КЕЛІНТӨБЕДЕ – МЕКТЕП, СҰЛУТӨБЕДЕ – ЕМХАНА

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ | 26 ноябрь 2013 ж. - 08:58 | Көрудің саны: 890
КЕЛІНТӨБЕДЕ – МЕКТЕП, СҰЛУТӨБЕДЕ – ЕМХАНАауылдарда жаңа нысандар іске қосылды
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өткен сенбі күні Жаңақорған, Шиелі аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардағы жұмыс барысымен танысты.
Аймақ басшысы мінген тікұшақ әуелі Жаңақорған ауданындағы Төменарық елді мекені маңына аялдады. Облыс әкімі бұл жерде дария жағалауына салынған қорғаныс бөгеттерінің сапасымен танысты. Қыс айларында Сыр өзенінің буырқана тасып, жағаға шығып кететін ұрма тұсы осы арада. 2005-жылғы тасқын кезінде қырықтан астам тұрғын үй су астында қалып, тұрғындар едәуір жапа шеккен болатын. Сонан бері бұл жерге ерекше сақтықпен қарап, жағалаудағы қорғаныстарды нықтап отыру төтенше жағдайлар мекемесінің маңызды жұмыстарының бірі. Қырымбек Елеуұлы сала басшыларының мәлімдемелеріне құлақ түре тұрып, өз тапсырмаларын да берді. 
Төменарық маңына ат басын бұрудың тағы бір мәнісі осы жерде келер жылы құрылысы қолға алынуға тиіс үрлемелі су топсасын орналастырудың жай-күйіне де қатысты еді. Жаңақорған ауданындағы құны 1 млрд. теңге тұратын осындай су тоспасы жақында ғана пайдалануға берілсе, ендігі кезек, жаз айларында канал сулары егістік алқапқа жетпей асылып қала беретін Шиелі ауданына да келген секілді. Ағын суға қатысты күрделі мәселелер шешімін тапса, атакәсіптен қол үзбеген аудан халқы үшін де барынша тиімді, тіршілік жағдайын жақсартуға қолайлы болмақ. 
Қырымбек Көшербаев одан кейін ат басын Келінтөбе ауылына бұрды. Мұндағы 900 балаға арналған жаңа мектеп ғимаратының пайдалануға берілгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Біршама уақыт қаржы мәселесімен құрылысы қожыраған мектеп жұмысы аймақ басшысының араласуымен қайта жолға қойылған болатын-ды. Міне, енді ондағы білім беру үрдісімен танысудың реті келген сыңайлы. Жаңа ғимаратта заманауи оқу процесіне сай барлық жағдай жасалынған. Пәндік кабинеттер соңғы үлгіде жасақталса, балалардың кәсіпке ерте бастан үйренуі үшін қолөнер кабинеттері де жұмыс істеп тұр. Ер балалар ағаш, темір жону жұмыстарын үйренсе, қыз бабалар іс тігуге қалыптасады. Бұл жөнінде мектеп директоры Нағи Кеншімбаев мәлім етсе, ауыл үлкендері келбетіне көркі сай сәулетті ғимараттың ауыл ортасынан салынуына ризашылықтарын білдірісіп, әкімге алғыстарын айтты. Ауылдық округ орталығында биыл салынған «Құралай» балалар бақшасы да ауылдың сәнін кіргізіп, жас аналардың өз кәсібімен қолбайлаусыз шұғылдануына мүмкіндік береді. Аймақ басшысы бұл мекенге де аялдады. 
Аудандық мәслихат депутаты Тұрдалы Қалдыбаев, ауыл шаруашылығының білікті маманы Керімхан Егізбаев бастаған ауыл азаматтарымен емен-жарқын әңгіме өрбіткен Қырымбек Елеуұлы Елбасы тапсырмаларына сай Сыр өңіріндегі басты атқарылып жатқан жұмыстар жайына да тоқталды. «Жаңақорған атакәсіпке де, индустриялық-инновациялық жобаларды кеңінен қолға алуға да қолайлы аймақ ретінде ерекше орын алады.
Осы мақсаттарды жүзеге асыруды Елбасы тапсырмаларына сай Үкімет алдына нақты дәйектерді үнемі қойып келеміз. Жоғарыда айтылған, өздеріңіз көріп жүрген жетістіктер соның дәлелі. Осы игіліктерді баянды етуге ауыл адамдары, Сіздердің зор үлестеріңіз бар. Оның онан әрі жүзеге асуы үшін  ынтымақты тіршілік қажет», – деді ол өз сөзінде. 
Осы күнгі сапары кезінде облыс басшысы Қыраш ауылына да барып, ондағы №180 мектептің жұмыс жағдайымен танысты. Өткен жылдың қазан айында мектеп өртеніп, оның орнына 200 оқушыға арнап жаңа мектеп салу жұмысы жеделдете қолға алынған болатын-ды. Тиісті қаржы бөлу, жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру нәтижесінде мектептің жаңа ғимараты бой түзеп, міне пайдалануға беріліп те үлгерді. Құрылыс жұмыстарын Темірхан Әлімқұлов басқаратын «СМП –Қызылорда» ЖШС мерзімінен бұрын бітірді. Онда қазір ауыл балалары тиянақты білім алып келеді. Облыс әкімі жаңа мектеп ғимаратын аралап көріп, ұстаздармен де пікірлесті, оқушылардың сабақ үлгеріміне де назар аударды. Ауыл ақсақалдарымен пікірлесу барысында келер жылдары шеткі елді мекеннен мәдениет үйін, балалар бақшасын салудың мүмкіндігі туатындығын сөз етті. 
Әкімнің сенбі күнгі сапары түстен кейін Шиелі ауданында жалғасты. Аудандағы іргелі ауылдардың бірі Сұлутөбе мемлекетіміздің игіліктерін сатылап көріп келе жатқан ауылдардың қатарына жатады. Облыс орталығынан небәрі елу шақырым қашықтыққа орналасқан ауылдық округ  үш елді мекенді біріктіре отырып, әлеуметтік қолдау түрлерінің рахатынан да қалыс қалмағандығы расында елдің өсу, өркендеуін көрсетеді. Соңғы үш-төрт жыл көлемінде екі жаңа мектеп бой көтерсе, енді міне, Бірлестік ауылынан 100 орындық тағы бір жаңа мектептің ғимараты пайдалануға берілді.  №142 орта мектепке тиесілі ғимаратқа жоба сметалық құны бойынша 363 млн. теңге қаржы жұмсалынып, 2 бөліктен құралған екі қабатты мектеп ауыл сәніне айналып үлгерді. Аймақ басшысы осындағы еңбек технологиясы, ісмерлер кабинетін аралап, информатика пәні бойынша өткізіліп жатқан сабаққа да қатысты.
– Еліміздің болашағы – білімде. Оның жаңа технолгиясын игеру, әрине, жас ұрпаққа тиесілі. Интернет желісі байланысын орнату арқылы ғылымның соңғы жетістіктерінен хабардар болу мүмкіндігі, міне, шеткі ауылдарға жетті. Енді тек жақсы оқып, тиянақты дайындалу қажет. Сонда білім шыңына шығуға жол ашылады. Сіздерге сәттілік тілеймін, – деген Қырымбек Елеуұлы жаңа мектепке жақында ғана директор болып тағайындалған Жанар Құлахметованың да пікіріне ден қойды. 
Төрт мыңнан астам халқы бар Сұлутөбеде жақын арадан бері дәрігерлік амбулатория да өз қызметіне кірісті. Онда білікті мамандар топтастырылып, халық денсаулығын нығайту, науқас кісіге жедел көмек беру жолдары қарастырылған. Замана талабына сай, жаңа жабдықтар да алынып, орналастырылып жатыр. 
Иә, уақыт тезіне салса, бір жыл деген мерзім оншалықты ұзақ та емес, дегенде, жоғарыдағы атқарылған жұмыстар алты Алаштың анасы атанған Сыр өңірінде ауқымды шаруалардың жүзеге асырылғандығын көрсетеді. 
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған, Шиелі аудандары. 


Сондай-ақ... оқыңыз:

ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҚҰРЫЛЫСТАР ЖАҚЫН АРАДА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҚҰРЫЛЫСТАР ЖАҚЫН АРАДА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Жексенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласында құрылысы салынып...
ҮРЛЕМЕЛІ СУ ТОСПАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ҮРЛЕМЕЛІ СУ ТОСПАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Аптаның сейсенбісі күні ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан...
ШУАҚ ШАШҚАН АЛТЫН КҮЗ

ШУАҚ ШАШҚАН АЛТЫН КҮЗ

Жексенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған ауданында іссапармен болып,...
ЕСКІ ШЕЖІРЕ ЗЕРТТЕЛІП, ЖАҢА ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ

ЕСКІ ШЕЖІРЕ ЗЕРТТЕЛІП, ЖАҢА ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ

Аптаның жексенбісі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев іссапармен Жаңақорған ауданын...
ҚАЛА НЫСАНДАРЫНДА БОЛДЫ

ҚАЛА НЫСАНДАРЫНДА БОЛДЫ

16 қыркүйек күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласы аумағындағы...
БАЛАЛАР ҮШІН БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ

БАЛАЛАР ҮШІН БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың жұмыс сапары осы күні Қармақшы ауданының Төретам...
Пікір: