ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТӨЛ ТЕҢГЕСІ

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ | 14 ноябрь 2013 ж. - 11:02 | Көрудің саны: 2 514
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТӨЛ ТЕҢГЕСІОсыдан 20 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бетбұрыс кезең басталып, төл валюта – теңге айналымға енді. Бүгінде еліміздің экономикалық және қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізген күні қаржыгерлер мерекесі ретінде жыл сайын атап өтіледі.
Сол 1993 жылғы қарашаның 12-сі күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы” Жарлығы шықты. Жарлықта 1993 жылдың 15 қарашасы сағат 8.00-ден бастап ұлттық валюта – теңгенің айналысқа енгізілетіні, 18 қарашадан бастап теңгенің бірден-бір төлем құралына айналатыны нақтыланған.  
Кеңестік сомды көрмеген тұтас буын өсіп жетілген тұста теңгемен таныстығымыз жайында аз-кем айтқанның артықтығы жоқ шығар. Ақшаның қайдан келетінін, қандай бейнетпен табылатынын ұға қоймайтын бала кезіміз. Азанғылық алғашқы сабаққа келген Үсен ағай балалардың бәрін үйді-үйлеріне жұмсады. "Әке-шешелеріңе айтыңдар, ақша ауысқалы жатыр, қолдағы сомдарын теңгеге ауыстырып алмаса, кейін іске жарамсыз болып қалады” деді. Содан есімізде қалғаны, бұрынғы 500 сомның 1 теңге болғаны, алғаш рет  қолға қағаз тиындар ұстағанымыз. Ұстаздарымыз жаңа ақша атауының "теңге” болғанын, ондағы жазулардың қазақ тілінде жазылғанын, Сүйінбай, Абай, Шоқан бейнелерінің өрнектелгенін, мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы екенін түсіндірді.         
Тарихшылардың пайымдауынша, ақша ежелгі Қазақстанның аумағында мыңдаған жылдар бұрын пайда болған. Көне қорғандар мен қалалардың орнын қазған археологтар олжаларының арасында түрлі тиындардың табылуы ақша тарихын тым әріге тартады. Орта ғасырларда Сырдария мен Отырарды, Жетісуды мекен еткен тайпалар өз теңгелерін шығарған. Фараб пен Испиджапта, сол маңдағы басқа да шаһарларда монета сарайлары жұмыс істеген. Ұлы Жібек жолына орналасқан қалаларда сауда-саттық өркендегендіктен, ақшаны айналымға енгізу өмірлік қажеттіліктен туындаған. Ерте замандағы ақшалар көркемдігі жағынан көзтартарлық болмағанымен, сауда ісін жолға қоюда, халықтың басын біріктіруде үлкен міндет атқарды.
Кеңес Одағы өз тарихында 4 рет ақша реформасын бастан өткерді. Алғашқы 1922-1924 жылдардағы ақша реформасы елде екі валютаның қосарлы айналысын қалыптастырды. Бұл экономикалық жағдайға кері әсер еткені белгілі. Жалақы червонец түрінде есептелгенімен кеңестік ақшамен берілді. Шаруалар өздерінің өнімдерін құнсыз кеңестік ақшаға сатқылары келмеді. Кеңестік ақша бірліктерінің құнсыздану қарқыны асқан жылдамдықпен жүрді. Осы кезеңдегі ақша реформасының теоретигі Сокольниковтің жетекшілігімен қаржы-несие жүйесі қалпына келтірілді. 
Екінші ақша реформасы 1947 жылы  жүзеге асты. Бұл Ұлы Отан соғысы жылдары-ақ жоспарланған болатын.  Бірақ сол кездегі халықтың ауыр тұрмыс жағдайы оған мүмкіндік бермеді. Сол 1947 жылы барлық азық-түлік және өнеркәсіп тауарларынан карточкалық жүйе алынып тасталды. Ақша ауысқанымен, реформаға дейінгі  ақша айналысының құрылымы сақталды.
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТӨЛ ТЕҢГЕСІҮшінші реформа 1961 жылы жүргізіліп, оның себебі "ақша айналымын жеңілдету” деп түсіндірілді. Расында, бұдан соң өзара есеп айырысулар әжептәуір оңтайланды. Тіпті банкноттар форматының кішіреюі есебінен оларды басып шығару шығындары азайды.
Кеңес Одағындағы соңғы ақша реформасы 1991 жылы жүргізілді. Бұл өзгерісті "ақша тәркілеу реформасы” деп те атап жүр. КСРО тауар нарығындағы тапшылықты ішінара жою үшін  жасалған реформа мыңдаған адамның жылдар бойы жинаған қаражатын тиынға айналдырып кетті. Қазір кейбір экономистер бұл өзгеріске "КСРО-ның табытына шеге қақты” деп баға беріпті.
Кеңес Одағы экономикалық дағдарыстың шегінде тұрған кезде тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан рубль аймағында қала берді. Республикалар егемендігін жариялаған соң біртіндеп өз ұлттық валюталарын енгізе бастады. Қазақстан және тағы бірқатар елдер рубль аймағын қалпына келтіруге ұмтылды. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Саяси дербестігін алған елдердің қаржылық жүйені бұрынғысынша сақтап қалуы мүмкін еместігі аңғарылды. Күллі Одаққа ортақ болған рубль әмиянға сыймайтын қағазға айналды. Жұртшылық оны «сабан ақша» деп атады. Осы жағдайлар еліміздің төл ақшасы – теңгені енгізуге түрткі болған еді. Ұлттық валютаның атауына қатысты «сом», «ақша», «теңге» деген нұсқалардың арасынан  халқымыздың  тарихы мен табиғатына аса жақын «теңге» аталымы таңдалды.
Сол кездердің естеліктерін баян ететін бірнеше кітаптар мен мақалаларға көз жүгірткенде ұққанымыз, рубльдік аймақтан шыққан кезде оның орнын алмастыратын ұлттық валютаның дайындалуы аса жасырын, мемлекеттік құпия жағдайда жүзеге асыпты. Жаңа ақшаны басуды 4 ғасыр бойы пошта маркалары мен банкноттар шығарумен айналысып келе жатқан ағылшынның «Хариссон және оның ұлдары» фирмасы қолға алды. Суретшілер Темір Сүлейменов, Хайролла Ғабжәлелов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов бір жарым айдың ішінде ақшаның нұсқаларын, тарихи тұлғалардың суреттері салынған үлгілерді әзір етті. Салыстыру үшін айтсақ, ағылшын фунтының суретін салу үшін 6 жыл уақыт кеткен. Ал біздің валюта зымырандық жылдамдықпен жасалды. 
Айналасы аз уақытта 1,3,5,10,20,50,100 теңгелік банкноттар дайын болды. Ең алғашқы теңгеде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылайхан бейнесі салынған. Бүгінде теңгенің түр-түсі, келбеті, бастапқы қалпы бірнеше мәрте өзгергенмен, төл ақшамыз елдің экономикалық тірегіне айналды. Теңге тәуелсіздікпен қатар нығайды, қадамын нықтады. 
Ал алғашқы теңгені басып шығарған "Хариссон және оның ұлдары” компаниясы Ұлыбритания патшайымының Алтын белгісімен марапатталып, Британия корольдігінің «Ең үздік экспорттық өнімі»  аталды. Халықаралық банкноттар бірлестігі екі жыл бойы біздің төл теңгені «Жыл банкноты» деп жариялады. 5 000 теңгелік ақша өткен жылы әлемде шығарылған жүз банкноттың арасындағы дизайны, шығармашылығы, техникалық орындалуы және деңгейі жағынан озығы деп танылған.  Сондай-ақ теңге қорғанысы жағынан да мықты банкноттар қатарынан орын алды. 
Арада біршама уақыт өткенде теңге өз еліміздегі банкнот фабрикасында шығатын болды. Банкноттарды шетелде басып шығару экономикалық жағынан тиімсіз деп есептелді. Бүгінде алдын ала дайындықтар, тікелей басып шығару жұмысынан бастап дайын банкноттарды қаттауға дейінгі өндіріс осы Банкнот фабрикасында іске асырылады. 
Қазіргі қолданыста жүрген 200, 500, 1000, 5000, 10000 теңгелік қағаз ақшалар мен 1,2,5,10,20,50,100 теңгелік тиындар барша қазақстандықтардың дербес тіршілігінің айғағы болып отыр. Осы уақыт аралығында төл теңге түрлі қаржы дағдарыстарына төтеп бері келеді. Құнсыздануы жасанды түрде тежеліп келген теңге бағамы 1999 жылы еркіне жіберілді. 1 АҚШ долларының құны сол уақыттағы 67-70 теңгеден 200 теңгеге дейін барған еді. Дегенмен, құнсыздану ұзаққа бармады, аз уақытта доллар құны қайта тұрақтады. Сол уақыттан бері теңгенің бағамын нарық реттеп келеді. Қазақстанның төл валютасы тек төлем құралы ғана емес, басқа валюталарға шексіз айырбасталады. 
Әрбір мемлекеттің ұлттық валютасы Елтаңба мен Туы сияқты сол мемлекеттің бет-бейнесін көрсетіп, мәртебесін танытатын ең басты құралы, ең басты рәмізі. Тәуелсіздікпен бірге қадам басып, төрге озған төл теңгеміз халқымыздың берекелі тірлігінің, игілігінің кепілі болып қала бермек. 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
ЕРКІНДІКТІҢ ЕРКІН ВАЛЮТАСЫ
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТӨЛ ТЕҢГЕСІҚазақстан өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын бүкілхалықтық мереке ретінде салтанатты түрде атап өтті. Енді, міне, төл теңгеміздің айналымға енгізілгеніне – 20 жыл! Бұл екі мереке бір-бірінен ажырағысыз, сабақтас ұғымдар. 
Уақытпен бірге еліміз жаңарып, жасара түсті. Қазақстан халқы Елбасының дәйекті, салиқалы саясатының нәтижесінде қиын асуларды еңсерді. Еліміз әлемнің өркениет көшіне ілесті. Ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көлемі жөнінен Қазақстан тәуелсіздік жылдары әлемде бірде-бір мемлекет бұрын-соңды игеріп көрмеген асуларды еңсерді. Халықтың тұрмыс деңгейі еселеп өсті. 
Ұлттық банк әрбір мемлекеттің қаржы-несие саясатын жүргізетін басты қаржы институты болып табылады.  Сол себептен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында бүгінгі қол жеткізілген жетістіктерімізде біз өзіміздің де үлесіміз бар екенін жақсы сезінеміз және оны мақтаныш етеміз.
Бүгінгі жетістіктерге жету үшін Қазақстан сан күрделі соқпақтардан өтті. Әлемді шарпыған бірнеше дағдарыс салқыны ілгері басқан қадамымызға кедергі келтірді. Еліміз үшін 2008 жылы басталған созылмалы сырқат экономикалық өсімді тежеудің алғышарттарын қалыптастырды. Бірақ, осынау қиын-қыстау кезеңде Елбасы көрегендік шешім қабылдады. Мемлекет басшысының тікелей басшылығымен сындарлы, салиқалы, дәйекті іс-қимыл бағдарламасы қабылданып, ол сәтті жүзеге асырылды. Сөйтіп, Нұрсұлтан Әбішұлының өзінің тікелей басшылығымен құрылған ұлттық қордың қаржысы материалдық игілік өндірушілерге, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын және басқа салаларды қолдауға жұмсалды. Елбасының қолдауымен еліміздің екінші дәрежелі банктері үлкен қаржылық көмек алды. Елбасының басшылығымен жасалған және тиімді жүзеге асырылған осы бағдарламада Ұлттық банкке де келелі міндеттер жүктелген болатын. Ұлттық банк бұл міндет үдесінен абыроймен шықты. Осының барлығы  тұтастай алғанда Қазақстанды әлем экономикасын тығырыққа тіреген дағдарыстан сүрінбей алып шығуға негіз қалады.
Әлем жұртшылығы қазірдің өзінде сол дағдарыстың шылауынан әлі арыла алмай келеді. Еуропа елдерінде экономика тоқырауға ұшырады. Ал, Қазақстан өркениет көшімен дамып келеді. Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясымен қаруланған еліміздің халқы қол жеткізген бүгінгі жетістік тәуелсіздігіміздің мәуелі жемісі екендігін айрықша атап өткім келеді.
Қазақстанның алдында бүгінгі таңда күрделі міндеттер тұр. Ол Елбасының айқындап берген сара бағыты бойынша әлемдегі озық 30 мемлекеттің қатарына ену болып табылады. Бүгінгі Қазақстанның бұл биікті еңсеруге мүмкіндігі жеткілікті.
Бүгін – мереке. Теңгенің мерейтойы. Еліміздегі қаржы-несие саясатының тұрақтануына едәуір ықпал жасаған, тәуелсіздігіміздің берік тұғырына айналған теңгенің тұрақты валюталар қатарынан лайықты орын табатынына толық сенімдімін. Мереке күні  банк ардагерлерін, күндіз-түні қажымай-талмай біліктілікпен еңбек етіп жатқан қызметкерлерді құттықтай отырып, олардың отбасына тыныштық, қызметтеріне жеміс тілеймін.
Қайрат ШЫНТЕМІРОВ,
Қазақстан Ұлттық банкі Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары.
ЕЛДІГІМІЗДІҢ ТҰҒЫРЫ БИІК
Бүкіл қаржыгерлер сияқты біздің банк қызметкерлері де теңгенің бүгінгі мерейтойын лайықты қарсы алып отыр. Мерейтой салтанаты жоғары деңгейде өтті. Лайықтылар марапатталды. Еліміздің қаржы саясатындағы орнымызды сезінген біз тәуелсіз еліміздің азаматы ретінде өзімізді бақытты санаймыз. Себебі, Қазақстан елі бүгінгі таңда әлем жұртшылығын өзінің даму жолындағы сара бағытымен таңдандыра бастады. Осының барлығы Елбасының жүргізген жемісті саясатының көрінісі болып табылады.
Тәуелсіздіктің айқын нышанына айналған теңге тұрақты валютаға айналды. Елімізде қаржы-несие саясаты дәйекті жүргізілді. Әлемді шарпыған дағдарысқа қарамастан Қазақстан дамудың өзіндік жолын айқындап алды. Әлеуметтік-экономикалық даму барысында қол жеткізген жетістіктер осының айқын дәлелі болып табылады. 
Теңгенің мерейтойымен барлық әріптестерімді құттықтап, олардың қызметіне сәттілік, отбастарына аманшылық тілеймін!
Жанат АХМЕТОВА,
Қазақстан ВТБ банкі Қызылорда филиалы директорының орынбасары.
ҚАРЖЫ-НЕСИЕ САЯСАТЫНА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІК
Қазақстан тәуелсіз мемлекеттің туын көкке көтеріп, әлемге қазақ халқын паш еткен ширек ғасырға жуық уақыттан бері біз талай-талай қиын асуларды меңгердік. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдің сол қиын-қыстау кезеңінде ұлттық валютамызды енгізіп, аса көрегендік, батыл қадамға барды. Сол уақыттағы қиыншылықтарды біз әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. Теңге айналымға енісімен, тұтыну рыногындағы қауырт жағдайды тұрақтандыру аса қиын мәселенің бірі болатын. Ұлттық валюта құнын жоғалта бастады. Инфляция шарықтады. Бірақ, жылдар өте келе еліміздің қаржы-несие саясаты өзінің тұрақтылығымен ерекшелене бастады. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың өркениет жолымен дамыды. Елімізді әлем жұртшылығы таныды.
Бүгін мереке. Бұл қаржыгерлердің ғана емес, халқымыздың ортақ мерекесі дегім келеді. Өйткені, Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге айналымға енген теңге күллі жамағаттың қуанышына айналды. Біз сол 1993 жылғы жағдайға дейінгі ауыр кезеңнің қиыншылығын жеңіп, Yкімет тәуелсіз қаржы-несие саясатын жүргізе бастады.
Теңгенің мерейтойымен қатар келген қаржыгерлер мерекесін облыстық қаржы-бақылау тексеру инспекциясының қызметкерлері де лайықты қарсы алып отырғанын атап өткім келеді. Ұзақ жылдардан бері осы салада тәжірибе жинақтап, еліміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан қызметкерлер бізде көптеп саналады. Кезінде барлығымыз жалпы қаржы жүйесінде бір шаңырақ астында қызмет жасадық. Кейін бақылау жүйесі өз алдына отау құрды. 
1993 жылғы 15 қараша еліміздің тарихындағы айтулы, төл теңгеміздің айналымға енгізілген күн. Сондықтан барлық әріптестерімізді осы мерейтоймен және қаржыгерлер мерекесімен құттықтай отырып, олардың қызметіне жеміс тілеймін.
Бидаш ӘБІЛДАЕВА,
облыстық қаржы-бақылау тексеру инспекциясының бас бақылау тексерушісі.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗ ЭКОНОМИКАМЫЗДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗ ЭКОНОМИКАМЫЗДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

15 қараша–төл теңгеміздің алғаш айналымға енген күні. Ал 1997 жылғы 13 қарашадағы...
ХАЛЫҚТЫҢ ОРТАҚ МЕРЕКЕСІ

ХАЛЫҚТЫҢ ОРТАҚ МЕРЕКЕСІ

Теңгенің айналымға енгізілгеніне 20 жыл толды. Сонымен бірге біз, қаржыгерлер...
ТӨЛ ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗДІК НЫШАНЫ

ТӨЛ ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗДІК НЫШАНЫ

Кешегі 90-шы жылдардың басындағы қиыншылықты барлығымыз жақсы білеміз. Ортақ жүйенің...
ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ АЙШЫҚТЫ СИМВОЛЫНА АЙНАЛДЫ

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ АЙШЫҚТЫ СИМВОЛЫНА АЙНАЛДЫ

Еліміз тәуелсіздік алды. Ұлттық салт-санамызға өзгеріс енді. Міне, 20 жылдан астам...
ТӨЛ ТЕҢГЕНІҢ ТҰҢҒЫШ СУРЕТШІСІ

ТӨЛ ТЕҢГЕНІҢ ТҰҢҒЫШ СУРЕТШІСІ

Әдетте қандай бір мемлекет  болмасын, ақша реформасы сол елдің экономикасы...
ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ – ТӨЛ ТЕҢГЕ

ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ – ТӨЛ ТЕҢГЕ

Бүгінгі Қазақстан әлемдік қауымдастықта лайықты орны бар мемлекетке айналды. Бұл...
Пікір: