КӨРЕРМЕННІҢ КӨБЕЙГЕНІ – ӨНЕРДІҢ ӨСКЕНІ

КӨРЕРМЕННІҢ КӨБЕЙГЕНІ – ӨНЕРДІҢ ӨСКЕНІТаяу күндері, яғни 21-26 қазан аралығында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Сыр еліне гастрольдік сапармен келеді. Өнер ұжымының қазақ театрының қазығы қағылған өңір тұрғындарына ұсынатын репертуарынан хабардар болу үшін театр директорының орынбасары, актер Жомарт Зейнәбілді әңгімеге тартқан едік.
– Алдымен, балалар мен жасөспірімдер театрының сырбойылық көрерменге ұсынар сыйы туралы айтсаңыз. Репертуарларыңызда қандай спектакльдер бар?
– Қызылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында өтетін гастрольдік сапарымыздың шымылдығын Т.Теменов режиссерлік еткен М.Әуезовтің «Ай-Қарагөз» трагедиясымен ашамыз. Одан әрі С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясы, Иран-Ғайыптың «Фатима» қасірет-намасы (режиссері М.Ахманов), Ж.Солтиеваның «Сағым қуғандар» мистикасы (режиссері Б.Сейітмамытұлы), Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясы (режиссері Ж.Хаджиев) және балаларға арналған Ө.Боранбаевтың «Ер көжек» музыкалық ертегісі (режиссері И.Әбілмәжінов) спектакльдерін назарларыңызға ұсынады.
Театрдың бүгінгі шығармашылық беталысынан, актерлік шығармашылық ойындарынан хабардар ететін гастрольдік қойылымдарда көрермен қауым Лидия Кәден, Гүлжамал Қазақбаева, Сағат Жылгелдиев, Жақсыбек Құрманбеков, Райхан Қалиолдина, Күлжәмила Белжанова, Рахман Омар, Мұхитдин Шынтаев, Әсет Иманғали, Жанар Мақашева, Сәния Ерзат, Ақбота Қаймақбаева, Бейбіт Камаранов, Аида Жантілеуова, тағы басқа театр жастарының өнерлерін тамашалай алады.
– Балалар мен жасөспірімдер театрының репертуары туралы мәліметтер іздей отырып, ғаламтор бетінен Ай-Қаракөз трагедиясы туралы көптеген пікірлерге кезіктім. Негізінен қойылым сезімнің құдіретіне қарсы келу мүмкін еместігін баяндайды. Кейбіреулер ақылына көркі сай делінген бас кейіпкердің жеті атаға дейін қыз алыспаған ата-баба қағидасын білмеуін жазғырады.
– М.Әуезовтің шығармасы бойынша сахналанған қойылымда халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан мол мағлұмат беріледі. Көтеретін тақырыбы қосылмаған, турасын айтқанда, қосылуға құқы жоқ ғашықтар тағдыры. Қаракөзге біреулердің жаны ашиды, енді біреулер, сіз айтқандай, жазғырып жатады. Спектакль қызу талқыланып жатса, кейіпкерлердің образдарын көкейдегідей етіп сомдаған театр әртістерінің шеберлігі деп айтуға болады.
– Бүгінгі заман – бәсекелестіктің дәуірі. Қазір ашылып жатқан жеке театрлар мемлекеттік театрларға бәсекелес бола ала ма?
– Жеке театрлар өз бағытын қалыптастырып келеді. Мәселен, "Ақсарай” театры үйреніп қалған соқпақтан шығып, өз жолын іздеп жүр. "А.И” театрының тұсауы жақында ғана кесілсе де, классикалық шығармаларды сахналау арқылы деңгейін дәлелдеді. Театрдың көбейгені жақсы. Біздің елдегі барша театрлардың саны бір Мәскеудегі өнер ордаларының санына да жетпейді.
– Өзіңіз елге белгілі театр және кино әртісісіз. Жаныңызға жақын рөліңіз қайсы?
– Мен Шиелінің Тартоғайында туып-өскенмін. Қазір Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етемін. Сахнада сомдаған рөлдерімнің бәрі де жаныма жақын. Әсіресе, "Тұншыққан сезімдегі” – Ескендір, "Қорқыттың көріндегі” – Қорқыт, "Исатай-Махамбеттегі” Махамбет рөлдерін ерекше көремін. Соңғы қойылым Махамбеттің 200 жылдығында бас жүлдені жеңіп алды.
– "Театрға көрермен келмейді, спектакльдерде зал бос тұрады” деген пікірге көзқарасыңыз қандай?
– Рухани байлық екінші кезекке ысырылып қалған кезеңнен өттік деп ойлаймын. 2000-жылдардың басындағыдай емес, халық театрға орала бастады. Көрермен сахнадағы өтіп жатқан құбылыстарды бетпе-бет отырып көргісі келеді. Аншлагпен өтетін спектакльдер көбеюде. Көрермен театрымыздың актерлік, әншілік, бишілік қасиеттері бір бойынан табылатын орта және жас буынының өнеріне тәнті болары анық. Бұл қойылымдар көрерменіне өнер қуанышын сыйлайтынына және Қызылорда қаласындағы өнер сапарымызды табысты өткіземіз деген сеніміміз мол.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
РУХАНИЯТ 19 қазан 2013 г. 590 0