«АДАСҚАННЫҢ АЙЫБЫ ЖОҚ, ҚАЙТІП ҮЙІРІН ТАПҚАН СОҢ»

РУХАНИЯТ | 11 наурыз 2017 ж. - 09:50 | Көрудің саны: 102
«АДАСҚАННЫҢ АЙЫБЫ ЖОҚ, ҚАЙТІП ҮЙІРІН ТАПҚАН СОҢ»Өткен жылы жазасын өтеп шыққан және пробация есебіндегі жандарды әлеуметтендіру мақсатында 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиялық құжат Елбасы Жарлығымен бекітілді. Одан кейін «Пробация туралы» Заң қабылданды. Аталған құжаттар негізінде қолға алынған іс-шараларды бағамдай қарасақ, нәтижелі жұмыс жасалып жатқанын аңғарамыз. Нақтылағанда, бүгінгі күні жазасын өтеп шыққандар мен пробация қызметіндегілерді қоғамға сіңдіріп, әлеуметтендіру үшін арнайы мемлекеттік мекеме ашылды. Біз енді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталығы» КММ директоры Бақыт Нұртазаевпен болған әңгімеге кезек берейік.
– Орталық өткен жылдың маусым айында қызметіне кірісті. Негізгі миссиямыз – қылмыстық жазасын өтеген адамдардың еңбекке орналасуына, мамандық алу үшін оқытуға, жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеуге, қоғамнан оқшауланбауына жәрдемдесіп, құқықтық-психологиялық көмек көрсету. Әзірге қала деңгейінде жұмыс жасалып жатыр.
– Жұмыс барысы жөніне тоқталсаңыз...
– Өзіңіз білетіндей, республиканың түкпір-түкпірінде жазасын өтеп жатқан қызылордалық азаматтар бар. Түзеу мекемелеріне арнайы хат жіберілген, бізге мәлімет уақытылы түсіп тұрады. Мәселен, жыл басынан бері солардың 182-сі бостандыққа шықты. Тар қапастан еркіндікке қадам басқан оларға деген қоғамның көзқарасы қандай болатыны белгілі жайт. Шындығында, өмірін қайтадан бастағысы келетіндерді отбасының өзі қабылдай ма, қабылдамай ма? Қабылдамаса, оның арты қайта қылмыс жасауға ұласуы әбден мүмкін. Бұл – бір ғана себеп. Мінекей, біздің қызметіміз – осыған жол бермеу. Әлгі айтып өткен 182 жазасын өтегеннің 59-ын тауып, әлеуметтік карта толтырдық. Қандай мамандықтары бар? Оқымаған болса, оқытудың мүмкіндіктері қалай? Соны анықтаймыз. Психологиялық, құқықтық көмекке зәрулерге орталықтың 1 психологы, 2 заңгері көмектеседі. Бастысы мұның барлығы – тегін.
– Жасалған көмектерді тарқатып айтып берсеңіз...
– Неге айтпасқа?! Қайта жұмысымызды айту арқылы халық арасында насихатты кеңейтуге тиіспіз. Өйткені, бұл орталық жайында көпшілік біле бермейді. Тарқатып айтсам, 59 жанның 7-ін тұрақты жұмысқа орналастырдық. 6-ы жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы қоғамдық жұмысқа тұрды. Нақтыласақ, бірі – пошташы, бірі – әскери комиссариаттың шақырту қағаздарын тасиды, 4-і – тазалықпен айналысатын мекемеде. Сондай-ақ, 5 адам қайта оқыту курстарына қабылданды.
– Бәрекелді дегізетін жаңалықтарыңыз бар екен. Әлгінде, үй-іші қабылдамайтын жандар бар деп едіңіз. Ондай жағдайда не амал бар?
– Рас, қазір 2 адамды отбасы қабылдамады. Оларды  қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қарамағындағы оңалту орталығына жібердік. Онда бір жылға дейін тегін тұра алады. 4 мезгіл тамағы бар, жатын орындары таза. Әйтеуір, жағдайсыз болмайды. Бір қуантарлығы, солардың бірі жақында орталықтағы бір келіншекпен көңіл жарастырып, Алматыға көшіп кетті. Қазір үй болды, отбасылық өмірге қадам басты. Бізге алғысын айтып, хабарласып тұрады.
– Жөн екен. Белгілі нәрсе, темір тордың арғы жағынан келгендердің көбісі ауру тауып келеді. Олардың емделулеріне көмек жағы қалай?

– Әрине, көмектесеміз. Жыл басынан бері бір адамды ауруханаға жатқыздық. Және айта кетейін, отбасылық жағдайына орай берілетін әлеуметтік жәрдемақылармен 4 адам қамтылды.
– Байқауымша, жұмыстарыңызда қиындық жеткілікті сияқты...

– Оңай деп айта алмаймын. Біріншіден, жазасын өтеп келгендерді түзеу мекемесі ұсынған мекен-жайдан табу қиын. 182-нің 59-мен ғана жұмыс жасалып жатқандығы сондықтан. Өз үйі қабылдамаған соң, әр жерге бір паналайды. Тапқан күннің өзінде кездескісі келмейді. Ондай жағдайларда тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінеміз. Сонан кейін оларды ешкім жұмысқа қабылдағысы келмейді. Өткен жылдың қыркүйегіндегі аудан, қала әкімдерінің қаулысына сәйкес мекемелер 2-5 пайыз аралығында жазасын өтеп келгендерді қабылдауға міндетті. Өкінішке орай, қаулы қағаз күйінде қалып отыр. Сонымен қатар, олардың құжаттары бірінде бар, бірінде жоқ. Құжаттарын дайындап беру оңай бітетін шаруа емес. Десе де, қоғам болып бірігіп, бірлесе әрекет етсек, қиындықтарды еркін еңсеретініміз анық.
– Білуімше, мұндай мекеме әзірге республикада 3 қалада екен. Солай ма?
– Иә, әуелі Павлодарда, кейін Шымкентте ашылды, содан соң бізде.
– Оларда жағдай қалай?
– Біздің мамандар Павлодардағы әріптестеріне барып қайтты. Ондағы құрылым біздің мекемеден төрт есе үлкен екен. Жанында 30 орындық оңалту орталығы бар. Қысқартып айтқанда, бізге қарағанда мүмкіндіктері зор.
– Шамасы мәселе айтпақ ойыңыз бар-ау?
– Айтсам, мекеме жанында бос ғимарат тұр. Соны 15 орындық оңалту орталығына айналдырсақ дейміз. Онда дәрігері, аспазы болса, шаруаның бәрі қасымыздан реттелер еді. Сұраныс берілген, қажетті 32 млн теңгені қалалық әкімдік биыл шешіп берсе деген өтінішіміз бар. Сонан кейін, біздің қызметті облыстық деңгейде көрсету керек деп санаймыз. Ең болмаса, аудандарда бір адамнан отырса. Әйтпесе, ауданда тұратындардың не істеп, не қойып жатқаны тасада қалып отыр, біздің мүмкіндік шектеулі.
– Басқа не ой қосасыз, Бақыт Әбдіғаппарұлы?
– Қазақта сөз бар, «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дейді. Сон¬дықтан, қателікке бой алдырған жанның қатарға қосылуына қоғам боп көмектескеніміз абзал. Әйтпесе, қайта теріс жолдан табылуы ғажап емес. Бір мысал айтайын, біз облыстағы түзеу мекемелеріндегілермен кездесіп, іс-шара өткізіп тұрамыз. Сонда бір жазасын өтеуші көлік басқарып келе жатып, жол-көлік оқиғасына түскенін, жанындағы жолдасы қайтыс болғанын айтты. Әке-шешесі кешірім бермегендіктен түрмеге тоғытқан. Кешірім бергенде, темір торға қамалмас еді. Айтпағым, кішкене қателікке бола адам тағдырын тәлкекке салу әділетсіздік болады. Керісінше, жазаны жеңілдету жағын қарас¬тыру керек деп санаймын. Сондай-ақ, жазасын өтеушілер бостандыққа шыққан соң, біздің орталыққа өз еріктерімен келсе деген өтінішіміз бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!
 
Сұхбаттасқан
Нағымжан САУЯЕВ.

Сондай-ақ... оқыңыз:

Сотталушы «нағыз қылмыскер» атанған жағдайлар да кездескен

Сотталушы «нағыз қылмыскер» атанған жағдайлар да кездескен

Заңның салтанаты қылмысты ашып қана қоймай, қылмыс жасағандарға әділ жаза қолдану...
Жазасын өтеп келгендер жұмыспен қамтылады

Жазасын өтеп келгендер жұмыспен қамтылады

Жауапкершіліктен босаған азаматтарды қалыпты азаматтық ортаға бейімдеу бүгінгі...
Бос орындар жәрмеңкесі өткізілді

Бос орындар жәрмеңкесі өткізілді

2016 жылғы 13 шілдеде Қызылорда облысында екінші рет  Қызылорда қалалық ...
ӨМІРГЕ БЕЙІМДЕУДІҢ ОҢДЫ ТӘЖІРИБЕЛЕРІ

ӨМІРГЕ БЕЙІМДЕУДІҢ ОҢДЫ ТӘЖІРИБЕЛЕРІ

Кеше Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында облыстық прокуратура мен облыс...
ЖАЗАСЫН ӨТЕП ШЫҚҚАНДАР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

ЖАЗАСЫН ӨТЕП ШЫҚҚАНДАР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Жуырда Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Н.Годунованың төрағалығымен қылмыстық...
Пікір: