КЕЛЕШЕККЕ – КЕМЕЛ БІЛІММЕН

КЕЛЕШЕККЕ – КЕМЕЛ БІЛІММЕНКеше облысымызға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қорқыт Ата әуежайында күтіп алды. Президент аймақтағы іссапарын жаңа оқу жылының басында ашылған Назарбаев Зияткерлік мектебінің жұмысымен танысудан бастады.
Аталған зияткерлік мектеп үстіміздегі жылдың 30 тамызы – ҚР Конституциясы күні өз шәкірттеріне есігін айқара ашқаны мәлім. Осы ерекше күн Сыр жұртшылығының, әсіресе білімге құмар жас балалардың есінде ерекше қуанышты сәт ретінде есте қалды. Аймағымызға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысына Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Гүлмира Мөңкеева оқу ордасының кіреберісінде интерактивті тақта арқылы білім ордасы туралы ақпарат берді. 
Облыс орталығында бой көтерген заманауи үлгідегі 720 орындық зәулім ғимаратта нақты кезеңде 500-ден астам бала білім нәрімен сусындауда. Ғимарат барлығы 14 блоктан тұрады. Химия-биология бағытында білім беретін мектепке алыстан келіп оқитын балаларға барлық жағдай жасалған. Олар 120 орындық жатақханамен қамтамасыз етілген. Мектептің 360 оқушыға арналған асханасы, үлкен және кіші спорт залы мен тренажер, мәжіліс залдары бар. Осылайша мұнда озық ойлы оқушылардың толыққанды білім алуына, олардың мектеп қабырғасынан ғылыммен айналысуына барлық мүмкіндік жасалып отыр. Аталған білім ордасы заманауи техникалармен және инновациялық бағдарламалық жүйемен жабдықталған. 
 – Химия-биология бағытындағы білім ордасы биыл жаңадан ашылғандықтан 7-10 сынып аралығында оқитын оқушыларды 4 бірдей сыныпқа бірден қабылдадық. Конкурсқа облыс көлеміндегі мектептерден 4001 оқушы қатысып, олардың ішінен үздік шыққан дарынды 553 оқушы іріктеліп алынды. Оқу ғимаратында 63 кабинет бар. Оның 16-сы 20 оқушыға арналса, қалған 40 кабинет 10 оқушыға арналған. Тағы 2 әмбебап, 5 жеке сабақ кабинеттері жұмыс істейді. Бұған қоса, мұнда аймақ экономикасы, экология және өлкетану кабинеті жұмыс істейді. Бұл біздің өзге аймақтардағы зияткерлік мектептерден ерекшелігіміз, – деді мектеп директоры Гүлмира Бақытбекқызы.
Осы тұста халықаралық талаптарға жауап беретін Назарбаев зияткерлік мектебінің алғаш рет 2009 жылы Астана қаласынан ашылғанын айта кеткен орынды. Сонан бергі 4 жыл мерзімде еліміздің ірі қалалары мен аймақтарында дәл осындай 13 мектеп бой көтеріп үлгірді. Қысқа мерзімде даңқы жалпақ жұртқа жайылған зияткерлік мектептерде білім алу әрбір қазақстандық оқушының арманына айналды. Өйткені, алдыңғы кезекте білім мен ғылымға аса көңіл бөлінеді. Ал, қазіргі заман білімдінікі екендігін озық ойлы жастарымыз әлдеқашан бағамдап қойған.
Бүгінгі таңда еліміз бойынша Назарбаев зияткерлік мектебін мыңнан астам түлек бітіріп шыққан. Мамандардың байламы бойынша, осы зияткерлік мектепті бітірген түлектердің 80 пайызы еліміз үшін зәру мамандық болып саналатын техникалық бағыт пен медицина саласын таңдайды. Бұған қоса, бітірушілердің 90 пайыздан астамы мемлекеттік білім грантының иегерлері атанып, дені "Назарбаев Университетінде”, енді бір бөлігі елдегі өзге ірі жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыруда. 
КЕЛЕШЕККЕ – КЕМЕЛ БІЛІММЕНЕлімізде жастар үшін ауқымды тірліктер жасалып жатқанын жеткізген Елбасы, соңғы кездері білім саласы модернизациялаудан өтіп жатқанына тоқталды.
– Мектеп үшін басымдықтардың бірі – дарынды оқушыларды таңдай білу. Сондықтан да біз зияткерлік мектептерге талантты балаларды іріктеп алуға тиіспіз. Осы мектепті бітірген түлектер "Назарбаев Университеті” мен еліміздегі беделді жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыра алады. Осылайша, біз еліміздің элитасын дайындайтын боламыз, – деп ойын өрнектеген Мемлекет басшысы еліміздің білім беру жүйесіндегі маңызды бағыттарды да айқындап берді. 
Ашығын айтқанда, химия-биология бағытындағы мектептердің маңыздылығы күн санап артып келеді. Елбасы таяу болашақта биология ғылымының бәсі артатынын, ғылымның болашағы осы биологияда екендігін атап өтті. – Ол келешекте ең маңызды жетістіктерге қол жеткізеді. Болашақ биологтарды даярлау – болашақ ғалымдарды даярлау деген сөз, – деді Н.Назарбаев.
Бүгінгі таңда аталған пәннің нанотехнология және математика ғылымымен бірге алдыңғы үштікте тұрғанына тоқталды. Сондықтан да болашақта ел индустриясын түлетіп, экономикасын арттыруға үлес қосатын талантты балаларымыз алдыңғы лектегі ғылымды ерте бастан игергендері абзал болмақ. 
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова Елбасының тапсырмасына сай аймақтағы білім саласын дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды мәлімдеді. Облыстың білім саласын дамытудың 2013-2015 жылдарға арналған "Жол картасы” бағдарламасы туралы баян еткен хабарламашының айтуынша, орта білім беру жүйесіндегі үш ауысымда оқыту мәселесі аймағымызда осы жылдың соңына дейін шешілетін болады. Сонымен қатар, ол бүгінде аймағымыздағы апатты жағдайдағы мектептердің саны нақтыланып, тиісті құжатқа қаржы қарастырылып жатқанын жеткізді. 
– Облысымызда қазір 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың 80 пайызы балабақшаға барады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш – 85, келесі жылы 95 пайызға жеткізіледі. Ал, 2015 жылы балалар 100 пайыз балабақшамен қамтылып, біз "Балапан ” бағдарламасын мезгілінен 5 жыл бұрын аяқтайтын боламыз. Балғындарды балабақшамен қамту ісінде жекеменшіктегі балабақшалардың да үлесі мол. Сонымен бірге алдағы жылы аймағымызда дарынды балаларға арналған 3 бірдей білім беру мекемесі салынатын болады, – деді облыс әкімінің орынбасары А.Әлназарова.
Сонымен бірге ол көпбалалы отбасылардан шыққан талантты балаларды қолдау мақсатында биылғы жылы облыста 123 білім гранты бөлінгенін, 2014 жылы осындай білім грантының санын 300-ге жеткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.  
Мемлекет басшысы өңірдің білім саласында оң өзгерістер бар екендігіне тоқталды. Бүгінде білім беру саласының жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын, дегенмен, шешімін күтіп тұрған мәселелердің бар екендігін айтып өтті. Мәселен, бірінші кезекте апатты жағдайдағы білім ошақтарының проблемасын шешу қажет. Екіншіден, үш ауысыммен оқытуды жою керек. Үшіншіден, мектепке дейінгі білім беруге баса көңіл бөлу қажет. Талантты балаларды дәл сол жерден табуға болады.
– Қызылорда облысында балалардың балабақшамен қамтылуына мен өте қуаныштымен. Алдағы жылы оны 100 пайызға жеткізу үлкен табыс болып табылады, – деп сөзін сабақтаған Елбасы Н.Назарбаев жаңа ғимаратқа құтты болсын деген игі тілегін жеткізіп, білім ордасының ұстаздары мен шәкірттеріне сәттілік тіледі.
Елбасының бастамасымен еліміздің ірі қалалары мен облыс орталықтарында ерекше дарынды, алғыр ойлы, ғылымға бейімі бар жас өскіндерді біріктіретін Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылуы шынымен де білім бәсекесіне беттеген жастарымыз үшін үлкен қамқорлық болып табылады. Зияткерлік мектепке Ел Президентінің арнайылап ат басын бұрып, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеп, келешек ел мерейін тасытып, мәртебесін арттыратын азамат тәрбиелеуіне тілек білдіруі мұндағы озық ойлы өрендерді қуанышқа бөлегені айқын. 
Келесі кезекте Елбасы аталған білім ордасындағы аймақ экономикасы кабинетінде болып, бұған дейінгі ғылыми жобалар байқауында жүлдегер атанған шәкірттермен де тілдесті. Осында бірнеше алғыр ойлы оқушының жүлдегер жобалары назарға ұсынылды.  
Ал, білім ордасының мәжіліс залында болған Мемлекет басшысын «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру басқармасы АҚ төрайымы Күләш Шәмшидинова мектептің қызметі және оның білім бағдарламаларымен таныстырды.  
Ол өз сөзінде мұндағы ұстаздар қауымының арнайы конкурспен іріктеліп қабылданғанын, олардың қатарында жергілікті жер мен еліміздің басқа қалаларының мамандары бар екенін жеткізді. Іріктеуден өтіп, жұмысқа қабылданған ұстаздар әрбір екі жыл сайын білімдерін жетілдіріп отырады. Басқарма төрайымы осы жерде стенд арқылы зияткерлік мектеп педагогтарының кәсіби дамуы, оның 7 сатысы, яғни 7 қадамға дейін және әрі қарай даму сатылары туралы айтты. Астана қаласындағы шеберлік орталығы және олардың өңірлердегі филиалдары туралы тарқатқан басқарма төрайымы осы орталықтан өткен 2012 жылы 7670 мұғалім оқып шыққанын, ал үстіміздегі жылы 12 мың мұғалім тағылымдамадан өтіп жатқанын жеткізді. Ал, алдағы жылы тағы 15 мың мұғалім осындай орталықтарда білімін жетілдіреді.Ол әдістемелік құралдар жөніндегі пікірін де ортаға салды, қазақ тілін меңгермеген оқушыларға арналған "Менің ортам” атты оқулық пен оның дәптерін шығару қажеттігін алға тартты.
Жас педагогтармен әңгімелесу барысында Елбасы Н.Назарбаев оларды конкурстан сәтті өтулерімен және мектептегі жұмыстарының басталуымен құттықтады.
– Бүкіл мемлекеттердің болашағы заманауи технологиялар мен жаңашылдықта. Қазір нанотехнологиялардың заманы және біздің еліміз де осы бағытта дамымақ. Сондықтан қазірден бастап модернизация мен ғылымның жаңаруына бағытталған кадр дайындауды көздеу керек. Нанотехнология – ең аз зерттелген сала. Осы сала аумағындағы негізгі жаңалықтар әлі ашылмаған. Бірақ жүргізіліп жатқан зерттеулер өзінің нәтижесін беруде, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. 
Республика Президенті, сонымен қатар, Қызылорда қаласында абаттандыру және көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстармен де танысты. Мемлекет басшысының жұмыс сапары бүгін бірқатар нысандарды аралау мен өңір жұртшылығы өкілдерімен кездесуге арналады.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 23 қыркүйек 2013 г. 1 140 0