ҮРЛЕМЕЛІ СУ ТОСПАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ | 14 ноябрь 2013 ж. - 10:52 | Көрудің саны: 900
ҮРЛЕМЕЛІ СУ ТОСПАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫол оңтүстікте су тапшылығын шешеді
Аптаның сейсенбісі күні ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров облысымыздың оңтүстігіндегі аудандарда болып, бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Мәртебелі мейманды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастап жүрді және де ҚР Индустрия және жаңа технология министрлігінің вице-министрі Нұрлан Сауранбаев бірге болды.
Мәртебелі меймандар әуелі Шиелі ауданындағы қарт Қаратаудың  соңғы иініндегі «Баласауысқандық» аталатын қойнауында ванадий өндіруді қолға алып жатқан «Балауса» фирмасының жұмысымен танысудан бастады. Сирек кездесетін металдар қатарында ванадий элементін өндіріп, оны өндіріске пайдалануды қазақстандық ғалымдар көптен зерттеп келе жатқанымен, оған жеме-жемге келгенде тәуекел етушілер сирек. Өйткені, бұл аса күрделі процесс, дайын өнім алынғанша, көптеген қиыншылықтар мен бөгесіндерге тап келуі әбден мүмкін. Оның үстіне, бұл өзі көзжұмбайлықты қаламайтын нәзік ғылым жолы. Алайда өнеркәсіпке ванадий металы керек, оның аз ғана мөлшері, яғни 0,2 пайызын құрышқа араластыру арқылы металдың беріктігін жүздеген есеге арттырып, салмағын бірнеше есеге кемітуге мүмкіндік туады. Міне, осы міндетті «Балауса» фирмасы оның басшысы Андрей Кузнецов қорықпай алып, оны өндіру жолында шама-шарқынша еңбек етіп келеді.
Геологтардың болжауынша, бұл аумақтағы ванадий қоры 800 мың тонна шамасында. Сол жерде жоғарыда өзіміз кереметін әңгімелеген ванадий өндірісіне дайындық жұмыстары 2006 жылдан бері қызу жүргізіліп келеді. Әуелі жер жағдайы зерттелді, өндіріс алаңдары салынды, жабдықтар әкелінді, қондырғылары орналастырылды. Ал өткен жылдан бастап ванадий металын автоклавты тәсіл бойынша өндіру қолға алынды. Жобаның құны 965 млн. теңгеге бағаланғанымен, әлі де көптеген ұйымдастыру жұмыстарының жүргізілуін қажет етеді. Бұл жөнінде жоба және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы Андрей Кузнецов тарқата баяндады. Оның мәлімдеуінше, жоба үш кезеңмен іске асырылуы тиіс. Сол арқылы 2015 жылы мұнда 664 адам еңбек етсе, өндірілген ванадийдің көлемі де арта түседі.  Осы жоба толық жүзеге асқан кезде мұнда ванадийден өзге оған сабақтас өндірілетін өнімдер – ванадий пятиокисі, феррованадий, алюмованадий, молибденді концентрат, көмір қышқылы секілді өндіріс пен тұрмысқа қажетті заттарға керекті шикізаттар да молынан болады. Әзірге, жобада көрсетілген бірінші кезеңнің жұмыстары толық аяқталды. Нақты кезеңде аталмыш өндіріс орнында 80 адам жұмыс істеуде.  Өндіріс орнын мұқият аралап, жалпы жағдаймен танысқан соң жиын өткізіліп, осыған қатысты алдағы міндеттер талқыланды. 
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бұл айтылғандар жоба иесімен инвестордың жоспары екендігін оған үкіметтің күш беру арқылы көрсетілген мерзімді анағұрлым бері жақындату, өнім өндіруді жылдамдатуға мүмкіндік барын атап көрсетті. Жер қойнауын игерудің заңдылықтарына мән беру керектігі де сөз етілді. Сонымен қатар  өндіріс мамандарының өтініш-ұсыныстарына да зейін қойылды. 
«Баласауысқандықтан» соң облыс әкімі  бастаған топ тікұшақпен Жаңақорған ауданын бетке алды. Қорғасын мен мырыш өндіретін Шалқия кеніші сонау Кеңес Одағы кезінен белгілі кен орындарының бірі. Алайда, қаржы тапшылығы, біресе әлемдік дағдарыс салдарынан бойын бір жаза алмай келе жатыр. Сыр өңіріне әкім болып келгелі аймақ басшысы жерасты қазбалары мол кенішті іске қосуға іскерлік байланыстарды орнықтыруға барынша күш салып келеді. Бүгінгі сапарда сол мәселе әңгіме өзегіне айналды. Министр Нұрлан Қаппаров, вице-министр Нұрлан Сауранбаев атақты кеніштің жағдайымен жете танысуды мақсат тұтты. Нақты кезеңде Шалқия кенішіндегі құрал-жабдықтары дұрыс сақталуына қажетті жұмысшы-қызметкерлер ғана еңбек етсе, оның таңы қайта атар күн де алыс емес секілді. Сол кезде мұнда сирек металдарды қорытатын фабрика жұмыс істеуімен қатар, қосымша жұмыс көздері де ашылатын болады деп күтілуде. 
Осы күнгі сапар барысында Жаңақорған ауданы орталығына жақын орналасқан  күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ-U» зауытының қоршаған ортаға әсері туралы да әңгіме етілді. Зауыт басшылығының мәлімдеуінше, қауіпсіздік шаралары барынша сақталып, жұмысшы-қызметкерлерге сақтық шаралары жасалынған. Сондай-ақ, өнім өндірумен бірге, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, олардың әлеуметтік жағдайларына қарасу үнемі назарда екен. Өз жоспарына сай  алдырылған шикізатты пайдалана отырып, тәулігіне 1500 тонна күкірт қышқылын өндіруге тиіс өндіріс ошағы Жаңақорған ауданындағы негізінен уран өндіретін «Байкен-U», «Қызылқұм» ЖШС-ларын және Шиелі ауданындағы №6 кен басқармаларына қызмет жасайды. Жаңақорған ауданына арзан электр қуатын беретіндігі де жамағат тарапынан қолдау тауып келеді. 
ҮРЛЕМЕЛІ СУ ТОСПАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫЖаңақорған ауданы дария сағасына жақын орналасса да, аяқ су тапшылығын көріп келе жатыр. Егістік жерлерінің биікке орналасуынан жаз айларында канал сулары асылып қалады да, көптеген егістік сусыз қалып жүргені жасырын емес. Енді үкіметтің қамқорлығы аясында бұл мәселе шешімін тапты. Жалпы құны 1 млрд. теңге тұратын  Көктөбе елді мекені тұсындағы үрлемелі су тоспасы диқандарға қажетінше су бере алатын мүмкіншілікке ие. Қытай мемлекетінде кеңінен пайдаланылатын бұл тәсіл арқылы су деңгейін қажетті жағдайда ұстауға мүмкіндік мол. Оның осындай пайдалылығымен бірге сақталу мерзімі де ұзақ 15-20 жылға мүлтіксіз шыдас беретін көрінеді. Көктөбе елді мекені тұсында жаңадан салынып жатқан үрлемелі су тоспасы арқылы ауданда 30 мың гектар жер суландырылады. Келесі кезекте осындай тоспа Шиелі ауданында салынатын болады. Құрылысты РМК «Қазсушар» мекемесінің  Қызылорда филиалы жүргізіп, сәтті аяқтап отыр. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған мәртебелі меймандар жаңа тоспаның  ашылу рәсіміне қатысып, өздерінің ізгі ниеттерін білдірді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Жаңақорған ауданы. 


Сондай-ақ... оқыңыз:

ТYСТІ МЕТАЛЛУРГИЯ ТYРЛЕНЕ ТYСЕДІ

ТYСТІ МЕТАЛЛУРГИЯ ТYРЛЕНЕ ТYСЕДІ

Сыр өңірінде қазына қазанына құйылып жатқан қаржы негізінен тау-кен саласынан түсіп...
СУ ҚОРЛАРЫН ТИІМДІ БАСҚАРУ

СУ ҚОРЛАРЫН ТИІМДІ БАСҚАРУ

Кеше Қызылорда қаласында Арал-Сырдария бассейндік кеңесінің кезекті мәжілісі болып...
Жаңа кәсіпорын іске қосылды

Жаңа кәсіпорын іске қосылды

Шиелі. Аудан орталығында күріш ақтайтын шағын зауыт іске қосылды. Бұл өндіріс орнын...
ЕСКІ ШЕЖІРЕ ЗЕРТТЕЛІП, ЖАҢА ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ

ЕСКІ ШЕЖІРЕ ЗЕРТТЕЛІП, ЖАҢА ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ

Аптаның жексенбісі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев іссапармен Жаңақорған ауданын...
ЖЫЛУ ТҰРАҚТЫ БЕРІЛУІ ТИІС

ЖЫЛУ ТҰРАҚТЫ БЕРІЛУІ ТИІС

Санаулы күндерден кейін жылу беру маусымы да басталады. Оған біздің әзірлігіміз...
ГЕОЛОГИЯЛЫҚ  БАРЛАУ – ҚАЗБА  БАЙЛЫҚТЫҢ  КӨЗІ

ГЕОЛОГИЯЛЫҚ БАРЛАУ – ҚАЗБА БАЙЛЫҚТЫҢ КӨЗІ

Кен өндіру саласында барлау-геологиялық жұмыстардың сапалы атқарылуының маңызы аса...
Пікір: