ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АРАЛАДЫ

ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АРАЛАДЫБейсенбі күні Мемлекет басшысы елордадағы өндіріс нысандарында болды.
Нұрсұлтан Назарбаев әуелі «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС бірлескен кәсіпорны қызметімен танысты. «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС электрондық-оптикалық құрылғылар шығаратын бірлескен кәсіпорны Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрік Республикасы басшылығымен уағдаластығына сәйкес 2011 жылы құрылған болатын.
Бірлескен кәсіпорынға қатысушы – «Аселсан» компаниясымен Трансферт технологиясы туралы шарт аясында түрік тарапы Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені өнімдерінің компоненттері болып саналатын электрондық-оптикалық құрылғылар, электрондық платалар мен линза өндірісі үшін технологиялық құжаттар, материалдар мен жабдықтар ұсынып отыр.
Бұған қоса, бірлескен кәсіпорын өнімдерін қазақстандық қамтуды бірінші кезеңдегі 30 пайыздан таяу бес жыл ішінде 67 пайызға дейін ұлғайту жоспарланған.
 Мемлекет басшысы осы күні «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауытында болды.
Зауыт қызметінің басты бағыты – бағалы металдарды электрохимиялық аффинаждау.
Ауданы 3,4 гектар болатын кәсіпорын «Астана – жаңа қала» индустриялық паркі – арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан.
Аффинаж зауытының жобалық қуаты жылына 25 тонна аффинаждалған алтын өндірісіне есептелген және оның бағалы металдар электролизі бойынша отандық инновациялық технологияны енгізу есебінен 75 тоннаға дейін жеткізілуі мүмкін. Жоба осы саладағы әлемдік озық үлгілерге сәйкес әзірленген.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 21 желтоксан 2013 г. 511 0