ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ИНВЕСТИЦИЯҒА ӨРІС АШАДЫ

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ  ИНВЕСТИЦИЯҒА  ӨРІС  АШАДЫКеше Қызылордадағы "Бастау” бизнес орталығында ІІ "Байқоңыр” инвестициялық форумы басталды. Форумда өңірдегі металлургия, энергетика салаларын, көлік логистикасын, кен өндіру саласындағы аутсорсингті, құрылыс индустриясы мен балық шаруашылығын өркендетудің, сондай-ақ Байқоңыр қаласын дамытудың мүмкіндіктері таныстырылды. Жиын барысында шетелдік және отандық инвесторлар, жаңа бизнес-әріптестер іздеуге, мемлекеттік органдар өкілдерімен емін-еркін диалогқа кең жол ашылып, аймақтағы кіші және орта кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау, облыстың инвестициялық имиджін көтеру және туризмді дамыту мәселелері сөз болды.
Форумға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров, орталық мемлекеттік органдардың, республикалық, халықаралық ғылыми және бизнес ұйымдар өкілдері қатысты. Пленарлық мәжілістің модераторы  "Эксперт” журналы бас редакторының орынбасары Александр Ивантер болды.
Инвестициялық форумды ашқан облыс басшысы аймақтың ресурстық мүмкіндіктері мен транзиттік потенциалы, минералдық шикізат әлеуеті туралы сөз сөйледі. 
Ұлт көшбасшысы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев инвесторлардың жұмысы үшін қолайлы жағдай жасау мемлекеттік және өңірлік саясаттың маңызды бағыты саналатынын атап өткен болатын. Аймақ басшысы бүгінде Қазақстанның инвестициялық және бизнес ахуалдың көптеген аспектілері бойынша көш бастап келе жатқанына тоқталды. Кәсіпкерлердің пікірінше елімізде бизнестің және кәсіпкерлік инициативалардың дамуына өте қолайлы жағдай жасалған. Әкімгершілік кедергілерді азайту және  интеллектуалды меншікті қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда.
Салық бағытында қолайлы ахуал сақталып отыр. Жалпы, салықтық ставка (пайдадан 0 пайыз) Қазақстанда әлемдегі 183 мемлекеттің ішінде ең төменгі  деңгейде қалып отыр. Ол 29 пайызды құрайды. Ал, Еуропа және Орталық Азия мемлекеттерінде ол 40 пайыздан астам.
– Біздің аймаққа келетін болсақ, – деп атап өтті әкім. – үстіміздегі жылды тұтастай алғанда Қызылорда облысы аймақтық экономикаға тартылған инвестиция өсімінің қарқыны бойынша республика өңірлерінің алдыңғы қатарында келеді. Тиімді инвестицияның іргелік шарты – инфрақұрылым белсенді дамуда.
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ  ИНВЕСТИЦИЯҒА  ӨРІС  АШАДЫӨнеркәсіптің өңдеуші саласының көлемі (үстіміздегі жылдың 9 айы) 15 пайызға өсті. Жұмыссыздықтың жоғары емес деңгейі сақталуда. Аймақ мемлекеттік қазынаға қаржының жоғары түсімін қамтамасыз етуде.
Өңірде өндіруші сектордың үлесі әзірге басым болып қалуда. Сондықтан аймақ экономикасын әртараптандыру маңызды болып табылады. Бұл Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясында айқын көрініс тапқан. 2020 жылға қарай дамытылатын оның негізгі бағыттары Мемлекет басшысына үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Қызылордаға келген сапары кезінде баяндалды.
Аймақ басшысы олардың бірқатарын форумға қатысушылардың назарларына ұсынды.
Бірінші. Мемлекет басшысының келісімі бойынша аймақта металлургия өндірісінің бірқатар салалары құрылатын болады. Облыс аумағындағы ванадий кеніші әлемдегі 5 ірі кеніштердің қатарына енеді. Мамандардың пікірінше, аймақ осы шикізатқа қажетті әлемдік сұраныстың 25 пайызына дейін қамтамасыз ете алады.
Мырыш пен мыстың  қорлары бар. Сол сияқты алтын, молибден, цирконий және титан қорлары да жеткілікті. Кадмий, германий, күміс және селен, темір, фосфарит, цирконий-титан кендері табылды. Шалқия қорғасын-мырыш кен орны еліміздегі ірі кеніштердің бірі.рғасын-мырыш кен орны еліміздегі ірі кеніштердің бірі.
– 2015 жылға қарай облыста Қазақстан уранының едәуір бөлігі өндірілетін болады. Осының барлығы біздің өңірді болашақта кемел келешекке жетелейтін алтын қорымыз болып табылады. Қазіргі таңда біз осы ресурстардың бірқатар бөлігін аймақ экономикасына тарту бағытындағы жұмыстарды бастадық, – деді әкім. 
Мұнан әрі облыс басшысы ванадий өндірісіне тоқталды. Yстіміздегі жылы ванадий кенін қайта өңдеу жұмыстары басталды. Бұл шетелдік баламасы жоқ жаңа технология болып табылады. Сонымен бірге бірінші рет металлургия кешенінде полиметалл минералды шикізатын қалдықсыз өңдеудің күрделі өнеркәсіптік жүйесі жүзеге асырылды.
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ  ИНВЕСТИЦИЯҒА  ӨРІС  АШАДЫФеррованадий, ферромолибден және басқа да электртехникалық өндіріске қажетті арнайы өндірістерді салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге ванадий аккумуляторлар өндірісін ұйымдастыру қолға алынатын болады.
Шалқия кен орнында қуаты 4 млн. тонна полиметалл шикізатын өңдейтін, жоғары технологиялық концентратты мыс пен мырышты, басқа да элементтерді алатын байыту фабрикасы бой көтереді.
Облыс басшысы тау-кен секторын дамыту аралас өндірісті, атап айтқанда, жердің сорлануына қарсы ірі көлемді сорбент-сұйық калий тыңайтқышын өндіретін зауыт, қабырғалық материалдар шығаратын зауыт, сондай-ақ бетон құймалары мен кремний карбидын өндіретін зауыт құруға жол ашатынын атап өтті.
Металлургия кластерін құру мен дамыту концепциясына сәйкес металлургиялық  кластерде минералды-шикізат ресурстарын (мыс, титан, сирек жерасты металдары) өндіріп жатқан және болашақ кеніштерді геологиялық зерттеу және барлауға дейінгі және оны игеру жұмыстары қаралған. Сонымен бірге, қазіргі таңда облыс көлемінде шыны, цемент, құбыр шығаратын зауыттар құрылысын салу және басқа бірқатар жобаларды жүзеге асыру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатқанын назарға салды.
Осы ретте біз өндіріс секторын дамыту «Жасыл экономика» принципіне сәйкес болуы керек. Бұл – экономиканың энергетикалық қолжетімділік, энергия көздерінің баламалы дамуы. Облыс әкімі бұдан басқа күн және жел энергиясын дамытуға мүмкіншілігі мол екеніне тоқталды.
Аймақ басшысы облысты дамытуға ұлттық компаниялардың көмегін пайдаланғалы отырғанымызды айтты. Мысалы, «Самұрық-Қазына» қорын «Шалқия Цинк» жобасына қатыстыру  мүмкіндіктері қарастырылуда. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы теміржол инфрақұрылымын дамыту және теміржол құрылымдарын қажетті өнімдерімен қамтамасыз ететін бірқатар, оның ішінде қосалқы бөлшектер, түрлі детальдар шығаратын өндіріс орындарын құру жөнінде белсенді жұмыстар жүргізілуде. «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясы өңірді дамытуға, әсіресе, уран өндірісі мәселелеріне атсалысқалы отыр. «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі өңірдегі ең ірі индустриалды жобалардың біріне қатысуға шешім қабылдауда.
– Екінші, айтқалы тұрғаным – ол Байқоңыр, – деді аймақ басшысы. – Ғарыш айлағы Жер шарының миллиардтаған халқына жақсы таныс киелі мекен. Мұнда ондаған жылдар бойы болашақтың міндеттері оң шешімін табуда. Осы ретте біз «Роскосмос» федералдық ғарыш агенттігінің басшылығына, Байқоңыр қаласының әкімшілігіне қаланы дамытуға қолдауы үшін ризашылық білдіреміз. Бәріміз бірігіп қаланы индустриалды орталыққа айналдыратын боламыз. Ол үшін барлық жағдай бар деп айта аламын. Бос өндіріс алаңдары – қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ететін керемет инвестициялық алаңдар. Мұнымен бірге энергетикалық қуат көздерінің қоры транспорт инфрақұрылымын (оның ішінде әуежай) дамыту, тұрғын үйлер қоры мен оқу орындары жетерлік.
Байқоңырдың Ресейдің жетекші ғылыми орталығын құруға, индустриалды ғана емес, инновациялық орталығы болуға мүмкіндігі мол. Онда жоғары технологиялық сектор қызметін қалыптастыру үшін барлық жағдай бар. Сондықтан біз ақпараттық-технологиялық және телекоммуникациялық жүйедегі технологиялар мен инвестицияларға ынталымыз.
Облыс әкімі өзара ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды. Әрине, біз Ресейдің жоғары технологиялы компанияларымен ынтымақтастыққа баратындығымызға сенімдіміз. Бұған біртұтас экономикалық кеңістік құру мүмкіндік береді. Оның шеңберінде біздің еліміз кәсіпкерлікті тиімді дамыту үшін барлық жағдайды жасайды.
Бүгінгі форум мүмкіндігі зор инвесторлармен іскерлік келісімдер жасаудың алғы шарты екеніне, сондықтан да келесі жылдың сәуір айында, Ғарышкерлер күнінде Байқоңырда Қазақстан мен Ресейдің бірлескен форумын жоспарлап, оның шеңберінде нақты жобалар бойынша әріптестік кездесулер өткізіп, нақты келісімдерге қол қоюға болатынын атап өтті.
Елбасының тапсырмасына сәйкес қала бүкіл әлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесіне келген қонақтар мен қатысушыларының көріп, тамашалайтын нысанына айналады. Бұл қаланың даму тарихының тағдырын шешіп, уақыт өте келе әлемнің көптеген елдерінен туристер толқынын тартатын орталыққа айналуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұл жерде туристік инфрақұрылымдарды, яғни қонақ үйлер мен ойын-сауық орталықтарын және ұшырылымды бақылауға арналған көру алаңдарын салу секілді көптеген жұмыстарды жүзеге асыру керектігіне тоқталды.
Сондықтан да біз ресейлік әріптестерімізбен бірге әріптестік жағдайда туризм саласы жөніндегі ұсыныстарды қарауға дайынбыз. Оның үстіне Қызылорда жері мәдени мұраға өте бай.
Бұл жерде түркі елдерінің дамуындағы рухани бабасы, абыз Қорқыт ата жатыр. Бүгінде бұл жер сол бабамызға құрмет көрсететін орталыққа айналып, түркі мәдениеті зерттелу үстінде.
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ  ИНВЕСТИЦИЯҒА  ӨРІС  АШАДЫСондай-ақ, осы Сыр жерінде  Шірік-Рабаттың бұрынғы резиденциясы, оғыздардың астанасы Жанкент, ұлы қыпшақ империясының астанасы Сығанақ бар. Ал, 1817 жылы негізі қаланған Қызылорда қаласы 1925 жылы Қазақ ССР-нің алғашқы астанасы  болды. Оның барлығы біздің өңірдің туристік мүмкіндігі зор екенін айғақтайды.
– Экономикалық өсімді анықтап, экономикалық тиімділікті арттыратын негіздердің бірі ол инфрақұрылымдардағы шектеулерді алып тастау. Бұл үшінші мәселе, сондықтан да мен оған ерекше тоқталып өткім келеді, – деді облыс басшысы өз сөзінде.
Аймақтың транзиттік мүмкіндігі айтарлықтай, облыс аумағынан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралінің ең ұзын бөлігі өтеді. Оның ұзындығы 800 шақырымнан астам. Бүгінде облыс аумағынан салынып жатқан автобан құрылысы бітуге жақын. Сондықтан да инвесторлармен бірге жол бойында инфрақұрылымдарды салу мәселесін анықтап алуымыз қажеттігін айтты.
Бұл жерде Қызылорда облысының 85 пайыз елді мекендері халықаралық көлік дәлізінің бойына орналасқанын ескеру керек.
«Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол желісі Еуропа елдері мен Парсы бұғазы бағытына тауарларды экспорттауға мүмкіндік береді. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2020 жылға дейін аймаққа 2 млрд. доллар шамасында қаржы салуды жоспарлап отыр.
Аймақтың әуе кеңістігі арқылы көптеген әуе жолдары өтеді. Қызылорда қаласының әуежайы қазірдің өзінде ірі салмақтағы әуе кемелерін қабылдай алады. Ал келер жылдан бастап қазіргі заман талабына сай халықаралық терминал салу жоспарлануда.
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының құрылысы тек қана облысты ғана газдандырып қоймайды, сонымен қатар экономиканы дамытуға қосымша серпін береді.
Таяу жылдары инфрақұрылымдық бағыттарға инвестиция тартуды арттыру көзделіп отыр. Оның үстіне мемлекет жеке инвесторлардың тәуекелділігін бөлісуге әзір. Сондай-ақ, концессия механизмі мен мемлекет пен жекенің әріптестігі үлгісіндегі басқа да жолдар қолданылуы мүмкін екенін атап өтті аймақ басшысы.
Облыс әкімі төртіншіден Ауыл шаруашылығы  секторы дамудың жақсы мүмкіндігіне ие екеніне тоқталды. Елімізде өндірілетін 90 пайыз күріш бізде егіледі. Мысал ретінде айтар болсақ, тек қана үш ауданда өндірілетін күріш барлық Қазақстанның сұранысын толық қамтамасыз ете алады. Тұтастай алғанда облыс жыл сайын 285 мың тонна күріш өндіреді.
Биыл «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Ы.Жақаев атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу институты басшыларының қатысуымен күріш кластерін құру жөніндегі жұмыстарды басталды.
Жоспарда күріш шикізатын өңдеуге жаңа технологиялар енгізу мен саланы қазіргі заманғы логистика және экспортпен қамтамасыз ету де бар. Ет бағытындағы мал шаруашылығы мен балық шаруашылығын дамыту да жалғастырылуда, – деді әкім.
Жазда құрылған балық Консорциумы өз жұмысын бастады. Еуропалық стандартты иеленген балық өңдеу зауыттары қазір өз өнімдерін экспортқа табысты шығаруда. 
– Экономиканы дамытуға байланысты (бұл соңғысы) ажырамастай тағы бір тақырып бар – ол адам капиталындағы инвестиция. Бұрынғы көне, уақыты өткен және төмен төлемдегі жұмыс орындарының орнына біздің адамдарға жоғары жалақылы және болашағы бар жұмыстар беруіміз қажет. Бұны ең алдымен қазіргі заманғы салаларда, шикізаттық емес өндірістегі орта және кіші бизнестен ұсынуымыз қажет, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Облыс әкімі экономика мен еңбек рыногындағы алдағы құрылымдық өзгерістерге уақыт өткізбей шешім қабылдау қажеттігіне тоқталды. Қазірдің өзінде техникалық мамандардың тапшылығы сезілуде. Бұл мәселеге жауап ретінде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясымен бірлесіп уран өнеркәсібі  үшін мамандар дайындайтын колледж құруды жоспарлауда. 
– Тренингтік орталықта мұнай-газ саласы үшін білікті жұмысшы кадрларын дайындайтын болсақ, сондай-ақ колледж құру арқылы жаңадан пайда болған металлургия саласына мамандар даярлаймыз. Біз ынтымақтастыққа мүдделі барлық тараптарды бірлесіп, тиімді жұмыс істеуге шақырамыз. Біз отандық және шетелдік инвесторлардың  кез келген дәйекті ұсыныстарын қолдаймыз, – деп қорытындылады сөзін облыс әкімі. 
Форумда ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров "Жасыл” экономика тұжырымдамасы, оны іске асырудағы негізгі бағыттар туралы сөз сөйледі. Ауаның ластануын азайту, су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру, энергия тиімділігін және энергия үнемдеуді арттыруға бағытталған іс-шараларға тоқталды. Еліміздің табиғатын жақсартатын экономиканың жаңа салаларының пайда болуынан, табиғатқа көмектесуге және пайда келтіруге бағытталған жаңа технологиялардың қолданысқа енуінен үлкен игіліктер күтуге болады. «Жасыл» экономиканың негізгі ұстанымы – сарқылуға айналған ресурстарды үнемді тұтынуды және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануды көздейді. 
Сонымен бірге басқосуда Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі  Нұрлан Сауранбаев, Корея Республикасының елшісі Пэк Чу Хён, «KAZNEX ІNVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ аймақтық әріптестік жөніндегі басқарушы директоры Нұрболат Сейтмағамбетов, тағы да басқа қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Федералдық Космос агенттігі Байқоңыр ғарыш айлағындағы басқарма басшысы Анатолий Белоконь ғарыш қақпасындағы қаланы дамытудың уақыт талабына жауап беретін заманауи бағыттары туралы айтып өтті.  "Байқоңыр” брендін бүкіл әлем әлдеқашан мойындаған. Агенттік өкілі әйгілі брендтің мүмкіндігі пайдаланылмайтынына тоқталды. Сондықтан кешенді бірігіп пайдалану жөніндегі жол картасында осы мәселеге баса көңіл бөлінген. 
Өзінің жарты ғасырдан астам тарихында ғарыш қақпасындағы қала туристерді тартатын мәдени мұралармен толықты. Қалаға туристерді әкелу үшін теміржол, әуежай, автокөлік жолы бар. Айлақтағы ғарыш мұражайында адамзаттың аспан көгіне жасаған сапарлары туралы егжей-тегжейлі мағлұматтар алуға болады. 
Форумда инновациялық жобаларды жүзеге асыратын кәсіби мамандар дайындау туралы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті тау-кен институтының директоры Қанат Рысбеков өз пікірін жеткізді. Біздің облыста кадр тапшылығы сезілген салаларға  маман дайындау жолға қойылған. Арнайы гранттар бөлу арқылы мамандарды оқыту одан әрі жалғаса бермек. Институт директоры алдағы оқу жылында оқу бітіретін түлектерге арнап Қазақ ұлттық техникалық университетінің гранттарын ұсынды.     
Пленарлық мәжіліс барысында Қызылорда облысы әкімдігі мен инвесторлар арасында өзара ынтымақтастық жөнінде бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Бүгін форумға қатысушылар жұмыстарын Байқоңыр қаласында жалғастыратын болады.
«Сыр бойының» тілшілер тобы.
ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ПІКІРЛЕРІ
Владимир Новак, «Шмерал Брно» АҚ бас директоры:
– Қызылорда облысы инвесторлар үшін үлкен қызығушылық танытуда. Аймақтың экономикалық, қоғамдық-саяси, қаржы жағдайы және экономикаға салынатын инвестициялар үшін мүмкіндігі зор.
Біздің компания 1861 жылдан бері жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде небір ауыртпалықтарды бастан кешіргенімізге қарамастан компанияның тұрақтылығын сақтап қалдық. Компания автокөліктер мен ауыл шаруашылығы және авиация өнеркәсібіне, сондай-ақ жалпыға бірдей пайдаланылатын ұсталық-престік қондырғыларды жеткізеді. Металлургиялық кластерді дамытуға бет бұрған аймақтағы әріптестерімізбен қызметтес болуға біз әрдайым әзірміз. Біздің өніміміз оларды қызықтырады деп ойлаймын. Оған дәлел ондаған жылдар ішінде біз көптеген елдердің өнеркәсібін жаңғыртуға және құрылыс салаларына атсалыстық. Біздің өніміміз әлемнің елуден астам еліне тараған. Сондықтан да біз сіздердің аймақтарыңызға қауіпсіз техникаларды жеткізіп, сенімді әріптес болуға дайынбыз.  Бұл қазақстандық компаниялармен инновациялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Сергей Соловьев, «Marsіpulamі Servіces Sarl» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі:
– Баршаға белгілі инвесторлар өз қаржысын саяси және әлеуметтік жағдайы тұрақты аймақтарға салады. Сіздердің облыстарыңызға шетелдің ірі инвесторлары мен бизнесмендерінің келуі аймақтың инвестициялық тартымдылығын білдіреді.  Қызылордалық кәсіпкерлер осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, өзара әріптестік байланыс орнатып қалуға тырысуы қажет.
Біздің компания облыс басшылығына автокөлік жолдары құрылысына жаңа технологияларды енгізудің бизнес құрылымдарын ұсынады. Бұл жол құрылысындағы инновациялық өнімдер кез келген жерде әрі шығынды азайта отырып жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондықтан да біздер облыстың жол-құрылыс компанияларымен әріптестік қатынас орнатқымыз келеді. Сол арқылы тәжірибемізбен бөлісіп, жергілікті техникаларды және кәсіби мамандарды тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қоссақ дейміз. Біздің инновациялық жобаларымыздың маңыздылығы сол, ол логистикалық мәселелерді тез арада шешіп, автокөлік жолдарын қысқа мерзімде салуға дағдыланған. Сіздердің облыстарыңызда  пилоттық жобаны жүзеге асырып, жаңа технологиялардың экономикалық және экологиялық тұрғыдан тиімді жұмыс істейтінін көрсетсек дейміз.
Александр Федоров, Мәскеу болат және қорыту институты Ұлттық зерттеу-технологиялық университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты:
– Облыста жаңадан қалыптаса бастаған металлургия саласы біздің үлкен қызығушылығымызды туғызып отыр. Университет салаға маман кадрлар дайындауға дайын. Металлургияда біздің үлкен тәжірибеміз бар. Әсіресе, ванадий өндірісі қазіргі таңда әлемде үлкен сұранысқа ие болуда. Сіздермен бірлесіп одан әрі өңдеу жұмыстарын қолға алуға болады. 2000 жылдары біз Қытай елінде осы бағытта бірқатар жұмыстар атқардық. Ванадийді өндіру бағытында бірнеше кәсіпорын ашу көзделіп отыр екен. Сондықтан бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, қолддау көрсетуге әр кез дайынбыз. Негізгі мақсат металлургия саласын жан-жақты дамытқанда ғана тиімді нәтижеге қол жететінін тәжірибе көрсетіп жүр.
Арғынғазы Бекмұрзаев, «Water LAB KZ» ЖШС-ның бас директоры:
– Бүгінгі бизнес-форум аймаққа көптеген жаңа инвесторлардың келуіне ықпал ететін болады. Біздің компания  елді мекендерге, өнеркәсіп кәсіпорындарына су тазалағыш жүйелерді дайындаумен және жеткізумен айналысады. Осы аймақта компанияның қатысуымен мембрандық қондырғыларды шығару зауытының құрылысы жүргізіледі. Бүгінде Қызылорданың индустриялық аймағынан орын да белгіленіп қойылды. Мұндай жобаны Жаңақорған ауданында да жүзеге асырамыз. Атап өтетіні, мембрандық технология суды ластағыш элементтерден тікелей тазартады. Ол Ресей ғалымдарының қатысуымен дайындалған. Тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету жобаның негізгі ерекшелігі деп білемін.
МЕТАЛЛУРГИЯ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТУҒЫЗДЫ
ІІ «Байқоңыр» инвестициялық форумы аясында «Бастау» бизнес орталығында «Металлургиялық кластердің даму перспективалары» тақырыбында секциялық отырыс болды. Секция жұмысын облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев жүргізді. 
Форум жұмысына арнайы келген ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, геология және жерқойнауы комитеті төрағасының орынбасары Ақбатыр Надырбаев облысымыздағы металлургия кластерін дамыту жөніндегі идеяны іс жүзіне асыру үшін жер қойнауындағы кен байлығын игеру мәселесін шешу керектігін баса айтты.  «Ол үшін осы өңірде орналасқан кен орындарының қорын зерттеп, оның технологиясын шешіп, өндіруге жарайды деген қорытындыға келіп өндіріске беру керек. Сондықтан зерттеліп кеткен сапасы бойынша өндіріске жарамай тұрған технологияның жоқтығына байланысты тұрып қалған кен орындарын өндіріске енгізу мәселесін қайта дамыту қажет. Бұл, әрине, мемлекеттік қаржыға ғана емес, басқа да жерқойнауын пайдаланушылардың қаражатын бөлу мәселесін жандандыруды талап етеді. Ол үшін Үкіметтің геологиялық барлау жұмыстарын дамыту үшін жеңілдіктер жасау қажеттігі туындап отыр. Оны «Жер қойнауын пайдалану «Заңына енгізу керек»,–деді комитет төрағасының орынбасары. 
Жалпы, облыстағы металлургия саласының инвестиция салуға мүмкіндігі мол. Оған өңірдің экономикалық әлеуеті мен табиғи қорлары да жеткілікті. Мәселен, аймақта мұнай, уран, тұз, полиметалл кенімен бірге, минералдық шикізаттардың ресурстары бар. Облыс аумағында жалпы қазақстандық қордағы мырыштың теңгерімдік қорының 15,1, қорғасынның 9,6, уранның 13,7, мұнай және конденсаттың 4,7, жерасты сулар 3,5 пайызы шоғырланған. Өңірдің ең пайдалы кен қазбалары көмірсутек шикізаты, уран, ванадий, ас тұзы болып табылады. Саз кірпіші, карамзин шикізаты, құмды қиыршық тасты материалдар құрылысқа және силикат өнімдеріне қажет. Бүгінде облыс халқының төрттен бірі осы өнеркәсіп саласында жұмыс істейді.  Сонымен бірге,  «Бала сауысқандық» және «Құрымсақ» кен орындары дүниежүзіндегі 5 үлкен ванадий кен орындарының қатарында екенін айту керек. 
Биылғы жылдың 9 айында инвестиция көлемі 220,3 млрд. теңгені құрады. Ал өткен жылдың осы кезеңінде  бұл 117 млрд. теңге көлемінде болды. 2013-2018 жылдар ішінде 62 млрд. теңге көлеміндегі 5 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Олар: Құрама жем зауытының, цемент, шыны табақшасын шығару, ірі торапты электр батырмалы қондырғыларды жинақтау зауытының құрылысы және «Бала сауысқандық» кен орнында қара тақта тасты автоклавты өңдеу зауытының құрылысы. 
Секция жұмысында сөз алған «Мәскеу болат және қорыту институты» Ұлттық зерттеу технологиялық университетінің профессоры, т.ғ.к. Александр Федоров бұл салада өздерінің мол тәжірибесі барын және алдағы уақытта өңірге қажетті мамандарды оқытуға дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, тау-маталлургиясы кешені «Ferrum-Vtor» ЖШС-ның атқарушы директоры Төлеген Бекбауов, «Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі төрағасының орынбасары Ләззат Мылтықбаева баяндама жасады. 
Соңында облыс әкімдігі мен «Сырдария авто», «ELІT Astana group», «Global Alatau Group» ЖШС-мен бірге «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралінің бойындағы  инфрақұрылым жүйесінде құрылыс нысандарын жүргізу туралы, сонымен бірге «Евразия» Банкімен өңір халқының әлеуетін арттырумен жалпы экономикасын дамыту мақсатында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
ТРАНЗИТТІК МҮМКІНДІКТЕР ТИІМДІ ҚАРЖЫ ТАРТАДЫ
Аймақта өтіп жатқан ІІ «Байқоңыр» инвестициялық форумы аясында «Бастау» бизнес орталығында секциялық жұмыстарға кезек берілді. Екінші секциялық жұмыс «Өңірдің транзиттік мүмкіндіктері дамуға жол ашады» тақырыбында өтті.  
Секция жұмысы барысында еліміздің, оның ішінде аймақтың транспорттық инфрақұрылымының жетістіктері мен проблемалары, саланы дамытудың мүмкіндіктері қарастырылды. Бірқатар баяндамалар жасалды. Мәселен, «Транспорттық логистиканы дамытудың ұлттық орталығы» АҚ инвестиция департаментінің директоры Жәнібек Нұрсеитов «Қазақстанның логистикалық мүмкіндіктерінің стратегиясы» тақырыбындағы баяндамасында аталған компанияның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінде компания транспорттық логистика кешенін дамыту мен жаңалау бағытында ауқымды жобаны жүзеге асыруда.  Ол бойынша ең бірінші жұмыс жаңа темір жол құрылысын жүргізу болып табылады. 2014 жылға жалпы аумағы 2500 шақырымды құрайтын жаңа теміржол жүйесін пайдалануға беру жоспарлануда. Үш жылдан бері жеке секторды қатыстыра отырып А және В класы бойынша отандық транспорттық-логистикалық жүйені қалыптастыру көзделуде. Қызылорда өңірінде аталған кластар бойынша қоймалар тапшылығы байқалуда. Бүгінгі таңдағы қажеттілік 6 мың шаршы метрді құрап отыр. Сондай-ақ, облыста жеке терминалдар жоқтың қасы. Осыған орай аталған компания құрылыс жүргізуге Белкөл станциясынан жер телімін алып отырған көрінеді. Қазіргі уақытта баяндамашының айтуынша, жобаға қатысты жұмыстардың біршамасы аяқталған.  Өз кезегінде сөз алған «Turkuaz Іnvest» ЖШС директорының орынбасары Нұрлан Досев Қызылорда қаласындағы әуежай жолаушылар терминалы құрылысының жобасы жайында әңгімеледі. Баяндамашы біздің әуежайдың болашағы зор екенін атап айтты. Олардың болжамы бойынша облыста 2020 жылға қарай жолаушылар легі 723570 адамды құрайтын көрінеді. Яғни, 2010 жылмен салыстырғанда жеті есеге артпақ. Бұл орайда жүктасымалы да еселене түспек.  
«Қызылорда облысында жол бойындағы сервистік нысандар құрылысының ерекшеліктері» жөнінде баяндаған  «ELІT Astana grop» ЖШС менеджері Жанар Баянова жол бойы инфрақұрылымын дамыту бағытындағы өз жобасымен таныстырды.  Қызылорда облысында олардың компаниясы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралі бойынан үш учаскеде жұмыс жасамақшы.  Олар жол бойына салынатын қызмет көрсету нысандарын ұлттық нақышта, қазақи болмыста  және жергілікті жердің ерекшеліктеріне сай етіп салуды жоспарлауда. 
 «Қазақстандағы теміржол саласын дамытудың жоспарлары» бойынша баяндама жасаған ҚР Транспорт және коммуникация министрлігінің транспорт және теміржол комитеті басқармасының басшысы Ернар Мәулетханов «Жезқазған- Бейнеу» теміржол құрылысы, Арал ауданына қарасты Сексеуіл станциясының өркендеуі, ол арқылы өтетін жүк тасымалының ұлғаюы, жалпы, теміржол саласын дамыту бағытында жан-жақты әңгімеледі. 
Секциялық жұмыс соңында сұрақтар қойылып, ой-пікірлер ортаға салынды.  Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев екі меморандумға қол қойды. Оның алғашқысы, америкалық «Мэдисон интернейшнл компаниясымен электр сақтайтын жарық диодты шамдар өндіретін зауыт құрылысын салу бойынша, екіншісі «Меррис Ассет Менеджмент» компаниясымен тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын жаңғырту мен қайта қалпына келтіру жобасын жүзеге асыру бойынша екіжақты әріптестік байланыс орнату болып табылады.
Айнұр БАТТАЛОВА.  
АУҚЫМЫ  КЕҢ  АУЫЛ  ШАРУАШЫЛЫҒЫ
«Байқоңыр» инвестициялық форумы аясында өткен күріш және ет-мал шаруашылығы секциялық отырысында орталық мемлекеттік органдардың, республикалық және халықаралық ғылыми және бизнес-ұйымдардың өкілдері баяндама жасады.
 «ҚазАгроӨнім» АҚ өкілі Әнес Баққожаев «Ет және мал шаруашылығының дамуы мен келешегі» жайлы баяндамасында бордақы ет өнімдерінің экспортқа шығуы жайлы жағымды жаңалығымен бөлісті. Атап айтсақ, Орал, Семей, Ақтөбе облыстарының ет бағытындағы мал шаруашылықтары көршілес Ресейге өз өнімдерін шығарып жатыр. «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамымен екі жақты сауда-саттық мәмілеге отырған олар тиімді бағамен ет өнімдерін ұдайы түрде сыртқа шығармақшы. Сондай-ақ, Әнес Ахатұлының айтуынша, мал терісі мен жүнін де пайдаға жаратып экспортқа шығару мақсатында Иран мемлекетімен келісімге келген. Мал шаруашылығымен айналысатын жеке қожалықтарды бірігіп жұмыс істеуге шақырған ол шаруаларға ешқандай кедергі болмайтынын жеткізді.
«Оңтүстік-Батыс ғылыми-зерттеу институты» директорының орынбасары Нұридин Әлібаев ет бағытындағы шаруашылықтарда кездесетін кедергілер мен оны шешу жолдарына қатысты өз ұстанымын айтып өтті. Сондай-ақ институт зертханасында күрделі шағыстыру нәтижесінде пайда болған жаңа елтірілі-етті «Ордабасы» қой тұқымымен таныстырды. Қазақы еділбай қойы мен шетелдік гиссар қошқарынан пайда болған төл, табиғаты аса қытымыр, жайсыз келетін өлкеге де шыдамды келеді екен. Сыр өңірінің табиғатына қолайлы «қалмық», «ақбас» сиырлары мен «күшім» тұқымды жылқы да ет, сүт бағытына келе беретін мал тұқымдары болып есептеледі. Ал, «ангус» қой тұқымының Сыр табиғатына бейімсіз келетінін айтып өтті.
Сондай-ақ, «Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты» директоры Серікбай Өмірзақов қолданыстағы күріш сорттары мен жаңа буданды тұқымдардың ерекшеліктерімен таныстырып өтсе, «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиал директоры Сәкен Әбенов облыс көлемінде беріліп жатқан қаржы жобаларымен таныстырып, шаруа қожалықтарына тиімді ұсыныспен берілетін несиені алуға шақырды. 
Отырыста күріш саласы мен мал шаруашылығы мамандары, ғалымдары өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Шара соныңда екі жақты келесім негізінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ мен «Байқоңыр «АгроХолдингі»» серіктестігі 2 млрд. 300 мың теңге қаржыға меморандумға отырды. «СП АзовАралАгроМаш» ЖШС және «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы ауылшаруашылық техникасын жергілікті жерде құрастыру мақсатында келісім-шартқа қол қойды.   
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 14 қараша 2013 г. 23 231 0