ЖАҚСЫ ЖЫР – ЖАН ДАУАСЫ

Қазіргі таңда қолға алынған «Халық тарих толқынында» атты арнайы тарихи зерттеулер бағдарламасы аясында ұлттық тарихымызды нақты деректермен зерделеп, ұлттың тарихи дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыруда көне заманғы бал-бал тастар мен үңгірдегі бейнелер және асыл мұра – қол жазбалар мен кітаптардың маңызы зор.
ХХІ ғасыр талабына сай заманауи компьютерлік технология ғылым мен техниканы қарышты дамытуда, осы қарқыннан қалыспай өркен жайған рухани қазына – кітаптың да қажеттілігі артуда. Бұл пікірімізге дәлел дүниежүзілік кітапсүйер қауым мен кітапханашылар қолға алған «Бір ел – бір кітап» акциясы. Елімізде бұл жоба жеті жылдан бері зор табыспен өткізілуде. Өздеріңізге мәлім бұл жобаның шымылдырығы 2007 жылы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерімен» ашылған болатын. 2008 – Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы», 2009 – Мағжан Жұмабаевтың «Жан сөзі», 2010 – Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы, 2011 – Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы, 2012 – Оралхан Бөкеевтің «Қайдасың, қасқа құлыным» атты повестер мен әңгімелер жинағы, ал үстіміздегі жылы поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты таңдамалы жыр жинағы миллиондаған оқырман назарына ұсынылды. 
Аталмыш акция аясында Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасы ұжымы да жыл сайын біріне-бірі ұқсамайтын іс-шаралар өткізіп келеді. Осы оқу жылында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық ақыны Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты өлеңдер жинағының насихатталу апталығы ұйымдастырылды. Апталықтың ашылу салтанаты университеттің ғылыми-техникалық кітапханасының оқу залында «Жырмен өрнектелген қыз ғұмыр» атты кітап көрмесі жанындағы әңгімемен басталды. Мұнан соң,  
Зула, менің жыр-күймем, шабыт жегіп,
Жер бетіне ғұмырлы жарық беріп.... деп ақынның өзі айтқандай жыр күймемен жарыса шапқан өлең марафоны басталды. Жыр оқу жарысына университетіміздің бірінші және жоғары курс студенттерімен бірге, облыстың кәсіптік білім беру мекемелері М.Мәметова атындағы гуманитарлық-педагогикалық және И.Әбдікәрімов атындағы агротехникалық колледж оқушылары да қатысты. Фариза Оңғарсынованың шығармаларын беріле, шабытпен, құмарта, кең көсіле оқыған әрбір жастың келбетінде туған халқын сүюге, құрметтеуге, оның дәстүрлері мен мәдениетін қастерлеуге дайын отансүйгіштік рухтың оянғаны айқын сезілді.
Апталықтың келесі күні Студенттер сарайында Сыр бойының ақын қызы Қатира Жәленованың қатысуымен «Жанарында жыр тұнған» атты әдеби-сазды кешке ұласты. Әдеби кештің маңызы – жастардың Фариза ақынға арнаулары және түрлі тақырыптағы өз өлеңдері оқылып, жаңа таланттардың поэзия кеңістігіне құлаш сермегенінің байқалғаны. Акция қорытындысы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының үлкен мәжіліс залында болып, жас ақын Нәзігүл Бердіқожа төрайымы болған «Жауқазын» жырсүйер қауымы отауының ашылуы оқырмандарға тың серпіліс берді. 
Көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың «Дауасын», атына заты сай кітабын оқи отырып кітаптың шын мәнінде жан дауасы екеніне тағы бір көз жеткіздік. 
Р.ДОСПАЕВА,
 Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеті кітапханасының бөлім меңгерушісі.


РУХАНИЯТ 17 қазан 2013 г. 632 0