АУДАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМ

АУДАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМЖақында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Сырдария ауданында Сыр аймағы аудандары арасында алғашқы болып инвестициялық бизнес форум болып өтті. Кәсіпкерлікті қолдау форумы егін және мал шаруашылығын дамыту, аудан аумағына инвесторлар тарту, ондаған жобаларды іске асыру арқылы жаңа кәсіпорындар ашып, сол арқылы жұмыссыздықты азайтуды мақсат еткен.
Инвестициялық бизнес форум жұмысын облыс әкімінің орынбасары Ғ.Әміреев кіріспе сөзбен ашып, Сыр аймағында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылып жатқан игілікті істерді баян етті.
– Кәсіпкерлікті қолдау еліміздің экономикасын дамытудың басты бағытына айналып отыр. Содан да аймақта екі рет кәсіпкерлікті қолдау форумын өткіздік. Сондай-ақ, Байқоңырда да инвестициялық форум болып өтті. Кәсіпкерлер форумының басты мақсаты агроөнеркәсіпті дамыту, жеке кәсіпкерлерді инвестицияға тарту бағытында болып отыр. Осы форумдардың негізінде 27 жоба мақұлданып, меморандумға қол қойылды, – деген ол Сыр елінде кәсіпкерлікпен айналысушылар қатары еліміз бойынша көш соңында келе жатқанын айтып, ауыл әкімдеріне елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытуға баса мән беруге, соның нәтижесінде жұмыссыздар қатарын азайтуға шақырды. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді нақтылау, олардың немен айналысып жүргендіктерін, мемлекет тарапынан қандай қамқорлық көріп отырғандығы басты назарда болуы керек.
Форумда сөз кезегін алған аудан әкімі Ғ.Қазантаев кәсіпкерлікті қолдау бағытында аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды.
Сырдария ауданы – ауылшаруашылықты, яғни, күрішті де ырысты аудан. Содан да аймақ тұрғындары бұл өңірге «күріш фабрикасы» деп ат қойып, айдар таққан. Биылғы жылы астық қамбасына 92 мың тонна Сыр маржанын құйған олар Сыр аймағының көш басында болды.
Аудан әкімінің айтуынша, аудан аумағында кәсіпкерлікті қолдауға байланысты игілікті істер қолға алынбақ көрінеді. Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартуға қатысты жоспарлы жұмыстарды саралап айтар болсақ, біріншіден, күріш егістігі көлемін арттыру, тұқым сапасын жақсарту бағытында Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Бүкілресейлік күріш ғылыми-зерттеу институты және Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығын ғылыми-зерттеу» институтымен бірлесе жұмыс жүргізу қолға алынбақ. Екіншіден, егістік және жайылымдық жерлерді кеңейту, оларды аяқ сумен толықтай қамтамасыз ету бағытында «Байқоңыр ӘКК ҰҚ» АҚ-мен бірлесе отырып машина-трактор станциясы салынбақ. Yшіншіден, мұнай өндірушілермен байланыс күшейтіліп, жергілікті жерден осы сала мамандарын даярлауға бетбұрыс жасалмақ. Биылғы жылы осы саламен екіжақты меморандумға қол қойылған. Мұнай компаниясы тұрмысы төмен 17 отбасы балаларының жоғары оқу орнына оқыту қаржысын төлеп отыр екен. Төртіншіден, аудан аумағында бірде-бір базар, не бірде-бір сауда орталығы жоқ. Содан да Тереңөзек кентінде базар  мен сауда орталығын, мал базарын салу жобаға енгізілген.
Аудан аумағындағы елді мекендерді көркейту, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршіліктерін жақсарту бағытында да жоспарлы жұмыстар қолға алынбақ. Яғни, Ақжарма ауылы тірек ауылына айналмақ. Бұл ауылда егін мен мал шаруашылығын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасалмақ. Нақтылай айтар болсақ, 2014-2016 жылдары қаржысы 149 млн. теңге тұратын 6 инвестициялық жоба іске асырылып, 87 адам жұмысқа тартылады.
– Инвесторлар, – дейді «Аудан егіншілігін дамыту мақсатында консорциум құру» жобасы жайында баяндаған аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров, – шаруашылықты ғана өркендетуге емес, ауылдың көркеюіне, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршіліктерінің жақсаруына бетбұрыс жасамақ. Сол үшін инвесторлар мен ауыл әкімдері меморандумға отырады.
Бизнес форумда сөз алған Бүкілресейлік күріш ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы В.С.Ковалев күріш дақылын өсіруде Сыр аймағымен ғылыми-тәжірибелік тәжірибе алмасу қажеттілігіне кеңірек тоқталды. Сондай-ақ, бүгінде «Абзал и К» ЖШС-мен күріш тұқымдарын зерттеу бағытында бірлесе жұмыс жасап жатқандықтарын айтты.
– Бүгінгі таңда азық-түлік мәселесі күн тәртібінде тұр. Содан да егістік жер көлемін арттырып, оларды жаңа агротехникалармен толықтай қамтамасыз ету қажет, – деген «Байқоңыр» ӘКК ҰҚ» АҚ-ның АПК департаментінің директоры Б.Қ.Әбиев Сырдария ауданында «Машина-трактор станциясын құру» жобасымен екіжақты меморандумға отырмақ екендіктерін, яғни, консорциум құру қолға алынатындығын жеткізді.
Инвестициялық бизнес форумының кеңейтілген мәжілісінен соң екі бағыт бойынша, яғни, ауыл шаруашылығын және кіші және орта кәсіпкерлікті дамытудың тетіктері туралы секция отырстары болды. «Ауыл шаруашылығы саласын дамыту туралы» секция жұмысында Ресей Федерациясы Краснодар өлкесінің «Кубрис» ООО-ның бас агрономы В.Я.Эмгрунт, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев, облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ж.Еламанов, «ҚР минералды шикізатын кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК-ның ғылыми қызметкері, профессор Ю.И.Сухарников, «МжВИ» РМК «Қолданбалы микробиология» филиалының директоры, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Е.Шорабаев, сондай-ақ техника ғылымының докторы С.З.Рахатов баяндама жасап, агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жайлы жан-жақты баян етті.
Ал, «Кіші және орта кәсіпкерлікті дамытудың тетіктері туралы» секция отырысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облысы филиалының бас менеджері А.Тобжанова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Өтегенова және басқалар сөз сөйлеп, кәсіпкерлікті қолдаудағы мемлекеттік бағдарламалардың рөлі, кәсіпкерлерді несиелендіру жолдарына тоқталды.
Инвестициялық бизнес форум барысында ондаған инновациялық жобаларға байланысты екіжақты келісім жасалып, меморандумға қол қою рәсімі болды. Басты-бастыларын саралап айтар болсақ, кірпіш өндіру зауыты салынбақ. Жобаның мақсаты күйдірілген кірпіш шығару болса, жоба бастамашысы – «Ақжарма және К» шаруа қожалығы. Жоба құны – 40 млн. теңге. «Ақжарма» ауылынан 2014-2015 жылдары салынатын кірпіш зауыты жылына 3 млн. қыш шығарса, жаңадан 20 жұмыс орны ашылмақ. Тірек ауылына бағышталған осы «Ақжарма» ауылында күріш ақтау цехы жобасы да іске асырылмақ. Құны 62 млн. теңге тұратын жоба алдағы 2014 жылы іске қосылмақ. Тәулігіне 40 тонна күріш ақтайтын цехқа 40 адам жұмысқа тартылады. Тағы бір құптарлық жоба – мұнай қалдықтарын өңдеу жобасы. Жобаның бастамашысы «Экотехника» ЖШС 200 млн. теңгені өз есебінен жұмсап, жобаны алдағы жылы іске асырмақ. Сондай-ақ, аудан аумағында қаражаты 20 млн. теңге тұратын Тереңөзек кентінде сауда орталығын салу жобасын «Энергия» ҚК қолға алса, құны 10 млн. теңге тұратын сүт өндіру зауытын салу және құны 7 млн. теңге тұратын құрама жем зауыты жобаларына «Ақжарма 2» шаруа қожалығы бастамашы болып отыр. Ал, «Байқоңыр» ӘКК ҰҚ» АҚ шаруашылықтары тоқырап тұрған А.Тоқмағанбетов, С.Сейфуллин, Қалжан ахун, Қоғалыкөл ауылдарында консорциум құруды қолға алмақ.
Кәсіпкерлікті қолдау форумында қорытынды сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ғ.Әміреев аудан аумағында инвестициялар тартылып, жаңа жобалардың іске қосылатындығына оң баға берді.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 10 желтоксан 2013 г. 1 492 0