ТУҒАН ТОПЫРАҒЫНА ТАРТҚАН ТАЛАНТ

Қалта телефон сырбаз сыңғырлады. Құлаққа тосып едім, әйел кісінің дауысы ап-анық естілді. 
– Ағай, саламатсыз ба, мен Ақсұлумын ғой.
Мынау таныс үн тәрізді, шырамытуға тырыссам да жыға тани алмай тұрмын.
– Ақсұлумын дейсің бе?..
– Ақсұлумын, ағай, Теміршенің әйелімін...
Арада үнсіздік аялдады. Ақсұлу жасын жұтып жылап тұрған тәрізді. Жинақталғандай болып, жұбатып жатырмын.
– Айналайын, Ақсұлу, айып етпе, дауысыңды айыра алмай қалдым. Ал енді хал-жайың, денсаулығың қалай?
– Шүкіршілік қой, аудан әкімі осы Мырзабай ауылының мектебі жанынан үй берді, осы мектептен жұмыс та бермекші. Денсаулық болыңқырамай тұр, жүрегім ауыратынды шығарды.
– Шырағым, уақыт емші емес пе, бірте-бірте жан жарасы да жазылар, жүрекке көп күш сала берме, айналайын. Тағдыр Темкеңді алды-артына қаратпай алып кетті, дегенде, қос ұрпағың бар ғой, соларды сүйеніш ет, жанға медеу қыл...
Осымен мен де тыйылдым, әрі жалғастыра беру маған да қиынға соққандай еді. Ақсұлу буынын бекіткендей болып, ендігі кезек айтпақ шаруа жайына көшті.
– Ағай, қазір өзімнен де, мына екі кішкентайымнан да гөрі Темкеңнің жайын көбірек ойлай беремін. Азаматтың артында қалған жазған-сызғандарына иелік етермін ғой. Дегенде, ол жайлы тұстастары, әріптестері не ойлайды, қандай пікірде, солардың басын қосып, жинақ етіп шығарсам дей беремін. Сізге телефон шалып отырған себебім де сол. Бұған не дейсіз?..
– Ойың орынды, талабыңа нұр жаусын, Темкең туралы білгенімізді жазудан жалықпаспыз.
– Ағай, онда өзіңізден және Махмұтбай ағайдан естеліктер күтемін...
Ақсұлудың үні тағы да кілт үзілді. Кеудесін кернеген сезім серпініне еге бола алмай қалды білем. Мына жақта тұрып мен де терең күрсіндім. Одан әрі ақын Темірше Сарыбаев туралы ойларға берілгендей едім.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының бас кезінде Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда пединститутының филология факультетінде бір шоғыр жас талапкер ақын-жазушылар дәріс алып жүрдік. Біріміз жоғары, енді біріміз төменгі курста болсақ та, шығармашылық шабыт басымызды қосатын. Арман қуып, қиял кешкен қызық та қымбат кездер еді-ау ол бір. Соңғы курстағы Садықбек Хангелдин, оған тетелес Ізхан Досмағамбетов, одан әрі Әбдіғани Аймағамбетов, Балашбек Шағыров, Махмұтбай Әміреев, Жұмагүл Құдиярова болып жалғасып кете беретін. Сол тұста бұл топқа Рахат Бәйтереков, Ұзақбай Мекебаев, Ғалымбек Әбілхайыров, Сүйімхан Омарова және осы жолдардың авторы қосылды. Біздің ізімізді ала Айжарық Сәдібеков, Темірше Сарыбаев, Галия Кубашина, Нұрмахан Назарова, Базарбай Исаев, Серік Сейтмағамбетов, Зордан Салықбаев секілді талапкер қаламгерлер қара көрсетті. Осылайша толқын-толқын толағай таланттардың қатары алпысыншы жылдардың ортасына қарай Бақыт Сарбалаев, Тынымбай Нұрмағамбетов тәрізді ақын-жазушылармен толықты. Бір ғажабы, пединститут бітірген осы таланттардың ішінен тек Балашбек Шағыров пен Ғалымбек Әбілхайыров қана мектепте дәріс берді, қалғандары баспасөз саласына бауыр басты.
Осынау жас таланттар институт жанындағы әдебиет үйірмесінде төл туындыларын оқып, талқыға салатын, әрине, әрқилы пікірлер айтылып жататын. Орайы келгенде Әуелбек Қоңыратбаев, Ақтай Тұрбеков сынды әдебиетші ұстаздар баға беріп, бағыт сілтейтін. Ол тұста Балашбек Шағыров пен Махмұтбай Әміреевтің өлеңдері бізге биік көрінетін. Темірше Сарыбаев та, мен де ортақол жыр жазып жүрдік. Неге екені белгісіз, екеуміз де жүріп-жүріп, беріде көтерілдік. Бірақ арамызда айтарлықтай қойын-қолтық қатынас бола қойған жоқ. Ол кезде кездесіп, жүздесіп қалсақ жылы амандасамыз, жақсы шырай білдіреміз, сол қалыптан аса қоймаған екенбіз.
Бізден бір курс төмен оқитын Темірше Сарыбаев әскерге алынып кете барды. Ол қайтып оралғанша біздер оқуды тәмамдап, тағдыр жолымен тарыдай тарап, әр тараптан табылдық. Енді ойлап отырсам, Темкеңмен аралас-құралас күндеріміз үзік-үзік жіптей үзіліп барып қайта жалғанып жататын тәрізді. Соған орай мына естелік мақала да ай аралатып, жыл аралатып дегендей ойға оралған оқиғаларды үзіп-үзіп баян етеді. Сонымен Темірше ақынмен емен-жарқын, етене араласудың сәті беріде, атап айтқанда, 1977 жылы түсті. Ол кезде Темкең қала түбіндегі «Коммунизм» елді мекенінен үй салып, сонда тұрып жатқан. Аумағы кең сарайдай сол құттыханада бір топ ақындар жыр кешін өткіздік. Құрамында жеті ақын бар осы шабытты топтың айдар таққан аты «Тәжмамиран» деп аталатын. Бұл қысқарған сөз, жазып жібергенде Темірше, Әскербек, Махмұтбай, Асқар, Мұхамеджан деген атаулардың бас әріптерінен және Иранбектің алдыңғы екі буынынан тұрады. Сол «Тәжмамиранның» тұсаукесері Темкеңнің үйінде кесіліп, одан әрі аталған ақындардың жанұяларында жалғасып, бірер жылдай шабыт шақырып, жыр жырлап дегендей кемелдене түскен кезеңіміз болды-ау, шіркін... Әр кездесуде күндей күркіреп жаңа өлеңдер оқимыз, жақсы жыр марапатталады, нағыз мүшәйра сол екен ғой.
Асылы, жақсы нәрсенің тез таусылатыны секілді «Тәжмамиран» да соққан желдей, өткінші жауындай өте шықты. Себепсіз де емес, Иранбек – Мәскеуге, мен Алматыға оқуға кеттім, басқа жыршылар да жұмыс бабымен өрістерін өзгертіп жатты.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының бас кезінде Темірше баршамызды таңғалдырып, тайлы-таяғымен Алматыға көшіп кетті. Мұнда алдымен республикалық теледидарда, одан әрі «Балдырған» журналында қызмет етті. Әрине, түпкі мақсаты белгілі. Ол – әдеби ортаға араласу, астанадағы аттарынан ат үркетін атақты ақын-жазушылармен жақындасу, қысқасы, ол осындай берік байламға, бойындағы қабілет, қасиеті үшін, өзегіндегі өлеңіне жаңа өріс ашу үшін барды. Ол мұратына жетті деуге де болады. Өлеңді аз жазса да, саз жазатын Теміршенің қаз дауысы көп ұзамай-ақ республикалық ірі мүшәйраларда саңқылдап естілетін болды. Жазған жырын жатқа оқитын ол ұлтымыздың ұлы ақындары Қадыр Мырза-Әли, Тұманбай Молдағалиевтермен жыр жарыстырып, қанжығаласып, үзеңгі қағысып қатар келіп жүрді.
Сол Темірше ақын осы өткен жылы бізді тағы да таңғалдырды. Отыз жылдай тұрып, исі сіңіп, бойы үйренген, үйлі-жайлы болған Алматыдан ат-тонын ала қашып, жас жары Ақсұлуды қолтықтап, екі періште перзентін құшақтап туған жер қайдасың деп келіп тұр. Мынадай тосын келістен сыр тартқысы келгендерге «жас жетпістен асты, Алматыдан алатынымды алдым, беретінімді бердім, енді қалған ғұмырымды туған топырақта өткізуге бел байладым» деген сыңайлы.
Затында, Темірше Сарыбаев аса байсалды, бойындағы сезім сырларын сыртқа шығара бермейтін, қанша қиналып, күйзеліп жүрсе де сыр бермейтін аса төзімді, аса сабырлы адам. Әрине, мына келіс жайдан-жай келіс емес, оның біз білмейтін, біз зерделей алмайтын өзіндік құпиясы бар. Оны ақын айтса өлеңіне айтар, былайғы көпе-көрінеу көрінгенге білдіре бермес.
Облыстық «Сыр бойы» газеті редакциясына азын-аулақ шаруалармен соққан екен, сонда жолығысып, қауқылдасып қалдық. Қыс айының қысқа күні түске тақап қалған кез еді, жақын маңдағы дәмханадан дәм татып отырысып, жай-жағдай жарастырғанды қолай көрдік. Түскі асқа тапсырыс беріп жатып: – Темке, ащы суға қалайсың? – деп едім, ол басын шайқады, артынша: – Көптен бергі кездескеніміз ғой, елу грамм көрейін, – деді. – Одан артыққа зорлық жоқ...
Темірше ақын ас үстінде ашылды. Зерделі жан ғой, менің көкейімдегіні айтқызбай-ақ алыстан танып, ат басын солай бұрғандай болды.
– Алматыға қоныс аударған соң оншақты жылдай оны-мұны тұрмыс қамымен жүріп, одан қалды өлеңді өгейсітпейін деп қарманып, өзімді-өзім қамшылап бір қауым уақытты өткізіп алған екенмін, – деп ол аз іркілді, осы тұста ой ағымы өзгерді. – Кеңес үкіметі құлаған соң баршамыз дағдарып қалдық емес пе? Жазушылар одағынан да маза кетті, әр қаламгер жеке бас қамына, күнкөріс жайына қарай ойысты. Осы тұста маған туған жерге тартып кетсем қайтеді деген ой келді. Оны жүзеге асыруға да ден қойған кезім де болды. Осыдан он-онбес жылдай бұрын туған ауылым – «Мырзабайға» келіп бір жаз жүріп, үй де тұрғыздым. Бұнымды ауылдастарым да қуана құптады, үй құрылысына баршасы қол ұшын берді. Әттең, енді елге көшеміз дегенде әйелім Галя көнбеді. Алматыға бауыр басып қалды-ау деймін.
Темкең аз үнсіз қалып, тыныс созғандай болды. – Галяны жақсы білесің ғой, – деді. – Қостанайдың қызы, институтта бірге оқыдық, сүйіп үйлендік, үш ұл, екі қыз дүниеге келді. Айтса қайтпайтын бір мінезі бар болатын, сонысынан айнымай ана дүниеге аттанды жазған...
Ол тағы да үнсіз қалды. Соны пайдаланып: – Мына Ақсұлумен қашаннан бері қатынастасың? – дедім. Жаңа ғана жүзін мұң жауып отырған ол күтпеген жерден жадырап: – Жарайды, айтайын, – деді.
Осы Темірше ақынның «Мазалай бер, махаббат» деген жақсы жыр жинағы бар. Бір кітап бастан-аяқ бір қызға арналған өлеңдерден тұрады, тұнып тұрған сұлу сезім ә дегеннен баурай түседі. Ақынның ақ махаббаты соншалықты шалқар шабытпен жырға айналып, өзіне тарта түседі. Мынадай жыр туғызған қыздың арманы бар ма екен дегің келеді...
Темкең осы кітаптағы барша жырдың Ақсұлу деген аруға арналғанын айта келіп: – Алпыстан асып, жетпіске қарай қадам басқан шағымда осынша сезім сыйлаған жанға ақыры қосылып тындым, – деді. – Ақсұлу екеуміздің арамызда екі қызалақ бар, біреуі бесте, екіншісі – үште. Ал Галядан туған ұл-қыз үйлі-баранды, әрқайсысы отау тігіп, от түтетіп дегендей өздерінше өмір сүріп жатыр. Алматыда отыз жылдай тұрғанда мекен-жай мәселесін шешкендей болғанмын. Алматының тап түбінен жоспарлы жер үй салып алғанмын, одан басқа саяжайым бар, оның басынан да үй тұрғызғанмын, ал Ұзынағаш жағынан жиырма-отыз гектардай жерді жекелендіргенмін. Соның бәрінің қазір мен үшін қызығы қалмағандай. Ақсұлуға үйленіп, бұдан перзентті болған соң, үлкен ұл-қыздарыммен арада алакөздік пайда болды. Мынадай суық көзқарас, салқын қатынас барған сайын өрши түсетіндей. Содан үй мен Ұзынағаштағы жерді балаларыма беріп, саяжайдағы баспананы өзіме қалдырдым да, олармен алыстан сыйласайын, қашықтан қатынасайын деген оймен Ақсұлуды алып туған жерге тартып отырдым. Ақсұлу Алматының қызы ғой, қимаса да көнді, құлыншақтарын құшақтап соңымнан ерді. Сонысына ризамын.
Темкеңнің әңгімесі аяқталғандай да еді, отқа тамызық тастағандай болып: – Ал енді мұндағы жағдай қалай болып жатыр? – дедім. Ол мүлде көңілденіп, көтеріліп кетті.
– Алғаш келген бетте мына Талсуатта жамағайынның саяжайында тұрдық. Жақында «Қараөзек» ауылынан алты бөлмелі жер үйді саудалап, сонда көшіп алдым. Ақысын Алматыдағы саяжайды сатқан соң өтеуге келістім, – деді. – Мынау үйдің тұрған жері тамаша, жиырма сотық жері бар, көлдің жағасы, ар жағы мал өрісі. Менің аңшылық та, балықшылық та құмарлықтарым бар ғой. Бір уақыт мылтық ұстап қоян, қырғауыл қағамын. Сосын су жағалаймын. Осы Махмұтбай да, сен де жалқаусыңдар-ау, ақын деген аң, құсқа үйір болар еді. Анада Махмұтбайды аң аулауға алып шығып едім, болдырып, екінші беттемей қойды. Байқаймын, сен де соның сортынансың-ау.
– Оның рас, оның үстіне көп жүруге аяқ жарамайды.
– Онда көктемде қолыңа қармақ беріп, судың жағасына жайғастырамын, ішетін-жейтініңді қасыңа қоямын. Сендер рахатты менен көресіңдер. Содан кейін жыр жазбай көр...
Темкең осылайша шалқып отыр. Өзінің қиялына өзі елтіп, болар емес. Бұл менің ақын Темірше Сарыбаевпен соңғы сырласуым болады деп қайдан ойлайын. Осыдан жиырма шақты күн өткенде, ескі жыл мен жаңа жылдың тоғысында Темкең дүниеден өтті. Сап-сау сайрап отырып жүре берген. Ақсұлу екеуі қонақтан қайтып келе жатқанда автокөлік ішінде жан тапсырған. Басымызға балта тигендей болдық та қалдық. Хабар тиісімен Махмұтбай ақын екеуміз Мырзабай ауылына тарттық. Марқұмның жаназасы осындағы немере ағайынының үйінде өтетін болыпты. Ауыл-аймақ түгел жиналыпты, аудан басшылары да осында екен. Темкең алыстағы ұл-қыздары да жедел жетіпті. Олармен көрісіп, армасын айтып, ішке кіргенде Ақсұлудың дауысы селт еткізді. Қаралы келіншек үнді екен, ал айтып отырған жоқтауы бұрын-соңды біз естімеген мазмұнда, біз біле бермейтін мақамда еді. Жалын атып, аһ ұрып, жаныңды жеп, ойыңды ойран еткендей.
...Алып келіп ауылыңа аңыратып кеттің бе,
Ертіп келіп еліңе еңіретіп кеттің бе? – дейді. Осы жолдар әлі күнге дейін құлағымда ызыңдайды да тұрады.
Өлім ортақ, одан ешкім қашып құтыла алмайды, біреуге ерте, енді біреуге кеш дегендей. Сонда да мынадай кенеттен келген қаза ойлантады. Ау, жанында отырған жарына да бір ауыз лебіз айтуға үлгіре алмай жүре берген ғой. Қалайша қайран жүрек соншама тез соғысын тоқтатты екен? Оның біз білмейтін, марқұмның өзіне ғана аян сан түрлі себептері бар шығар. Пендеміз ғой, өзімізше жорамал да жасаймыз, алыпқашпа сөздерге де кей-кейде құлақ түреміз. Жақында Теміршеге жақын жүретін бір кісі болған бір жағдайдың шетін шығарды. Темкең саяжайда тұрып жатқан күндердің бірінде баспананың төбесінен су ағып, қабырғасынан жел саулаған соң, далбасалап облыс басшыларының біріне барып жағдайын айтады. Арасында шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік жоғын да ескерткендей болады. Ана кісі ақынды нашар қабылдайды. «Өлеңді өздерің үшін жазасыңдар, осы бізге не міндеттерің бар» дегенге дейін барады. Мына сөз атқан оқпен бара-бар емес пе?.. Ақын-жүрек сондай-сондайдан жараланады, әрине...
Айтып-айтпай не керек, Темірше ақын жасы жетпістің ен ортасына енгенде туған топырағына жетіп жығылды. Бұл кез оның ақындық қуатының толысқан тұсы болатын, әсіресе соңғы жылдар бедерінде жазған жырларын баршамыз мойындадық, арыны басылмаған арғымақтан шабытты шабыс күткендей едік. Бойындағы бұл құбылысты оның өзі де сезді.
...Дүр сілкінткен кеудесін кең даланың,
Ермегі емес бұл өнер ерқараның.
Аламанға ат емес, атан қосқан,
Абайлаңыз, ағайын, мен ғанамын...
Ол осылай деп жырлады. Ол аламан жыр жарысына ат емес, атан-жыр қосты. Мынадай ірілік кез келген ақынның қолынан келе бермесе керек. Сөз жоқ, ол арманда кетті, арманын айта алмай кетті. Опасыз жалған деген осы... Шүкіршілігі – артында жырлары қалды. Темкең еске түскенде сол өлеңдерін оқимыз және оларға ұзақ ғұмыр тілейміз. Сөз соңында, туған топырағына тартқан талантты ақын Темірше Сарыбаевтың рухына тағзым етеміз.
Әскербек РАХЫМБЕКҰЛЫ.
РУХАНИЯТ 14 қыркүйек 2013 г. 4 354 0