ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ – ХАЛЫҚТЫҢ ТАРИХИ ТАҢДАУЫ

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ | 04 декабрь 2013 ж. - 08:48 | Көрудің саны: 1 526
ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ – ХАЛЫҚТЫҢ ТАРИХИ ТАҢДАУЫН.Бекежанов атындағы драма театрында Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты жиын өтті. Салтанатта облыс әкімі Қырымбек Көшербаев барша Сыр жұртшылығын мемлекеттік маңызы зор мерекемен құттықтап сөз сөйледі.
– Тәуелсіз Қазақстанның 22 жылғы тарихынан тағылым іздеген адам ұлы бастамалардың кезеңіне кездесетіні анық. Осындай игіліктердің барлығы ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты. Тәуелсіз қазақ елінің тағдыры – Елбасы тағдыры. Елбасы тағдыры – қазақ елінің тағдыры. Ұлы Абылай хан дүниеден өтер сәтінде «Елімді бейбіт өмірге жеткізе алмадым, халқым жер игілігін көре алмады, қала, кент сала алмады, елдің басын біріктіре алмадым» деп орындалмаған үш арманын айтып кеткен. Ұлы Абылайдың осы армандарын тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың толығынан жүзеге асырғанын көріп, куәсі болып отырмыз,–деді аймақ басшысы. Мұнан кейін, тәуелсіздікке қол жеткізген екі онжылдық мерзімде айбынды мемлекетке айналған еліміздің толағай табыстары жайында айтылды. Бүгінде қай саланы алып қарасақ та, алға қарыштап даму бар. Соңғы он жыл ішінде елімізде ішкі жалпы өнім артып келеді. Осы уақыт ішінде 500-ден астам жаңа өндіріс орны салынды. Елімізде инновациялық өндірістер ашылуда, заманауи автобандар және темір жолдар, құбыр жүйелері мен электр желілері салынуда. 
Қазақстан әлемнің 140 мемлекетімен қарым-қатынас орнатып дамытуда. Қазіргі күні ТМД-да көшбасшы позицияға ие болған еліміз АҚШ-пен, Қытаймен, Еуроодақпен стратегиялық әріптестік орнатуда. Осындай жетістіктер баяндалып, оның ішінде Елбасы тәуелсіздік жылдарында облысымызда бірнеше ірі жобалардың іске асуына бастамашы болғандығы  тілге тиек етілді. «Елбасының Сыр еліне жасаған әрбір сапарынан мұндағы халықтың келешекке деген сенімі арта түседі. Ұлт көшбасшысының ыстық пейілі, ағайынға арнаған лебіздері жұртшылықтың көңілін көтереді. Биылғы қыркүйек айында келген сапарында да Сыр халқына шынайы жанашырлық, тілектестік лебіздерін білдірді. Бізді жаңа істерге қолдау, қамқорлығы арқылы қанаттандырып кетті емес пе?!»,–деді Қырымбек Елеуұлы. 
Шара барысында Мемлекет басшысының тағылымды өмір жолы, егемен елдің екі онжылдықта қол жеткізген табыстары туралы бейнебаян көрсетілді. Салтанатты жиынға арнайы шақырылған Абай атындағы опера және балет театрының солистері мен «Жетіген» вокалды тобы Елбасының сүйіп тыңдайтын әндерін орындады. Мектеп оқушыларының орындауындағы «Үш қоңыр» әні көрермен қауымды бір серпілтті.
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.

ҚР Тұңғыш Президенті күніне  арналған жиналыста облыс әкімі Қ.Е.Көшербаевтың сөйлеген сөзі

Ардақты ағайын, қымбатты қызылордалықтар!
Осы жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан халқы мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күнін екінші рет атап өтеді.
Тұңғыш Перзидент күні – бұл тарихи таңдау күні, барлық қазақстандықтардың Ұлт көшбасшысы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні.
1 желтоқсан – тұңғыш президент сайлауында Нұрсұлтан Әбішұлының барша  қазақстандықтардың зор сеніміне ие болған күні.
Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын  қалап, шекарасын бекітіп, болашаққа бағыт-бағдар берген, жер-жаһанға танытып, бүгінгідей біздің беделді әрі қуатты мемлекетке айналуымызда – Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз.
Тәуелсіз Қазақстанның 22 жылғы тарихынан тағылым іздеген адам ұлы бастамалардың кезеңіне кездесетіні анық. Осынау игіліктердің барлығы Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланысты. 
Осындай сәтте Елбасының «Біз мемлекет құрдық. Құрғанда да аты бар да заты жоқ мемлекет емес, бүкіл адамзат танитын, танып қана қоймаған – мойындайтын, құрметтейтін мемлекет құра алдық» деген сөзі ойға оралады.
Аз ғана мерзімде қос құрлықтың арасындағы ұлан-байтақ кеңістікте бабадан қалған қонысты түгел иемденіп, атадан қалған аруақты туды асқақ ұстап, өз алдына ел болып, еңсе көтеріп кетудің қандай тынымсыз еңбекке, қайтпас күреске, қажымас күш-жігерге түсетініне куә болдық. 
Енді, міне, қай адымын да қалт жібермей бүкіл әлем қадағалап отырған айтулы мемлекетке айналдық. Көпғасырлық тарихымыздағы ең бақытты дәуренге енді жеттік. Нәтижелі істерімізге, батыл ойларымызға, ішкі орнықтылығымызға, сыртқы тартымдылығымызға алыс-жақын бірдей назар тігуде. 
Тәуелсіз қазақ елінің тағдыры– Елбасы тағдыры. Елбасы тағдыры – қазақ елінің тағдыры. Екеуін еш уақытта бір-бірінен бөліп қарай  алмаймыз.
Ұлы Абылай хан дүнеден өтер сәтінде «Елімді бейбіт өмірге жеткізе алмадым, халқым жер игілігін көре алмады, қала, кент сала алмады, елдің басын біріктіре алмадым» деп орындалмаған үш арманын айтып кеткен екен. Ұлы Абылайдың осы армандарын Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың толығынан жүзеге асырғанын көзіміз көріп, куәсі болып отырмыз.
Бір кезеңдердегі Еділінен айырылған ел-жұрттың Есілінен де қол үзіп қалу қауіпі туған еді. Сары алтындай Сарыарқаны жайлаған бел арқамыз бес облысымызға көз сұғын қадаушылар көп болған. Осындай кезде Елбасының бастамасымен Есілдің бойына ел қондырып, еңселі Ордамызды орнаттық. Арқа төсіне әсем Астана салып, әлемге Қазақстан деген абыройлы мемлекет ретінде танылдық. 
Астана – Елбасының төл түлегі, еліміздің жүрегі. Астана бүкіл елдің дамуына ұйытқы болып отыр. Облыс орталықтары Елордаға қарап бой түзеп жатыр. Астана бүкіл халқымызды түлетті. Елді сілкіндірді. Алыс та, жақын да білетін, сүйінетін Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналды.
 Қазақстан Тәуелсіздігіне қол жеткізген екі онжылдықтай ғана мерзімде алыстағы алып елдер де, қыр астындағы көршілер де санасатын айбынды мемлекетке айналды. Ел абыройының әлемдік деңгейде асқақтауы Тұңғыш Президенттің сарабдал саясаты, қоғамдық-әлеуметтік және экономикалық реформалардың нәтижесі. 
Тәуелсіздік жылдары орасан мол табыстарға қол жеткіздік. Қай саланы алып қарамаңыз, мейлі ол білім мен ғылым, спорт, мәдениет пен өнер, құрылыс пен ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп болсын бәрі-бәрінде де қарыштап дамып келеміз.
Соңғы он жылдан астам уақыттан бері елімізде ішкі жалпы өнім жыл сайын орташа алғанда 6-7 пайыз өсім беріп келеді. Осы уақыт ішінде 500-ден аса жаңа өндіріс орындары салынды. Өндірістегі технологиялық-инновациялық шығын 8 есе ұлғайды. 1993 жылдан бастап еліміздің экономикасы серпінді дамыды және 16 есе өсті.
Елімізде инновациялық өндірістер ашылуда, заманауи автобандар және темір жолдар, құбыр жүйелері мен электр тарату желілері салынуда. 
Жүздеген мың азаматтар лайықты жұмыс тапты, қайта оқып, жаңа мамандықтар алды.
Екі онжылдық ішінде қазақстандық жол жаңа тәуелсіз елдер үшін үлгі – модельге айналды.
Біздің ірі жеңістеріміздің қатарында 56 мемлекетті біріктіретін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалықты және 1,5 млрд-тан астам халқы бар 57 қатысушы мемлекеттің қолдауына ие болған Ислам елдері ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуімізді айтуға болады.
Қазақстан Халықаралық көрмелер бюросының 157 мүшесінің дауыс беруі нәтижесінде ЭКСПО-2017-ні ұйымдастырушы елге айналды. Сондай-ақ, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Кеден одағы сияқты аса ірі аймақтық ұйымдарды құрудың бастауында тұрды.
Қазақстан әлемнің 140 мемлекетімен қарым-қатынас орнатып, дамытуда. Өзінің даму қарқыны, экономикалық қуаты, адами әлеуеті бойынша Қазақстан Орталық Азия мен ТМД-да көшбасшы позицияға ие болып отыр. АҚШ-пен, Қытаймен, Еуроодақпен стратегиялық әріптестік қатынастарымыз дамытылу үстінде.
Тарихта ешқашан да бірде-бір мемлекет небәрі екі онжылдықта осындай халықаралық беделге ие бола алған жоқ.
Мұның бәрі осыдан тура 22 жыл бұрын Қазақстан халқы жасаған тағдырлы тарихи таңдаудың нәтижесі.
Қазақтың кең-байтақ даласының қай өңіріне де кие қонған, құт дарыған. Әйткенмен, тұтас түркі жұрты Сыр бойын атамекеніміз деп таниды. Ұлы дарияның бойында орналасқан қазақтың ежелгі астаналары бұл мекеннің тарихтағы орнын айшықтап тұрғандай. Елбасының осы өлкені «Сыр – Алаштың анасы» деп атауында айрықша мән бар. Мұнда қазақ халқының  келешегіне қатысты талай тағдырлы шешімдер қабылданғаны тарихтан белгілі.
Елбасы тәуелсіздік жылдары Қызылорда облысының, ондағы еңбексүйгіш халықтың  ертеңіне қажетті бірнеше ірі жобалардың іске асуына бастамашы болды. Елбасының Сыр еліне жасаған әрбір  сапарынан мұндағы халықтың келешекке деген сенімі арта түседі. Ұлт көшбасшысының ыстық пейілі, ағайынға арнаған лебіздері жұртшылықтың көңілін көтереді.
Елбасы биылғы  қыркүйек айында  келген сапарында да Сыр халқына шынайы жанашырлық, тілектестік лебіздерін білдірді. Бізді жаңа істерге қолдау, қамқорлығы арқылы қанаттандырып кетті емес пе?!
Елбасы тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде Арал тағдырына адам тағдыры деп қарап, экологиялық аймақтағы мемлекет басшыларының басын қосты. Арал проблемасы алғаш рет халықаралық деңгейде Қызылордада талқыланды. Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен халықаралық «Аралды құтқару қоры» құрылып, экологиялық өңірдің мәселелерін жіті назарда ұстады.
Бұл кезде жас мемлекеттің алдында басқа да мыңдаған күрделі мәселелер тұрған еді. Бірақ Мемлекет басшысы Сыр бойындағы экологиялық апаттан зардап шеккен халықты қат-қабат қасіреттен құтқаруды екінші кезекке ысырып қоймады. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасы дүниеге келіп, Қазақстанның Дүниежүзілік Банкпен ынтымақтастығына негіз қаланды. Көкарал бөгеті тұрғызылып, Ақлақ су тоспасы салынды. Сырдария өзенінің арнасы реттеліп, Қараөзек, Әйтек тоспалары қайта жаңартылды. Кіші Арал суы бұрынғы жағалауына жақындап, теңіз акваториясы ұлғайды. Ауданда балық шаруашылығы өркендеп, балықшылар ата кәсібіне қайта оралды. Жағалаудағы елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Қазіргі таңда Аралда бұрынғы кеңес заманында салынбаған жаңа технологиялы балық зауыттары жұмыс істеуде.
Сыр өңірі үшін маңызы аса зор «САРАТС» жобасының алғашқы нәтижелерімен танысқан Елбасы оның екінші кезеңін жалғастыруға тапсырма берді. Қасиетті Арал топырағында тұрып «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі халық жадында мәңгі қалды.
Экономикалық құрылымы жағынан жылдар бойына аграрлық аймақ болған Сыр өңірі тәуелсіздік алған соң мұнайлы аймаққа айналды. Елбасының тікелей тапсырмасымен жалдық мерзімі аяқталған Құмкөл жерін әлі де біздің облыстың еншісіне қалдыра тұруға шешім қабылданды. Қазақтың дархан даласының, қойнауы қазынаға толы жерінің байлығы – баршаға ортақ. Ширек ғасырдан астам уақыт бұрын мұнайшылық кәсіпті игерген сырбойылықтар бүгінде Елбасының осы шешімінің пайдасын көріп отыр.
Қызылорда халқы кеніштерде есепсіз жанып жатқан ілеспе газды жылдар бойы тұтына алмады. Қисапсыз байлық босқа жанып жатқанда, қала халқы құны аспандап тұрған отын мен көмірді ға мәжбүр болды. Елдің қамын ойлайтын Елбасы бұл істе де бастамашылық танытып, Қызылорда қаласын газдандыру жобасына қыруар қаржы бөлінді. Жыл сайынғы Жолдауларында газдандаруды аяқтау туралы Үкіметке тапсырма берді. Міне, осының арқасында облыс орталығы арзан «көгілдір отынның» игілігін молынан көріп отыр. Ал, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбыры іске қосылғанда, бұйырса аудандар мен ауылдар да «көгілдір отын» жағады.
Алдағы уақытта Қызылорда облысын кешенді газдандыру қолға алынбақ. Бірінші кезеңде, яғни, 2014-2015 жылдары облыс халқының 70 пайызын газбен қамтамасыз етуге қол жеткізіледі. Бұл тапсырманы жүзеге асыру үшін қазіргі таңда облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда.
Бүгінде құрылысы жүріп жатқан «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралі Қазақстан экономикасының күретамырына айналар күн алыс емес. Осы алып жоба Сыр елінің әлеуетінің артуына қызмет етуде. Қытай мен Еуропаны жалғастыратын транзиттік дәліздің 800 шақырымнан астамы Қызылорда облысының аймағында. Президент бастамасымен қолға алынған бұл ұлы жол облыстың барлық аудандарын басып өтеді. Қазіргі уақытта құрылыста бірнеше мыңдаған адам жұмыс істейді. Жаңа ғасырдың жаңа Жібек жолы аймақ экономикасы мен әлеуметтік дамуына ерекше үлес қосады. 
Сыр елі Елбасының ерекше ықыласына бөленген аймақ. Соңғы жылдары әлеуметтік көрсетілген қолдау арқасында жүздеген мектептер мен балабақшалар, медициналық нысандар салынып, пайдалануға берілді. Біздің облыс халқы Президенттің «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан», «Тұрғын үй құрылысы», «Мәдени мұра», «Қолжетімді баспана», «Жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы-2020» іспеттес мемлекеттік бағдарламаларының игілігін молынан көріп келеді.
Аймақтың өсу қарқынын, даму деңгейін айқындайтын басты көрсеткіш – Жалпы ішкі өнім Республика бойынша  1993 жылы 25,1 млрд. теңгені құраған болса, 2012 жылы 30 трлн. 346,9 млрд. теңгені құрады.
Ал, Қызылорда облысы бойынша 1993 жылы 512,3 млн. теңгенің жалпы ішкі өнімі өндірілсе, 2012 жылдың қорытындысы бойынша 1 трлн. 176,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Республиканың Жалпы ішкі өнімінің ішіндегі облыстың үлесі 1993 жылы 2 пайызды құраған болса, қазіргі таңда 4 пайызға жетіп отыр. 
Облыс бойынша экономиканың негізгі салаларына келетін болсақ: 1991 жылы 2,1 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген болса, 2012 жылы оның көлемі 1 трлн. 109,3 млрд. теңгеге жетті.
Оның ішінде мұнай өндіру көлемі 1,7 млн. тоннадан – 2012 жылы 10,9 млн. тоннаға жеткізілді.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1991 жылы 460,2 млн. теңгені құраған болса, 2012 жылы 48 млрд. 505,2 млн. теңгені құрады.
Малдың барлық түрлерінің басы өсті. Облыс шаруашылықтарының барлық категорияларында 1997 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара малдың басы 60,3 пайызға, қой мен ешкі 14,2 пайызға, жылқы 55,5 пайызға, түйе саны 70 пайызға артты, ет өндіру 15 пайызға, сүт өндіру 1,6 есеге өсті.
Облыста Сыр маржанының даңқы қайта жаңғыруда. Биылғы жылы ауыл еңбеккерлері егілген 74 мың гектар күріштің әр гектарынан 48,8 центнерден өнім алып, қамбаға 365 мың тонна күріш салысын құйды. Бұл – аймақ тарихындағы ең ірі рекордтық жеңіс.
Облыс экономикасына тартылған инвестициялар 1998 жылы 10,1 млрд. теңгені құраған болса, 2012 жылы 256 млрд. теңгені құрап отыр. Ал, биылғы жылы облыстағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – республика өңірлері арасында ең жоғары көрсеткіш 172,1 пайызды құрап, республика өңірлері арасында 1 орында тұр.
Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары да қарқынды дамуда. Бұл көрсеткіш бойынша да облыс республика өңірлері арасында алдыңғы орында. 
Салынған тұрғын үйлердің көлемі 1998 жылмен салыстырғанда 8 есеге өсті.
Экономика дамуындағы оң ахуал бюджет кірістерінің өсуіне де ықпал жасайды. Бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдер жинау көлемі жыл сайын артып келеді. Мемлекеттік бюджетке түскен түсім көлемі 2012 жылдың он айымен салыстырғанда 99,0 млрд. теңгеге артып, 472,0 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде, жергілікті бюджет түсімі 113,0 пайызға орындалып, 39,8 млрд. теңге түсті. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада алғашқы үштіктің қатарында.
Облыс бойынша 2002-2005 жылдары орта есеппен жылына           4 мыңнан астам, ал 2006-2012 жылдары 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Нәтижесінде ресми жұмыссыздық деңгейі 1998 жылғы 10,0 пайыздан 2013 жылдың1 қаңтарына 5,3 пайызға дейін төмендеді.
Қызылорда облысында Елбасы тапсырмасымен қолға алынған Үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарламасының орындалуы ерекше назарда. Осы жылдың басында шыны зауытының құрылысын Ақтөбе облысында салу туралы Үкімет қаулысының жобасы әзірленген болатын. Елбасының тікелей қолдауы нәтижесінде бұл жобаның біздің облыста жүзеге асуына қол жеткізілді. Бұл өндіріс тәулігіне 600 тонна әйнек шығаратын болса, жылына 180 000 тоннаға жуық өнім дайындайды. Кәсіпорын өнімді экспортқа шығаруымен ерекшеленбек. Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Бейнеу-Сексеуіл-Жезқазған» теміржол құрылысы жүргізілуде. «Баласауысқандық» ванадий кен орнында алғашқы 6 тонна сынамалы аммоний метаванадаты өндірілді. 
Байқоңыр кешенін бірлесе пайдалану мен қаланы жаңа жағдайда дамытудың «Жол картасы» әзірленді. Бұл үкіметаралық құжаттың қабылдануы қаланың, сонымен бірге іргедегі Төретам, Ақай кенттерінің қордаланған мәселелерін шешуге жол ашады.
Байқоңыр қаласының әлеуметтік және инфақұрылымдық дамуымен қатар, экономикасын да дамыту қажет. Бұл болашақ үшін маңызды.
Сонымен қатар, Байқоңыр қаласы мен Қорқыт ата кешенінің «ЭКСПО-2017» көрмесінің толыққанды объектісі болуына күш салуымыз қажет.
Биылғы жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұралары тізіміне облыстағы тарихи маңызы зор ескерткіштерді енгізу жұмыстарына кірістік. Олардың қатарында әлемде теңдесі жоқ Сығанақ, Жанкент, Жент, Шірік-Рабат қалашықтары мен Қорқыт ата кешені бар. Өңірдегі ежелгі тарихи маңызы бар қалалар әлем құндылығына  айналуы тиіс. Қазір ежелгі Сығанақ қалашығын қалпына келтіру үшін археологиялық жұмыстар жүргізілуде. Біз нақ осы жерде, ашық аспан астында мұражай ашуды көздеп отырмыз.
Қорқыт ата кешенін жаңартуға айрықша назар аударғанымыз жөн. Қорқыт – түркі халықтарына ортақ тұлға. Сондықтан да бұл кешенді бүкіл түркі халықтары, барша мұсылман қауымы тәу ететін қасиетті орынға айналдыруымыз қажет.
Сыр өңірі Елбасының қамқорлығы арқасында өндірісі өркендеп, тұрмысы оңалған өлкеге айналды. Қамқорлық қанаттандырған аймақ тұрғындары тәуелсіз еліміздің болашағы жолында еңбек етіп, Тұңғыш Президентінің жанына топтасуды өмірлік мұрат тұтады.
«Тұңғыш» сөзінің мәні терең. «Тұңғыш Президент» Вашингтон, Ататүрік, Ганди сияқты тұңғыштардың қатарында Н.Назарбаев есімінің жұлдыздай жарқырап тұруы мақтаныш сезімін ұялатады.
Заманымыздың заңғар жазушысы, кенен ойлы кемеңгер ағамыз Әбіш Кекілбаев айтқандай «Ең алдымен ел абыройын ойламай, ешкім де жағдайын түзей алмайды. Бүгінгі отаншылдық – төзім, бүгінгі ерлік – сабыр, бүгінгі елдік – тыныштық. Қазіргі адал ниетті отандастарымыздың бір-біріне жасай алатын содан басқа жақсылығы жоқ. Сонда ғана ортақ шаруамыз оңалып кете алады».
Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы экономикадағы мүмкіндіктерді өңір тұрғындарының игілігіне және оның болашақ ұрпағына жарата аламыз. Оны бәріміз бірлесе, біріге атқарсақ ғана жүзеге асады. Жасампаз еңбекте бәріміз бірлігімізге бекем, ынтымағымызға ұйытқы болайық.
Өйткені бізді бір Отан, бір тағдыр, бірінші Елбасы біріктіріп отыр.
Қымбатты жиналған қауым! Бәріңізді де біздің тарихымызға қазақстандықтардың Бүкілхалықтық Таңдауының Бірлігі күні ретінде енген мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын! Жандарыңызға жақсылық, отбастарыңызға амандық, бақыт, қуаныш, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Тәуелсіз Қазақстан жасасын!
Еліміз, Елбасымыз аман болсын!


Сондай-ақ... оқыңыз:

ҰРПАҚ АЛДЫНДАҒЫ ӨЛШЕУСІЗ ЕҢБЕК

ҰРПАҚ АЛДЫНДАҒЫ ӨЛШЕУСІЗ ЕҢБЕК

Бейсенбі күні облыс бойынша монополияға қарсы инспекция мемлекеттік мекемесінде...
ЕЛ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ЕР БОЛМЫС

ЕЛ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ЕР БОЛМЫС

Қай жерде болмасын тәуелсіздік туралы сөз туындай қалса,  сол тәуелсіздікпен...
ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАҒАН КӨШБАСШЫ

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАҒАН КӨШБАСШЫ

Облыс бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы...
ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫНЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ

ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫНЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ

Тәуелсіз Қазақстанның 22 жылғы тарихынан тағылым іздеген адам ұлы бастамалардың...
ПРЕЗИДЕНТТІК ИНСТИТУТТЫҢ МАҢЫЗЫ

ПРЕЗИДЕНТТІК ИНСТИТУТТЫҢ МАҢЫЗЫ

Аптаның  жұма күні Студенттер сарайында облыс әкімі, саяси ғылымдарының докторы...
СЫРДЫҢ ЕЛІ – ЕРЕН ЕҢБЕК, ДАСТАН-ЖЫР, ТӘУЕЛСІЗДІК ШАПАҒАТЫ ШАШҚАН НҰР

СЫРДЫҢ ЕЛІ – ЕРЕН ЕҢБЕК, ДАСТАН-ЖЫР, ТӘУЕЛСІЗДІК ШАПАҒАТЫ ШАШҚАН НҰР

Қазақтың қалың тарихының парақтары «мың өліп, мың тірілгенін» айғақтайды. Баһадүр...
Пікір: