БИІК ШЫҢ, АСУ БЕРМЕС АСҚАР АҚЫН

 Жуырда Сырдың саңлақ ақыны Асқар Тоқмағамбетовтің шығармаларына арналған «Биік шың, асу бермес Асқар ақын!» атты көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы болып өтті. 
 Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен алғаш рет өткізіліп отырған байқауға Сырдария, Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласынан барлығы 21 талапкер қатысты. Олар үш кезең бойынша, атап айтқанда, ақынның прозалық, поэмалық және сатиралық шығармаларын мәнерлеп, жатқа оқудан бақ сынасты. Талапкерлердің өнерін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл маманы Рахымжан Әбубәкір, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының қызметкері Гүләйім Жанұзақова, ақынның інісі, ардагер Жұмағали Ерғалиевтер сарапқа салды. 
Қорытындысында байқаудың бас жүлдесін М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінің 2-курс студенті Балзия Пірімжар иеленсе, бірінші орынды №1 Қ.Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Бақберген Әбілқасым жеңіп алды. Ал, №211 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Төрехан Совет екінші орынға ие болса, үшінші орынды Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылының өнерпазы Арайлым Ерболқызы мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ 2-курс студенті Нұрбай Шәкімбай өзара бөлісті. Сонымен бірге, «Өлеңмен өрнек өрген», «Сахна сәні», «Екі езу тартқызған», «Көрермен көзайымы», «Сандуғаш үнді» номинациялары бойынша бес талапкер марапатталды. Қатысушылардың барлығына сый-сияпаттар тапсырылып, Алғыс хаттар берілді. 
Айта кету керек, ұйымдастырушылар аталған байқаудың Асқар ақынның туған күні және тіл мерекесіне орай алдағы уақытта жыл сайын өткізіліп тұратынын айтты.
Барлыбек БАТЫР. 

РУХАНИЯТ 08 қазан 2013 г. 1 216 0