БАЙҚОҢЫР БИЗНЕСКЕ ДЕ ЖОЛ АШАДЫ

БАЙҚОҢЫР БИЗНЕСКЕ ДЕ ЖОЛ АШАДЫЕкі күнге созылған екінші «Байқоңыр» инвестициялық форумының алғашқы бөлігі облыс орталығында өткізілсе, келесі күні жиын Байқоңыр қаласында жалғасты. Онда қала әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Анатолий Петренко шетелдік және отандық инвесторларға қаланың даму перспективалары туралы айтып берді. Ғарышты қаланың индустриалдық және инновациялық даму мүмкіндіктері таныстырылған басқосуда ежелден жер кіндігі саналып келген Байқоңыр кешенінің туристік әлеуеті де тақырыпқа тамызық болды. Аталған ғарыш айлағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде көрсетілетін нысандардың қатарына кіргені мәлім. Сондықтан жиында туризм саласын, яки Байқоңыр брендін дамыту мәселесі де кеңінен талқыланды.
Қызылорда қаласындағы жиынның негізгі бөлігінен кейін   форумға қатысушы кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері және елшілер ертесіне адамзат баласы ғарышқа алғаш қадам басқан жер –Байқоңыр ғарыш айлағын бетке алып жолға шықты. Халықаралық деңгейдегі инвестициялық форумның қонақтары алдымен ғарыш айлағындағы мұражай кешенге аялдады. Іргетасы1957 жылы қаланған мұражай ғимаратында болған бизнес өкілдері К.Циолковский, С.Королев, Ю.Гагарин және өзге де ғарышкерлер туралы қызықты мәліметтерге қанығып, адамзат тарихында бірінші болып көк төсіне жол салған ғарышты игеруші батырларға қатысты мол ақпарат алды. Мұнан соң қонақтар «Боран» орбиталық кораблін, ракеталық-ғарыштық жүйенің негізін қалаушы академик С.Королев пен Ю.Гагариннің іссапар кезінде қоныс еткен мемориалдық үйлерін тамашалады.  
Түс ауа қаладағы «Байқоңыр» қонақ үйінің мәжіліс залында «Байқоңыр қаласының индустриалдық және инновациялық даму мүмкіндіктері» тақырыбында жиын өтті. Екі секциядан тұрған басқосуды облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова жүргізді. Жиын модераторы алдымен қатысушыларға Қызылорда облысы аймақтық экономикаға тартылған инвестиция бойынша республикада алдыңғы қатарда келе жатқанын, әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы – Байқоңырдың облысымыздың бетке ұстар танымдық белгісі екенін атап өтті.  
Форум қатысушыларына ғарышты қалашықтың тарихын тарқатқан «Байқоңыр: кеше, бүгін және болашақта» деп аталатын деректі фильм көрсетілді. Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы А.Петренко шаһардың индустриалдық және инновациялық даму мүмкіндіктерін баян етті. Айтулы шараға қатысқан шетелдік инвесторлар мен қаржы ұйымдарының өкілдеріне осында бизнесті дамытуға мол мүмкіндік барын баса айтқан А.Петренко:  – «Заря» деп аталатын шағын кенттен 72 мың тұрғыны  бар қалаға айналған шаһарда бүгінде бизнестің өркендеуі үшін қажетті жылу-энергия көздері артығымен бар. Бұған қоса, жақсы автокөлік және темір жолдары бар. Темір жол Байқоңырды Ресей, Белоруссия және Қазақстанның жүзден астам қалаларымен байланыстырады. Сонымен қатар, осы жерде жобаларын жүзеге асырамын дегендерге қолайлы мыңнан астам нысан бос тұр. Бұл инвесторлар үшін зор мүкіндік. Сіздерге жергілікті билік тарапынан әрқашан қолдау болады, – деп қорытты сөзін.    
Ал, облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев сөзін Байқоңырдың қарқынды дамуына мүмкіндік беретін индустриалдық және инновациялық жобалардың жүзеге асырылуынан бастады. Ғ.Әміреевтің айтуынша, нақты кезеңде құны 140,3 млрд. теңгені құрайтын 23 жоба қолға алынған. Оның ішінде 18 жоба жүзеге асып,  944 жаңа жұмыс орны құрылған.
БАЙҚОҢЫР БИЗНЕСКЕ ДЕ ЖОЛ АШАДЫАйта кетейік, соңғы 3,5 жыл ішінде қосымша 15 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Ал, 2013-2018 жылдары құны 62 млрд. теңгені құрайтын 5 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.  Олар: құрама жем зауыты, цемент зауыты, шыны табақшасын шығару зауыты, ірі торапты электр батырмалы қондырғыларды жинақтау және «Бала-сауысқандық» кен орнында қара тасты автоклавты өңдеу зауыттарының құрылыстары. Мұнан соң «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ басқарма директоры Көбей Жаңбыршы акционерлік қоғамның жұмыстары туралы айтып берді. Ал, «Роскосмос» ғарыш агенттігінің өкілі Олег Остапенко Байқоңыр ғарыш айлағындағы ұшырылымдар туралы мәлімдеді. 
Байқоңыр қаласы бойынша жастар саясаты, туризм, мәдениет және спорт басқармасының басшысы Юрий Петровский «Байқоңыр ғарыш кешенінің туристік мүмкіндіктері» тақырыбын тарқатты. Оның айтуынша, нақты кезеңде ғарыш айлағында ресейлік 2 туристік компания шетелдік саяхатшыларға сапалы қызмет көрсетуде. Сала мамандарының пікірінше, мұнда халықаралық туризмді кең масштабта дамытуға мүмкіндік бар.  
Ғарыш айлағының туристік әлеуеті жоғары болуы себепті де біздің мақтанышымыз Байқоңыр кешені 2017 жылы Астанада өтетін  халықаралық  көрмеде шетелдік және отандық туристерге көрсетілетін нысандардың қатарына кіргені белгілі.  «Байқоңыр туристік бренді. Оның даму болашағы» тақырыбында ұйымдастырылған екінші секцияда «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» ААҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Александр Суворов көрме бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Ол облыс басшысының аймақта, әсіресе ғарыш кешенінде туризмді дамытуға ерекше мән беріп отырғанына ризашылығын білдірді. Мұнан соң «Байқоңырда туризмнің дамуы. Оның бүгіні мен болашағы» тақырыбында баяндама жасаған Қазақстан туристік қауымдастығы директорының орынбасары Шәкира Әділбекова аймақ басшысының тапсырысымен дайындаған шеберлік жоспарын слайд арқылы таныстырды. Оның пікірінше, «Жер кіндігі – Байқоңыр» деген жалғыз брендтің өзі келешекте  туристер ағымының бір бөлігін осында тарта алады. Ғарыш кешенінде туризмді дамыту үшін қандай шаралар атқарылатынына тоқталған баяндамашы төрткүл әлемдегі теңдессіз айлақтың мүмкіндіктерін талдап көрсетті. Ең бастысы, Байқоңыр географиялық жағынан ұтымды орналасқан. Еуропа мен Азияны байланыстырып тұрған автобан қаланың үстімен өтеді. Маманның айтуынша, мұнда мәдени-танымдық туризмді дамытуға болады. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Археология және этнография» орталығының ғылыми қызметкерлері Рүстем Дәрменов пен Әзілхан Тәжекеев «Құм басқан өркениеттер» тақырыбындағы бейнеролик көрсетіп, осы маңдағы ескі қалалар мен асарларға да ғарыш айлағына келген туристерді сапарлатуға болатынын айтып, ортағасырлық Сығанақ пен Жанкент қалашықтарында ашық аспан астындағы мұражай жасақталатынын жеткізді. 
Қазірдің өзінде халықаралық транзиттік дәліз бойындағы ғарыш айлағының жылына мыңнан астам туристер келіп кетеді. Жыл сайын бұл көрсеткішті 10 пайызға өсіруге  болады екен. Жалпы, ғарыш айлағында туристік кешенді қалыптастыру жұмыстары қазірден басталып кетті десек те болады. 
Жиында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолының облыстағы аумағынан 3 кемпинг кешені салынаты туралы айтылды. Аталған инфрақұрылымдық жобаны «Астана Элит Групп» компаниясы қолға алмақшы. Бұған қоса, аймақта туристік саланы дамыту үшін инновациялық және туристік орталықтар бой көтереді. Ал, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында осы жерде күн электрстанциясынан және желден электр қуатын өндіруге арналған  «Баламалы энергия көздерінің алаңы» жобасын жүзеге асыру қарастырылуда.
Форум соңында облыс әкімшілігі мен Ресей Федерациясына қарасты Байқоңыр әкімшілігі арасында техникалық мамандық иелерін шаһардағы техникалық оқу орындарында оқыту туралы меморандумға қол қойылды. Мұндай келісім-шарттар Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитетімен және Қазақстанның туристік қауымдастығымен де жасалды.  Байқоңыр қаласынан қайтар жолда форум қонақтары ұлы жолдың бойында мәңгілік тыныс тапқан түркі дүниесінің ойшыл абызы Қорқыт бабамыздың құрметіне қойылған «Қорқыт ата» кешенінде болды. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
 
ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ПІКІРІ
Юрий Петровский, Байқоңыр қаласы бойынша жастар саясаты, туризм, мәдениет және спорт басқармасының басшысы:
 – Бүгінгі таңда Байқоңыр ғарыш айлағы – төрткүл әлемдегі ең үлкен айлақтың бірі. Сондықтан да біз Байқоңырды әрдайым мақтаныш тұтамыз. 
Бүгінгі Байқоңыр – әлемдік ғылым мен техниканың ең озық жетістіктерінің тоғысы, ғарыш кеңістігіне батыл шабуыл жасауға жол ашқан адамзат ақылының шоғырланған жері. Бұған қоса, қала басшылығы бүгінгі форумда атап өткендей, Байқоңыр инвесторлар үшін ашық алаң. Оларға біз барынша қолдау көрсететін боламыз. 
Ғарыш кемесінің көк төсіне самғаған сәті миллиондаған адамдар қызықтағысы келетін керемет көрініс. Туристік компания мамандарының пікірінше, «Спутник», «Байқоңыр» деген жалғыз ауыз сөздің өзі-ақ әлемдегі туристер ағымының оннан бірін осы Байқоңырға тарта алатын көрінеді. Мен арнайылап АҚШ-қа барып, ондағы ғарыш айлағында болдым. Біздің ғарыш айлағынан ешқандай да артықшылығы жоқ. Ал, мұражайы тіптен жұпыны. Оның қасында біздегі Ю.Гагарин атындағы мұражай кешені туристерге ғарышты бағындыру сәтінен мол мағлұмат бере алады. Қазірдің өзінде біздегі ғарыш айлағына жылына 2 мыңға жуық турист келеді. Бұл көрсеткіштің өсе беретіні анық. Өйткені, біздің қаладағы туризмнің болашағы зор. Сол себепті де қазақстандық туристік фирмаларды бірігіп жұмыс жасауға шақырамын. Айта кетейік,  инвестор тартып, тиісті инфрақұрылымды жасақтаған кезде бізде 10 мыңға жуық маман жұмыспен қамтылатын болады.  
Александр Ивантер, «Эксперт» журналының бас редактор орынбасары, Мәскеу қаласы: 
– Екінші «Байқоңыр» инвестициялық форумы өте жоғары деңгейде өткенін атап өткім келеді. Бұл менің Қызылорда қаласына алғаш келуім. Бұл облыс экономикасын жаңа сапалы деңгейге көтеруге негіз қалайды. 
Қазақстан мен Ресейдің арасында сауда-экономикалық байланыс жыл өткен сайын нығайып келеді. Бұл сіздердің Елбасының жүргізіп отырған саясатының арқасы деп есептеймін. 
 Сіздер ұлттық салт-дәстүрге ғана емес, керемет орындарға бай ел екенсіздер. Жалпы, Қазақстан – қуатты ел. Мен мұнда туризмнің дамитынына сенімдімін. Өйткені, менің білуімше,  сіздің өлке тарихи-мәдени ескерткіштерге, ортағасырлық ескі қалаларға бай. Ресей мен Қазақ елі арасындағы тарихи байланыс сонау ерте заманнан бері жалғасып келеді. Екі ел арасындағы бұрынғы ынтымақтастық, экономика, мәдениет саласындағы байланыс, Байқоңыр кешенін дамыту жолындағы ынтымақтастық  әрі қарай дами беретініне сенімдімін. 
Жазып алған Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.



НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 16 қараша 2013 г. 2 216 0