ТАРИХИ МАҢЫЗ ИЕЛЕНГЕН МЕРЕКЕ

ТАРИХИ МАҢЫЗ ИЕЛЕНГЕН МЕРЕКЕБиыл екінші рет тойланатын 1-желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі тарихи маңызға ие оқиғаның бірінен саналады. Өйткені, бұл мереке «Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін салушы Тұңғыш Президенттің орасан зор үлесін ескере отырып» қабылданған. Бұл заңды қабылдау кезінде ел Парламенті «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бірлігін, Конституциясын, адам мен азаматтардың құқықтарын және бостандығын қорғауды қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы болып табылады. Елбасы Н.Назарбаевтың жетістіктері Қазақстан халқының орасан зор шынайы құрметі мен сеніміне ие болды. Осыған орай аталған заңның қабылдануы арқылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Республикаға сіңірген зор ғаламат еңбегі танылады. Заңды қабылдау мемлекетіміздің азаматтарының отаншылдық рухын арттыра түседі» деп атап көрсеткен еді. Бұл мереке – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің құрметі үшін ғана емес, президенттік басқарудың тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңыздылығы ескеріле отырып қабылданғанын да атап өтуіміз керек. Мемлекеттік мерекенің ел тарихын айқындаған оқиғаның құрметі үшін аталып өтілетіндігі де осыдан. Бұл күнді мерекеге айналдыру арқылы сол бір күннің маңыздылығын тағы бір еске аламыз, жаңа деректермен танысамыз, мерекелік көңіл-күйде боламыз.
Тәуелсіздік тарихының парақтарын ақтарып көрсек те, еліміздегі президенттік басқарудың тиімді болғанын, президенттік басқарудың ілкімділігінің арқасында ғана жаппай ыдыраудың алдында тұрған, алғашқыда тәуелсіздігіміз сөз жүзінде ғана болған, яғни терең құздың тұсына келген елді қазіргідей деңгейге жеткізу мүмкін болғандығы әбден дәлелденді. Сондықтан да президенттік басқаруға алғашқы жол салған, сол күні бүкіл халық болып ел тізгінін өзінің Тұңғыш Президентіне сеніп тапсырған бұл күн ел тарихындағы маңызды оқиғаға айналды. Бұл күн осынысымен де тарихи маңызға ие болды. Бұл күнді әсте де ұмытуға болмайды.
Бұл күні 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлады, ел тәуелсіздігін аманат  етті, оған сенім артты, жауапкершілік жүгін арқалатты, халық өздерінің Көшбасшысынан не істеу керектігін білетіне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді.
1991 жылғы 1 желтоқсандағы Президент сайлауының нәтижесінде сайлаушылардың 97,78 пайыз дауысына ие болып, айқын жеңіске жетіп 10 желтоқсанда ант беру рәсімі кезінде тебірене сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев: «Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп, ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабамның аруағына сүйенемін»,-деп ағынан жарылды. Тарихтың сол бір бұлтарысты кезеңінде өз Көшбасшысын дұрыс таңдай білген қазақстандықтар да өздері сенім артқан Ердің елді адастырмай дұрыс бағытқа жетелегеніне бүгінгі күні көздері жетіп те отыр. Халықтың басым көпшілігінің сол кезеңде қателеспегеніне қазір шүкіршілік те етеміз. Бұл күн осынысымен де қадірлі.
Бұл күн сонымен қатар Қазақстанның өзіндік дамуы жолының алғашқы бастамасы да болатын. Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстанның өзіндік даму жолын таңдауы туралы бастамасы алғаш рет 1992 жылы мамыр айында «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясында» жария етілді. Тәуелсіз еліміздің бағытын айқындауда, оқиғаны болжап білуде, түпкі мақсатқа қол жеткізуге сенімді болуға мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын және нақты стратегиясының қажеттігін баса көрсеткен Елбасы Н.Назарбаев аталған еңбегінде мемлекет алдында қойылып отырған нақты стратегиялық мақсаттарды белгілеп берді. Мемлекет басшысы еліміздің саясат саласындағы басым бағыты жас егеменді мемлекеттің күшті президенттік республика құру бағытында болу керектігіне назар аудартты. Стратегияда «Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігінің дамуы президенттік басқаруды іс жүзінде іске асыруды қамтамасыз етумен қатар жүретіндігі, Республика Президентінің Мемлекет басшысы ретінде тиімді басшылық жүргізу үшін барлық қажетті тұтқаларға ие болуы керектігі, оның Үкіметті басқара отырып, жоғары атқарушы биліктің жұмысымен байланысты мәселелерді шешіп, үкіметте кадрлық тағайындауларды жүргізіп, үкімет пен оның мүшелерінің жауапкершілігін белгілейтіндігі» атап көрсетілді. Президенттік басқару туралы айтылған бұл бастама өзінің қажеттілігін сол жылдары-ақ көрсеткен болатын.
Президенттік басқару нысанындағы Мемлекет басшысының мәртебесі оның елдегі барлық жағдайды өз қолында ұстауына, қандай да бір мәселеден туындаған ахуалды меңгеруіне, осылайша мемлекеттік билік органдарының үйлесімді қызмет етуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етуге, сонымен бірге қоғамды ойдағыдай және түпкілікті реформалауға мүмкіндік берді. Республика Президентінің халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болуы да көп ұлтты және көп дінді, сонымен бірге үдемелі әлеуметтік жіктеліс жүріп жатқан өтпелі кезеңнің қайшылыққа толы уақытында қоғамда азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімнің сақталуында орасан зор қызмет атқарды. 
Президенттік басқару нысаны мемлекеттік биліктің заң шығарушылық, атқарушылық және сот билігі тармақтарының ара жігін ажыратудың конституциялық міндетін икемді шешіп берді. Бір жағынан билік тармақтарының өзара тығыз ынтымақтастығы қамтамасыз етілсе, екінші жағынан олардың Конституция мен заңдарда белгіленген өзара тежегіш, бірінің өкілеттігіне екіншісінің араласуына жол бермейтін механизмі жасалды. 
Билік тармақтары арасындағы билік бөлінісінің осылайша рәсімделуі, олардың бір-біріне қарсы тұруын және билік басындағы жекелеген адамдардың тайталасын болдырмау тетігін шешіп берді. Дәл осындай тайталас тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көрініс тапқан болатын. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін парламенттік немесе үкіметтік дағдарыстардың орын алмағандығы да президенттік басқару нысанының тиімділігін дәлелдей түседі. 
Биліктің тұтастай және олардың тармақтары арасындағы тұрақтылығы ғана еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы реформаларды жүргізудің жоспарлығын, кезеңдерін, кейбір бағыттардың басымдығын дұрыс шешуге, бастауға және аяқтауға мүмкіндік берді. Президенттік басқару нысаны ғана билік пен қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тәуелсіздікті нығайту мен экономикалық және саяси реформалар жүргізудің басты құралы бола алды. 
Елбасы Назарбаевтың өз еліндегі өзіне сенім артқан халқына деген беделі тіпті ең бір қиын жылдардың өзінде де орындауға болмайтын нәрсе туралы ешқандай уәде бермегендігінен де  арта түсті. Егер уәде берсе, орындады. Оның бойындағы туа біткен және өмірлік тәжірибемен бекіген төзімшілдігі, сабырлығы, ұстамдылығы Тұңғыш Президент- Елбасымыздың бүкіл қазақстандықтарды өзінің айналасына топтастыруға жағдай жасаған саясаткер және тұлға екендігін танытты. 
Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет басшылығындағы  айрықша бір өзгешелігі халықаралық, ұлтаралық мәселелердің шиеленісін, шешуін асығыстыққа салмай, арандататын пікірлердің ығы мен ырқына жығылмай, әліптің аяғын баға сабырмен, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешуінде болды. Елбасы өзінің жетсем-ау деген саяси және ұлттық биік мақсаттарын әрдайым есінен шығармағы, соған жету үшін жақсы ұранды жамылып, жақсы атақ алуға қызықпады, қолдан келетін нақты мүмкіндіктерді ғана түгел пайдаланып, эволюциялық жолмен тұрақты жылжи бергенді дұрыс көрді, дамудың қазақстандық жолын іздестіріп, сол бағытта жүруді таңдады. Бірақ қазақстандық жол басқа жолдардың ешқайсысын да жоққа шығармайды, керек етсе қажеттісін де алады.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде біліксіздікке, әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра алды, бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді қабылдауға қол жеткізе білді. Елбасының өз сөзімен айтсақ «кейде адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді». Яғни, Елбасы Н.Назарбаев билік үшін күрестегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екі басқа екендігін өз ісімен дәлелдей білді. 
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіз ел тарихында, оның өркенді дамуы жолында өте ауыр тиетін реформаларды тиімді жүргізді, қажет болған кезде қолайсыз төтенше шараларға дейін барды. Елбасының мұндай ұстанымына қарсы шыққандар да, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп орынсыз сынағандар да болды. Бірақ, ол өзіне сенім артқан, жауапкершілік жүгін артқан халқына сенді, тек халықты ғана бас сарапшы деп таныды, ең қиын сәттерде тек халыққа ғана жүгінді. 
Елбасының әлемдік деңгейдегі қабілет-қарымына, саяси іс-қимылына, тиянақты шешіміне, құрдымға кете бастаған экономиканы алға жылжыту жолындағы тиімді саясатына, уақыт талабына қарай ойластырылған әдіс-тәсілдеріне, стратегиялық ұстанымдарына қапысыз сенген қазақстандықтар өзінің тұңғыш Президентіне, тізгін ұстаған Елбасшысына әрқашан қолдау білдірді, қолдау білдіріп келе жатыр. Тізгіннің сенімді қолға тиюінің арқасында ел жаңарды, дәулетіміз толыса түсті. 
Қазір тәуелсіз қазақ елінің тарихы жасалды. Бірақ оны қазақ елінің Көшбасшысы бола алған Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы бүкіл халықтық сайлаудан кейін қолға алған басшылық қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені, тәуелсіздік  қарсаңындағы және тәуелсіздіктің сан қырлы соқпақты жылдарындағы оның тізгінін ұстаған Мемлекет Басшысы, оның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарған қызметінсіз тәуелсіз ел тарихының парақтарын жазып шығу мүмкін де емес, Өйткені, бұл тарихта тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, керегесін керіп, оның әрбір уығын шаншып, шаңырағын көтерген, бар-жоғын түгендеп, іргесін кеңейткен, оны әлем елдері мойындаған мемлекетке айналдырған, онымен санасуға мәжбүр еткен Қазақстан Республикасының Президенті, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  қолтаңбасы, қабылдаған тарихи шешімдері, ұстанған саясаты, саяси қызметі, өзіндік дара жолы жатыр. 
Толқынды теңіздегі алып кеменің бағытын қолға алған мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың таңдауы бүгінгі таңда өзін толығымен ақтады. Аз ғана уақыт аралығында саяси тұрақтылық пен өркенді дамуға, ыдырау үрдісін еңсеруге, нарық экономикасының негіздерін қалыптастыруға, еліміздің бүгінгі дамуына сай келетін және ертеңгі дамуға серпін беретін демократиялық реформалар жасауға, қазақ мемлекеттілігінің іргетасын нығайтуға, басқару мен саяси жүйені жетілдіруге, әлем елдері мойындаған мемлекет құруға қол жеткізілді. Таңдап алынған жолдың таяу арада Қазақстанды жан-жақты жаңарту мен оның өркендеп дамуын қамтамасыз ететініне әрбір қазақстандықтың сенімі де мол. Өйткені қазақстандық даму жолы бүгінгі күннің өзінде-ақ нәтижесін беруде, өзінің дәйектілігі мен өміршеңдігін іс жүзінде дәлелдеуде.
Тәуелсіздіктің бастауында болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел ертеңін де айқындады. Елбасы. Ел тәуелсіздігі. Ел ертеңі. Үш сөз. Бір-біріне етене жақын, бір-бірін толықтыратын, өзара сабақтас сөздер. Тәуелсіздік десек, ең алдымен оның бастауында болған, оны нық сеніммен алға апарған, тәуелсіз ел мемлекеттілігінің негізін қалаған Елбасы ойға келеді. Елбасы десек, қиын-қыстау кезеңде елді басқарып, оны бар қиыншылықтан алып шығып, бүгінгі өркенді дамуға жеткізген Елбасы мен Ел ертеңі тағы да алдымыздан шығады. Ел ертеңі де өз халқы Елбасы деп атаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басшылығын одан әрі қолға ұстауымен байланыстырылады. 
Биыл екінші рет мемлекеттік мереке ретінде аталып өтілетін «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» қарсаңында бұл мерекенің маңыздылығы мен оның тікелей себепкері Тұңғыш Президентіміздің мемлекет алдында сіңірген орасан зор еңбегін атап өту өте орынды болмақ. 
Қорыта айтқанда, «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» ел тарихындағы маңызды оқиғаны білдіретін мереке ретінде тойланады. Бұл біздің Тұңғыш Президентімізге, ел тарихына және тәуелсіздігімізге деген құрметіміз болмақ.
Елбасының, Ұлт көшбасшысының еңбегі мен беделін оның өткен қызметін баяндау және ол туралы басқалардың ой-пікірін жеткізу арқылы да бағалауға болады. Қазақстан халқы да Елбасының еңбегін, әлем таныған тұлғасы бар Қазақстанның бүгінгі жетістігін осылай бағалайды. Шетелдік сарапшылар мен қайраткерлер де Қазақстан басшысына «Қазақстанның қарқынды дамуының ең негізгі факторы – Н.Назарбаев», «Ол елдің жаңа тарихындағы заманауи дәуірдің нышаны», «Бүкіл түркі әлеміндегі жасампаздықтың жарқын мысалы»  деп баға беруде және Қазақстандағы жарқын өзгерістерді Тұңғыш Президенттің атымен тығыз байланыстыруда. Күшті президенттік басқарудың арқасында жеткен бұл табыстар әлемнің дамыған елдері ғасырлар бойы жүріп өткен жолын Қазақстанның қысқа мерзімде ғана еңсергені дәлелдей алады. 
Елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын және өркенді дамуға серпін беретін реформаларды жедел де тиімді жүргізу үшін және бұл мақсатқа жетуде бірінші кезекте халықтың қолдауына ие болатын қабілетті де күшті тұлғаның қажет болатындығын тарих әлдеқашан дәлелдеген. Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұндай тұлға болды және алдағы уақытта да қажет. Сондықтан да Елбасы, Ел тәуелсіздігі, Ел ертеңі ұғымдарын қастерлей де, қолдай да білу – парыз. Бұл – біздің, ұрпақтарымыздың болашағы үшін қажет. Мәртебемізді биіктететін бүгінгі мереке де осыған қызмет етеді. 
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Сенатор, саяси ғылымдар докторы, профессор.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ҚОҒАМ 30 қараша 2013 г. 1 085 0