Мемлекеттік сатып алу тәртібі өзгереді

БИЛІК | 31 октябрь 2013 ж. - 09:10 | Көрудің саны: 681
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметінің «Қазмедиа» орталығында өткен брифингінде ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев 11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. 
Үкіметтің 11 қазанда өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бюджетті игермеу көлемі 150 млрд. теңгеден асқанын сынға алған болатын.
Осыған орай өткізілген брифингте министр мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзғаны үшін бақылау нысандарының жіберген ұсыныстары негізінде 1351 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлім етті. Оның ішінде 13 лауазымды тұлға атқарып отырған қызметінен босатылған.   
Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде жіберілген ұсыныстар негізінде мемлекеттік сатып алудың 279 рәсімінің қорытындыларының күшін жою және қайта қарау жолымен мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзушылық жойылды. 
Сотқа мемлекеттік сатып алу бойынша бұзушылықтармен өткізілген конкурстар қорытындыларының күшін жою және мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы 343 талап арыз берілді. 
Бақылау іс-шаралары барысында анықталған бұзушылықтар бойынша іс жүргізу шешімін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына 88 материал жіберілді. 
Әкімшілік жаза 662 лауазымды тұлғаға қатысты 60,1 млн. теңге сомаға салынды, оның ішінде бюджетке 42,4 млн. теңге төленді.
Министр келтірген мәліметке қарағанда қаражатты толық игермеуге мемлекеттік сатып алу кезінде жіберілген тәртіп бұзушылықтар әсер етіп отыр. 
Мемлекеттік сатып алу туралы заң әзірлеуге қатысты айтар болсақ, онда Министрлік мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын әзірлеп қойды, ол қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 16 қазандағы №1099 қаулысымен Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілген.
Конкурста қатысуға берілген өтінімдерді кері қайтару жағдайларын қысқарту, оның ішінде тапсырыс берушілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауына мүмкіндік беретін алғышарттарды жою мақсатында  заң жобасында әлеуетті өнім берушілер үшін үш күнтізбелік күні ішінде жетіспейтін құжаттарды жеткізіп беру не тиісінше жасалмаған конкурста қатысуға берген өтінімін өзгертіп жеткізу құқығын белгілеу ұсынылады.
«Осы түзету конкурстарды өтпеді деп тану жағдайларын қысқартады, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын қысқартады және әлеуетті өнім берушілер өз бағаларын ұсыну сатысында бәсекелестікті арттырады деп пайымдаймыз» - деп атап көрсетті Б.Жәмішев. 
Сонымен қатар,  тапсырыс берушілердің сапасыз тауарлар, қызметтер сатып алуы бүгінгі күні басты мәселенің біріне айналып отыр.
Осыған байланысты мынадай жаңалық ұсынылып отыр: әлеуетті өнім берушілер өз өтінімдерінде ұсынған техникалық ерекшеліктерді бағалау кезінде тапсырыс беруші құратын сараптамалық комиссия тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) ең үздік техникалық ерекшеліктерін іріктеп алатын болады, оған әлеуетті өнім берушілер өз баға ұсыныстарын бере алады.
Бұл түзетудің нәтижесі тапсырыс берушілердің неғұрлым сапалы  тауарлар/қызметтерді сатып алуы, сондай-ақ өнім берушілерді неғұрлым сапалы  тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) беруге ынталандыру болып табылуы тиіс. 
Бұдан басқа, конкурстық және аукциондық комиссиялардың құқықтық құзыреті жеткіліксіздігінен туатын келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында жеңімпаз өнім берушіні таңдау кезінде мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушыны тағайындау көзделеді. Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының республикалық және жергілікті деңгейлерде жұмыс істеуі болжамдалып отыр, оның құзыретіне тиісінше Үкіметтің/жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен анықталатын бюджеттік бағдарламалар бойынша конкурс және аукцион тәсілдерімен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындау кіретін болады» - деп хабарлады Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің басшысы.
Осы түзету барлық белгіленген талаптарға сәйкес келетін өнім берушіні іріктеуді қамтамасыз етуге; тапсырыс берушілер мен сатып алудың орталық ұйымдастырушысы арасында өзара бақылауды күшейтуге бағытталған. Бирифингте министр «Жезқазған-Бейнеу» темір жол желісін салуға арналған шығыстарды қайта бөлу және ұлғайту қарастырылып отырғанын жеткізді. 

Әлеуметтік салаға мән беріледі
Үкімет отырысы кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алу барысында оның бағасына тиісті бақылаудың жоқ екендігін сын тезіне алған еді. Президент тендерде мердігерді таңдау кезеңінде төрешілдік пен ысырапшылдық басталатынын баса айтқан.  Құрылыс бағасы өсуінің, инфляцияның шарықтап кетуінің бір себебі осында жатыр. Көбінесе біркелкі нысандар әртүрлі баға бойынша салынуда. Отырыста атап өтілгендей, Ақмола облысында 1200 орындық мектептің құны 900 орындық мектепке қарағанда 219 млн. теңгеге арзан бағаға салынған. Ақтөбе қаласында бір жылда бірдей мектептер құрылысы құнының айырмашылығы 130 млн. теңге болған, ал Атырау облысындағы бірдей емханалар құрылысына жұмсалған шығын құнының айырмашылығы 400 миллион теңгеден асқан.  
Қаржы министрі министрлік тарапынан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 18,5 мың мемлекеттік мекеме мен кәсіпорындағы тиесілі алаңға ревизия жүргізіп, өзі жетекшілік еткен комиссия 567 мың шаршы метр аумаққа қатысты шешім шығарғанын тілге тиек етті. Министр хабарлағандай, 113 шаршы метр мемлекеттік мекеме ғимараттары әлеуметтік нысандарға беріледі. Бұл ғимараттарда балабақшалар, шағын орталықтар, мәдениет үйлері, мектептер, медициналық мекемелер, спорттық ұйымдар, кітапханалар орналастырылмақ.  

Жол ережесін бұзғандарға жаза ауырлайды 
Бұл туралы «Қазмедиа» орталығында өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Ішкі істер министрлігі, Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха мәлімдеді. 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылдың 11 қазанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жолдағы қауіпсіздік, Ішкі істер министрлігінің тиісті қызметтерінің жұмыс жүйесін жетілдіру мәселелеріне тоқталып, бірқатар бағыттар бойынша сын-ескертулер айтқан болатын.
Осыған байланысты «Қазмедиа» орталығында өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Ішкі істер министрлігі, Әкімшілік полиция қызметінің төрағасы Игорь Лепеха «Жаңадан ұсынылған Қылмыстық кодекстің жобасы бойынша жол ережесін бұзу әкімшілік құқық бұзушылық емес қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соқтырады. Алғаш рет жол ережесін бұзғандар үшін 500 АЕК көлемінде айыппұл немесе 6 айға бас бостандығынан айыру көзделген. Сонымен қатар, егер осы қылмысын тағы да қайталаса, жаза қиындай түседі. Тіпті, 7 жылдан 20 жылға дейін айналысатын кәсібіне тыйым салынатын болады», - деді И.Лепеха. Комитет төрағасы осы брифингте қараша айынан бастап елімізде «әмбебап полицейлер» жұмысқа кірісетінін де хабарлады. 
Оның айтуынша, қазір Президент тапсырмасы бойынша әкімшілік және жол полициясы саласын реформалау жұмыстары жүргізілуде. Барлық деңгейдегі құрылымдық бөлімшелерде «әмбебап полицейге» көшу жұмыстары қолға алынды. Осыған орай, жол полициясы жұмыстарымен алдағы уақытта әкімшілік полиция комитеті айналысатын болады.  
Елбасы Н.Назарбаевтың айтқан сынынан қорытынды шығару үшін жасалып отырған жұмыстар қатарында жол сапасына қатысты да бақылау күшейтілетіні белгілі болды.  
    Автомобиль жолдарының жағдайына бақылау күшейтілді. Тексеру жұмыстары үнемі өткізіледі. Төраға айтуынша, тек ағымдағы жылы жолдарды күтіп ұстау жөнінде шамамен 9 мың ұйғарым беріліп, жауапкершілікке 1,5 мың лауазымды тұлға тартылған. Сонымен қатар, комитет төрағасы автомобиль жолдарында сақ болуға шақыратын әлеуметтік роликтердің орналастырылғандығын атап өтті. Аталған роликтер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған.
 
Президент тапсырмасы орындала бастады
Көлік және коммуникация вице-министрі Мереке Пішембаев Астанада өткен ОКҚ баспасөз мәслихатында жолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында қабылданып жатқан шаралармен таныстырды. Атап өту керек, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде жол қауіпсіздігі мен Қазақстанның  автокөлік жолының сапасын қатаң сынға алғаны белгілі.   Мереке Пішембаевтың айтуынша, ең алдымен, қозғалысы қарқынды автожол учаскелері қолға алынған.   2020 жылға дейін шамамен 4 мыңдай шақырым тас жолды 1-ші техникалық санатқа, республикалық маңыздағы 7,2 мың шақырым тас жолды - 2-ші техникалық санатқа ауыстыру жоспарлануда. Осыған орай, «Астана-Щучинск» учаскесін мысалға келтіруге болады: бұл жол учаскесі 6 және 4 жолақты жол санатына ауыстырылғаннан кейін жолдардағы апат оқиғалары үш есеге, ал кісі өлімі 22 есеге қысқарып отыр.  М.Пішембаевтың айтуынша, қазіргі таңда ведомство апатты оқиғалар кезіндегі арнайы қызметті шұғыл шақыру жүйесін енгізу жұмысын жүргізіп жатыр.  

Салада ауқымды іс атқарылып жатыр
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңейтілген Үкімет отырысында ағымдағы жылғы 9 айдың, оның ішінде әлеуметтік жаңғырту бағыты бойынша жұмыс қорытындысы қаралған болатын. Отырыста Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына да қомақты  қаржы бөлініп жатқанымен, әлі күнге дейін саладағы қызмет көрсету сапасы көңілден шықпай отырғанына баса назар аударған. Мысалы, өткен жылы 2145 адам, ал биыл 2273 адам жол апаты салдарынан көз жұмған.
  Президент тапсырмасына сәйкес ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі В.Петров «Қазмедиа» орталығында өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде салада атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Қазақстан Республикасы Президентінің осы мәселені шешу бойынша тапсырмасын орындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі күре жолдық медициналық-құтқару пункттерін салу жұмысын жүргізуде.
Күрежол медициналық-құтқару пункттерінің негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккен адамдарды «қауырт сағат» шегінде мамандандырылған көмек көрсету үшін емдеу-профилактикалық мекемелерге жеткізу болып отыр. 
Бүгінгі күні 12 күре жолдық пункт құрылып, шұғыл медициналық көмек көрсетуде: Алматы облысында 4-у («Тарғап», «Үшарал», «Жаңа арна», «Күрті»), Қарағанды облысында 4-у («Ақшатау», «Ақсу-Аюлы», «Балқаш», «Сарышаған»), Ақмола облысында 2-у («Анар», «Макинск»), Жамбыл облысында («Шығанақ») және Оңтүстік Қазақстан облысында («Төрткөл») 1-ден. 2013 жылы 14 күре жолдық медициналық-құтқару пункті пайдалануға беріледі, 2014 жылы тағы 14-і беріледі деп жоспарлануда.
Бригадалар оқиға болған жерге қолда бар санитарлық көлікте зардап шегушілерді эвакуациялауға мүмкіндік беретін медициналық-құтқару реанимобилінде шығуды жүзеге асыра отырып, күре жолдық пункттің «жауапкершілік аймағында» тәулік бойғы режимде жол апатына ұшырағандарға медициналық көмек көрсетеді.  
Әрбір күре жолдық пункттің жауапкершілік аймағы күре жолдың әр бағытында 50 шақырымды және бригада шығуының нормативтік уақыты шақыруды алған сәттен бастап 2 минутты құрайды.  
  Мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатқан екі жылда күре жолдық пункттер өз тиімділігін көрсетті. Апатқа ұшырағандарға  көрсетілетін жәрдемнің сапасы мен жылдамдығы едәуір өсті. 


Сондай-ақ... оқыңыз:

Президент тапсырмасы орындала бастады

Президент тапсырмасы орындала бастады

Көлік және коммуникация вице-министрі Мереке Пішембаев Астанада өткен ОКҚ баспасөз...
Жол ережесін бұзғандарға жаза ауырлайды

Жол ережесін бұзғандарға жаза ауырлайды

Бұл туралы «Қазмедиа» орталығында өткен Орталық коммуникациялар қызметінің...
Салада атқарылған жұмыстармен таныстырды

Салада атқарылған жұмыстармен таныстырды

Жуырда Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында...
Балабақша мен мектептерге көңіл бөлінуде

Балабақша мен мектептерге көңіл бөлінуде

Қазақстанда 113 мың шаршы метр мемлекеттік мекеме ғимараттары мектептер мен...
Мемлекеттік сатып алу талаптары өзгереді

Мемлекеттік сатып алу талаптары өзгереді

ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникация қызметінің «Қазмедиа» орталығында өткен...
Мемлекеттік сатып алу тәртібін 1351 шенеунік бұзған

Мемлекеттік сатып алу тәртібін 1351 шенеунік бұзған

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметінің «Қазмедиа»...
Пікір: