СӘТТІ ҚАДАМ

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ДӘУЛЕТ | 12 декабрь 2013 ж. - 10:59 | Көрудің саны: 527
СӘТТІ ҚАДАМНе айтары бар, бұл күндері Сыр аймағы дүр сілкінген қырандай: қай салада болмасын құлашты кеңге салған үлкен ұмтылыстар жасалуда. Экономикалық серпін әлеуметтік оңалтуға ұласып, өңір дидары танымастай өзгеруде. Қызылорда құлпырып, Қазалы бойжеткендей бой түзеп, шағын қалалар санатындағы Арал шырайлы шаһар атануға талпынып-ақ жатыр.
Осындай оптимистік көңіл-күй аралдық азамат Ғабит Бердалиевті тың талпынысқа бекіндірді. Қаршадайынан техникаға әуестік оны 20 жылдан бері жол үстінен іздетеді. Әкесі Шәймерден аға Аралдағы балық өндірісінің жалаугер жүргізушісі болды. Тонналаған су маржанын қысы-жазы тасымалдауда бел суытып көрген емес. Құрметті еңбек демалысына шыққанда, зор үлесін бағалаған басшылық тақымын талдырған ЗИЛ автокөлігін сыйға тартты. Сол жәдігер техника Бердалиевтер әулетін толықтай әке соқпағына түсірді. Ағалары Сәбит  пен Мараттың әлі күнге қолы рульден кеткен жоқ. Күйеу балалары Бауыржан мен Әділбек те доңғалақты дүниенің қыр-сырына қаныққан. Оқу-өндірістік комбинатта, ДОСААФ-та жүргізуші мамандығына төселген Ғабитты нарық дүрбелеңі ел ішіндегі қызмет көрсету алаңына алып келді. Сұраныс бет бұрғызбай, мал да, шөп пен отын, саз бен құм да тасытты. Арасында жолаушының да бетін қақпады. 
Көктен іздегені жерден табылды дегендейін, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалына хабарласқаны мұң екен, ондағылар аралдық талапкердің өтінішін дереу қуаттады. Іскерлік кеңесу, мүмкіндіктерді сараптау Ғабит Бердалиевтің LW300F маркалы трактор алуына белкөтерме 3 млн. 600 мың теңгені алақанға салды. Жетіспеген 1 млн. 713 мың теңгені өзі тапқан Ғабит 17 тамызда Ақтөбеден аталмыш техниканы Аралға аялап жеткізді. Салғаннан  аяғымен жүргізіп, ұзақ жол сүргініне түсіруді дұрыс көрмеді.
Алып трактор игілігін ұзатпады. Арада апта өтпей жатып, қалалық көпсалалы коммуналдық кәсіпорын аудан орталығынан 35 шақырымдағы Конту бекеті маңайынан тікұшақ қонатын алаң жасау жұмысына тартты. Он бес күндей ыңырантып саз тасыды. Одан кейін қаладағы Судоверфь  мөлтек ауданына бетон плита жинады, құм тиеді, тұрғындардың қоқыс қалдығын тасыды. Тазалық жұмыстарының барлығына үлгірді. Бас-аяғы 1 айдың ішінде отбасы бюджетіне әжептәуір қаржы түсті. Құрылысқа қатысты тендер жеңімпаздары жергілікті іскердің жаңа техникасын қолай көріп, келісім-шартқа тұрған жайы бар. Бұйыртса, жыл аяғына дейін тыным да болмайды, кіріс те молаяды. 
Сәтті қадам жанұялық жарасымға ынтымақ өрнегін бедерледі. Ғабит – биыл үшінші мүшелде. Келіншегі Гауһар – аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде әлеуметтік қызметкер. Отасқандарына 15 жыл толды. Бір қызығы, бұлардың әкелері Шәймерден мен Нұрқожа сапарлас, әріптестер екен. Ғабиттың шешесі Алтыншаш үй шаруасын дөңгелентсе, енесі Майра озат балық өңдеу бригадирі атанған. Құдандалы екі ананың батагөй тілегі әкелер рухымен үндестікте қос әулеттің қорғаны іспетті. Толғанайы тоғызыншы, Саяты бесінші сыныпта өзі түлеп ұшқан №62 орта мектепте оқиды. Бес жасар Бекзат ертемен «Гүлдер» бала бақшасына қарай томпаң қағады. Бәрі де Шәймерден тегін таңдаған. Ұрпақ жалғар ұлдар қазірдің өзінде техникаға бүйрегі бұратынын  ашық айтады. 
– Енді КамАЗ аламыз. Өскенде Саят тиеп, мен таситын боламын! –дейді болашақ мінбесінен үн қатқан Бекзат балдырған. 
Әулет ынтымағын маздатқан жүргізуші жігіттің мерейі үстем болатынына ешкім де шүбә келтірмейді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» алған 3 млн. 600 мың теңгені банк үстемесімен қоса есептегенде, 4 жыл ішінде жылына 1 млн. 113 мың теңгеден төлеп тұру Ғабитке осы қарқынынан таймаса, пәлендей ауырлық түсірмейді. Жүдә, істері алға басса, толық төлемін ертерек бір-жар жылда өтеп тастауға ұмтылары хақ.
Жаңабай КЕМАЛ.
Арал ауданы.


Сондай-ақ... оқыңыз:

СЕНАТОРЛАР СЫР БОЙЫНДА

СЕНАТОРЛАР СЫР БОЙЫНДА

Арал ауданында ҚР Парламент сенатының депутаттары Қожахмет Баймаханов пен Мұрат...
БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БЕЛГРАДТЫҚ ТРАКТОРЛАР ҚЫЗЫЛОРДАДА ШЫҒАРЫЛАДЫ

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БЕЛГРАДТЫҚ ТРАКТОРЛАР ҚЫЗЫЛОРДАДА ШЫҒАРЫЛАДЫ

«АзовАралАгромаш» біріккен кәсіпорны жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз...
АУЫЛДЫҢ ДАМУЫНА АЛҒЫШАРТ ЖАСАЛДЫ

АУЫЛДЫҢ ДАМУЫНА АЛҒЫШАРТ ЖАСАЛДЫ

Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын бағдарлау мақсатында қалалық...
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АЛДАҒЫ МІНДЕТІ

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АЛДАҒЫ МІНДЕТІ

Арал ауданында келелі жиын өткізілді. Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Рзақұл...
БАҚЫТЫ ЖАНҒАН ЖІГІТ

БАҚЫТЫ ЖАНҒАН ЖІГІТ

Көптің тілегі қабыл болады деседі. Қазалыдағы егін жинау науқанынан соңғы күн қабағы...
БОЛАШАҒЫ МОЛ БАҒДАРЛАМА

БОЛАШАҒЫ МОЛ БАҒДАРЛАМА

Ауыл арасында кәсібін дөңгелетіп, отбасын асырап отырғандар баршылық. Олардың бірі...
Пікір: