Астанада геологиялық зерттеулер орталығын құру көзделіп отыр.

Премьер-министрдің орынбасары – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев БАҚ өкілдеріне Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндай отырып, Астанада геологиялық зерттеулер орталығын құру көзделіп отырғанын жеткізді. 
– Жер қойнауын пайдаланудың геологиясына қатысты бiрқатар проблемалар қордаланып қалды. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы жұмысты жандандыру бойынша тапсырма берген болатын. Сол себептi, осы жылы Геология комитетi, Қазгеологияның командасы жаңартылды. Осы саладағы белгілі сарапшылар мен шетелде білім алған мамандарды қатыстыра отырып, геологияны дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасын әзiрледiк, – деді ол. 
Елбасы жеке инвестициялардың геологиялық барлау жүргiзуiн оңтайландыратын заң жобасын жыл соңына дейiн Парламентке жолдауды тапсырғандықтан, қазір заңнамалық база толық өзгертілуде. Жыл соңына дейiн Австралия, Корея және Жапония мемлекетттерінің  компанияларымен 4 келiсiмшарт жасалады.
Ғылыми және лабораториялық база құру мәселесi де шешімін табады. Қазiр мамандар дайындау бойынша жұмыстар жүргiзiлуде. Жалпы, геология саласында Австралия мен Канаданың тәжiрибесi негізге алынбақ. 

БИЛІК 09 қараша 2013 г. 7 746 0