ТАТАРСТАНМЕН ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫСТАРҒА ЖОЛ АШЫЛДЫ

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ | 04 декабрь 2013 ж. - 08:41 | Көрудің саны: 706
ТАТАРСТАНМЕН ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫСТАРҒА ЖОЛ АШЫЛДЫҮстіміздегі жылғы қараша айының 28-29 күндері облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған делегация Татарстан Республикасында болып қайтты. Делегация құрамында облыстық мемлекеттік орган басшылары мен қызылордалық кәсіпкерлер болды. Сапардың мақсаты –әлеуметтік-экономикалық байланыстар барысында тәжірибе алмасып, іскерлік қарым-қатынас орнату болатын.
Татарстан – Ресейдегі іргелі аймақтардың бірі. Халқының саны жөнінен сегізінші орында. Татарлар – біздің қазақпен бауырлас халық, түбі бір түркі жұртымыз. Аталмыш республика Ресейдегі өндірісі дамыған өңірлердің қатарында. Сол мемлекетте агроөнеркәсіп өнімдері жөнінен 5 пайызға ие болып отыр. Сондай-ақ, олар өнеркәсіпте – 44,1, құрылыста – 8, көлік және байланыс салаларында – 7,7, ауыл шаруашылығында 7,1 пайыз үлесті еншілейді. Осындай іргелі аймақпен іскерлік байланыс орнату алдағы уақытта Сыр өңірінің өркендеуіне өзіндік серпін беретіні айқын. 
Облыс делегациясы мінген ұшақ алдымен Нижнекамск қаласына келіп қонды. Алыстан ат арытып жеткен қызылордалық делегацияны Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Юрий Камалтынов, Нижнекамск муниципалды ауданының басшысы Айдар Метшин күтіп алды. Қазақстандық қонақтар алдымен Нижнекамск қаласындағы «ТАНЕКО» ашық акционерлік қоғамында болды. Бұл компания Ресейдің мұнай өңдеу саласындағы бүгінгі заманға сай кәсіпорнының қатарында. Татарстанның экономикасын дамытуда маңызды стратегиялық нысан болып табылады. Аймаққа белгілі «Татнефть» компаниялар тобына енгізілген. Осындай тағы бір нысан – «ТАИФ» ААҚ мұнай өңдеу саласындағы ірі кешеннің санатында тұр. Онда көлікке қажетті бензин өнімдері шығарылады және газ конденсаты өңделеді. Аталмыш кәсіпорындарды аралау барысында қызылордалық делегация «Нижнекамскшина» және «Нижнекамскнефтехим» акционерлік қоғамдары ұйымдастырған көрме жұмыстарымен танысты. Одан кейін облыс делегациясы Елабұғадағы «ЕлАЗ» өндірістік бірлестігі» ААҚ мекемесі шығарған арнайы техникалар көрмесі мен «Алабұға» өндірістік-өнеркәсіптік арнайы экономикалық аймағының жұмысына зер салды. 
Қазан қаласындағы «Қазан» халықаралық әуежайында қызылордалық делегацияны Татарстан Президенті Рустам Минниханов күтіп алды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған жерлестеріміз әуежайдағы 1А терминалын аралап көрді. Онда жақында әуе апатынан қайтыс болған азаматтарға гүл шоқтары қойылды. Облыс басшысы сол апатта көз жұмған Президент ұлының қазасына байланысты оған көңіл айтты. 
Жұмыс сапарының екінші күнінде делегация «Химград» технополисі мен «ІT-парк» жоғары технологиялар паркіне ат басын тіреді. Бұл жерде «Электронды Татарстан», Бизнес-инкубатор, Иннополис, Қазанның Смарт Сити жобаларының тұсаукесері жасалды.  Аталмыш орында стартап (ағылшыншадан аударғанда start-up — іске қосу, бастап кету) пен жаңашыл идеяларды жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған.  Өнертапқыштар өз қабілетін шыңдап, ой-жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. 
Тәуліктің екінші жартысында облыс әкімі «Евразиялық экономикалық интеграция: Жетістік пен проблемалар» тақырыбындағы форум жұмысына қатысты. Жиын барысында аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында кеңінен әңгімелеп, келешекте Қызылорда облысы мен Татарстанның әріптестік бағытындағы жұмыстарының көкжиегі кеңейетініне сенім білдірді. Қызылорданың тереңнен тартатын тарихы бар. Онда түбі бір түркілер абыз тұтқан Қорқыт баба мәңгілік мекенін тапқан. Сондай-ақ, жер шарынан жеті қат көкке алғаш жол салған Байқоңыр ғарыш айлағы да осы топырақта орын тепкен.    
– Біздің өңір табиғи қазба байлықтарға өте бай, – деді облыс әкімі әңгімесін одан әрі өрбітіп. – Облыс ванадий қоры бойынша Қазақстанда алғашқы орында келеді. Сонымен қатар, мырыш, уран, қорғасын жөнінен еліміз бойынша алғашқы үштікте тұрмыз. Аймақ Қазақстандағы мұнай, газ және конденсат қорының 5 пайызын еншілейді. Оған қоса, жерасты су қорының 4 пайызы біздің жерімізде жатыр. Ас тұзының мол қоры бар. Жаңақорғанның минералды сулары мен емдік балшықтары денсаулық сақтау жүйесін дамытуға негіз қалайды. Әрине, бұл бағытта логистика мен инфрақұрылым маңызды рөл атқарады. Облыс аумағынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 812 шақырым бөлігі басып өтеді. Жақын уақытта Еуропа мен Азия құрлығын жалғастыратын теміржол магистралы пайдалануға беріледі. Осының нәтижесінде облыс еуропалық және азиялық тауар рыногына шығуда маңыздылығын арттырады. 
Облыс басшысы форум барысында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының жақын уақытта елдің игілігіне айналатынын атап өтті. Алдағы он жылдың шамасында Арал аумағынан мұнай өндіру ісі жолға қойылып, сол арқылы мұнай мен газ өндіру еселене түседі деген үміт бар. Жоғары сапалы кварц құмын кәдеге жарату мақсатында шыны зауытының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Жаңақорған ауданында цемент зауытының құрылысын жүргізу ойластырылуда. Тағы бір атап өтерлігі, «Баласауысқандық» және «Құрымсақ» кен орындарында ванадий өндірісін ұйымдастыру жобаланған. Жалпы, ол маңда әлемдегі ванадий сұранысының 25 пайызын орындауға толық мүмкіндік бар. Өңірде алтын, шунгит, титан секілді сирек кездесетін жерасты байлықтары бар екені анықталған. 
ТАТАРСТАНМЕН ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫСТАРҒА ЖОЛ АШЫЛДЫСондай-ақ, аймақта туризм саласын дамытуға да әбден болады. Бұл орайда «Байқоңырды» бренд есебінде пайдалану ойластырылған. Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі барысында келген қонақтар тамашалайтын нысандар қатарына Байқоңыр қаласы да жатқызылған. Үстіміздегі жылдың қараша айында облыста «Байқоңыр» инвестициялық форумы өткізіліп, аталмыш шара барысында түрлі салалар бойынша 20-ға жуық нақты жобалар негізінде меморандум жасалды. Қазақстанда инвесторлардың өз жұмысын жүргізуге барлық мүмкіндік бар.   
Одан кейін аймақ басшысы Қазан (Приволжье) федералды универститетінде болып, онда білім алып жүрген қызылордалық жастармен жүздесті. Кездесуде облыс әкімі сапалы білім алу арқылы соңғы буын өкілдері жоғары жетістіктерге қол соза алатынын тілге тиек етті. Бұл орайда Ресей жоғары оқу орындарының тәжірибесінен үйренетініміз аз емес. Үстіміздегі жылдың шілде айында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Қазан қаласында орын тепкен Қазан федералдық университеті, Қазан аграрлық университеті және А.Н.Туполев атындағы  Қазан ұлттық зерттеу- техникалық университетімен іскерлік байланыс орнату мақсатында меморандумға қол қойған еді. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда аталмыш оқу орындарында 30-ға жуық қызылордалық студенттер, магистрлар мен аспиранттар білімін толықтырып жүр. Ол жастардың біліктілігін арттыруға өз септігін тигізетін болады. 
Осыдан кейін облыс әкімі Қ.Көшербаев Қазан Кремлінде Татарстан Республикасының Президенті Р. Миннихановпен кездесті. Кеңейтілген мәжілісте екі тарап бойынша бірқатар келіссөздер жүргізілді. Аталмыш шара барысында Татарстан Президенті Қазақстан құрамындағы Қызылорда облысымен іскерлік байланыс орнатуға ерекше қызығушылық туғызып отырғанын жеткізді. Кездесудің ашылуында ол Қазақстан мен Татарстан арасында белсенді ынтымақтастық байланыс орнап келе жатқанын атап өтіп, «Бұл орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путин аймақаралық байланысты дамытуға қолайлы жағдай жасап отыр» деді. Қазақстан мен Татарстанның жылдан жылға тауар айналымы артып келеді. Қазіргі таңда оның көлемі 1 млрд. долларға жеткен. Ал Қызылорда облысы мен Татарстан арасындағы өзара түсіністік жұмыстары барысында инновация, мұнай өндіру, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, ІT секторы бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыруға атсалысатын болады. Сондай-ақ, татарстандық мамандар Қызылорда облысының аумағында орналасқан Байқоңыр қаласында  ІT қызметін дамытуға ниет білдіріп отыр. 
Облыс әкімі Қ.Көшербаев Татарстан Президентіне қызылордалық делегацияны жоғары деңгейде күтіп алғанына ризашылығын білдірді. Делегация мүшелері түрлі салалар бойынша жаңашыл істермен танысты. 
– Біз үшін мұнай-химия, ІT салалары қызығушылық тудырды, – деді аймақ басшысы аталмыш жүздесу барысында. – Басқа салалар бойынша да бірлесе атқаратын жұмыстар баршылық. Осындай іскерлік байланыстарымыз біздің аймақтардың дамуына оң серпін береді деген сенімдемін. Осылайша Елбасы тапсырмасына сәйкес аймақаралық байланыстарды нығайтпақпыз. 
Сөз соңында облыс басшысы Татарстан Президентін келер жылдың қыркүйек айында Қызылорда қаласында өтетін Қазақстан татарларының «Сабантой» мерекесіне және «Байқоңыр» ғарыш айлағына сапарлап қайтуға шақырды. 
Әділжан ҮМБЕТ.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ДОСТЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН ДИДАРЫ

ДОСТЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН ДИДАРЫ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Байқоңыр қаласында болды. Аймақ...
ҚАЗБА БАЙЛЫҒЫМЫЗДЫ ҚАЖЕТКЕ ЖАРАТУҒА БАРЛАУ ЖҰМЫСТАРЫНА ИНВЕСТИЦИЯ АРТУЫ ТИІС

ҚАЗБА БАЙЛЫҒЫМЫЗДЫ ҚАЖЕТКЕ ЖАРАТУҒА БАРЛАУ ЖҰМЫСТАРЫНА ИНВЕСТИЦИЯ АРТУЫ ТИІС

Қара жердің қойны-қонышында адамзат баласы үшін қазба байлық жетіп артылады. Әрине,...
ЕЛБАСЫ ЖЕДЕЛХАТ ЖОЛДАДЫ

ЕЛБАСЫ ЖЕДЕЛХАТ ЖОЛДАДЫ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир...
ИНВЕСТИЦИЯ – ӨЗАРА ӘРІПТЕСТІКТІҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТЕДІ

ИНВЕСТИЦИЯ – ӨЗАРА ӘРІПТЕСТІКТІҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТЕДІ

Соңғы жылдары Сыр өңірінің экономикасында өзіндік ерекшелік байқалады. Экономиканың...
АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ

АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ

Кеше облыстық мәслихат залында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің...
ӨНЕРІНДЕ ҒАРЫШТЫҢ СЫРЛАРЫ БАР

ӨНЕРІНДЕ ҒАРЫШТЫҢ СЫРЛАРЫ БАР

Аймақ басшысы ғарышты қаладан келген меймандар алдында өңірдің...
Пікір: