЫҒЫ БОЛМАҚЖарты ғасыр бұрын Жер шарынан тұңғыш рет адам баласы зеңгір көкке бет түзеген зымыранға аяқ артты. Бұл күн қазір алып ғаламшардағы айтулы оқиғаның біріне айналды. Ғалымдар ғарыш айлағы жер кіндігіне орын тепкен дейді. Осындайда әйгілі Қорқыт бабамыз жайлы айтылатын әпсаналар еске түсетіні айдан анық. Абыз бабамыз жайында айтылатын аңыздарда ол жайында егжей-тегжейлі баян етіледі. Әрине, сол бір ғасырларда абыз бабамыз өзі өмір кешкен аймақтың адамзаттың ортақ игілігі болатынын білген жоқ.
Не керек, қазір жер шарында Байқоңырды жоғары бағалайды. Адамзат баласы тұңғыш рет аспан әлеміне аттанған құтты мекен қашан да сол биігінен төмен түспейді. Қалтасы көтерген шетелдік сол ғарыш айлағын тамашалап қайтқысы келеді. Алайда, біз бүгінгі күні ондай мүмкіндікке жол аша алмай отырмыз. Келешекте аспан мен жердің арасын байланыстырып отырған Байқоңыр әрбір жиһанкез жанға құшағын айқара ашуды жоспарлап отыр. 
Төрткүл дүниеде сан алуан ғарыш айлағы бар. Бірақ, олардың бағасы Байқоңырдан төмен екені белгілі. Оның себебі де жоқ емес. Аспан әлеміне жол тартқан ғарыш кемесінің басым бөлігі қазақ даласының осы бір бөлігінен ұшып жатады. Қолдағы дерек бойынша жер бетінде 20-дан астам ғарыш айлағы бар екен. Сонда ұшатын ұшырылымның үштен бір бөлігі Байқоңырдан самғайды. Ендеше, осыған қарай отырып, бұл аймақта туризмді дамытудың маңызы ерекше екенін түсіну ешкімге де қиынға соға қоймас. Көкке көтерілген ғарыш кемесін бір сәтте қаншама адам көргісі келеді. Бұл –  әрбір адамға айрықша сезім сыйлайтын өте көрікті көрініс.  
ҒАСЫРДЫҢ ҒАЖАЙЫП ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ ТУРИЗМ МЕН ӨНЕРКӘСІПТІҢ ОРТАЛЫҒЫ БОЛМАҚҚысқасы, Байқоңыр – дүниежүзіндегі ғылым мен техниканың үйлескен жері, озық жетістіктің тоғысқан тұсы. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын адамзат баласы ғарыш кемесіне алғаш аяқ артқан бұл мекенді жаңа бір өрлеу дәуіріндегі толайым табыс деп толық сеніммен айта аламыз. Адамзат ақылының шоғырланған жері – Байқоңыр. Тағы бір ескерерлігі, аталмыш аймақта түркі өркениетінің абызы – Қорқыт ата мәңгілік мекенін тапқан.
Байқоңырдың іргесі 1955 жылы қаланған. Ғарыш алаңын салу үшін Байқоңырды таңдап алу кезінде бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық нысандар үшін қолайлы қону аймақтарының болуы және өзге де себептер ескерілді. Байқоңырдың басты және көмекші нысандары, қызмет ету орындары кең аймаққа орналасқан. Олар бір-бірімен автокөлік жолдары және теміржол арқылы байланысқан. Дүние жүзінде алғашқы жасанды Жер серігі осы айлақтан орбитаға шығарылған. Байқоңыр әлемдегі ең ірі жер беті ғылыми ғарыш полигоны болып табылады. Басты және көмекші нысандарының жалпы ауданы 6717 шаршы шақырымды құрайды. Байқоңырдан 1961 жылы 12 сәуірде адамзат тарихында тұңғыш рет Юрий Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанғаннан кейін онда көптеген жаңашыл бастамаларға жол ашылды. 1991 жылы 2 қазанда тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Союз Т-13» ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілді. Ресеймен бірлескен бағдарлама бойынша қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев ғарышта 2 рет (1994, 1998) болып қайтты.
Қаншама ғасырдан бері жұмыр басты жанның қиялына қанат бітіріп, арман-мақсатына айналған ғарышты өңірді нарық талабына бейімдеп, одан қыруар кіріс кіргізіп жатсақ, біздің ұтарымыз көп. Сол арқылы Байқоңырды адам аяғы үзілмейтін өлкеге айналдыруға әбден болады. Жер шарын айналып шығуды армандайтын жиһанкездер қазақ даласының топырағына қадам басып, космонавтика ғылымының соны жетістігін көзбен көріп қайта алады. Соның нәтижесінде біздің қазына қазанына құйылатын қаржы көзі молая түседі. Мұндай мүмкіндік дүниежүзіндегі мемлекеттердің ешқайсысында жоқ. ҒАСЫРДЫҢ ҒАЖАЙЫП ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ ТУРИЗМ МЕН ӨНЕРКӘСІПТІҢ ОРТАЛЫҒЫ БОЛМАҚЕндеше, біз ондай мүмкіндікті неге пайдаланбаймыз? 
Мамандар Байқоңырды туризм аймағына айналдыру үшін бірқатар іс-шаралардың қолға алынатынын айтады. Атап айтқанда, қала маңынан  «Ғарыш айлағы», «Планетарий» сынды мегакешендер бой көтереді. Сол кешендер елдің игілігіне айналғаннан кейін жұмыр жердегі туристердің оннан бір бөлігін осы жаққа тартуға әбден болады. Елімізде қабылданған туризмді дамыту жөніндегі бағдарламаға сәйкес аталған салаға үлкен қамқорлық көрсетіліп келеді. Бүгінгі таңда Байқоңыр қаласында туризмді дамытуға тікелей инвестиция тарту шаралары қолға алынып отыр. 
Үстіміздегі жылы ғарышты шаһарда Қазақстанда елшілік қызмет атқарып жүрген 30-дан астам елші арнайы ат шалдырып қайтты. Олар сол сапары барысында қаншама нысандарды аралады. Оларға таңданысын жасырған жоқ. Алдағы уақытта ғарыш жаңалығын көруге құштар әрбір адам бұл жерлерге емін-еркін ене алатын жағдайға жетеді. Енді үш жылдай уақыттан кейін қазақ даласының жүрегі – Астана қаласында өтетін «ЭКСПО» халықаралық көрмесі Байқоңырдың сол «ЕХРО-2017» бағдарламасына кіргеніне біз де қуаныштымыз. Бұл жобаға Қазақстан мен Ресей бірдей атсалысып, осы жердегі инфрақұрылымдарды жаңартуға мән беріп отыр. Көптеген құрылыстар салынып, туризмді дамытуға жол ашуда. Оның инфрақұрылымына бөлінетін ақша өте көп емес, 10 млрд. теңге. Ал инвесторлардың келуі 150 млрд. теңге болып есептеліп отыр. Тиімділігі өте жоғары, 148 пайыз кіріс. Сол үшін инвесторлардың өзі 1,5 млрд. АҚШ долларын тауып отырады. Индустрия және туризм комитеті бойынша Қазақстанда 5 кластер тағайындалған. Сол кластердің ішіндегі оңтүстік кластер бойынша Байқоңыр Қызылорда облысының негізгі туристік кластері саналады.
Ертең, 13 қарашада Қызылорда қаласында «Байқоңыр» екінші инвестициялық форумы басталады. Бұл шараға қатысушылар 14 қарашада Байқоңыр қаласында болады. Форум жұмысына «Роскосмос», халықаралық туристік ұйымдардың, индустриялық жобалардың өкілдері қатысып, қаланың болашағына байланысты мәселелерді кеңінен талқылайды.
Әділжан ҮМБЕТ.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ТРАНЗИТТІК МҮМКІНДІКТІ АЙҒАҚТАЙТЫН ЖОБАЛАР

ТРАНЗИТТІК МҮМКІНДІКТІ АЙҒАҚТАЙТЫН ЖОБАЛАР

Үстіміздегі жылдың 13-14 қараша күндері облысымызда ІІ «Байқоңыр» инвестициялық...
ІІ «БАЙҚОҢЫР» ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМЫ

ІІ «БАЙҚОҢЫР» ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМЫ

2013 жылдың 13-14 қарашасы 2013 жылдың 13-14 қарашасында Қызылорда және Байқоңыр...
ИНВЕСТИЦИЯ – ӨЗАРА ӘРІПТЕСТІКТІҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТЕДІ

ИНВЕСТИЦИЯ – ӨЗАРА ӘРІПТЕСТІКТІҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТЕДІ

Соңғы жылдары Сыр өңірінің экономикасында өзіндік ерекшелік байқалады. Экономиканың...
ӨНЕРІНДЕ ҒАРЫШТЫҢ СЫРЛАРЫ БАР

ӨНЕРІНДЕ ҒАРЫШТЫҢ СЫРЛАРЫ БАР

Аймақ басшысы ғарышты қаладан келген меймандар алдында өңірдің...
ҚАЛА КҮНІ МЕРЕКЕСІН БАЙҚОҢЫРЛЫҚТАР БАСТАЙДЫ

ҚАЛА КҮНІ МЕРЕКЕСІН БАЙҚОҢЫРЛЫҚТАР БАСТАЙДЫ

Облыс әкімі қыркүйек айында өткен тұрақтың кеңестің отырысында биылғы қала күні...
БАЙҚОҢЫРДЫҢ БОЛАШАҒЫ

БАЙҚОҢЫРДЫҢ БОЛАШАҒЫ

Елбасы тапсырмасына сәйкес «Байқоңыр» ғарыш кешені «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік...
Пікір: