МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ КҮЙ СЫЙЛАДЫ

МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ КҮЙ СЫЙЛАДЫӘдептілік, инабаттылық, қарттарға деген құрмет – халқымыздың болмысындағы ізгі қасиеттердің бірі. Адам өмірінің мәні мен сұлулығы осында жатқан шығар деп ойлаймын. Бірақ өкініштісі, өз отбасынан жылу таппаған қариялардың қарттар үйінде өмірлерін жалғастыруы бүгінгі таңда қанша қолайсыз болса да, мойындамасқа болмайтын шындық.
 Осыған қарамастан қарттар үйінде оларға көрсетіліп жатқан құрметтің жөні бөлек. Олар ұдайы қамқорлық аясында. Әртүрлі деңгейде өткізіліп жатқан шаралар олардың өмірге деген құштарлық сезімін оятып, көңіл-күйлеріне айрықша толқыныс сезімін ұяталады.
Өткен аптада еліміздің түкпір-түкпірінде қарттар күні мерекелік шаралармен атап өтілді. Осыған орай №187 М.Шоқай атындағы қазақ орта мектеп ұжымы облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі интернат үйінде болды. Қарттарға арнап оқушылардың өздері жасаған қолөнер бұйымдарын ұсынды. Құттықтау хаттарын табыстап, мерекелік бағдарламамен қарттарға әсерлі көңіл-күй сыйлады. Мерекенің ашылу салтанатында мектеп директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Мұсабаева, интернат директоры Сапура Сәрсенбаева қарттар қауымын, оқушылар мен ата-аналарды құттықтап, балғындарды үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге мейірімді, қайырымды болуға шақырды. 
Қарттар күні мерекесінде мектеп жасұландары мен оқушылары қолөнер бұйымдарын интернат мұражайына табыстап, ән-жырларымен өз құттықтауларын жолдады. Мерекелік іс-шара соңында интернат ардагерлері Е.Исабаев және Е.Мындреску оқушыларға батасын беріп, мектеп ұжымына өз алғыстарын білдірді.
Гүлзат АЛМАТОВА, 
 №187 М.Шоқай атындағы қазақ орта мектебі директорының орынбасары.

Қызылорда қаласы. 


РУХАНИЯТ 08 қазан 2013 г. 561 0