Жыл соңына дейiн 7 жоба iске қосылады

Бұл жөнiнде ҚР Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында  ҚР Премьер-министрінің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлiмдеді. Атап өту керек, 11 қазан күні Ақордада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев индустрияландыру жобасына қатысты Үкімет мүшелеріне нақты тапсырма жүктеген болатын.  
Әсет Исекешов БАҚ өкілдеріне Елбасы тапсырмасына байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасын таныстырып өтті. Оның айтуынша, 2013 жылы Индустрияландыру картасына шамамен 500 млрд теңгенi құрайтын 140 жобаны енгiзу жоспарлаған. Жобалар толық жүзеге асқанда 13 мың тұрақты жұмыс орны пайда болады.  Осы жылдың желтоқсан айында Индустрияландыру картасының 7 iрi жобасы iске қосылады. Сондай-ақ, биыл 6 жобаның құрылысы басталады. 
– Олардың қатарында Атырау облысындағы газ-химия кешенi, Жамбыл облысындағы еуро химиялық тыңайтқыш зауыты, Өскемендегi көлік зауыты бар. Барлық жобалар бойынша осы жылы 1,5 трлн теңгенi құрайтын инвестиция тартылады деп күтудемiз,– деп атап өтті Әсет Исекешев.
Әсет Исекешев Индустрияландыру картасына жобаларды іріктеудің жаңа шарттары туралы айтып берді. 
– Индустрияландыру картасының бірінші кезегіндегі бірқатар жобалар проблемалық болып табылады,– деді ол. 
Ақтаудағы планшет өндіру, Қарағанды қаласындағы ұшақ жасау жобалары осылардың қатарына жатады. Осыдан да Индустрияландыру картасына жоба іріктеу тәсілдері қайта қаралып, шарттары өзгертілді. Алдағы уақытта жобаның экспортқа бейімділігі, еңбек өнімділігі, қосылған құнның жоғарылығы сияқты өлшемдерге баса назар аударылады.  2012-2015-жылдары түскен жобалар жан-жақты сараптаудан өткізіліп, олардың қатары    едәуір азаяды.
Баспасөз мәслихатында Әсет Исекешов ҮИИД бағдарламасының жобаларын іске асыру жауапкершілігі өңірлер мен орталықтың арасында жүктелгендігін де атап өтті. 
– 2011 жылдың аяғында біз жобалар үшін жауапкершілікті өңірлер мен
Үкіметтің арасында бөлістік. Үкімет 43 жобаны іске асыру бойынша жауапкершілікті өз мойнына алды, олар – Балқаш стансасы, мұнай-химия кешені, тыңайтқыштар өндірісі, яғни, Үкіметтің шешімін талап ететін ірі жобалар мен ірі өндірістер. Қалған жобалар, негізінен шағын және орта бизнеске қатысты жобалар, өңірлік Карталардың қарамағына берілді және олар үшін өңірлік билік жауапты,– деді ол. 
– Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде 50 заңнамалық акті, 23 салалық бағдарлама, 16 өңірлік бағдарлама әзірленді және мүлдем жаңа индикаторлар енгізілді, олар – еңбек өнімділігі, шикізат емес өнімдер экспорты, энергия тиімділігі және көрсеткіштер. Бұл жүйелі мәселелерді біз өте маңызды санаймыз,– деді ол. Сонымен қатар, ол бағдарламаны жүзеге асыру барысында шешімін тапппаған мәселелер барын да жасырмады.
Бәсекелестікті, шағын және орта бизнесті, инфрақұрылым, кадрларды даярлау бағытында әлі де толық шешілмеген мәселелер бар. Үкімет бағытындағы осы олқылықты Мемлекет басшысы дөп басып, жағдайды тез арада түзеуді қатаң тапсырды.. Енді бір айдан кейін ҮИИД бағдарламасының 2013 жылғы қорытындысы шығарылады. 
Ә.Исекешов мемлекет дамуында маңызы зор бағдарламаның жүзеге асуы жайлы толық есеп беруге дайын екендіктерін мәлімдеді. 

БИЛІК 09 қараша 2013 г. 8 206 0