КӘСІПКЕРЛЕРДІ ТЕКСЕРУ ЭЛЕКТРОНДЫ ЖҮЙЕГЕ КӨШЕДІ

Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Н.Назарбаев ҚР Бас прокурорына тексеру шараларын қысқарту бойынша ұсыныс әзірлеуді, сондай-ақ заңсыз тексеру ұйымдастырушыларға тыйым салуды тапсырған болатын.
Осыған байланысты ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов бұдан былай кәсіпкерлерді тексеру электронды түрде жоспарланатыны жөнінде мәлім етті.  
«Жалпы алғанда прокуратура бизнесті қорғауға бағытталған кешенді шараны қолға алды. Ең алдымен, кәсіпкерлерді заңсыз тексерудің алдын алу, жыл соңына дейін электронды тексеруді жоспарлау мен тексеруді электронды тіркеу секілді екі жобаны іске қоспақпыз», – деді Жақып Асанов.
Яғни, ең бастысы, адами фактор болмайды. Электронды жүйе тексеру жүргізілетін кәсіпкерлік субъектісін өзі жоспарлайды. Бұл жүйе нысанды заң талабына сай таңдайды, дейді Ж.Асанов. 
Екіншіден, тексеру қорытындысы қолжетімді болады. 
«Яғни, егер тексеру жүргізілсе, жұмысқа қатысты акті және басқа да құжаттар кәсіпкерге ғана емес, басқа да бақылаушыларға да қолжетімді болуы тиіс», – деп отыр Бас прокурордың орынбасары. 
Оның айтуына қарағанда, бұл жобалар қадағалау және бақылау органдарының тексеруді жоспарлау мен оның нәтижесіне қатысты қызметін барынша айқындай түседі.
БИЛІК 24 қазан 2013 г. 495 0